Tengrinews.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..
АҚШ-тың Нью-Мексико штатының соты Facebook және Instagram әлеуметтік желілері мен WhatsApp мессенджеріне иелік ететін Meta технологиялық компаниясын 25 миллиард доллар төлеуге міндеттеді. Алқабилер компанияны пайдаланушылардың жеке деректерінің құпиялылығына қатысты жалған ақпарат таратқаны үшін кінәлі деп таныды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі CBS News сайтына сілтеме жасап.
Meta-ға қандай айып тағылды?
Қыркүйек айында алқабилер Facebook-тің пайдаланушы деректерін қорғау туралы мәлімдемелері жалған немесе жаңылыстыратын сипатта болғанын анықтады. Атап айтқанда, компания пайдаланушылар өз ақпаратының таралуын бақылай алады деп сендірген, сондай-ақ жеке деректерді жарнама берушілерге сатпайтынын және бермейтінін мәлімдеген.
Судья Фрэнсис Мэтью жаңылыстыратын мәлімдемелерді компанияның жоғары басшылығы, соның ішінде Meta негізін қалаушы Марк Цукерберг пен бұрынғы операциялық директор Шерил Сэндберг жасағанын атап өтті.
Бұл сот ісі британдық Cambridge Analytica саяси консалтингтік компаниясына қатысты даумен байланысты. Аталған компания үшінші тараптың психологиялық тесті арқылы жиналған шамамен 87 миллион Facebook профилінің деректерін иеленіп, оларды нысаналы (таргеттелген) саяси жарнама жасау үшін пайдаланған.
Нью-Мексиконың бас прокуроры Рауль Торрес бұл істің тек бір компанияға немесе бір дауға емес, корпорациялардың пайдаланушылардың жеке деректерімен жұмыс істеудегі жауапкершілігіне қатысты екенін баса айтты.
Meta-ның реакциясы қандай болды?Meta-ның бас заң кеңесшісі Си Джей Махони компания апелляциялық тәртіппен шешімнің күшін жоюға ниетті екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, штат билігінің мұндай ұстанымы Нью-Мексикода бизнес жүргізуге айтарлықтай кедергі келтіреді. Meta бұл талап арыз іс жүзінде интернеттегі сөз бостандығын шектеуге бағытталған деп есептейді.
Компания өкілдері өндіріп алынатын сомма 3,4 миллиард доллардан аспауы тиіс деп табандылық танытты. Айта кетейік, штат билігі бастапқыда 35-тен 40 миллиард долларға дейін өндіріп алуды талап еткен болатын.
Қаражат қайда жұмсалады?Нью-Мексико Конституциясына сәйкес, тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнаманы бұзғаны үшін өндірілген айыппұлдар білім беру саласын қаржыландыруға бағытталады.
Нью-Мексиконың бас прокуроры Рауль Торрес бұл қаражаттың алдағы 100 жылға мектептер салуға жететінін айтты. Дегенмен, Meta шешімге шағым түсіреді деп күтіледі, сондықтан штаттың ақшаны алу процесі созылып кетуі мүмкін.
Еске сала кетейік, 2019 жылы АҚШ-тың Федералдық сауда комиссиясы Cambridge Analytica дауына байланысты Facebook-ке 5 миллиард доллар айыппұл салған болатын. Ол кезде мәселе пайдаланушылардың деректерін олардың келісімінсіз жинау туралы болды.
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу