Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Сурет: baq.kz
Заң талаптарын дұрыс қолдану, бір жағынан, азаматтардың құқықтарын қорғауға мүмкіндік берсе, екінші жағынан, қоғамдағы құқықтық тәртіп пен тұрақтылықты қамтамасыз етеді.
Кез келген заңның тиімділігі оның қабылдануымен ғана өлшенбейді. Ең бастысы – сол заңның өмірде қалай қолданылатыны. Егер заң талаптары іс жүзінде дұрыс орындалмаса, оның халыққа да, экономикаға да берер пайдасы аз болады. Сондықтан заң нормалары нақты әрі түсінікті болуы керек және оларды қолдану барысында Конституцияның талаптары қатаң сақталуға тиіс. Ең бастысы – заңды жүзеге асыру кезінде адамның құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келмеуі қажет.
Қазақ қоғамының құқықтық тарихының өзіндік ерекшеліктері бар. Мәселен, қазақ даласында өлім жазасының қолданылмауы – тарихи тұрғыдан алғанда маңызды құқықтық құбылыстардың бірі. Мұның өзі халқымыздың құқықтық дәстүрінде адам өмірі мен ар-намысына деген құрметтің айрықша орын алғанын көрсетеді.Сондықтан дала демократиясы, ұлттық құқықтық дәстүрлер, мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара байланысы – бүгінгі құқықтық жүйені дамыту кезінде ескеруге тиіс маңызды мәселелер. Бұл ретте тарихи тәжірибе мен заманауи құқықтық қағидаттарды сабақтастыра білуіміз қажет.
Патриотизм ұғымына да бүгінде жаңаша көзқарас қалыптасып келеді. Қазіргі жағдайда жауапкершілікті патриотизмнің маңызы артып отыр. Отанды сүю – тек сөзбен емес, заңды құрметтеу, өз құқықтарың мен міндеттеріңді білу, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіну арқылы да көрінеді. Ал еліміздің тәуелсіздігі мен мемлекеттік егемендігін сақтау – баршамыз үшін басты құндылықтардың бірі.
Осы тұрғыдан алғанда, Конституция нормаларын халыққа түсіндірумен қатар, олардың күнделікті өмірде тиімді қолданылуына жағдай жасау – заңгерлердің, мемлекеттік органдардың және тұтастай қоғамның ортақ міндеті. Ата заңның баянды болуы, оның халыққа жақын әрі өміршең құқықтық негізге айналуы – заң нормаларының сапасына ғана емес, оны жүзеге асыратын құқықтық мәдениет пен жауапкершілікке де байланысты.
Марат БӘШІМОВ,
Халықаралық заңгерлер қауымдастығының бас директоры