Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Әсіресе мұғалімдер отбасында газет-журналдың ескі нөмірлері үйіліп тұрады, қай басылымды іздесең, соны табасың. Құдды бір мұғалімнің үйі кітапхана сынды. Жалпы, сол заманда газет – кез келген үйдің ажырамас бір бөлшегіндей санада жатталып еді. Ал қазір ше?..
Газет оқитын адам – ескіліктің жұрнағындай елестейді. Алда-жалда газеттің құлаш-құлаш айқарма бетін аша қалып, бір кесе кофені ұрттап қойып, көшедегі кез келген орындыққа отыра қалсаңыз, сізді «тас дәуірінен» келген адамдай көреді. Батыстық мәдениеттегі осы отырысыңызға таңғалып, сыртыңыздан суретке түсіріп, әлеуметтік желідегі парақшасына «Әлі де газет оқитын адам бар екен...» немесе «Газет әлі де шығады екен» деп, түгел жұртқа сүйіншілеп хабар береді. Өз ойын жасыра алмайтын кей адамдар бағаңызды асырып, сізді бір аристократ, өзін қара жаяу деп ашық айтады. Сонда өзіңді қоғамнан, халықтан бір сәт жырақ сезінесің. Ал шын мәнінде сауатты қоғам үшін газет оқу қалыпты құбылыс болуы керек-ті. Тіпті қазір газетті телефонмен де оқуға болады. Барлық газеттің электронды нұсқасы бар – цифрлы дәуір.
Бұрынғыдай әр үйде кемінде 3–4 газет-журнал жататын уақытта, әрине, баспасөздің де беделі бар еді. Әр шаңырақтың төрінде «Егеменнен» бастап, республикалық, облыстық газеттер тізіліп тұратын. Газетке жаппай жазылу науқаны да қарқынды жүретін. Үлкен газеттердің жүз мыңнан аса таралыммен шыққанын әлі күнге аңыз қылып айтамыз. Әкімдер де бас газеттің ықпалынан ығатын. Ал қазіргі газетке жазылу мәселесі суы тартылған аралдың күйін кешіп отыр. Бір ғана мысал, миллионнан астам халқы бар облыстар бар-жоғы 4–5 мың дана газетке жазылады. Салыстырмалы түрде алсақ, мұның өзі 500 данаға қарағанда «тым жақсы» көрсеткіш. Күлеміз бе, жылаймыз ба?..
Қарапайым адамдарды былай қойғанда, қазір мұғалімдерді де газетке жаздыру қиын екен. Байқасақ, бүгінгі ұстаздардың ішінде газет оқитыны сирек. Тіпті қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері де қолына газет алғысы келмейтін көрінеді. Осындайда кітап-газет оқыту идеологиясында ұйымдастыру мәселесі әлсіз бе деп қаласың. Әйтпесе басқа-басқа, мұғалімдер неге газет оқудан қашады? Газет оқымаған мұғалімдер шәкіттеріне қалай тәрбие береді?
Қағаз газеттің ғұмырына төнген қауіп біздің елде ғана дейсіз бе? Жо-жоқ, қазір әлемде де осы күй, осы уайым (әрине, салыстырмалы түрде, қазақ қоғамында газет оқымау деңгейі мүлдем төмен). Сарапшылардың пікірінше, бұл – ақпарат тұтыну мәдениетінің өзгеруінен туындаған жаһандық үрдіс. Reuters Institute жүргізетін халықаралық зерттеулер көптеген елде оқырманның жаңалықты негізінен интернет-сайттар, мобильді қосымшалар және әлеуметтік желілер арқылы алатынын көрсетеді. Сонда да газеттің маңызы жоғалмаған елдер бар. Мәселен, Жапонияда газет оқу мәдениеті әлі де жақсы сақталған. Дегенмен, цифрлық медианың дамуына байланысты елдегі күнделікті газеттердің жалпы таралымы 2004 жылғы 53 миллион данадан 2025 жылы шамамен 24 миллион данаға дейін азайған. Германия мен Финляндия, Норвегия сияқты Солтүстік Еуропа елдерінде де өңірлік және ұлттық газеттер қоғам өмірінде басты рөл атқарғанымен, басым бөлігі цифрлық жазылым жүйесіне көшіп, оқырманын онлайн платформалар арқылы сақтауға күш салып отыр.
Қоғам қанша алға жылжып, технология қанша аспандап қарыштаса да газетті қолға ұстап, парақтап оқудың ләззаты бөлек емес пе? Шынында газеттің цифрлы нұсқасы қағаз-басылымдарға ықпал етпеуі керек-ті. Телефондағы газет, тек қосымша құрал сынды жанама нұсқа болуға тиіс. Бірақ жалпы бірдеңе оқу әдеті ұмытылған, тіпті ұстаздардың үйіне газет келмейтін қоғамда мерзімді басылымдардың электронды нұсқасын ешкім таласа-тармаса іздеп жатпағаны тағы белгілі.
Газет оқымаған қоғамда сауатсыздық белең ала бастағаны байқалады. Телефонға телміргендер сөздің жазылуын бүлдіріп жатыр. Газеттің қадірі осыдан-ақ білінеді.