Қамқорлық қағидасы немесе ізгі дәстүрді жалғастырғандар
Egemen.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
Қазақта әуелден бір жақсы қасиет бар. Ол – өзінде аз болса да, басқаларға көмектескісі келіп тұратыны. Бұған қатысты көп мысалды Алаш тұлғалары шығарған «Қазақ» газетінен байқауға болады. Әсіресе оқуға деген талабы күшті, алайда тұрмысы төмен шәкірттерді қолдауда газеттің қосқан үлесі зор болды. Газет бетінен «Мұқтаж шәкірттерге жәрдем» деген арнаулы айдар ашып, әр жерде білім алып жатқан қазақ шәкірттеріне ел ішінен қаражат жинады. Осылайша, бір баланың болса да оқуын ойдағыдай аяқтауына қолғабыс жасады.
Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»
Білімге құштар Мағфуза
Әсіресе қыздардың білім алуын «Қазақ» газеті сүйіншілей хабарлап отырды. Мәселен, газеттің 1916 жылғы №179 санында: «Ішкі ордада үш класты учительский курстан биыл Мәдина Қожбанқызы һәм Алма Оразбайқызы бітіріп, учительница болатын куәлік қағаз алып шықты», – деп жазса, 1917 жылғы №240 санында Сара Сәтбайқызының Орынбордағы Бағыстан ханым мектебін бітіргенін сүйіншілей хабарлап: «Қазақтан шыққан мұғалимадан ұлтына жемісті қызмет күтіледі...», – деп үміт артты. Солар секілді білімге ұмтылған тағы бір қазақ Мағфуза Найманқожақызы еді. Мағфузаның білім алуына Семейдегі бай Ақым Аңдамасұлының, мұғалім Нәзипа Құлжанованың көп жәрдемі тиді. Тіпті өзі секілді шәкірттер Мұстафа Шоқай мен Халел Ғаббасов та қаржы аударып, қарындасына қамқор бола білді.
Мағфузаның есімі «Қазақ» газетінің 1914–1916 жылдардағы бірнеше санында аталады. Туған жері – Қарқаралы уезінің Дастар болысы. Дәулескер домбырашы Тәттімбеттің туған төңірегі. Мағфуза Уфадағы қыздар медреселерінің бірінде оқитын. Оның қай мектепте оқығаны белгісіз. Орынбор мүфтиі Мұхамедияр Сұлтановтың келіні Мәриям Темірболатқызының ұйымдастыруымен Уфада қыздарға арналған мектептер ашылған болатын. Шамасы соның бірінде оқыса керек. «Қазақтың» 1914 жылғы №63 санында жарияланған мақаласында Мағфуза: «Екі жылдан бері Уфа шаһарында мұсылманша оқып жатырмын. Менің шетке шығып, оқуыма себеп болған Уфаның медресе «Ғалиясынан» оқып қайтқан ағамыз Смағұл еді. 1911 жылы медреседен келген соң үйдегі қарындасы мен һәм інілерінің оқымай жүргеніне жаны ашып қалайда оқытпақшы болды. Ата-анамыз басында мені Уфаға жіберуге қарсы тұрса да, ақырында көнді. Сонан бері ағамыздың жәрдемімен оқып жатыр едім...», – деп жазады.
Иә, қыздың өзі жазғандай сабағын ойдағыдай оқып жатқан. Осы кезде Семейдегі ағасы Смағұлдан Уфаға хат келеді. Смағұл хатында: «Сені әрі қарай оқытуға шамам келмейді, елге қайт», – депті. Мағфуза жайсыз хабарды төбеден жай түскендей қабылдап әрі-сәрі күй кешеді. Бір жағы оқуды да қимай, екінші жағынан төлейтін қаржы таппай қайтуға қамдана бастағанда Смағұл Уфаға келеді. Қарындасына: «Елге қайтпайсың, оқуыңды жалғастыратын болдың», – деген қуанышты хабар айтады. Бұл жайында қыздың өзі: «Менің тағы да оқуыма Семей, Зарешни слабодкасында тұратын Ақым қажы Аңдамасұғлы ақша бермекші болған екен. Сөйтіп, мен елге қайтпай, Уфада қалдым. Талабымды қайтармай, тауымды шақпай оқуыма ақша берген сүйікті ағамыз Ақым қажыға шын көңілімнен рахмет айтамын», – деп жазады.
Марфуғаның Ақым қажы деп отырғаны – атақты меценат, Алашқа белгілі адам. Мұғалім Мұстақым Малдыбаевтың «Қазақша оқу кітабы» оқулығын шығарып берген – осы Ақым Аңдамасұлы. Сонымен қатар бұл кісінің қазақ қыздарына жасаған қамқорлығы да жетерлік. Семейден қыздарға арнап алғаш рет мектеп ашқан. Ақым қажының кейін мәрттігімен аты мәлім болды. Алаш автономиясының ұлт қазынасы құрылған кезде өз атынан 10 мың сом берген. Бұл сол уақыттағы айрықша жаңалық еді. Себебі мұндай көлемдегі ақшаны ешкім де ұлт қажетіне ұсынған емес.
Осы Ақым қажының көмегімен Мағфуза қыз Уфадағы оқуын әрі қарай жалғастырады. Мағфузаның есімі екінші рет «Қазақ» газетінің 1915 жылғы №115 санында аталған. Бұл кезде Нәзипа Құлжанова Петроградтағы соғыс ауруханасы һәм мұқтаж оқушы қазақ жастарының пайдасына Семейде әдебиет кешін өткізген еді. Осы кештен түскен 910 мың сомның 100 сомы – Әлімхан Ермековке, 40 сомы – Халел Ғаббасовқа, 30 сомы Мағфуза Найманқожақызына берілгені жазылған. Сондай-ақ Зуфнун Ыбырайұлы, Хасен Міржақыпұлы және Мәннан Тұрғанбаевқа – 25 сомнан, Мұхтар Саматовқа – 19, Ғарифолла Ғадіхәкімовке – 15, Оразбай Бадақұлына – 15, Жүсіпбек Аймауытовқа – 10, сонымен қатар Нақымжанұлы мен Мұстамбайұлы деген оқушыларға 10 сомнан берілген екен. Осылайша, хабарда айтылғандай, әдеби кеш есебінен сол уақыттағы мұқтаж шәкірттерге көмек көрсетілген. Бұл хабардан Мағфузаның оқуына деп екінші рет жәрдем еткен адам Нәзипа Құлжанова болғанын байқаймыз. Бұл 1914 жылғы наурыз айы еді.
Мұстафа мен Халелдің қамқорлығы
Алайда қуаныш көпке созылған жоқ. Ақым қажы аударған һәм Нәзипа ханым жинап берген ақшамен сол жылдың оқу ақысын жауып, Мағфуза мамырдың соңында елге қайтты. Қаржы тапшылығына байланысты қызға оқуын жалғай алмау қаупі туындады. Бұл жайында «Қазақ» газетінің 1915 жылғы маусымдағы №139 санында «Жәрдемге мұқтаж қыз» деген мақала жарияланды. Осы мақалада Семейдегі Заречный слабодкасында мұғалім болып қызмет істейтін Смағұл Найманқожаұлының хаты басылған. Смағұл хатында: «Үш жылдан бері Уфада мұсылманша оқып жүрген қарындасым Мағфуза жаз елге келді. Үйіміз нашар, өз күшімен балаларын шеттен оқытарлық емес. Осы қарындасымды талаппен оқуға кіргізген өзім едім. Оқыған үш жылының әуелгі екі жылдық расходын өзім беріп тұрдым, өткен жыл шамам келмейтін болған соң, Заречныйда Ақым қажы Аңдамасұғлы беріп еді. Қарындасымның ынтасы Уфаға барып тағы да оқуда. Жылдық табысым – 250 сом, менің тәрбиемде орысша оқитын екі інім бар, үшеуімізден артылып бұл ақша қарындасымның оқуына жетер емес», – дей келіп, «Қазақ» басқармасы арқылы қарындасының қысқы оқуына қажетті 150 сом ақшаны жинауға Алаш ауқаттыларынан жәрдем сұраған.
Мақалаға қатысты «Қазақ» газеті үн қосып: «Мағфуза Найманқожақызы Уфада екі-үш жылдан бері тәуір оқып жүргендігі, жәрдемге мұқтаж пақыр адамның баласы болып, тек аты тірі бір ағасының арқасында оқып жүргені басқармаға мағлұм еді. Енді ағасы Смағұл мырза жайын айтып отыр. Қазақтың қызы түгіл шетке шығып, ғылым іздеп жүрген ұлы санаулы бір азаматтар, мынадай талапкер әйел баланың бетін қайтармай мақсұдына жеткізуге себеп болсақ, өзгелерге үлгі болар еді. Оқып шыққан соң мұғалима болып ұлтына қызмет қылар еді. Бұл балаға жәрдем беруші болса, басқарма алғыс айтып, қабыл етеді. Жәрдемдерінің есебі газетада жазылып, Мағфузаға тапсырылып тұрады», – деп жазды. Шынында солай болды, Мағфузаға деп ақша аударған кісілердің есім-сойы газет бетінде жарияланды.
Мына ғажапқа қараңызшы, газеттен Мағфузаның жағдайын оқып алғаш болып көмек созған Мұстафа Шоқай мен Халел Ғаббасов екен. «Қазақ» газетінің 1915 жылғы №142 санында «Мағфуза Найманқожақызына жәрдем» деген тақырыппен екі жігіттің: «Талапкер қарындасымыз Мағфуза Найманқожақызының оқу жолында мұқтаждығын 139-нөмір «Қазақ»-тан көрген соң Петроградтағы екі қазақ 3 сомнан 6 сом жіберіп тұрмыз», – деген хабары жарияланған. Бұл кезде олардың өздері де студент еді. Мұстафа Петербор (ол кезде соғыс жағдайына байланысты Петроград аталды) университетінің заң факультетінде оқыса, Халел физика-математика факультетінің студенті. Мұстафа оқуда аса қаржылық қиындық көрмегенімен, Халелдің жағдайы мәз емес еді. Себебі соның алдында ғана Нәзипа Құлжанова ұйымдастырған әдебиет кешінен түскен ақшаның 40 сомы осы Халелге берілгені белгілі. Қарындасына болысқан қазақ шәкірттерінің қамқорлығына қалай сүйсінбейсің! Олардың бұл жанашырлығы туралы «Қазақ» басқармасы: «Өздері оқу жолында қымбатшылық орындарда жүрген екі студент аз ақшасынан беріп, басшылық етіп тұр. Кең дүниеде еркін тіршілік етіп жүрген бауырларға бұл үлгі», – деп жазды. Шынында, студенттер Мұстафа мен Халел өз аузынан жырып берген 6 сомы арқылы көпке үлкен үлгі көрсетті. Үшінші болып Мағфузаға семинарист Бәймен Алманов 1 сом 10 тиын берді. Ол да өзі секілді оқушы болатын. Оның да ісін «Қазақ» газеті құп көріп: «Зер қадірін зергер білер» деген осы», – деп бір ауыз сөзбен көтермелеген. Бәймен бұл кезде Ақтөбедегі мұғалімдер семинариясында оқитын. Кейін ҚазПИ-дің ректоры болды. Шынында ол уақытта өзі студент, өзі семинарист бола жүріп, басқаның оқуына жәрдем беру ерлікпен пара-пар дүние еді.
«Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» деген ұстанымға бекіген қазақтың қамкөңіл жандары Мағфузаға қал-қадарынша ақша аудара бастады. 15 тамызда Сақары Жабайұлы, Тұрғанбай Шумақұлы бастаған 11 адам – 3 сом 25 тиын («Қазақ» газеті, №145), 29 тамызда Ж.Түзелбайұлы, Б.Бижанұлы бастаған 60 адам – 16 сом («Қазақ» газеті, №147), 8 қыркүйекте Орынбордағы мұғалімдер институтында оқып жүрген Телжан Шонанұлы бастаған 12 шәкірт 5 сом аударды. Осылайша, Мағфузаға жиналған ақша 31 сом 35 тиынды құрады. Әрине, көлемі Смағұл сұратқан 150 сомға жетпесе де, оқуын бастай беруге болатын қаржының қарасы көрінді. «Қазақ» газеті қыздың оқуына қажетті ақшаны әлі де жинай беруге дайын еді. Алайда Мағфузаның өзі әуелгі ұстанымынан бас тартып, жиналған қаржыны басқа шәкірттерге беруді сұрады. Ол «Қазақ» газетінің 15 қазандағы №153 санына қысқа ғана хат жариялап: «Маған Уфадан мұсылманша оқуыма жәрдемге жиналған ақшаны менен басқа мұқтаж оқушыларға берілсе екен. Мен Уфаға барып оқи алмайтын болдым», – деп жазды. Бар-жоғы осы екі-ақ сөйлем. Не үшін бара алмайды? Оқудан неге бас тартты? Басын ашып ештеңе айтқан жоқ. Мағфузаның Уфаға неге бармағаны кейін белгілі болды.
Нәзипаның жанашырлығы
Мағфуза қыздың бұлай шешімін аяқасты өзгерткенін ел түсіне алмады. 21 қарашада Нәзипа Құлжанова «Қазақ» газетіне «Елге барғанда» (№158, 1915 жыл) деген мақаласын жариялап, мән-жайды баяндады. Нәзипа Ораза айты кезінде Мағфузаның туған жері Қарқаралы уезіндегі Ыбырай Ақбаев (Жақып Ақбаевтың ағасы) пен оның құдасы Әбубәкір Құрмановтың ауылында болыпты. Осы кезде Мағфузаның жағдайы есіне түсіп, сол ауылдардағы қыз-келіншектерден қыздың оқуына деп 33 сом 20 тиын ақша жинапты. Одан бөлек Семейдегі Қасым Сәнекин ауылынан 6 сом жинағаны тағы бар. Барлығы 33 сом 20 тиынды Мағфузаға бермек болыпты. Бұл жайында Нәзипа: «Қарқаралыдан ағұс ішінде Семей қайтып, Мағфузаны сұрастырсақ, ағалары қарындасын қазақшылығы қылып малға сатып қойды дегенді естідік. Осы хабардың анықтығына бұл кезде кәміл жеттік», – деп жазды. Белгілі болғандай, Мағфуза тұрмысқа шығыпты. Осылайша, оқу оқимын, елге қызмет етемін деп жалындап тұрған жас өркеннің үкілі үміті отқа су құйғандай әп-сәтте басылыпты. Әлгінде ғана оқимын деп құлшынан қыздың бұлай күрт өзгеруі әрине түсінікті. Әйтпесе тұрмысқа шығу туралы әзірге ойы да жоқ Мағфуза бұлай райынан қайтпас еді ғой.
Нәзипа Құлжанова одан әрі сөзін: «Білгендерге Мағфузадай баланың оқуы жұрт үшін зор абырой еді. Бұл туралы сөзімізді жата-жастана «Қазақ»-тың бір нөміріне жазсақ керек. Оның бір жағында 39 сом 20 тиын ақшаны «Қазақ» басқармасына жіберуді лайық көрді. Аз да болса «Қазақ елдерінен оқушы қазақ қызының мұқтажы үшін» деген бір бөлек сома боларлық ырым болып жатсын деп. Үміт дүниасы ғой, Еділ-Жайық әу баста жылап аққан екі бұлақ екен, бұ күнде кеме жүзген айдын-шалқар су болды ғой. Көп қосылса, не болмайды», – деп түйіндейді.
Бұған қатысты «Қазақ» басқармасы да: «Бір баланың бір жыл оқуына жетпейтін аз ақшаны белгісіз уақытқа шейін пайдасыз көрмей сақтап отырғанша, осы күнгі, әсіресе биылға ауыр жылдағы мұқтаж оқушыларға берілетін болса, пайдасы көзге көрінер еді. Біреулер емтиханға бір-екі ай қалғанда пұлы таусылып, амалсыз шығуға қалады. Мағфузаға қазіргі жиылған ақша сондайлардың бірнеше ойына пайда келтірер еді», – дей келіп, Мағфузаға деген ақшаны жалпы мұқтаж шәкірттерге беру абзал болатынын жеткізген.
Мағфузаның өзі оқудан бас тартса да, оған жиналған жәрдем жалғасып жатты. 23 желтоқсанда мұғалім Мейірман Ермектасұлы Қапалдың қалталыларынан 25 сом 39 тиын жинап берді («Қазақ» газеті, №162, 1915). Газет бұл жайында: «Бұл ақшалар айтта Мағфуза Найманқожақызына арналып жиылған екен, ол бала оқудан тоқталды деген соң, өзге мұқтаж оқушыларға арнап жіберіпті. Және мұғалім Мейірманның жазуына қарағанда биыл Қоянды жәрмеңкесінде Мағфузаның ағасы Смағұл мұғалімге бастығы Тәңірберген Тұрысбеков болып, Мағфуза үшін 8 сом 50 тиын тапсырылған екен», – деп жазған. Соған қарағанда Мағфузаға деп жиналған ақшаның жалпы көлемі 104 сом 44 тиын болған. Алайда бұл ақша Мағфузаға бұйырған жоқ. Нәзипа ұсынғандай қыздарға арнап бөлек қор ашып, ақша жинауға ешкім құлықты бола қоймады. Сол себепті Мағфузаға деп жиналған ақша басқа мұқтаж оқушыға берілді. Мағфузаның кейінгі тағдыры қалай өрбігені белгісіз. Кім біледі, Мағфуза оқуын аяқтағанда сол дәуірдегі қазақтың білімді қыздарының біріне айналып, қазақ қоғамына өз үлесін қосар ма еді?
Шүкір ететініміз, бір-біріне қамқорлық танытатын қазақтың осы бір қасиеті әлі де жалғасып келеді. Арыста жарылыс болғанда, Мақтааралды су басқанда бір-біріне қол ұшын созды. Пандемия кезінде ауруханаларда қат болып тұрған оттегі концентраторын алып беріп, тыныс ала алмай қиналып жатқан жандардың өмірін сақтап қалу үшін жанталасқан жандарды көрдік. Тіпті бір кішкентай баланың туған күніне деп жыл бойы жиған бар ақшасын аппаратқа беріп жатқан видеосын көргенде, көзге жас үйірілді. Мұның бәрі нені білдіреді? Біздің халық қиын шақта жұдырықтай жұмыла алады. Басқаға бергісі, өзгеге көмектескісі келіп тұрады, ең кереметі олардың ешқайсысы сол ісіне қайырым сұрамайды. Ұлттың бағын жандырып келе жатқан бір ұстын осы бір қасиетіміз шығар, кім біледі!
Соңғы жаңалықтар
Оқушыларға барлық жағдай жасалған
Білім • Бүгін, 07:40
Білім • Бүгін, 07:30
Білім • Бүгін, 07:20
Тағы бір колледж халықаралық ынтымақтастықтың жаңа деңгейіне шықты
Қазақстан • Кеше
Әлем және Азия рекорды: Қазақстан мергендері жалпыкомандалық есепте көш бастады
Спорт • Кеше
Бейбітшілік кеңесі туралы тағы бір мәлімет: Ақорда түсініктеме берді
Қазақстан • Кеше
Богданович мұздығында қар көшкіні қаупі жоғары
Оқиға • Кеше
Олимпиада-2026: Фристайл-акробатикадан ел намысын кімдер қорғайды?
Спорт • Кеше
Екі облыс аумағындағы автожол жабылды
Қоғам • Кеше
23 қаңтарда Астанада бірінші ауысым оқушылары қашықтан оқиды
Елорда • Кеше
«Тәуелсіздік ұрпақтары» – 2025 грантының жеңімпаздары марапатталды
Марапат • Кеше
Қазалыда теміржол үстінен өтетін аспалы көпір ашылды
Аймақтар • Кеше
Отаншыл маман даярлауды басты мақсат санаймыз
Пікір • Кеше
Мемлекет басшысы Давоста бірқатар кездесу өткізді
Президент • Кеше
Мемлекет үніңізге құлақ ассын: eOtinish-ке қанша хат келіп түседі?
Қоғам • Кеше
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:82
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 23 Қаңтар 2026 09:25 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар



















