Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Наурыз мерекесінің ең маңызды шарты – елдік негіздерді, салт-дәстүрді ұлықтау. Біздіңше, осы негіз бен дәстүрдің жуан ортасында ұстаз тұр. Әліпбиді танытқан – мұғалім, дүниетанымды кеңейткен – мұғалім, мәдениетті үйреткен – мұғалім. Ал бұл деңгей ғылымға ұласқанда, ұстаздың мәні де, мәртебесі де артады.
Студент, жас ғалым, маман ретінде қалыптасу жолында отандық география және экология ғылымындағы көрнекті тұлға, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Ұлттық ғылым академиясының академигі, Абай атындағы ҚазҰПУ-дағы салалық ғылыми мектептің негізін қалаушы Әлия Бейсенованы кезіктіргенімді тағдырдың сыйы деп есептеймін.
Әлия Сәрсенқызы – өмірде баға жетпес жан, парасат пен инабаттың мөлдір бұлағы.
1993 жылы 16 жасымда мектепті бітірген соң, қос академик Серік Қирабаев пен Әлия Бейсенованың қастерлі шаңырағының табалдырығын жас талап ретінде аттадым. Ата-анамыз ұстаз еді, «Үлкеннің батасын ал!» деген бірауыз сөзі жоғары білімге ұмытылған ниетімді осы үйде қанаттандырды. «Бәрі маңдай термен келеді. Оқу да – жұмыс. Ынта мен ерік-жігер студентке де аса қажет» деген еді Серік Смайылұлы мен Әлия Сәрсенқызы. Сол күннен бастап осы үйдің жылуын, тәрбие тұнған мектебін, ғылым мен мәдениет өресін сезініп өстім.
Апамның үйі қашанда зиялыларға толы, ғылыми әңгіме-дүкен де, дарқан дастарқан да Қирабаевтар шаңырағын қасиетті ордаға айналдырып тұратын. Әлия Сәрсенқызымен әр сөйлескен сайын жүрегіңе бір сабақ, санаңа бір тәрбие құйыла беретін. Сол кісіден үйренгенім өмірлік азығыма айналды. Енді сол даналықты жүйелеп көрсетейін:
1) Отбасы үйлесімі – ең жоғары құндылық. Әлия апайдың отағасына – көрнекті әдебиеттанушы, академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Серік Смайылұлына деген құрметі біз көрген тәрбиенің ең көркем үлгісі еді. Ағамыз келмей дастарқанға отырмау, жұмыстан кешіксе де күтіп отыру – отбасының шынайы бірлігі мен сыйластығын көрсететін. Ағаның әр сөзі – сабақ, апаның әр ісі – тағылым-тын.
2) Адамды туысындай қабылдау – тектілік белгісі. Әлия апайдың есігі де, жүрегі де әрдайым ашық. Университеттің үлкен-кіші шәкірті осы үйге келіп, туған бауырындай болып кететін. Сол жылылық пен шынайылық бізді көп адаммен жақындата түсті. Әлі күнге дейін сол жандармен қарым-қатынасты үзбей келемін. Әлия Сәрсенқызы адамды бауыр ете алатын қасиетке ие еді.
3) Қазақы қонақжайлылықтың ең биік мектебі. Апамның қолының кеңдігі мен дастарқанның сәні – егіз ұғым еді. Ет асса, молынан асып, астауға үйіп-төгіп, әр қонақтың сыбағасын жеке салып беретін. Қонақ 13.00-ге шақырылса, 12.00-де
дастарқан жайылып, өзіміз де әдемі киініп отыратынбыз. Бірінші – қуырдақ, екінші ет беріп, жайма-шуақ үзілістен кейін қолдан жасалған тәттілермен шай ұсынатын. Барлығы ретті болатын. Апай маған: «Қонақ келсе, сөзіңді жүйелеп, тілек айт. Сен де бір төбесің» деп, мерейімді асырып қоятын. Бәйкен Әшімов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әзілхан Нұршайықов, Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсынова, Асанәлі Әшімов, Ақселеу Сейдімбек т.б. ірі тұлғалар осы шаңырақтың кең дастарқанынан дәм татқан сәтін көріп, сол ортаның әңгімесін есту мен үшін қайталанбас мектеп болды.
4) Әсемдікке құштарлық – жүрек мәдениеті. Әлия апайды дизайнер десе де, сәулетші десе де артық емес. Алған әр заты тарихы бар, сапалы, мәні терең дүние болатын. Әр бұрыштың өз эстетикасы, әр заттың өз орны бар еді. Сол арқылы бізге «Әдемілік адамды тәрбиелейді» деген даналықты ісімен үйретті.
5) Сөздің киесін сезіну. Әлия Сәрсенқызы кітапты ерекше құрметтейтін. Жазушылардың шығармалары мазмұнын сұрап, ақындар өлеңін оқытып отыратын.
6) Ғылыми жауапкершілік. Апайдың жазған еңбектері көп. Әр оқулығын талдап, қайта қарап, толықтырып отыру – ол кісінің ғалымға тән мызғымас қасиеті-тін. Өз саласының жаңашыл еңбектерін шеттен алдыртып, шәкірттеріне насихаттайтын.
7) Есте сақтау қабілеті. Әлия апаймен сөйлескенімізде түрлі мәселелерді талдай жүріп, сандар мен деректерді тізбектеп айтып отыратын. Сұрақ қойылған сәтте жылдам түсініп, нақты жауап беруді талап ететін. Бұл әдіс – ойлау қабілетін жетілдіретін ерекше тәсіл екенін аңғардық.
8) Қамқорлыққа толы сезім. Әлия Сәрсенқызының бойындағы адами қамқорлық пен мейірім әр шәкіртіне бағыт-бағдар беріп, білім жолында қанаттандыратын. Ол әрбір азаматтың қабілеті мен қызығушылығын дәл танып, дұрыс жол нұсқай білетін. Осы ізгі ниеті мен жанашырлығы арқасында шәкірттері бүгінде еліміздің жоғары оқу орындарында абыройлы қызмет істеп, танымал ғалымдарға айналды.
Бізді Алматыдағы, Астанадағы, басқа да қалалардағы әріптестеріміз «Әлия Бейсенова мектебі» деп құрметтейді. Оның астарында жоғарыда айтылған 8 қасиеттен алған өнегеміз тұр.
Менің үлкен бақытым – Серік ағай мен Әлия апай мәуелі жасқа жеткенде, ол кісілердің қалауымен академиктердің үйінде тұрып, күнбе-күн пікірлесу, сұхбаттасу, әрине, сәтімен қолғабыс ету еді. Халқымыз мұндайды сауапты іске балайды. Шүкір, солай көп сауап жинаудың сәті түсті.
Өз ата-анам да – өмірін білімге арнаған ұстаздар. Анашым Жұмакүл Төтеева жүрегімізге сенім ұялатып, жанымызға шуақ сыйласа, асқар тау марқұм әкеміз Қасен Әуелбекұлы – ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаз-тын. Екеуі химия-биология саласының дамуына айтарлықтай үлес қосып, талай шәкіртті ғылым жолына бағыттады. Осындай отбасынан алған игі тәрбиеміз Әлия Сәрсенқызының мейірімімен жетілді, толысты.
Серік Смайылұлы мен Әлия Сәрсенқызы әкемді ерекше құрметтейтін. Апай ол кісіні «Білікті бауырым» деп жоғары бағалап, ерекше қадірлейтін. Жарықтық әкеміздің еңбегі мен өнегесі ұрпағымен, шәкірттерімен жасай береді. Әлі есімде, кандидаттық диссертация қорғау сәтімде ата-анам, ғылыми жетекшілерім Әлия Сәрсенқызы мен Махметқали Нұрғалиұлы ерекше қуанды. Махметқали ағай – мәдениетті тұлға. Жалпы, Сарыбек әулеті, соның ішінде әкелі-балалы Нұрғали Сарыбекұлы, Махметқали Нұрғалиұлы – отандық экологиялық білім мен тәрбиеге зор үлес қосқан ғалымдар.
Серік Смайылұлы мен Әлия Сәрсенқызы ұлдарын ерекше парасатпен тәрбиеледі. Академик Нұр Серікұлы мен дипломат Әлім Серікұлы – бүгінде әлемдік деңгейде абыройлы тұлғалар. Немерелерінің алды – білікті мамандар. Келіндері де әулеттің асыл тәрбиесін жалғастырып отыр. Осыдан бес жылдай бұрын Серік ағайымыз 95-ке қараған шағында бақиға озды. Ел болып ұстаздардың ұстазын ақтық сапарға шығарып салды. Сүйегі Астанадағы Ұлттық пантеонға қойылды.
Осы күндері тоқсанның жуан ортасына қарай адымдайтын Әлия апайымыз елордадағы Қирабаев әулетінің сәулетті шаңырағынан жаңарған еліне, әділеттік жолындағы мемлекетшіл азаматтарға ақ батасын беріп отыр.
Ұстаз, ғалым, қайраткер Әлия Сәрсенқызы – елі мен жерін жүрегінде көтеріп жүретін қайсар, текті қазақ қызы. Ол кісі үшін Отанымыздың тыныштығы, халқымыздың азаттығы мен бірлігі – ең басты құндылық. «Дәстүрді ұмытпаңдар, білім-ғылыммен жарысыңдар! Наурыздың мәні – бейбітшілік, ендеше жаһандағы дүрбелеңді татулық қана тоқтатады!» дейді ұлт даналарының көзін көрген асыл ұстазымыз.
Айгүл Дәменова,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің доценті
Соңғы жаңалықтар
Мирас • Бүгін, 08:40
Қоғам • Бүгін, 08:35
Қоғам • Бүгін, 08:30
Мерекелік мәзір: Бағынбайтын баға, тарылмайтын пейіл
Экономика • Бүгін, 08:25
Кәсіпкер • Бүгін, 08:20
Адам капиталы – елді сапаландыратын негіз
Қоғам • Бүгін, 08:15
Пікір • Бүгін, 08:10
Дәстүр мен технологияның тоғысы
Қоғам • Бүгін, 08:05
Экологиялық жобаларға ерекше көзқарас қажет
Саясат • Бүгін, 08:02
Наурызнама • Бүгін, 08:00
Alatau City өңірлік дамудың қуатты хабына айналады
Саясат • Бүгін, 07:55
Жаңа Конституция қағидатына сай «Таза Қазақстан»
Саясат • Бүгін, 07:50
Алматының экономикалық индикаторы – 9,4 пайыз
Саясат • Бүгін, 07:45
Сыр өңірінің балалары Алматы чемпионатында топ жарды
Аймақтар • Кеше
Ақтүтек боран кезінде адамдарды құтқарған мұғалім төсбелгімен марапатталды
Марапат • Кеше