Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..
Елімізде цифрландыру жаңа кезеңге аяқ басты. Мемлекет басшысы осы жылды Цифрландыру мен жасанды интеллект жылы деп жариялады. «Қазақстан цифрлық державаға айналуы керек. Экономика мен қоғамдық өмірге жасанды интеллектіні енгізуге басымдық беріп жатырмыз. Қазіргі аяқ алысымыз жаман емес», деді Президент. Осы шешім мемлекеттік басқарудан бастап, қаржы саласына дейінгі барлық жүйені қамтып отыр.
Коллажды жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Ауқымды деректі өңдейтін жоба
Салық саласын цифрландыру – мемлекеттік басқарудың өзегі. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының «The Digital Transformation of Tax Administration» атты еңбегінде салық қызметтерін автоматтандыру мемлекет пен бизнес арасындағы қарым-қатынасты жеңілдетіп, әкімшілік кедергілерді азайтатыны дәлелденген. Бұл тұжырым елімізде жүзеге асырылып жатқан бастамалармен толық үндеседі.
Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, елімізде салық жүйесін жеңілдетіп, кәсіпкер мен мемлекет арасындағы байланысты оңайлататын бірқатар нақты жобалар іске асырылып жатыр. Ол Электрондық қаржы орталығында өткен іс-шарада осы жаңашыл жобаларды таныстырды. Соның бірі – «Smart Data Finance» жобасы. Бұл дегеніміз – салық саласында қолданылып жатқан ауқымды деректерге негізделген ақылды жүйе. Осы жүйе арқылы мемлекет салық төлеуші туралы барлық маңызды ақпаратты бір жерге жинайды. Ол үшін 74 түрлі дереккөз пайдаланылады. Соның ішінде адамның немесе компанияның жылжымайтын мүлкі, көлігі, жері, бизнестегі үлесі, бағалы қағаздары, лицензиялары, еңбек шарттары, нотариус арқылы жасалған мәмілелері, тіпті мобильді аударымдарына дейін қамтылады.
Бұдан бөлек, шетелдермен де дерек алмасады. Мысалы, ЭЫДҰ аясында 80 елмен, АҚШ-пен және ТМД-ның 5 елімен ақпараттық интеграция іске қосылған. Соның арқасында ел азаматтарының шетелдегі табысы мен мүлкі, кімнің қайда ұшқаны да көрініп тұрады. Осы деректер негізінде мемлекеттік қаржының цифрлық картасы жасалған. Бұл картада жеке кәсіпкерлерден бастап, ірі компанияларға дейінгі барлық салық төлеушілер қамтылады. Яғни кім қай жерде жұмыс істеп жатыр, қандай көлемде қызмет көрсетіп отыр – бәрі бір жүйеден көрінеді.
Сонымен қатар кассалық тәртіпті бұзу қаупі жоғары кәсіпкерлерді автоматты түрде іріктейтін арнайы сервис іске қосылды. Алғашқы кезеңде бұл жүйе Астана қаласында енгізілді. Ол тәуекел өлшемдеріне сүйеніп, күмәнді жағдайларды өзі анықтайды.
«Мысалы, жүргізілген талдау нәтижесінде Астанада тіркелген 121 мың салық төлеушінің 55,9 мыңында түрлі тәуекел анықталған. Солардың ішінде 112 кәсіпкерде кассалық аппаратты дұрыс қолданбау бойынша өте жоғары қауіп белгіленген. Бір мысал, қаладағы танымал бір дәмхана жарты жыл ішінде бар болғаны 388 чек берген. Бұл жүйе арқылы бірден анықталып, кәсіпкерге ескертпе жасалды. Нәтижесінде, ол қателігін мойындап, қосымша декларация тапсырған. Тағы бір мысалда «Smart Data Finance» талдауы салықтан жалтару схемасына ұқсас жағдайларды анықтаған. Бірқатар жеке кәсіпкерлер есептілікті бір IP-мекенжайдан тапсырып, электрондық шот-фактураларды да сол жерден жазған. Оның үстіне олар тапсырыс беруші компанияның қызметкерлері болып шыққан. Кейбір кәсіпкерлердің көлігі жоқ бола тұра, жеткізуші ретінде көрсетілгені де анықталған. Ал 266 жеке кәсіпкердің 252-сі бар болғаны 28 жалдамалы қызметкерді ғана көрсеткен. Қазір бұл фактілер бойынша тексеру тағайындау мәселесі қарастырылып жатыр», дейді Қаржы вице-министрі.
Сондай-ақ валюталық бақылау саласында да жаңа модуль іске қосылды. Ол Ұлттық банктің жүйесімен біріктіріліп, валюталық келісімшарттар мен банктер арқылы жасалатын төлемдер туралы ақпаратты автоматты түрде алады. Ал халықаралық әуе рейстері бойынша арнайы модуль жолаушылар легін алдын ала талдап, адамдар мен олар алып жүретін тауарлардың қозғалыс заңдылықтарын анықтауға
көмектеседі.
Тіркелмей-ақ заңды түрде жұмыс істеуге болады
Цифрландыру саласындағы басты жаңалықтың бірі – Мемлекеттік кірістер комитеті салықтық әкімшілендірудің жаңа интеграцияланған жүйесін іске қосты. Бұл жүйе құжаттарды небәрі 1 минуттың ішінде өңдей алады және «Big Data» арқылы декларацияларды алдын ала толтырып береді. Яғни кәсіпкерлер бұрынғыдай қағазға көміліп отырмайды. Жүйе 13 млн адамға дейін қызмет көрсете алады. ҚҚС декларациясын да жүйе өзі алдын ала дайындап береді, ал салық төлеуші тек деректі тексеріп, растаса болды.
Жаңа Салық кодексін енгізу кезінде де бірқатар өзгеріс болды. Арнайы салық режіміне өту үшін енді салық төлеушінің жеке кабинеті немесе «е-Salyq Business» мобильді қосымшасы арқылы, тіпті банк арқылы да өтініш беруге болады. Бұл әсіресе, шағын бизнес пен жеке жұмыс істейтін адамдарға – үлкен жеңілдік.
Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»
Енді өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдар жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей-ақ заңды түрде жұмыс істей алады. Олар табысынан жеке табыс салығын мүлде төлемейді, яғни – 0%. Тек 4% көлемінде әлеуметтік төлем аударады. Бұл бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жеңіл әрі түсінікті. Осы өзгерістерге байланысты «е-Salyq Business» қосымшасы да жаңартылды. Қазір бұл қосымша арқылы өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам оңай тіркеліп, төлемдерін жасап, жұмысын толықтай заңды түрде жүргізе алады.
Тағы бір маңызды мүмкіндік бар. Қосымша арқылы сіз жұмыс істеп жүрген серіктес компанияның қандай салық режімінде екенін, ҚҚС төлеуші ме, жоқ па, салық жүктемесінің деңгейі қандай екенін көре аласыз. Бұл келісімшарт жасауға әрі шығындарды дұрыс есептеуге көмектеседі.
Бұл бағытта Цифрлық ҚҚС-да іске қосылған. Қосылған құн салығын ашық, тез әрі әділ қайтаруға арналған жаңа жүйе. Бұл жоба Ұлттық банкпен бірге іске асырылып отыр. Жүйеге қатысатын кәсіпкерлер екінші деңгейдегі банктерде арнайы цифрлық шот ашады да таңбаланған ҚҚС-мен цифрлық теңге сатып алады. Мұнда айырбас бағамы өзгермейді, 1 теңге 1 цифрлық теңгеге тең. Маңыздысы – бұл цифрлық ҚҚС-ны басқа мақсатқа жұмсауға болмайды. Ол тек электрондық шот-фактуралар арқылы жеткізушілермен есеп айырысуға немесе бюджетке ҚҚС төлеуге ғана қолданылады. Қанатқақты жоба көрсеткендей, осы тәсілдің арқасында кәсіпкерлер ҚҚС-ны ешқандай тексеріссіз 5 жұмыс күні ішінде қайтара алған. Бұл – бизнес үшін үлкен жеңілдік.
Кеден саласы да кенде қалмады
Keden жүйесі – кеден саласын толық цифрландыруға арналған жаңа ақпараттық платформа. Ол 2024 жылғы сәуірден бастап бұрынғы «Астана – 1» және экспорт-импорт бойынша «Бірыңғай терезе» жүйелерінің орнын кезең-кезеңімен алмастырып жатыр. Негізгі мақсат – кедендік рәсімдерді автоматтандырып, бақылауды ашық әрі тиімді ету.
Енді өткізу пункттерінде жүктің тіркелуінен бастап өлшенуі, сканерленуі, суреттерінің талдануы, бақылаудан өтуі және тауарды шығаруына дейінгі барлық үдеріс бір жүйе арқылы жүреді. Бұл үшін интеграцияланған бақылау жүйесі енгізілген. Сонымен қатар шешім қабылдауда адами факторды азайту әрі жемқорлық тәуекелдерін төмендету үшін жасанды интеллект қолданылады.
Жасанды интеллект инспекциялық тексеру кешендерінің суреттерін талдайды. Қазірдің өзінде жүйе 14 тауар санатын өте жоғары дәлдікпен, ал 9 санатты орташа деңгейде танитынын көрсеткен. Бұдан бөлек, ол ел аумағы арқылы транзитпен өтетін тауарлардың кіріп-шығуын да автоматты түрде салыстырып, сәйкестігін анықтайды. Жүйе тауар сипаттамасы мен СЭҚ ТН коды бойынша ықтимал нұсқаларды ретімен ұсынып отырады.
Қазір бұл жүйе кеден бекеттерінде кеңінен енгізіліп, басқа тауар топтары бойынша қосымша оқытылып жатыр. Keden жүйесінің тағы бір маңызды тұсы – өткізу пунктіне жетпей тұрып алдын ала ақпарат алу мүмкіндігі. Мемлекеттік кірістер органдары барлық деректі алдын ала көріп, қай тауарға қандай бақылау қажет екенін ертерек анықтай алады. Бұрын мұның бәрі қағаз жүзінде жасалатын.
Енді сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар өткізу пунктінде қандай қызметтен өткенін бір терезе қағидаты бойынша онлайн көре алады. Сонымен қатар ветеринарлық, фитосанитарлық, санитарлық сияқты іргелес қызметтердің мамандары да осы жүйеде жұмыс істейді. Бақылау да оңтайландырылған, яғни тек нақты тауарларға ғана тексеріс тағайындалады, бұрынғыдай барлық жүкке бірдей талап қойылмайды.
Алдын ала ақпараттандыру модулінің арқасында теміржол транзиттік декларацияларын рәсімдеу уақыты 30 минуттан 10 минутқа дейін қысқарған. Сондай-ақ әртүрлі бақылаушы органдармен өзара байланыс автоматтандырылған. Құжаттарды қайта-қайта толтыру да жойылған, себебі әкелінетін тауарлар туралы алдын ала мәлімет автоматты түрде декларацияға айналады.
Осы сервистердің нәтижесінде 2025 жылы тауарды кеден органына жеткізбей айналып өтудің 862 дерегі анықталып, 500 млн теңгеден астам кедендік төлем өндірілген. Материалдар құқық қорғау органдарына жіберілген. Бұдан бөлек, ай сайын шамамен 60 мың сыртқы экономикалық қызметке қатысушының жұмысы 21 көрсеткіш бойынша автоматты түрде талданып, олар төмен, орташа немесе жоғары тәуекел санатына бөлінеді. Бұл мәліметтер кейін бақылауды жоспарлауда қолданылады.
Деректер қалай қорғалады?
Цифрландыру тереңдеп, «Big Data» мен түрлі ақпараттық жүйелер енгізілген кезде адамдардың жеке мәліметтері қалай қорғалады деген сұрақ орынды. Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, деректерді пайдалану қатаң шектеулі тәртіппен жүзеге асырылады. Оның сөзінше, деректерді сақтау бірнеше деңгейде жүзеге асады. Бір жүйе тек жинау мен өңдеуге жауапты болса, екіншісі толық бақылау мен аудитті қамтамасыз етеді.
«Біріншіден, біздегі барлық дерек бірыңғай жүйеге біріктірілгенімен, оған қол жеткізе алатын адамдар саны шектеулі. Бұл деректерді кез келген адам көре алмайды. Барлығы білікті, нақты міндеті бар қызметкерлер ғана жұмыс істейді. Деректердің физикалық қауіпсіздігін ішкі істер органдары қамтамасыз етеді. Ал цифрлық инфрақұрылым бөлек орналасқан, ол бізден тәуелсіз қорғалады. Бізде орталық деректерді бақылау жүйесі бар. Ол кез келген жобадағы барлық әрекетті қадағалайды. Қай қызметкер қай уақытта, қандай дерекке кірді, не жүктеді, не көрді бәрі жүйеде тіркеліп тұрады. Егер біреу жеке мақсатпен немесе заңсыз қызығушылықпен дерекке қараса, біз оны бірден көреміз әрі сол сәтте сұраққа тартамыз», дейді вице-министр.
2024 жылы «Salyq кэшбэк» деген жоба да іске қосылған еді. Онда дүкеннен немесе қызмет көрсетушіден чек алған әр азамат ақшасының бір бөлігін қайтара алады. Нақты айтқанда, фискалдық чек бойынша сатып алған соманың 2% көлемінде кэшбэк беріледі. Қатысу өте оңай. Тауар не қызмет үшін төлеген кезде міндетті түрде чек алу керек. Сол чектегі штрих-кодты «Amian» деген арнайы мобильді қосымша арқылы сканерлейсіз. Осыдан кейін жұмсаған ақшаңыздың 2%-ы сізге кэшбэк ретінде түседі. Түскен қаржыны кез келген банк картасына шығарып алуға немесе ұялы телефонның балансына аударуға болады. Ал былтыр осы жоба кеңейіп, 12 облыстың 48 ауданын қамтыды. Қаржы министрлігінің сөзінше, іске асқан өңірлерде чек алу мәдениеті де айтарлықтай артқан. Мысалы, 2025 жылы берілген чектер саны 2024 жылмен салыстырғанда 126%-ға көбейген.
«Amian» қосымшасы тек кэшбэк алу үшін ғана емес, басқа да пайдалы мүмкіндіктер береді. Қолданушылар чектің түпнұсқа екенін тексере алады, барлық чекті телефонда цифрлық түрде сақтайды. Сонымен қатар комитет ұйымдастыратын түрлі ұтыс ойындары мен акцияларға қатысуға мүмкіндік бар. Егер чек берілмесе немесе дүкенде POS-терминал болмаса, сол жерден Мемлекеттік кірістер органдарына шағым жолдауға болады.
Соңғы жаңалықтар
Білім • Бүгін, 08:15
Қайта түлеген спорттық инфрақұрылым
Университет • Бүгін, 08:12
Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:10
Гүлмираның «yoonee.ai» платформасы
Digital • Бүгін, 08:08
Жастар кәсіпкерлігі: қолдау бар, қайтарымы қалай?
Бизнес • Бүгін, 08:05
Аймақтар • Бүгін, 08:03
Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:00
Жедел жәрдем автопаркі жаңарды
Аймақтар • Бүгін, 07:55
Ең қысқа әңгіме • Бүгін, 07:50
Алматы • Бүгін, 07:45
Театр • Бүгін, 07:40
Спорт • Бүгін, 07:35
Ғалам ғажаптары • Бүгін, 07:30
Петропавлда хабар-ошарсыз кеткен 18 жастағы жігіттің мәйіті орманнан табылды
Оқиға • Кеше
Ертең еліміздің бірқатар өңірінде түман түсіп, боран соғады
Ауа райы • Кеше