Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Шабуыл салдарынан мұнай бағасы бір сәтте барреліне 120 долларға дейін көтеріліп, жаһандық энергетикалық жүйедегі әлсіз тұстарды айқын көрсетті. Бірақ бұл жағдай ұзаққа созылмауы мүмкін. Қазақстанның Ұлттық банкі сарапшыларының болжамынша, уақытша қымбаттаған мұнай бағасы кейін қайтадан төмендеп, барреліне шамамен 60 доллар маңына түсуі ықтимал.
Ұлттық банктің ақша-несие саясаты жөніндегі есебінде айтылғандай, биылғы жылдың алғашқы айларында мұнай бағасы жоғары болып тұруы мүмкін. Бұған Таяу Шығыстағы шиеленіс әсер етіп отыр. Сарапшылардың айтуынша, 2026 жылдың басында мұнай бағасының көтерілуіне тағы бір фактор әсер еткен. Бұл – Венесуэла мен кейбір елдерден мұнай жеткізілімі тоқтап қалуы мүмкін деген қауіп. Алайда мұндай жағдай ұзаққа созылмайды деп болжанып отыр.
Экономист Сапарбай Жобаевтың айтуынша, әлемдік нарықта мұнай бағасының өсуі Қазақстан экономикасына белгілі бір деңгейде оң әсер етуі мүмкін. Оның сөзінше, қазір мұнай баррелінің бағасы шамамен 100 доллардың маңында тұр. Қазақстан жылына шамамен 80 млн тонна мұнай өндірсе, соның 60 млн тоннаға жуығы экспортқа шығарылады. Сондықтан мұнай бағасының жоғары болуы ел бюджетіне түсетін табысты да арттырады.
Араб елдерінен келетін инвестиция азаюы мүмкін
Экономист мұнайдан түсетін кіріс мемлекет үшін маңызды екенін айтады. Өйткені Қазақстанда әлеуметтік қолдауға мұқтаж азамат аз емес. Мұндай жағдайда мұнайдан түскен табыс әлеуметтік міндеттемелерді орындауға мүмкіндік береді.
«Қазақстан бюджетінің едәуір бөлігі мұнай табысына байланысты. Егер мұнай бағасы жоғары болса, мемлекетке түсетін кіріс те көбейеді. Бұл өз кезегінде әлеуметтік төлемдерді көбейтуге мүмкіндік береді. Біздің елде 2-3 миллионға жуық әлеуметтік осал топқа жататын азамат бар. Соларға көмек көрсету – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Сондықтан мұнайдан түсетін табыс, ең алдымен, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға жұмсалуы керек», – дейді экономист.
Сарапшы мұнай саласына инвестиция мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстан мұнай өндіру саласына келетін қаржыға аса зәру емес, себебі бұл секторға қомақты инвестициялар бұрыннан салынып келеді. Қазір ел үшін маңыздысы – өңдеуші өнеркәсіпті дамыту. Бұған дейін араб елдері Қазақстандағы көлік, логистика және коммуникация салаларына инвестиция салуға қызығушылық танытқан.
«Қазір Қазақстан мұнай саласына инвестиция таппай отыр деп айту қиын. Негізгі инвестициялар бұл салаға бұрыннан келген. Біз қазір өңдеуші салаларды дамытуға көбірек көңіл бөліп жатырмыз. Араб елдері логистика, көлік және инфрақұрылым жобаларына қаржы салуға дайын болған. Соғыс жағдайы бұл жоспарларға белгілі бір әсер етуі мүмкін. Бірақ оның экономикаға аса үлкен соққы болады деп ойламаймын», – дейді Сапарбай Жобаев.
Экономистің пікірінше, алдағы жылдары Қазақстан мұнай өндірісін одан әрі арттыруға да мүмкіндігі бар. Мәселен, елде мұнай өндіру көлемін 100 млн тоннаға дейін жеткізу жоспары бар. Әсіресе, Теңіз кен орны жаңғыртудан кейін өндіріс көлемін айтарлықтай арттыра алады.
Сарапшы Қазақстан мұнайының өзіндік құны араб елдерімен салыстырғанда жоғары екенін де атап өтті. Егер араб елдерінде мұнай өндірудің өзіндік құны шамамен 20-25 доллар болса, Қазақстанда ол 40-45 доллардың шамасында. Сондықтан еліміз үшін мұнай бағасының 50 доллардан төмен түспеуі маңызды.
Сонымен қатар мұнай бағасының өсуі ұлттық валютаға да әсер етеді. Сарапшының айтуынша, мұнай қымбаттағанда елге келетін валюталық түсім көбейіп, теңгеге деген сұраныс артады.
«Мұнай бағасы өскен сайын Қазақстанға валюталық түсім де көбейеді. Бұл теңгеге сұранысты арттырады. Қазір базалық мөлшерлеме жоғары болғандықтан, көп адам ақшасын бизнеске емес, депозитке салуды тиімді көріп отыр. Оның үстіне, Ұлттық қордан да ай сайын жүздеген миллион доллар сатылып жатыр. Осындай жағдайда теңге нығайып, доллар бағамы 495 теңгеге дейін төмендеді», – деп түсіндірді экономист.
Біздің Blend Brent-тен арзан ба?
Finmentor қаржы сарапшысы Арман Батаевтың айтуынша, мұнай бағасының қымбаттауы ел бюджетіне қосымша табыс әкелуі мүмкін. Өйткені Қазақстанның бюджеті Brent мұнайының бағасы шамамен 60 доллар болады деген есеппен жасалған еді. Ал қазір нарықтағы баға бұдан әлдеқайда жоғары деңгейде тұр.
Сарапшы сондай-ақ Қазақстан мұнайының бағасы да ерекше жағдайда қымбаттап отырғанын айтады. Бұрын еліміздің экспорттық CPC Blend мұнайы әлемдік эталон саналатын Brent-тен арзан сатылатын. Қазір керісінше, кей жағдайда одан да жоғары бағамен саудаланып жатыр. Бұл – Парсы шығанағындағы тасымал қиындап, қақтығыс аймағынан тыс мұнайға сұраныс артқанын көрсетеді.
Арман Батаевтың пікірінше, қазіргі жағдай Қазақстан үшін белгілі бір экономикалық мүмкіндікке айналып отыр.
«Қазір мұнай нарығында әдеттен тыс жағдай қалыптасты. Бұрын Қазақстан мұнайы Brent-тен арзандау сатылатын, ал қазір кей кезде керісінше қымбат бағаланып жатыр. Мұның себебі – Парсы шығанағындағы тұрақсыздық пен жеткізілімнің қиындауы. Нарық қақтығыс аймағынан тыс жеткізілетін мұнайды көбірек бағалай бастады. Қазақстан дәл осы жағдайда сенімді жеткізушілердің бірі болып тұр. Сондықтан мұнай бағасының өсуі біздің бюджетке қосымша табыс әкелуі мүмкін», – дейді сарапшы.
Сарапшылардың айтуынша, мұнай бағасының өсуінен ірі халықаралық мұнай компаниялары да пайда көріп отыр. Teniz Capital бағалауынша, ConocoPhillips пен Occidental Petroleum сияқты компаниялардың акциялары өсім көрсеткен. Ал Қазақстанда бұл жағдайдан «ҚазТрансОйл» мен «ҚазМұнайГаз» компанияларының акциялары ұтуы мүмкін.
Дегенмен геосаяси шиеленістің кері әсері де бар. Энергия бағасы қымбаттаған кезде ең алдымен авиация саласы зардап шегеді. Соңғы күндері бірқатар ірі әуе компаниясының акциялары төмендеп, әлемдік қор индекстерінде де құлдырау байқалған.
Мұнай қоры жеткілікті
Ұлттық банк мамандарының пікірінше, алдағы уақытта мұнай бағасына керісінше қысым түсуі мүмкін. Себебі әлемде мұнай ұсынысы көбейіп келеді. АҚШ, Бразилия, Гайана, Аргентина және Сауд Арабиясы сияқты ірі өндіруші елдер өндірісті арттыруды жоспарлап отыр. Оның үстіне, 2025 жылы жиналып қалған мұнай қоры да аз емес.
«Қазір нарықта мұнай тапшылығы байқалып тұрған жоқ. Керісінше, кейбір елдер өндірісті көбейтіп жатыр. Сондықтан уақыт өте келе бағаға ұсыныстың көптігі әсер етуі мүмкін», – деп түсіндіреді мамандар.
Сарапшылардың айтуынша, алдағы жылдары Қытай стратегиялық мұнай қорын толықтыруды жалғастырады. Сонымен бірге Үндістанда, Таяу Шығыс елдерінде және Африкада да мұнай тұтыну көлемі өседі деп күтілуде.
Ұлттық банк мұнай бағасына қатысты бірнеше түрлі сценарийді де қарастырған. Ең жақсы жағдайда 2026 жылы Brent мұнайының орташа бағасы барреліне шамамен 77-78 доллар болуы мүмкін. Кейін ол 80 долларға дейін көтерілуі ықтимал. Ал ең қолайсыз сценарийде жағдай басқаша өрбуі мүмкін.
«Егер нарықта мұнай ұсынысы күрт көбейсе немесе әлемдік экономика баяуласа, мұнай бағасы айтарлықтай төмендеуі ықтимал. Мұндай жағдайда 2026 жылы Brent барреліне шамамен 47 доллар болуы мүмкін, кейін 40 доллар деңгейіне дейін түсуі де ғажап емес», – дейді сарапшылар.
Energy Monitor сарапшылары да Таяу Шығыстағы жағдай ушығып тұрғанымен, Азия елдері әзірге мұнай тапшылығын бірден сезінбеуі мүмкін. Өйткені бұл мемлекеттерде алдын ала жиналған мұнай қорлары бар. Сарапшылардың айтуынша, есепке алынған қорлардың ішінде тек мемлекеттік стратегиялық резервтер ғана емес, мұнай компанияларының жеке қоймаларындағы мұнай да бар. Сондықтан қысқа мерзімде нарықтағы жағдай қатты өзгермеуі мүмкін.
Дегенмен сарапшылар жағдай ұзаққа созылса, мұнай бағасы күрт өсуі ықтимал екенін ескертеді. Әсіресе, Ормуз бұғазы арқылы мұнай тасымалы шектелсе, әлемдік нарықтағы тепе-теңдік бұзылып, баға тез көтерілуі мүмкін.
«Қазір көптеген елде мұнайдың стратегиялық қоры бар. Сол себепті нарық бірден дүрлігіп кеткен жоқ. Бірақ шиеленіс ұзаққа созылып, Ормуз бұғазы арқылы танкерлердің қозғалысы қиындаса, мұнай бағасы айтарлықтай өседі. Себебі әлемдік жеткізілімнің үлкен бөлігі дәл осы бағыт арқылы өтеді. Сондықтан бұл аймақтағы қауіпсіздік бүкіл әлемдік мұнай нарығына әсер етеді», – дейді Energy Monitor сарапшылары.
Сарапшылардың дерегінше, Азиядағы кейбір елдерде жиналған мұнай қоры бірнеше айға жетеді. Мысалы, Жапониядағы резервтер шамамен 254 күнге, Оңтүстік Кореяда 208 күнге, Қытайда 200 күнге жетуі мүмкін. Ал Үндістанда бұл қор 74 күнге, Тайландта 61 күнге, Филиппинде 60 күнге жетеді. Индонезия мен Вьетнамда мұнай қоры салыстырмалы түрде аз – тиісінше 20 және 15 күн шамасында ғана.
Сарапшылардың айтуынша, бұл елдердің барлығы Таяу Шығыс мұнайының негізгі сатып алушылары саналады. Ал қазіргі қақтығыс дәл осы өңірде жүріп жатқандықтан, әлемдік энергетикалық нарықтағы тәуекел де арта түсті.
Мәселенің негізгі түйіні – Ормуз бұғазы. Бұл Иран мен Оман арасындағы өте тар теңіз өткелі. Әлемде теңіз арқылы тасымалданатын мұнайдың шамамен төрттен бір бөлігі дәл осы бұғаз арқылы өтеді. Сонымен қатар сұйытылған табиғи газдың да едәуір бөлігі осы бағытпен жеткізіледі. Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Кувейт, Ирак және Катар сияқты ірі мұнай өндіруші елдердің экспорты да осы маңызды «энергетикалық дәліз» арқылы әлемдік нарыққа шығады. Сондықтан бұл аймақтағы кез келген шиеленіс бүкіл әлемдегі мұнай бағасына әсер етуі мүмкін.
Кәмила ДҮЙСЕН