Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Қазіргі уақытта «Шахтинск» шахтасының мамандары жеткізуші компания өкілдерімен бірлесіп жаңа КП-21 үңгу комбайнын сынақтан өткізіп жатыр. Алдымен жабдық жер үстінде толық тексерістен өтеді: бақылау жинағы орнатылып, барлық техникалық жүйенің жұмысы сынақ режимінде тексеріледі. Осы кезең аяқталғаннан кейін комбайн бөлшектеліп, шахтаға түсіріледі. Жерасты кенжарында ол қайта құрастырылып, өндірістік учаскеде тікелей жұмысқа қосылады.
Фото: QarmetЖаңа техника дайындық қазбаларын, тоннельдер мен штректерді жүргізуге арналған. Дәл осы қазбалар арқылы кейін көмір тасымалданып, өндірістік жабдықтар жеткізіледі және шахтаның тиімді желдетілуі қамтамасыз етіледі. Сондықтан мұндай жұмыстардың жылдам әрі сапалы орындалуы жаңа көмір өндіру учаскелерін уақытында іске қосуға тікелей әсер етеді. Сарапшылардың айтуынша, дайындық қазбаларының қарқыны жалпы өндірістің тұрақтылығын айқындайтын маңызды факторлардың бірі саналады.
Фото: QarmetКП-21 комбайнының басты ерекшеліктерінің бірі – қашықтан басқару және цифрлық мониторинг жүйесінің болуы. Машина түрлі датчиктермен және деректерді беру жүйелерімен жабдықталған. Соның арқасында оның негізгі жұмыс параметрлерін нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік бар. Жабдықтың техникалық жай-күйі туралы барлық ақпарат Wi-Fi байланысы арқылы шахта диспетчерінің басқару пультіне жіберіледі.
Фото: Qarmet- Жер үстінде отырып-ақ машинаның барлық жүйесінің жұмысын, сұйықтық деңгейлерін, жұмыс режимдерін және басқа да параметрлерін қашықтан бақылауға болады. Қажет болған жағдайда процесті Көмір департаментінің Диспетчерлік-талдау орталығының мамандары да қадағалай алады, - деді «Шахтинск» шахтасының өтпе жұмыстары жөніндегі бас инженерінің орынбасары Сергей Солохин.
Заманауи үңгу комбайны тау жынысын бұзу процесін әлдеқайда тиімді әрі қауіпсіз етеді. Машина электр жетегі бар қуатты кескіш жұмыс органымен жабдықталған және әртүрлі қаттылықтағы жыныстарды өңдеуге бейімделген. Техниканың конструкциялық ерекшелігі биіктігі 5,5 метрге дейінгі қазбаларды жүргізуге мүмкіндік береді. Ал бұзылған жыныс кіріктірілген тиеу механизмі мен конвейерлік жүйе арқылы бірден тасымалдауға жіберіледі. Мұндай технология жұмысшылардың физикалық жүктемесін азайтып қана қоймай, қазба жүргізу қарқынын едәуір арттыруға ықпал етеді.
«Шахтинск» шахтасының №2 дайындық жұмыстары учаскесінің бастығы Рүстем Имановтың айтуынша, жаңа техника үңгу жұмыстарын едәуір жеңілдетеді.
- Машинаны пайдалану және қызмет көрсету ыңғайлы. Бұрынғы КСП-32 комбайнымен салыстырсақ, онда тек қолмен басқару болған. Ал КП-21-де пульт арқылы қашықтан басқару қарастырылған, бұл жұмысты айтарлықтай жеңілдетеді, — деді Рүстем Иманов.
Биыл Qarmet компаниясының Көмір департаменті КП-21 үлгісіндегі сегіз жаңа үңгу комбайнын сатып алуды жоспарлап отыр. Бұл техника департаментке қарасты әртүрлі шахталарға кезең-кезеңімен жеткізіледі. Ал 2026 жылы департаменттің сегіз шахтасында шамамен 45 шақырым тау-кен қазбасын жүргізу жоспарланған.
Компания мамандарының айтуынша, заманауи өтпелі комбайндарды енгізу дайындық жұмыстарының жоғары қарқынын сақтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жаңа техника жерасты көмір өндірудің тиімділігін арттырып, өндірістік процестердің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге ықпал етеді.