Қамқорлық қағидасы немесе ізгі дәстүрді жалғастырғандар

23.01.2026

Egemen.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..

Қазақта әуелден бір жақсы қасиет бар. Ол – өзінде аз болса да, басқаларға көмектескісі келіп тұратыны. Бұған қатысты көп мысалды Алаш тұлғалары шығарған «Қазақ» газетінен байқауға болады. Әсіресе оқуға деген талабы күшті, алайда тұрмысы төмен шәкірттерді қолдауда газеттің қосқан үлесі зор болды. Газет бетінен «Мұқтаж шәкірттерге жәрдем» деген арнаулы айдар ашып, әр жерде білім алып жатқан қазақ шәкірттеріне ел ішінен қаражат жинады. Осылайша, бір баланың болса да оқуын ойдағыдай аяқтауына қолғабыс жасады.

Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Білімге құштар Мағфуза

Әсіресе қыздардың білім алуын «Қазақ» газеті сүйіншілей хабарлап отырды. Мәселен, газеттің 1916 жылғы №179 санында: «Ішкі ордада үш клас­ты учительский курстан биыл Мәдина Қожбанқызы һәм Алма Оразбайқызы бітіріп, учительница болатын куәлік қағаз алып шықты», – деп жазса, 1917 жылғы №240 санында Сара Сәтбайқызының Орынбордағы Бағыстан ханым мектебін бітіргенін сүйіншілей хабарлап: «Қа­зақ­тан шыққан мұғалимадан ұлтына жеміс­ті қызмет күтіледі...», – деп үміт артты. Солар секілді білімге ұмтылған тағы бір қазақ Мағфуза Найманқожақызы еді. Мағфузаның білім алуына Семейдегі бай Ақым Аңдамасұлының, мұғалім Нәзипа Құлжанованың көп жәрдемі тиді. Тіпті өзі секілді шәкірттер Мұстафа Шоқай мен Халел Ғаббасов та қаржы аударып, қарындасына қамқор бола білді.

Мағфузаның есімі «Қазақ» газетінің 1914–1916 жылдардағы бірнеше санында аталады. Туған жері – Қарқаралы уезінің Дастар болысы. Дәулескер домбырашы Тәттімбеттің туған төңірегі. Мағфуза Уфадағы қыздар медреселері­нің бірінде оқитын. Оның қай мектепте оқығаны белгісіз. Орынбор мүф­тиі Мұхамедияр Сұлтановтың келіні ­­­Мәриям Темірболатқызының ұйымдас­ты­­руы­мен Уфада қыздарға арналған ­мек­теп­­тер ашылған болатын. Шамасы со­ның бірінде оқыса керек. «Қазақтың» 1914 жылғы №63 санында жариялан­ған мақа­ласында Мағфуза: «Екі жылдан бері Уфа шаһарында мұсылманша оқып жатырмын. Менің шетке шығып, оқуыма себеп болған Уфаның медресе «Ғалиясынан» оқып қайтқан ағамыз Смағұл еді. 1911 жылы медреседен келген соң үйдегі қарындасы мен һәм інілерінің оқымай жүргеніне жаны ашып қалайда оқытпақшы болды. Ата-анамыз басында мені Уфаға жіберуге қарсы тұрса да, ақырында көнді. Сонан бері ағамыздың жәрдемімен оқып жатыр едім...», – деп жазады.

Иә, қыздың өзі жазғандай сабағын ойдағыдай оқып жатқан. Осы кезде Семейдегі ағасы Смағұлдан Уфаға хат келеді. Смағұл хатында: «Сені әрі қарай оқытуға шамам келмейді, елге қайт», – депті. Мағфуза жайсыз хабарды төбе­ден жай түскендей қабылдап әрі-сәрі күй кешеді. Бір жағы оқуды да қимай, екін­ші жағынан төлейтін қаржы таппай қайтуға қамдана бастағанда Смағұл Уфаға келеді. Қарындасына: «Елге қайтпайсың, оқуыңды жалғастыратын болдың», – деген қуанышты хабар айтады. Бұл жа­йында қыздың өзі: «Менің тағы да оқуы­ма Семей, Зарешни слабодкасында тұра­­тын Ақым қажы Аңдамасұғлы ақша бер­­мек­ші болған екен. Сөйтіп, мен елге қайт­пай, Уфада қалдым. Талабымды қайтар­май, тауымды шақпай оқуыма ақша берген сүйікті ағамыз Ақым қажыға шын көңілімнен рахмет айтамын», – деп жазады.

Марфуғаның Ақым қажы деп отыр­ғаны – атақты меценат, Алашқа белгілі адам. Мұғалім Мұстақым Малдыбаевтың «Қазақша оқу кітабы» оқулығын шығарып берген – осы Ақым Аңдамасұлы. Сонымен қатар бұл кісінің қазақ қыздарына жаса­ған қамқорлығы да жетерлік. Семейден қыздарға арнап алғаш рет мектеп ашқан. Ақым қажының кейін мәрттігімен аты мәлім болды. Алаш автономиясының ұлт қазынасы құрылған кезде өз атынан 10 мың сом берген. Бұл сол уақыттағы айрықша жаңалық еді. Себебі мұндай көлемдегі ақшаны ешкім де ұлт қажетіне ұсынған емес.

Осы Ақым қажының көмегімен ­Мағ­фуза қыз Уфадағы оқуын әрі қарай жалғастырады. Мағфузаның есімі екін­ші рет «Қазақ» газетінің 1915 жылғы №115 санында аталған. Бұл кезде ­Нәзи­па Құлжанова Петроградтағы соғыс ­ауруханасы һәм мұқтаж оқушы қазақ жас­тарының пайдасына Семейде әде­биет кешін өткізген еді. Осы кештен түс­кен 910 мың сомның 100 сомы – Әлімхан Ермековке, 40 сомы – Халел Ғаббасов­қа, 30 сомы Мағфуза Найманқожақызына берілгені жазылған. Сондай-ақ Зуфнун Ыбырайұлы, Хасен Міржақыпұлы және Мәннан Тұрғанбаевқа – 25 сомнан, Мұхтар Саматовқа – 19, Ғарифолла Ғадіхәкімовке – 15, Оразбай Бадақ­ұлы­на – 15, Жүсіпбек Аймауытовқа – 10, сонымен қатар Нақымжанұлы мен Мұстамбайұлы деген оқушыларға 10 сомнан берілген екен. Осылайша, хабарда айтылғандай, әдеби кеш есебінен сол уақыттағы мұқ­таж шәкірттерге көмек көрсетілген. Бұл хабардан Мағфузаның оқуына деп екін­ші рет жәрдем еткен адам Нәзипа Құлжанова болғанын байқаймыз. Бұл 1914 жылғы наурыз айы еді. 

Мұстафа мен Халелдің қамқорлығы

Алайда қуаныш көпке созылған жоқ. Ақым қажы аударған һәм Нәзипа ханым жинап берген ақшамен сол жылдың оқу ақысын жауып, Мағфуза мамырдың соңында елге қайтты. Қаржы тапшылығына байланысты қызға оқуын жалғай алмау қаупі туындады. Бұл жа­йында «Қазақ» газетінің 1915 жылғы маусымдағы №139 санында «Жәрдемге мұқтаж қыз» деген мақала жарияланды. Осы мақалада Семейдегі Заречный слабодкасында мұғалім болып қызмет істейтін Смағұл Найманқожаұлының хаты басылған. Смағұл хатында: «Үш жылдан бері Уфада мұсылманша оқып жүрген қарындасым Мағфуза жаз елге келді. Үйіміз нашар, өз күшімен балаларын шеттен оқытарлық емес. Осы қарындасымды талаппен оқуға кіргізген өзім едім. Оқыған үш жылының әуелгі екі жылдық расходын өзім беріп тұрдым, өткен жыл шамам келмейтін болған соң, Заречныйда Ақым қажы Аңдамасұғлы беріп еді. Қарындасымның ынтасы Уфаға барып тағы да оқуда. Жылдық табысым – 250 сом, менің тәрбиемде орысша оқитын екі інім бар, үшеуімізден артылып бұл ақша қарындасымның оқуына жетер емес», – дей келіп, «Қазақ» басқармасы арқылы қарындасының қысқы оқуына қажетті 150 сом ақшаны жинауға Алаш ауқаттыларынан жәрдем сұраған.

Мақалаға қатысты «Қазақ» газеті үн қосып: «Мағфуза Найманқожақызы Уфада екі-үш жылдан бері тәуір оқып жүргендігі, жәрдемге мұқтаж пақыр адамның баласы болып, тек аты тірі бір ағасының арқасында оқып жүргені басқармаға мағлұм еді. Енді ағасы Смағұл мырза жайын айтып отыр. Қазақтың қызы түгіл шетке шығып, ғылым іздеп жүрген ұлы санаулы бір азаматтар, мынадай талапкер әйел баланың бетін қайтармай мақсұдына жеткізуге себеп болсақ, өзгелерге үлгі болар еді. Оқып шыққан соң мұғалима болып ұлтына қызмет қылар еді. Бұл балаға жәрдем бе­руші болса, басқарма алғыс айтып, қабыл етеді. Жәрдемдерінің есебі газетада жазылып, Мағфузаға тапсырылып тұрады», – деп жазды. Шынында солай болды, Мағфузаға деп ақша аударған кісілердің есім-сойы газет бетінде жарияланды.

Мына ғажапқа қараңызшы, газет­тен Мағфузаның жағдайын оқып алғаш болып көмек созған Мұстафа Шоқай мен Халел Ғаббасов екен. «Қазақ» газе­тінің 1915 жылғы №142 санында «Мағфуза Найманқожақызына жәр­дем» деген тақырыппен екі жігіттің: «Талапкер қарындасымыз Мағфуза Най­манқожақызының оқу жолында мұқ­таждығын 139-нөмір «Қазақ»-тан көрген соң Петроградтағы екі қазақ 3 сом­­нан 6 сом жіберіп тұрмыз», – деген хабары жарияланған. Бұл кезде олардың өздері де студент еді. Мұстафа Петербор (ол кезде соғыс жағдайына байланысты Петроград аталды) университетінің заң факультетінде оқыса, Халел физика-математика факультетінің студенті. Мұстафа оқуда аса қаржылық қиын­дық көрмегенімен, Халелдің жағдайы мәз емес еді. Себебі соның алдында ғана Нәзипа Құлжанова ұйымдастырған әдебиет кешінен түскен ақшаның 40 сомы осы Халелге берілгені белгілі. Қарында­сына болысқан қазақ шәкірттерінің қамқорлығына қалай сүйсінбейсің! Олар­дың бұл жанашырлығы туралы «Қазақ» басқармасы: «Өздері оқу жолында қымбатшылық орындарда жүрген екі студент аз ақшасынан беріп, басшылық етіп тұр. Кең дүниеде еркін тіршілік етіп жүрген бауырларға бұл үлгі», – деп жазды. Шынында, студенттер Мұстафа мен Халел өз аузынан жырып берген ­6 сомы арқылы көпке үлкен үлгі көрсет­ті. Үшінші болып Мағфузаға семина­рист Бәймен Алманов 1 сом 10 тиын берді. Ол да өзі секілді оқушы болатын. Оның да ісін «Қазақ» газеті құп көріп: «Зер қадірін зергер білер» деген осы», – деп бір ауыз сөзбен көтермелеген. Бәймен бұл кезде Ақтөбедегі мұғалімдер семинариясында оқитын. Кейін ҚазПИ-дің ректоры болды. Шынында ол уақытта өзі студент, өзі семинарист бола жүріп, басқаның оқуына жәрдем беру ерлікпен пара-пар дүние еді.

«Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» деген ұстанымға бекіген қазақ­тың қамкөңіл жандары Мағфузаға қал-қада­рынша ақша аудара бастады. 15 та­мызда Сақары Жабайұлы, Тұрғанбай Шумақұлы бастаған 11 адам – 3 сом 25 тиын («Қазақ» газеті, №145), 29 тамызда Ж.Түзелбайұлы, Б.Бижанұлы бастаған 60 адам – 16 сом («Қазақ» газеті, №147), 8 қыркүйекте Орынбордағы мұғалім­дер институтында оқып жүрген Телжан Шонанұлы бастаған 12 шәкірт 5 сом ­аударды. Осылайша, Мағфузаға жинал­ған ақша 31 сом 35 тиын­ды құрады. Әри­не, көлемі Смағұл сұрат­қан 150 сомға жетпесе де, оқуын бастай беруге болатын қаржының қарасы көрінді. «Қазақ» газеті қыздың оқуына қажетті ақшаны әлі де жинай беруге дайын еді. Алайда Мағфузаның өзі әуелгі ұстанымынан бас тартып, жиналған қаржыны басқа шәкірттерге беруді сұрады. Ол «Қазақ» газетінің 15 қазандағы №153 санына қысқа ғана хат жариялап: «Маған Уфадан мұсылманша оқуыма жәрдемге жиналған ақшаны менен басқа мұқтаж оқушыларға берілсе екен. Мен Уфаға барып оқи алмайтын болдым», – деп жазды. Бар-жоғы осы екі-ақ сөйлем. Не үшін бара алмайды? Оқудан неге бас тартты? Басын ашып ештеңе айтқан жоқ. Мағфузаның Уфаға неге бармағаны кейін белгілі болды. 

Нәзипаның жанашырлығы

Мағфуза қыздың бұлай шешімін аяқасты өзгерткенін ел түсіне алмады. 21 қарашада Нәзипа Құлжанова «Қазақ» газетіне «Елге барғанда» (№158, 1915 жыл) деген мақаласын жариялап, мән-жайды баяндады. Нәзипа Ораза айты кезінде Мағфузаның туған жері Қарқаралы уезіндегі Ыбырай Ақбаев (Жақып Ақбаевтың ағасы) пен оның құдасы Әбубәкір Құрмановтың ауылында болыпты. Осы кезде Мағфуза­ның жағдайы есіне түсіп, сол ауылдардағы қыз-келіншектерден қыздың оқуына деп 33 сом 20 тиын ақша жинапты. Одан бөлек Семейдегі Қасым Сәнекин ауылынан ­6 сом жинағаны тағы бар. Барлығы 33 сом 20 тиынды Мағфузаға бермек болыпты. Бұл жайында Нәзипа: «Қарқаралы­дан ағұс ішінде Семей қайтып, Мағфу­за­ны сұрастырсақ, ағалары қарындасын қазақ­шылығы қылып малға сатып қойды дегенді естідік. Осы хабардың анықты­ғына бұл кезде кәміл жеттік», – деп ­жазды. Белгілі болғандай, Мағфуза тұр­мысқа шығыпты. Осылайша, оқу оқимын, елге қызмет етемін деп жалындап тұрған жас өркеннің үкілі үміті отқа су құйғандай әп-сәтте басылыпты. Әлгінде ғана оқимын деп құлшынан қыздың бұлай күрт өзгеруі әрине түсінікті. Әйтпесе тұрмысқа шығу туралы әзірге ойы да жоқ Мағфуза бұлай райынан қайтпас еді ғой.

Нәзипа Құлжанова одан әрі сөзін: «Білгендерге Мағфузадай баланың оқуы жұрт үшін зор абырой еді. Бұл туралы сөзімізді жата-жастана «Қазақ»-тың бір нөміріне жазсақ керек. Оның бір жағында 39 сом 20 тиын ақшаны «Қазақ» басқармасына жіберуді лайық көрді. Аз да болса «Қазақ елдерінен оқушы қазақ қызының мұқтажы үшін» деген бір бөлек сома боларлық ырым болып жатсын деп. Үміт дүниасы ғой, Еділ-Жайық әу баста жылап аққан екі бұлақ екен, бұ күнде кеме жүзген айдын-шалқар су болды ғой. Көп қосылса, не болмайды», – деп түйіндейді.

Бұған қатысты «Қазақ» басқармасы да: «Бір баланың бір жыл оқуына жетпейтін аз ақшаны белгісіз уақытқа шейін пайдасыз көрмей сақтап отырғанша, осы күнгі, әсіресе биылға ауыр жылдағы мұқтаж оқушыларға берілетін болса, пайдасы көзге көрінер еді. Біреулер емтиханға бір-екі ай қалғанда пұлы таусылып, амалсыз шы­ғуға қалады. Мағфузаға қазіргі жиылған ақша сондайлардың бірнеше ойына пайда келтірер еді», – дей келіп, Мағфузаға деген ақшаны жалпы мұқтаж шәкірттерге беру абзал болатынын жеткізген.

Мағфузаның өзі оқудан бас тартса да, оған жиналған жәрдем жалғасып жатты. 23 желтоқсанда мұғалім Мейірман Ермектасұлы Қапалдың қалталыларынан 25 сом 39 тиын жинап берді («Қазақ» газеті, №162, 1915). Газет бұл жайында: «Бұл ақшалар айтта Мағфуза Найман­қожақызына арналып жиылған екен, ол бала оқудан тоқталды деген соң, өзге мұқтаж оқушыларға арнап жіберіпті. Және мұғалім Мейірманның жазуына қарағанда биыл Қоянды жәрмеңкесінде Мағфузаның ағасы Смағұл мұғалімге бастығы Тәңірберген Тұрысбеков болып, Мағфуза үшін 8 сом 50 тиын тапсырылған екен», – деп жазған. Соған қарағанда Мағфузаға деп жиналған ақшаның жалпы көлемі 104 сом 44 тиын болған. Алайда бұл ақша Мағфузаға бұйыр­ған жоқ. Нәзипа ұсынғандай қыздарға арнап бөлек қор ашып, ақша жинауға ешкім құлықты бола қоймады. Сол себепті Мағфузаға деп жиналған ақша басқа мұқтаж оқушыға берілді. Мағфузаның кейінгі тағдыры қалай өрбігені белгісіз. Кім біледі, Мағфуза оқуын аяқтағанда сол дәуірдегі қазақтың білімді қыздарының біріне айналып, қазақ қоғамына өз үлесін қосар ма еді?

Шүкір ететініміз, бір-біріне қамқор­лық танытатын қазақтың  осы бір қасиеті әлі де жалғасып келеді. Арыста жарылыс болғанда, Мақтааралды су басқанда бір-біріне қол ұшын созды. Пандемия кезінде ауруханаларда қат болып тұрған оттегі концентраторын алып беріп, тыныс ала алмай қиналып жатқан жандардың өмірін сақтап қалу үшін жанталасқан жандарды көрдік. Тіпті бір кішкентай баланың туған күніне деп жыл бойы жиған бар ақшасын аппаратқа беріп жатқан видеосын көргенде, көзге жас үйірілді. Мұның бәрі нені білдіреді? Біздің халық қиын шақта жұдырықтай жұмыла алады. Басқаға бергісі, өзгеге көмектескісі келіп тұрады, ең кереметі олардың ешқайсысы сол ісіне қайырым сұрамайды. Ұлттың бағын жандырып келе жатқан бір ұстын осы бір қасиетіміз шығар, кім біледі! 

Соңғы жаңалықтар

Оқушыларға барлық жағдай жасалған

Білім • Бүгін, 07:40

Тағы бір қазақ мектебі ашылды

Білім • Бүгін, 07:30

Он үшінші білім ошағы

Білім • Бүгін, 07:20

Тағы бір колледж халықаралық ынтымақтастықтың жаңа деңгейіне шықты

Қазақстан • Кеше

Әлем және Азия рекорды: Қазақстан мергендері жалпыкомандалық есепте көш бастады

Спорт • Кеше

Бейбітшілік кеңесі туралы тағы бір мәлімет: Ақорда түсініктеме берді

Қазақстан • Кеше

Богданович мұздығында қар көшкіні қаупі жоғары

Оқиға • Кеше

Олимпиада-2026: Фристайл-акробатикадан ел намысын кімдер қорғайды?

Спорт • Кеше

Екі облыс аумағындағы автожол жабылды

Қоғам • Кеше

23 қаңтарда Астанада бірінші ауысым оқушылары қашықтан оқиды

Елорда • Кеше

«Тәуелсіздік ұрпақтары» – 2025 грантының жеңімпаздары марапатталды

Марапат • Кеше

Қазалыда теміржол үстінен өтетін аспалы көпір ашылды

Аймақтар • Кеше

Отаншыл маман даярлауды басты мақсат санаймыз

Пікір • Кеше

Мемлекет басшысы Давоста бірқатар кездесу өткізді

Президент • Кеше

Мемлекет үніңізге құлақ ассын: eOtinish-ке қанша хат келіп түседі?

Қоғам • Кеше

Барлық жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью