Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінде жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының кеңейтілген алқа отырысы өтіп, жергілікті әуежайдың жұмысы да талқыға түсті.
«Қызыл-Жар» халықаралық әуежайының директоры Абыл Кекілбаевтың айтуынша, нысан жоғары стандарттарға толық сәйкес келетінін ресми түрде растап, 2027 жылдың соңына дейін жарамдылық сертификатын алды. Нәтижесінде инфрақұрылымдық шектеулер алынып, түнгі рейстерді орындауға мүмкіндік берілді.
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform— Әуе кемелерін мұздануға қарсы толыққанды өңдеу жүйесі енгізілді. Сонымен қатар, жанармай құю кешені қалпына келтіріліп, халықаралық, оның ішінде туристік рейстерді орындауға жол ашылды. Әуежайдың қазір Boeing 767 және Airbus 330 секілді ірі әуе кемелерін қабылдауға техникалық мүмкіндігі бар. Қазіргі таңда тұрақты бағыттарда Boeing 737 ұшақтары, соның ішінде MAX 9 модификациясы сәтті пайдаланылып келеді, — деді әуежай директоры.
Былтыр әуежайдан 132 мың жолаушы ұшқан. Соңғы үш жылда тұрақты өсім бар. Мәселен 2024 жылы 117 мың адам әуежай қызметіне жүгінген.
«Алматы — Петропавл» бағыты бойынша жүктеме 80% жоғары деңгейде сақталып отыр. Нәтижесінде бұл бағытты субсидиялау тоқтатылды.
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform— Дегенмен, операциялық көрсеткіштердің жақсарғанына қарамастан, 2025 жылғы қаржылық нәтиже теріс күйінде қалып отыр. 382 млн теңге табысқа қарамастан, 82 млн теңге шығын бар. Бұған басты себеп — ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге кететін жоғары тұрақты шығындар. Бұл талаптар рейстер санына қарамастан міндетті түрде орындалады. Өңірлік әуежайлардың өз ерекшелігі бар, табыс базасы шектеулі. Ал қауіпсіздік пен инфрақұрылымға қойылатын талаптар соған қарамастан барлық жерде бірдей. Негізгі шығындар персоналға және әуежайды жыл бойы белгіленген нормативтік талаптарға сай жағдайда ұстап тұруға жұмсалады. Мұндай нысандардың қаржылық тұрақтылығы рейстер қарқындылығы артқан және авиациялық емес табыс көздері дамыған жағдайда қамтамасыз етіледі, — дейді Абыл Кекілбаев.
Маманның айтуынша, коммуналдық меншіктегі нысандар ғана мемлекеттік қолдауға ие. Қазіргі жағдайда әуежай субсидиялау талаптарына формалды түрде сәйкес келмейді. Сондықтан оны ішкі ресурстар мен инвестор қаражаты есебінен дамыту міндеті тұр.
— Әуежайдың стратегиялық мақсаты — дотациялық нысаннан өңір сының қозғаушы күшіне айналу. Осыған байланысты облыс әкімдігінің әуежайды «Қазпошта» АҚ және жеке инвесторлармен бірлескен мультимодальды көлік-логистикалық орталық жобасына интеграциялау бастамасын қолдау маңызды. Жоба пошта және жүк ағындарын шоғырландыруды, e-commerce логистикасын дамытуды және авиациялық емес табысты арттыруды көздейді. Бұл инфрақұрылым жүктемесін көбейтіп, қаржылық тұрақтылықты нығайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді, — дейді Абыл Кекілбаев.
Жалпы алғанда, әуежай техникалық тұрғыдан толық жарамды және заманауи әуе кемелерін қабылдай алады.
Бұған дейін Зайсанда салынып жатқан әуежай жазда іске қосылатынын жазған едік.