Aikyn.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
Парламент «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжатты Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев таныстырды.
Заң жобасы 15 наурыздағы республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес әзірленді. Құжат Президент пен Вице-президенттің құқықтық мәртебесін және Мемлекет басшысының өкілеттіктерін айқындайды.
– Конституцияда Президенттің мемлекеттік биліктің барлық тармағының үйлесімді әрі кедергісіз жұмыс істеуін қамтамасыз ететін жоғары лауазымды тұлға ретіндегі рөлі, сондай-ақ билік органдарының Қазақстанның біртұтас халқы алдындағы жауапкершілігі айқындалған. Осылайша, «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заң жобасы мемлекеттік биліктің жаңа конституциялық архитектурасын дәйекті түрде іске асырады», – деді Әділет министрі.
Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанов қосымша баяндамасында Президент халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституция мызғымастығының, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының символы әрі кепілі болып қала беретінін атап өтті.
Өз кезегінде, Вице-президентті Құрылтайдың келісімімен Президент қызметке тағайындайды. Ол Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Құрылтаймен, Үкіметпен және өзге де мемлекеттік органдармен өзара іс-әрекет жасау кезінде оның атынан өкілдік етеді.
Заң жобасына сәйкес Президент Бас Прокурорды, Конституциялық Соттың, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Жоғары аудиторлық палатаның, Орталық сайлау комиссиясының, Ұлттық Банктің төрағаларын, Адам құқықтары жөніндегі уәкілді және Мемлекеттік күзет қызметінің бастығын жеке өзі тағайындайды. Президент Құрылтаймен келісу бойынша Вице-президентті, Премьер-министрді, Конституциялық соттың 10 судьясын, Жоғары аудиторлық палатаның 8 мүшесін, Орталық сайлау комиссиясының 6 мүшесін, сондай-ақ Жоғарғы Соттың судьяларын тағайындайды және сайлайды.
Жанарбек Әшімжановтың айтуынша, Конституциялық заңмен бекітілген барлық мемлекеттік билік субъектілері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату және тежеулер мен тепе-теңдіктер жүйесін бір мезгілде нығайту функциялардың қайталануын болғызбауға және мемлекеттік басқарудың жеделдігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сенатор Андрей Лукин өз баяндамасында бұл құжат тікелей басқару моделінен стратегиялық үйлестіру жүйесіне көшуді бекітетінін атап өтті. Оның айтуынша, заң билік тармақтарының теңгерімін және олардың халық алдындағы есептілігін қамтамасыз етеді. Құжат мемлекеттік аппараттың тұрақтылығын күшейтетін әрі елді жан-жақты жаңғыртуға арналған сенімді құқықтық негіз қалыптастыратын саяси тежемелік және тепе-теңдік жүйесін енгізеді. Бұл қадам Мемлекет басшысының азаматтар мүддесі жолында мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысын қамтамасыз ететін кепіл ретіндегі рөлін заң жүзінде бекітеді.
Заң жобасы бойынша Парламент палаталарының бірлескен комиссиясы құрамына Мәжілістен депутаттар Жанарбек Әшімжанов, Серік Ерубаев, Павел Казанцев және Үнзила Шапақ, Сенаттан Бибігүл Жексенбай, Сергей Карплюк, Марат Қожаев және Андрей Лукин енді. Комиссия төрағасы болып Үнзила Шапақ сайланды.
Сонымен қатар Конституция нормаларын іске асыру аясында депутаттар бастамашы болған «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Құжаттың негізгі ережелерін әріптестеріне Мәжілістегі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы Айдос Сарым таныстырды.
– Заң жобасының басты мақсаты – бір палаталы Құрылтайдың конституциялық-құқықтық негіздерін бекіту. Тарих қойнауына үңілетін болсақ, бағзы замандардан бері Құрылтай халық билігінің бастауы және бұқара елдің, қарапайым адамдардың мемлекеттік шешімдер қабылдауға тікелей қатысуына мүмкіндік беретін келелі де киелі жиын болды. Қазіргі Құрылтай заң шығару билігін жүзеге асыратын жоғары өкілді орган ретінде жаңа мән-мағынаға ие болып, қоғамдық биліктің конституциялық жүйесіне кіретін қазіргі заманғы өкілді институтқа айналып отыр, – деді депутат.
Конституциялық заң жобасында Құрылтайдың мемлекеттік билік жүйесіндегі орны, қызмет қағидаттары, құрылымы, құрылу тәртібі және өкілеттіктерін жүзеге асыру нысандары айқындалды. Сонымен қатар заң шығару бастамасы құқығына ие субъектілер қатары кеңейтіліп, оған Қазақстан Халық Кеңесі енгізілді, бұл құқық Құрылтайға тиісті шешім енгізу арқылы жүзеге асырылады.
Құжатта Құрылтайдың Үкіметпен өзара іс-әрекет тәртібі, депутаттардың мәртебесі, құқықтары мен міндеттері, оның ішінде депутаттық бірлестіктерді, парламенттік көпшілік пен оппозицияны құру қызметі, сондай-ақ депутаттық әдеп қағидалары бекітілді. Заң жобасына сәйкес, Құрылтайдың құрамы 145 депутаттан тұрады, пропорционалдық жүйе бойынша сайланады және олардың өкілдік мерзімі – 5 жыл болады.
Заң жобасы бойынша Парламент палаталарының бірлескен комиссиясының құрамына Мәжілістен депутаттар Қайрат Балабиев, Ермұрат Бапи, Марат Башимов және Сергей Пономарев, Сенаттан Айнұр Арғынбекова, Нұрлан Бекназаров, Серік Өтешов және Ғалиасқар Сарыбаев кірді. Комиссия төрағасы болып Марат Башимов сайланды.
Заң жобасы депутаттардың мәртебесіне, өкілеттіктеріне, кепілдіктері мен қоғам алдындағы жауапкершілігіне қатысты мәселелерді жүйелі түрде реттейді.
«Жобада Құрылтайдың құзыреті нақты белгіленген. Атап айтқанда, заң шығару қызметін жүзеге асыру, республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есепті бекіту, сондай-ақ атқарушы билікке бақылау жүргізудің өзге де тетіктері қарастырылған. Заң жобасы бірнеше аспектіні қамтиды. Олар жаңа бір палаталы заң шығарушы органның толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз етуге; заң шығару процесінің жеделдігі мен тиімділігін арттыруға; мемлекеттік институттарға деген азаматтардың сенімін нығайтуға құқықтық негізді қалыптастырады», – деді сенатор Ғалиасқар Сарыбаев.
Сонымен қатар «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасы бірінші оқылымнан өтті. Құжатты депутаттарға Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин таныстырды. Оның айтуынша, заң жобасы өткен сайлау науқандары барысында анықталған мәселелерді шешу, сайлау заңнамасын одан әрі жетілдіру үшін әзірленген.
– Құжатта әкім лауазымына кандидаттардың жинаған дауыстары тең болған жағдайда аумақтық сайлау комиссиясы бір айдың ішінде қайта дауыс беруді өткізу туралы шешім қабылдайды. Сонымен қатар кандидаттарды ұсыну процесі ретке келтірілді. Мәселен, бір тұлға бір мезгілде мәслихат депутаттығына және әкімдікке кандидат бола алмайды, сондай-ақ бірнеше сайлау округі бойынша да әкімдікке кандидат болуға тыйым салынады, – деді Серік Жұманғарин.
Ақпараттық алаңдардағы сайлауалды үгіт мәселелеріне де ерекше назар аударылды. «Онлайн-платформаларды» пайдалану кезінде кандидаттарға үгіт материалдарын орналастыру үшін тең жағдайлар қамтамасыз етіледі. Егер үміткер белгілі бір саяси партиядан ұсынылса, ол сол партияның ресми интернет-ресурстарын және әлеуметтік желідегі аккаунттарын қосымша келісімшартсыз пайдалана алады. Яғни, кандидат партиялық платформаларда үгіт-насихат материалдарын жариялай алады.
Сонымен қатар заң жобасында кандидаттар мен саяси партияларға сайлау қорларынан тыс қаражат тартуға тыйым салынып, сенім білдірілген тұлғалар институтына қатысты мәселелер реттелді, кандидаттарды қолдау үшін қол жинау тәртібі нақтыланды. Бұдан бөлек, сайлау комиссиялары мүшелеріне қойылатын талаптар күшейтіліп, олардың өкілеттіктерін уақытша тоқтата тұру тәртібі, жаңадан құрылған немесе қайта ұйымдастырылған әкімшілік-аумақтық бірліктердегі өкілеттік мерзімі айқындалды.
Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Снежанна Имашева қосымша баяндама барысында жұмыс тобына депутаттардан сайлау өткізу кезіндегі рәсімдік мәселелерді нақтылауға және сайлау жүйесін жетілдіруге бағытталған бірқатар түзету келіп түскенін айтты. Олар сайлау комиссияларының жұмысына, заң талаптарының бұзылуына жол бермеуге, сайлауалды үгіт жүргізу тәртібі мен орындарын нақтылауға, сондай-ақ сайлау кезінде азаматтардың жеке деректерін қорғауға және сайлаушылардың өздері туралы мәліметтермен танысу тәртібіне қатысты болды.
Түзетулердің тағы бір блогы конституциялық нормаларды іске асыруды көздейді. Олардың қатарында бір палаталы Парламент – Құрылтайдың құрылуы, пропорционалды жүйеге көшуге байланысты сайлау заңнамасын жетілдіру, жекелеген лауазымды тұлғаларды тағайындау және қызметінен босату мәселелері бойынша Президент пен Құрылтай арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу, сондай-ақ жалпыхалықтық референдум өткізуге және басқа да жайттарға қатысты мәселелер бар.
Заң жобасы бойынша Парламент палаталарының бірлескен комиссиясының құрамына Мәжіліс депутаттары Марат Башимов, Снежанна Имашева және Үнзила Шапақ, Сенаттан Сүйіндік Алдашев, Нұрлан Бекназаров, Мұрат Қадырбек және Советбек Медебаев кірді. Комиссия төрағасы болып Нұрлан Бекназаров сайланды.