Tengrinews.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Ботақара кентінде үстіне кірпіш құлап, ауыр жарақат алған бүлдіршін әлі күнге дейін жансақтау бөлімінде жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Ботақара кентінде үстіне кірпіш құлап, ауыр жарақат алған бүлдіршін әлі күнге дейін жансақтау бөлімінде жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Не болған?Қайғылы оқиға 13 сәуірде күндіз Ботақара кентінде болған. Тілшіміз баланың отбасымен байланысқа шығып, мән-жайды анықтады.
Баланың анасы Сабина Қауапованың айтуынша, сол күні отбасы Ботақараға жұмыс бабымен барған. Әйел Мәдениет үйіне аз уақытқа кіріп кеткенде, ұлы сыртта әкесімен бірге қалған.
"Әмір - отбасымыздағы жалғыз бала. Ол небәрі 2 жас 6 айда. Өзіміз Қарағандыда тұрамыз. Сол күні жұмыс бабымен аудан орталығындағы Мәдениет үйіне соққанмын. Бірнеше минуттық шаруа болатын. Мен сыртқа шығуға ыңғайлана бергенде, Әмір ғимаратқа жақындаған екен. Сол сәтте үстіне кірпіш құлап кетті", - деді ол бізге берген сұхбатында.
Соққы өте қатты болған. Бала сол мезетте есінен танып қалған.
Баланың жағдайы"Еріндері көгеріп кетті, көзін жұмды да, ауырсынғаннан ыңырси бастады. Өзіміз бірден аудандық ауруханаға жеткіздік. Қазір әлеуметтік желілерде тарап жатқан видео оқиғадан кейінгі алғашқы минуттарда түсірілген", - дейді анасы.
Қазір бала жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер оның жағдайын ауыр, бірақ тұрақты деп бағалап отыр. Бүлдіршін аудандық ауруханада ем қабылдап жатыр.
"Бас сүйегі зақымданған. Дәрігерлердің айтуынша, сынған сүйектер миды қысып қалған, сондықтан сол сынықтар алып тасталды. Ота кезінде жүрегі тоқтап қалып, кейін қайта соқты. Бұл жарақаттың алдағы уақытта денсаулығына қалай әсер етері әзірге белгісіз. Дәрігерлер ешқандай болжам жасамай отыр. Бірақ біз оларға өте ризамыз, қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр", - деді Сабина Қауапова.
Өңірлік денсаулық сақтау басқармасы баланың жағдайы тұрақты ауыр екенін растады. Медицина мамандары МРТ және КТ сияқты қосымша тексерулер жүргізілмейінше, нақты болжам айта алмайтынын жеткізді.
Қарағандыға ауыстырмақ болғанАнасының айтуынша, бүгін баланы Қарағандыға ауыстыру жоспарланған еді, алайда денсаулығының нашарлауына байланысты тасымалдаудан уақытша бас тартқан.
"Ол қазір медикаментозды комада жатыр. Бүгін алып кетпекші болғанбыз, бірақ тыныс алуы бәсеңдеген соң тәуекелге бармауды ұйғарды", - деп түсіндірді ол.
Оқиғадан кейін отбасына әкімдік пен мәдениет мекемесінің өкілдері келген. Алайда, анасының сөзінше, әзірге нақты көмек көрсетілмеген.
Қылмыстық іс"Келіп, жағдайын сұрап, көңіл айтты. Бірінші күні әкім бізге шай ұйымдастыруды өтінді, өйткені түстен кешке дейін аурухана маңынан кетпей тұрдық. Мәдениет үйінің директоры әлі күнге дейін жазып, жағдайын біліп тұрады", - дейді ол.
Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалған. Отбасының адвокаты Евгения Хабарова бұл жерде кешенді жауапкершілік туралы сөз болуы мүмкін екенін алға тартады.
"Бұл жағдай мұқият тергеуді ғана емес, сонымен қатар барлық жауапты тұлғалардың іс-әрекетіне немесе әрекетсіздігіне принципті құқықтық баға беруді талап етеді", - деді ол.
Оның айтуынша, қорғау тарапы барлық қажетті сараптамалардың жүргізілуін талап етпек.
"Біз баланы және оның заңды өкілін жәбірленуші деп тануға қол жеткіземіз деп үміттенеміз. Жарақаттың ауырлық дәрежесі анықталғаннан кейін моральдық зиян өндіру, емделу мен оңалту шығындары, сондай-ақ басқа де шығындарды өтеу туралы азаматтық талап арыз беріледі", - деп түсіндірді адвокат.
Сонымен қатар, Хабарованың айтуынша, тек бір ғана кінәлі адам туралы айту әлі ерте.
"Кінәлілердің табылуын талап етеміз""Тәжірибе көрсеткендей, мұндай жағдайларда жауапкершілік кешенді сипатта болуы мүмкін. Бірақ тергеу құпиялылығына байланысты біз әзірге барлық мән-жайды аша алмаймыз", - деп толықтырды ол.
Сонымен қатар, болған оқиғаға кімнің жауапты екені туралы сұрақ әлі ашық қалып отыр. Отбасы әділдікке қол жеткізуге ниетті.
"Мердігер банкрот болуға шақ қалыпты және оны табу мүмкін емес дейді. Бірақ менде оның компаниясы әлі де жұмыс істеп жатқаны туралы ақпарат бар", - дейді зардап шеккен баланың анасы.
Отбасы мүшелері әкімдікке де, мердігерге де қояр сұрақтары көп екенін атап өтті.
"Мұндай ғимараттар қалай тексеріледі, жөндеу жүргізілсе жұмысты кім және қалай қабылдап алады? Егер кірпіш бос тұрса, неге бақылау болмады? Біздің ұстанымымыз - кінәлілерді тауып, жазалау", - деді әйел.
Баланың анасы отбасының өтемақы талап ететінін және кінәлілердің емделу мен оңалтуға кететін барлық шығындарды өз мойнына алуына қол жеткізетінін қадап айтты. Әзірге олар баланың есін жиып, тезірек сауығып кетуін тілеп отыр.
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу