Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
ҚР ПІБ Президенттік орталығында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына және жыл сайын 21 ақпанда атап өтілетін Бүкіләлемдік гидтер мен экскурсия жүргізушілер күніне орай Гидтер мен экскурсия жүргізушілерінің II елордалық форумының ашылу салтанаты өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның туристік әлеуетін ашу және оны тиімді пайдалану стратегиялық маңызды міндет әрі мемлекеттік саясаттың басым бағыты екенін бірнеше рет атап өткен болатын. II елордалық форум өткен жылғы кәсіби алаңның заңды жалғасына айналып, қабылданған бастамаларды күшейтіп, кәсіби өзара іс-қимыл аясын кеңейтті.
«Президенттік орталық екінші жыл қатарынан Астана қаласының әкімдігімен және Kazakh Tourism ұлттық компаниясымен бірлесіп, өз алаңында кәсіби қауымдастық өкілдерін жинап отыр. Өткен жылы дәл осы жерде елордалық Гидтер мен экскурсия жүргізушілерінің I форумы бастау алған болатын. Соңғы жылдары еліміз туризм саласында тұрақты әрі серпінді өсім көрсетіп келеді: жыл сайын туристер саны артып, олардың географиясы кеңеюде, инвестициялар көлемі ұлғаюда, жаңа бағыттар игеріліп, инфрақұрылым дамуда. Бұл – Мемлекет басшысы қойған саланың даму қарқынын екі еселеу жөніндегі стратегиялық міндетке сәйкес жүргізіліп жатқан жүйелі мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесі.
2025 жылғы 28 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы осы бағыттағы берік ұстанымын тағы да растады және туризмді Қазақстан экономикасының өсу драйверлерінің бірі ретінде айқындады. Осыған байланысты туристік саланың инвестициялық тартымдылығын арттыру, көлік инфрақұрылымын, соның ішінде әуе бағыттарын дамыту, туристік нысандарды инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, жаңа туристік аймақтарды дамыту сияқты басым бағыттар белгіленді. Нәтижесінде, 2025 жылы отандық туризм саласына салынған инвестициялар көлемі 1,2 трлн теңгеден асып, 2024 жылмен салыстырғанда 32%-ға артты. Өз кезегінде, Астана Қазақстан ғана емес, Орталық Азиядағы жетекші туристік орталықтардың бірі ретіндегі позициясын сенімді түрде нығайтып келеді. Бұған ықпал ететін бірқатар факторлардың ішінде елордалық гидтер мен экскурсия жүргізушілерінің жоғары даярлық деңгейі мен кәсіби біліктілігі негізгі рөл атқарады. Гид-экскурсия жүргізуші – бұл тек туристерді алып жүретін адам ғана емес. Ол – елдің өкілі, тарихи мұра әлеміне жол көрсетуші, қонақтардың Қазақстан туралы көзқарасын қалыптастыратын мәдени елші. Оның кәсібилігіне, біліміне, шеберлігі мен жеке қасиеттеріне саяхатшылардың әсері қаншалықты жарқын әрі есте қаларлық болатыны тікелей байланысты. Қазіргі уақытта Президенттік орталық – еліміздегі тәуелсіз Қазақстанның саяси тарихын президенттік институт призмасы арқылы зерделеумен, жүйелеумен және насихаттаумен айналысатын жалғыз тарихи-мемориалдық мекеме. Бұл, әсіресе, Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығы аталып өтетін мерейтойлық жылы айрықша символдық мәнге ие», – деп атап өтті өз сөзінде ҚР Президенттік орталығының директоры Бақытжан Темірболат.
Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жаңабаев өз пікірін білдірді.
«Әрбір гид-экскурсия жүргізушінің рөлі ерекше: турист үшін нысандарды жай ғана көру емес, қаланың даму тарихын, оның бірегейлігі мен құндылықтарын білу маңызды. Бұл міндетті тек сіздер жүзеге асырасыздар. Халықаралық тәжірибеге қарасақ, онда «табысты қалалық дестинациялар» гидтердің кәсіби қауымдастығымен жүйелі түрде жұмыс жүргізетінін көрсетеді. Вена, Сингапур, Барселона сияқты ірі туристік орталықтарда гид-экскурсия жүргізушілері туристік саясаттың серіктестері және қала брендісінің маңызды бөлігі ретінде қарастырылады. Олардың ұсыныстары туристік өнімді қалыптастыру және туристік қызмет сапасын бағалау кезінде тікелей ескеріледі», – деді ол.
Форумға елорданың туристік қауымдастығының, мемлекеттік органдардың өкілдері, өңірлік және халықаралық салалық сарапшыларды қоса алғанда 130-дан астам қатысушы қатысты. Пікірталас барысында экскурсиялық қызметті дамыту мен туристік сервистің сапасын арттыру, сондай-ақ ішкі туризмді ынталандырудың жаңа шешімдерін іздестіру мәселелері талқыланды. Форум бағдарламасы пленарлық отырыс пен тақырыптық панельдік сессияларды қамтыды.
«Қонақтарымызды қарсы алып жүрген гидтер мен экскурсия жетекшілері, дәл сіздер адамдарға осы жерге не үшін келген әсерлерді сыйлайсыздар. Сіздердің сөздеріңіз, сіздердің әңгімелеріңіз Қазақстанның бейнесін қалыптастырады. Осыған байланысты гид мамандығы – өте жауапты әрі өте беделді кәсіп. Өйткені еліміз туралы қалай баяндайсыздар, соған қарай адамдар бұл жерден тек суреттермен ғана емес, жүректерінде сақталатын, кейін отбасына, достарына және өзгелерге айтып жеткізетін оқиғалармен қайтады», – деді «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Талғат Ғазизов.
Пленарлық отырыста ҚР Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитеті төрағасының міндетін атқарушы Нұрбол Байжанов, «Astana Tourism» туризмді дамыту орталығы» ЖШС басқарма төрағасы Артем Квашук, «Атамекен» ҚР ҰКП Туризм департаментінің директоры – басқарушы директор Дамила Кунанова сөз сөйледі.
Бірінші панельдік сессия аясында елордалық гидтермен, музей экскурсия жүргізушілерімен және Visit-орталықтар өкілдерімен өзекті тақырыптар талқыланды. Атап айтқанда, «Музейлік экскурсиялық тәжірибелердегі әдістемелік тәсілдер» секциясында Президенттік орталықтың экскурсиялық бағдарламалары таныстырылды. Қатысушылар музейлік экскурсияларды әзірлеу мен өткізудің заманауи әдістемелік тәсілдерімен танысып, аудиториямен тиімді жұмыс істеу құралдарын талқылауға мүмкіндік алды.
Екінші панельдік сессияда саланы заңнамалық реттеу мен мұраны интерпретациялаудың халықаралық тәсілдері қарастырылды. Өз тәжірибесімен және сараптамалық білімімен Грузия экотуризм қауымдастығы басқарма төрағасы Наталия Бахтадзе-Энглендер, сондай-ақ Interpret Europe (Германия) Еуропалық мәдени мұраны интерпретациялау қауымдастығының сыртқы байланыстар жөніндегі үйлестірушісі Дубравко Фиячко бөлісті.
Форум қорытындысы бойынша, экскурсиялық саланы одан әрі дамытуға, туристік қызметтердің сапасын арттыруға, Қазақстанның мәдени және туристік әлеуетін нығайтуға бағытталған ұсынымдар әзірленді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.