Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..
Одан әр ананың арманы баласының жұбын жолықтыруы екенін көреміз. 1969 жылы лирика мен комедия тоғысып, осындай шедевр дүниеге келген еді. Содан бері жарты ғасыр өтсе де, көрермен қайталап көруден жалыққан емес. Жақында осы кинотуынды заманауи форматтағы сахналық үлгіде көрерменге жол тарты. «Тақиялы періште» спектаклін JAN иммерсивті театры қойды.
Аталмыш фильмнің сахналық үлгісін әзірге екі театр сахналап келеді. Бірін былтыр Атырау облыстық Жастар театры қойса, екіншісін Астана қаласындағы JAN театры қойды. «Тақиялы періште» – театр репертуарындағы төртінші қойылым. Мазмұны жағынан айырмашылық болмағанымен, фильмді көргендер сюжеті жағынан айырмашылық барын бірден байқайды. Өйткені киноиндустрия мен театр тілі екі бөлек әлем. Сондықтан болар, режиссерлік шешім мен шығармашылық топтың нақты мақсаты – киноны дәл көшіріп қайта қою емес, театр көрерменінің талғамына сай жаңартып жеткізу.
Оқиғаның Алматыда болғанын сахналық декорациялар көрсетті. Нақтырақ айтқанда, шаһардың жүзіне айналған ең көрікті жерлері мен кинодағы айтулы локациялардың бейнесі суреттелген картиналар ілінген: Медеу мұз айдыны, Көктөбедегі телемұнара, «Қазақстан» қонақүйі, Қазақ мемлекеттік циркі. Ол аз десеңіз, театр актерлерінің орындауындағы 60-жылдардың хитіне айналған әндер, шығармашылық топтың костюмдері «Тақиялы періштені» қайта тірілткендей.
«Жалғызбасты еркектің көрген күні құрсын. Жанашыр анасы болу керек, не болмаса әйелі» деген Тана апаның сөзі киноның да, қойылымның да кіріспесі болды. Сахналық үлгіде жазылған оқиғаның сценарийіндегі өзгешеліктер бар екенін айта кету керек. Кей кейіпкерлер ойдан қосылды, енді бір кейіпкерлер сахнаға шықпады. Бәріміз киноның соңында ұлан-асыр екі той болатынын, Тана апаның Нияз ақсақалмен бас қосатынын білеміз. Бірақ қойылымда бұл кейіпкер жоқ. Бірақ «Махаббат періштесі» бар. Ол тек ғашық болған бойдақтарға көрініп, екінші жартысын табуға көмектеседі. Оның Махаббат періштесі екенін көрермен бірден түсінді. Мұндай образ болуы о бастан бекітіліпті. Өйткені комедияға лириканы қосуда Махаббат періштесінің рөлі зор. Режиссер, JAN иммерсивті театрының негізін қалаушылардың бірі Руслан Алишевтің айтуынша, жаңа кейіпкерлерді қосу арқылы көрерменді қызықтыра түсуге болады. Өйткені ол талғам уақыт өткен сайын өзгеріп отыратын құбылыс деп санайды. Қойылым екі шығармашылық топтың қатысуымен ойналады. Бірінші құрамда Тана апаның рөлін – Жұлдызай Дүйсенбиева, Тайлақты – Жандос ойнаса, екінші құрамда сәйкесінше, Гүлмира Жакилина мен Біржан Жүнісов образдарымен көпшіліктің ықыласына бөленеді. «Тақиялы періштенің» айтқысы келетін ойы – шынында, қазіргі қоғамның әлеуметтік мәселесіне айналып кеткендіктен қашанда өзекті. Сондықтан театр ұжымы осыны ескеріп, қазақ киносының шедеврін театрға әкелуді жоспарлап, шығармашылық жұмысты сәтті аяқтаған. Бір қызығы, қойылымға театр актерлері ғана емес, сырттан арнайы шақырылған бірнеше актер атсалысқан.
– Бұл – классика. Тақырыбы әрқашан актуалды болғандықтан, әркез көрерменге өтеді деп ойлаймын. Әрі сол жылдардағы эстетика мен сыйластықты сахнаға шығарсақ деген ойымыз әуелден болған. Біз жас театрмыз, сондықтан аға буын актерлеріміз жоқ. Сондықтан қаламыздағы театрлардан басты рөлді ойнайтын актерлер шақырдық. Қойылымда екі құрамның болуы – шартты нәрсе. Ол – салыстыру емес, кез келген жағдайға дайын болу деген сөз. Ал сахналық үлгідегі ерекшеліктерге келсек, біз киноны көшіріп алып, қайта салмаймыз. Олай болса, ізденістің не керегі бар?! Бұл өнер әлемі болғандықтан, театрдың да өзіне тән стилі болғандықтан, бәрібір өзгерісті, көркемдік дүниелерді қажет етеді. Міне, біздің көзқарасымыздағы кейіпкерлер осылай дүниеге келді, – дейді режиссері Руслан Алишев.
Қойылым басынан соңына дейін «Абзал ана» әнінің сүйемелдеуімен өрбіді. Өйткені фильмде бұл әнді дастарқан басында Бақыт Әшімова орындаған еді. «Тақиялы періште» музыкалық комедия болғандықтан, фильмдегі «Ты куда, Одиссей?», «Кете алмайсың сен менен», «Сайра, бұлбұл» сынды әндер де орындалды. Әмина Өмірзақованың күлкісі образының символы іспетті. Дәл осындай күлкісімен жиылған көрерменнің қошеметіне бөленген «жаңа» Тана апа – Жұлдызай Дүйсенбиева. Оның сөзінде, қылығы мен күлкісінде, тіпті мінезінде де ұқсастық бар. Ал Тайлақтың дене бітімі Әлімғазы Райымбектен аумайды деген пікір білдіріп жатты жұрт. Актерлік шеберлігі өз алдына, оның артында кәсіби актерлік қабілет жатыр ма, есіл еңбек жатыр ма? Актерлік шеберлігіне тәнті болып, қойылымнан соң Жұлдызай ханым мен Жандосты сахна артына іздеп бардық.
Жұлдызай Дүйсенбиева, Тана апаның рөлінде:
– Менің жасым Әмина апаның кинодағы жасына кішкене болса да пара-пар. Тана апа – Әмина апайдың шыңға шығарып тастаған рөлі ғой. Оны ойнау, оны қайталау мен үшін өте қиын болды. Қазақта «аруағы қолдасын» деген сөз бар. Сол сияқты Әмина апайдың аруағы қолдасын деп, барынша жаңаша Тананы ойнап шығуға тырыстым. JAN театрының ұжымы шақырып, Тайлақтың анасы болып ойнауымды ұсынғанда, уайымдап едім. Бірақ келіскеніме өкінбеймін. Жас театрымен жұмыс істеу менің екінші тынысымды ашып жатыр. Меніңше, бұл өтімді қойылым болмақ. Өйткені қазір де қоғамда Әмина апамыз сияқты аналар өте көп. Тайлақ сияқты 28 жастағы емес, одан үлкен бойдақтар қатары да көбейіп кетті.
Жандос Қадыров, Тайлақтың рөлінде:
– Біз білетін Тайлақ алпамса денелі, еңсегей бойлы, ақкөңіл, сенгіш жігіт. Көбі дене бітімімді ұқсатады. Сондықтан бұл рөлге бірден таңдап алды. Бірақ мінезіміз келмейді. Ол тұйық жігіт болды ғой, сондықтан осы жағын шынайы ойнау үшін мүмкіндігінше дайындалдым. Бірақ кейіпкерді ойнау үшін киносын көріп, спектакльдерін қайта қарау деген дұрыс емес. Ұстазымыз Ақыш ағай осылай айтатын. Әркімнің өзінің Тайлағы, өзінің Танасы және Айшасы болуы керек. Осыларды ескеріп, театрымыздың «Тайлағын» өзім құрастырғандай болдым. Негізі, режиссердің де талабы сондай еді.
Қойылымда Махаббат періштесі, Айша мен Алтыншаштың рөлдеріне айрықша басымдық беруге болады. Өйткені олар қатыспаған сахна мүлде жоқ. Тек олардың болашағы кинодағы кейіпкерлердікі сияқты өрбуден өзгеше. Сыра сатушы Алтыншаш Тайлаққа ғашық болғандықтан, Тана апаға Айшаны «босаға көрген» деп алдады. Ал, шын мәнінде, Тана апаның Айшаны келін етудегі қарсылығы ол емес-тін, жас кезінде сөз байласқан Тайырдың қызы екенінде. Мұны «Тақиялы періште» киносының сүйікті көрермені жақсы біледі. Айтпақшы, ойдан шығарылған Купидон (Махаббат періштесі) кейіпкері сырт көзге жеңіл, оңай образ болып көрінгенімен, оның ар жағында үлкен жауапкершілік жатыр. Қойылымның шымылдығын түріп ашатын да, түндігін түсіріп аяқтайтын да – осы кейіпкер. Әрі комедияның жарқын көрінісін одан сайын асыра түсті.
– Сценарий бойынша «Махаббат періштесі» тек ғашық болған бойдақтарға ғана көрінеді. Міндеті – қос ғашықты қосу, қаланың әр бұрышында жүрген жастарды жолықтыру. Қойылымды бастап ашатын кейіпкер болғанымнан соң ба, мен үшін өте ауыр болды. Өйткені қалай бастасам қойылым да солай өрбиді. Егер темп түсіп кетсе, қойылым басынан-ақ сәтті шықпаушы еді. Сондықтан мұның артында көрермен білмейтін жауапкершілік жатыр, – дейді Оралжан Жәнібек.
JAN иммерсивті театрының репертуарында қазір «Өліра» лирикалық-комедиясы, «Мама» драмасы, «Бикеш» комедиясы және «Тақиялы періште» лирикалық-комедиясы бар. Театрдың негізін қалағандар – қазақ киносы мен театр әлемінде өзіндік орны бар Меруерт Өтекешова, Ақыш Омаров, Жанқалдыбек Төленбаев сияқты тау тұлғалардың шеберханасынан шыққан актерлер. Алдағы уақытта «Тақиялы періште» премьерасымен оңтүстік және батыс өңіріне бару жоспарда бар.
Қазіргі жастардың көбі ерте шаңырақ көтеруге асықпай, алдымен қаржы тауып, мансап қалыптастыруды мақсат етеді. Тұрмыс жайы түзеліп, өмірлік ұстанымы айқындалған шақта ғана жүрек қалауын іздеп, отбасы құру туралы ойлана бастайды. Бәлкім, бұл – қарбалас дәуірдің жазылмаған заңы шығар. Арада жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, әзіл мен жылылыққа толы комедиялық туынды театр үлгісінде қайта көрерменімен қауышқаны қуантады.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ