Egemen.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
Аудан әкімінің орынбасары Найман Кенжеханұлы сала мамандарын кәсіби мерекемен құттықтап, дәрігерлердің қоғамдағы рөліне ерекше тоқталды. Ол жергілікті атқарушы билік тарапынан денсаулық сақтау саласына көрсетіліп отырған қолдау алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.
– Мемлекет басшысы медицина мамандарының еңбегін қолдауға айрықша көңіл бөліп келеді. Соған сәйкес өңірімізде де медицина саласы жыл сайын дамып отыр. Кейінгі жылдары ауданда бірқатар медициналық нысан жаңартылып, материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Бүгінде басты мақсат – аурудың алдын алу, алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру және скринингтік тексерулер арқылы тұрғындардың өмір сапасын жақсарту. Бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылуда. Сол себепті сіздердің еңбектеріңіз әрдайым жоғары бағаланады, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Салтанатты жиын барысында денсаулық сақтау саласында ұзақ жылдар бойы абыройлы еңбек етіп келе жатқан адам өмірінің арашашыларына Алғысхаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Олардың қатарында тәжірибелі дәрігерлермен бірге жас мамандар да бар.
Іс-шарада сөз сөйлеген аудандық мәслихаттың төрағасы Жасұлан Әлкенұлы да медицина қызметкерлерінің еңбегін ерекше атап өтіп, олардың қоғамдағы маңызын жоғары бағалады.
Мерекелік басқосу соңында сала мамандары мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдауға ризашылықтарын білдіріп, жергілікті билік өкілдеріне алғыстарын жеткізді.
Осыған ұқсас мерекелік іс-шара Мойынқұм ауданында да ұйымдастырылды. Мұнда да өз ісінің білікті мамандары түрлі деңгейдегі Алғысхаттармен және сыйлықтармен марапатталды. Жиын жергілікті өнерпаздардың мерекелік концертіне ұласып, сән-салтанатпен түйінделді.
Жамбыл облысы