Inform.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Григорьевка ауылдық округіндегі кітапхананың қызметкері Раушан Жампейісова жоғары санатты маман. Ширек ғасырдан аса уақыт тапжылмай бір орында жұмысын тыңғылықты атқарып келе жатқан ол жоқтан бар жасап, кітапхана жұмысын жандандырып отыр. Түрлі үйірмелер өз алдына, әр атаулы күнге, мерекеге орай іс-шаралар ұйымдастырып, жан-жақтан жиған-терген ақпараттарын цифрландырумен шұғылданады.
Фото: Раушан Жампейісованың жеке мұрағатынанЖергілікті ұстаз, музей қызметкері болған Дудан Ысқақовамен бірлесіп, кітапхана жанынан тіпті мұражай да ашып қойған.
Фото: Раушан Жампейісованың жеке мұрағатынан Фото: Раушан Жампейісованың жеке мұрағатынанБала күнінен кітап оқығанды ұнатқан Раушан өзі туып-өскен Достық елді мекеніндегі клуб ішіндегі шағын кітапханадан шықпайтын. Әкесі Рахметолла да белсенді оқырман еді. Жергілікті кітапханашы зейнеткерлікке таяған жан екен. Осыны ескерген әкесі мектеп бітірген Раушанды кітапханашы оқуына түсіреді. Медицина мамандығын игеремін деп жүрген қаршадай қыз алғашқыда әкесінің бұл шешіміне аң-таң болып, оқуға зауқы соқпай жүреді. Дейтұрғанмен зейінді жас аз уақытта бұл саланың да қыр-сырын ұғына бастады. Дипломын қолына алған соң бірден туған ауылына барып, кітапхана ісіне араласып кетеді. Арада екі жыл өткенде Набережное ауылына келін болып түседі.
Фото: Раушан Жампейісованың жеке мұрағатынан– Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезеңінде ауылдардағы барлық дерлік әлеуметтік мекеме жұмысын тоқтатып, жағдай қиындай түсті. Кейін заман түзелгенде сол кездегі ауылдық округ әкімі Тоқтасын Антайұлына тоқырау жылдары сақтап қалған 5 мың кітаптың барын айтып едім. Ол бірден әкімшіліктен бір бөлмесін босатып, маған кітапханашылық істі тапсырды. Осылайша жұмысымыз қайта жанданды, - деп еске алады кезіндегі қиын кезеңдерді Раушан Рахметоллақызы.
Набережное ауылдық кітапханасына 2006 жылы «Үлгілі кітапхана» мәртебесі беріліп, қажетті жиһаздармен қамтамасыз етіледі. «РАБИС» бағдарламасы бойынша жұмыс істеле бастайды. Ал 2008 жылы мұндағы мәдениет үйі қайта жаңғырып, кітапхана да жаңа ғимаратқа көшеді. Көшіп-қонып жүргенде де Раушан Рахметоллақызы кітаптарға мұқият қараған. Ауыл тарихы, мәдениеті, білім, экономика салаларына қатысты жылдар бойы жинаған мәліметтер мұражайға қойылып қана қоймай, цифрландырылып, «Менің ауылым» электронды каталогына да енгізілген. Болашақта демеушілер табылып жатса, кітап болып басылып шықпақшы.
Фото: Раушан Жампейісованың жеке мұрағатынанОсыдан үш жыл бұрын кітапхана күрделі жөндеуден өтіп, барлық жиһаздары жаңартылыпты. Төрде – қазақтың киіз үйі, әрбірінің өз тарихы бар көнеде пайдаланылған құрал-жабдықтар, т.б. заттар сонау ерте заманның лебін келушілерге жеткізіп тұрған. Ауылдың өркендеуіне зор үлес қосып кеткен жандар, соғыс ардагерлері, тыл еңбеккерлері, көп балалы аналар, еңбек ардагерлері, елімізге танымал ауыл тумалары жайлы мәліметтер, бәрі-бәрі тірнектеп жиналған дүниелер. Мұндағы «Атамұра» клубының әжелері жастарға салт-дәстүрлерімізді насихаттаса, «Аққу» клубында оқушылармен түрлі ою-өрнектеріміз жасалып, мағынасы, шығу тарихы түсіндіріледі.
Раушан Рахметоллақызы әріптестерінің арасында зор құрметке ие. Өз тәжірибесін жастармен бөлісіп отырады. Қоғамдық жұмыстарға да белсене атсалысып келеді. Ол жергілікті аналар кеңесінің төрайымы.
Фото: Раушан Жампейісованың жеке мұрағатынан Фото: Раушан Жампейісованың жеке мұрағатынанЖолдасы Ерлан екеуі Айша, Арнагүл есімді қыздарды тәрбиелеп өсіріп, әрқайсын қияға қондырды. Олардан төрт жиен немере сүйіп отыр. Айша анасының арманын орындап, медицина саласына бет бұрса, Арнагүл ұстаздық жолда жүр.
Сөз соңында кітапханашы: «Өміріме ризамын. Жұмысым екінші үйім сияқты. Күн сайын жұмысқа кәдімгідей қуаныш сезімімен барамын. Мамандық таңдауда қалт кетпегенім үшін әкеме де алғысым зор. Мен үшін әр оқырман кітапханадан өз іздегенін тауып, бір ауыз жылы сөзін арнаса, одан артық бақыт жоқ!» деп атап өтті.
Фото: Раушан Жампейісованың жеке мұрағатынанЕске сала кетейік, елімізде білім беру ұйымдарының кітапханалары заманауи цифрлық шешімдерге көшіп жатыр.