Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Бейресми дереккөздер шеттегі қазақтың саны 5–7 миллион аралығында болуы мүмкін екенін де айтады. Бірақ олардың 90%-дан астамы диаспора емес, ирредент тұрғын екені нақты. Тарқатып айтсақ, Қытайда – 1,6 миллион, Өзбекстанда – 821,2 мың, Ресейде – 592 мың қазақ бар. Ал тарихи себептермен мәжбүрлі қоныс аударған диаспора өкілдері Моңғолияда – 125 мың, Түркияда – 30 мың және Еуропа елдерінде шоғырланған.
Бұл азаматтарға қамқорлық жасауды еліміз тәуелсіздік алғалы бері мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігі ретінде айқындады. Ал кейінгі жылдары бұл жұмыс жаңа мазмұнға ие болып, мәдени-гуманитарлық қолдаудан диаспораның әлеуетін ел дамуына тарту деңгейіне көтерілді.
Жалпы, қазақ елі тарихи отанына қоныс аударуды қолдайтын репатриациялық модель, мәдени-гуманитарлық, әлеуметтік қолдау көрсететін патерналистік модель және диаспораның әлеуетін елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жұмылдыратын прагматикалық модельді қатар алып жүр.
Осы бағыттағы жүйелі жұмысты үйлестіріп отырған негізгі институт – Сыртқы істер министрлігінің қарамағындағы «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы. Олар 30-дан астам елдегі 160-қа жуық қазақ мәдени орталығы мен қоғамдық ұйымдар және қауымдастықтармен тұрақты байланыс орнатқан.
«Кейінгі бес жылда қоғамның жобалары мен іс-шаралары арқылы тікелей (оффлайн) 40 мыңға жуық отандас қамтылды. Осы кезеңде Еуропа және Азия қазақтарының кездесулері мен кіші құрылтайлары, отандастар форумы, бизнес-форум және отандас ғалымдар форумы сынды ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды. Биыл Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріндегі отандастар ұйымдарын біріктіретін «Азия елдері қазақтарының кеңесі» құрылып, оған Жапония, Корея, Малайзия мен Моңғолиядағы қауымдастық ұйымдары мүше болды. Оған қоса, «Ұлы дала» жобасымен 2023–2025 жылдары шетелдегі қазақ қаламгерлерінің 28 кітабы жарық көрді. Сондай-ақ ана тілін оқыту бағытында 2 мыңнан аса онлайн сабақ ұйымдастырылып, 4 мыңға жуық адам тіл курсынан өтті. Қордың «Жас қазақ» жазғы этно-лагері жобасы аясында кейінгі төрт жылда 637 этностық қазақ баласы тарихи Отанымен танысу мүмкіндігіне ие болды», дейді «Отандастар қоры» КеАҚ вице-президенті Әлібек Жұрқадам.
Шетелдегі қазақ жастарын тарихи Отанымен байланыстырудың ең тиімді жолы – білім. 2019–2025 жылдары барлығы 16 571 қандас елімізде жоғары білім алды. Оның 7 982-сі дайындық бөлімдерінде, 7 749-ы 4 пайыздық квотамен, 840-ы стипендиялық бағдарлама арқылы оқыған. Бүгінде еліміздің жоғары оқу орындарында 5 мыңнан астам қандас студент білім алып жатыр.
Заң бойынша Қазақстан азаматтығы жоқ қазақ ұлты өкілдеріне жоғары оқу орындары мен колледждерге қабылдау кезінде 4 пайыздық квота қарастырылған. Қабылдау тәртібі айтарлықтай жеңілдетілді.
«Шетелдегі қандастарымыздың білім алуына арналған жеңілдіктер бар. Оны Ғылым және жоғары білім министрлігі ұсынады, ал «Отандастар қоры» осы жұмысты үйлестіруге атсалысады. Бұрын қандас талапкерлер жалпы конкурсқа қатысып, барлық пәннен белгіленген межеден өтуге тиіс еді, соның салдарынан гранттар толық игерілмей қалатын. Қазір ҰБТ-ны жеңілдетілген форматпен – оқу сауаттылығы және таңдаған мамандыққа байланысты екі пән бойынша ғана тапсырады. Бұған қоса, әр пәннен міндетті шекті ұпай талабы алынып тасталды. ҰБТ-ға дайын емес талапкерлерге университеттер жанындағы бір жылдық дайындық бөлімдері (Foundation) жол ашады. Мұнда қазақ тілін жетілдіруге, еліміздің білім жүйесіне бейімделуге, ҰБТ форматын меңгеруге мүмкіндік беріледі, ал қабылдау көбіне тест емес, әңгімелесу арқылы өтеді. Дайындық бөлімінде оқитындарға ай сайын 41 мың теңге көлемінде мемлекеттік шәкіртақы төленеді, грант иегерлері Қазақстан азаматтарымен бірдей тәртіппен шәкіртақы алады. Сонымен қатар қандастардың мемлекеттік стипендиялық бағдарламалар арқылы магистратура мен докторантураға түсуіне де мүмкіндік бар», дейді қордың Коммуникация және халықаралық ынтымақтастық департаментінің басқарушы директоры Дидар Болат.
Елге оралуға ниетті қандастар үшін ең өзекті мәселе – көші-қон рәсімдері жөніндегі сенімді ақпарат. 2019 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Отандастарды ақпараттық қолдау орталығы» қандас мәртебесін алудан бастап Қазақстан азаматтығын рәсімдеуге дейінгі толық консультациялық сүйемелдеуді қамтамасыз етеді.
2019– 2026 жылдар аралығында орталыққа барлығы 34 395 өтініш түскен. Оның ішінде фронт-кеңселерге – 19 197, колл-орталыққа – 6 565, электронды түрде – 6 071, бэк-офисте жеке қабылдау мен телефон арқылы 2 562 өтініш келіп, қаралды. Биыл жұмысы уақытша тоқтатылған фронт-кеңселер алты өңірде қайта жанданды, ал өтініштерді талдау негізінде «Сұрақ-жауап» анықтамалығы қалыптастырылып жатыр.
Өткен жылдың қорытындысына иек артсақ, 16 805 этностық қазақ тарихи Отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, қандастардың 44,5%-ы елге Өзбекстаннан, 44,1% – Қытайдан, 4% -ы– Түрікменстаннан, 3%-ы – Моңғолиядан, 2,5%-ы – Ресейден және 1,9%-ы басқа елдерден келген.
Еңбекке қабілетті жастағы ұлты қазақ қоныс аударушылар саны 60%-ға жуықтаса, еңбекке қабілетті жастан кішілер – 34, ал зейнеткерлер 8,6 пайыз болды. Олар республиканың әр өңіріне қоныстанды. Негізі, 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 164,8 мың қандас оралды.
Қоғамның ендігі мақсаты – елдің ішкі және сыртқы имиджін ілгерілету, оны бейбітсүйгіш әрі прогрессивті мемлекет ретінде беделін нығайтуға атсалысу. Осы бағытта бірқатар медиа-имидждік жоба қолға алынды. Шетелдіктер мен қандас балалар арасында «Қазақстан – менің көзіммен» сурет байқауы ұйымдастырылады. Домбыраны, сол арқылы мәдени мұраны әлемге таныту мақсатында «Dombyra DNA» халықаралық музыкалық digital-челленджі басталды. Игі іс-шараға балалар да, ересектер де, шетелдіктер де белсенді қатысты. Тарихи Отанына оралып, кәсібімен, білімімен және еңбегімен ерекшеленген қандастардың ел дамуына қосқан үлесін көрсететін «Қандастар жолы» жобасының бүгінде алты шығарылымы жарық көрді. Ал екінші жартыжылдықта ұзақмерзімді қоныс аудару мен инвестицияларды ынталандыруға бағытталған «Altyn Visa» бағдарламасы туралы бейнероликтер, reels және инфографика әзірленіп, ресми парақшалар, мессенджерлер мен елшіліктер арқылы таратылады.
Ең ауқымды бастама – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес қолға алынған «Abai Instituty» цифрлық платформасы. Оның мақсаты – жасанды интеллект, цифрлық платформалар және деректерге негізделген басқару арқылы әлемдегі қазақтармен жұмыстың жаңа моделін қалыптастыру.
Қазақ қай құрлықта жүрсе де, тарихи Отанының ыстық ықыласы мен нақты қолдауын сезінуі мемлекеттік саясаттың жүйелі жүргізіліп отырғанын көрсетеді. Енді қандастарымыздың әлеуетін тиімді пайдаланып, олардың Қазақ елімен байланысын одан әрі нығайту қажет. Өйткені шетелдегі әр қазақ – елдің халықаралық беделін арттыруға үлес қоса алатын маңызды күш.