Қасымхан Сенғазыев: Білім инфрақұрылымын кеңейтуге басымдық береміз

24.06.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

– Қасымхан Сенғазыұлы, бүгінде елордада қанша мектеп бар, онда қанша бала оқиды. Алғашқы сөзді осыдан бастасақ?

– Қазір Астана қаласында 206 орта білім беру ұйымы жұмыс істейді. Оған 314 964 оқушы қам­тылған. Соның ішінде 124 мем­лекеттік мектепте – 260 418 оқушы білім алса, 75 жекеменшік мектепте 47 760 бала оқиды. Сонымен бірге 7 республикалық білім ошағына 6 786 оқушы барады.

Осы оқу жылында оқушылар біраз жетістікке жетті. Мәселен, халықаралық олимпиада мен білім сайысында 748 оқушы  топ жарып, олардың 230-ы жүлделі орынға ие болды. Оның ішінде 100 оқушы – 1 орын алса, 55 оқушы – 2 орын, 75 оқушы – 3 орын жеңіп алды. Бұл көрсеткіштер  оқушылардың әлемдік деңгейде бәсекеге қабі­лет­ті екенін айғақтайды. Бір жағы­нан, бұл – жай сан емес. Мұнда жеткіншектердің жоғары дайындығы мен педагогтердің қажырлы еңбегі бар. Бұл білім жүйесі тұрақты дамып келе жат­қанын көрсетеді.

– Жыл санап елорда тұрғын­дарының саны көбейіп келеді. Сонымен бірге бала саны да ар­тып отыр. Осы ретте үш ауысым­ды мектеп мәселесі қалай шешілді?

– Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 1 қыр­күйекте Қазақстан халқына арна­ған Жолдауында орта білім сапасын табысты ұлт қалыптас­ты­ру­дың басты шартының бірі ретін­де айтқан еді. Осы міндетті іске асыру аясында елімізде «Келе­шек мектептері» ұлттық жобасы қолға алынды. Бұл жоба апатты және үш ауысымды мектеп мәселесін шешіп, балаларға заманауи білім ортасын қалыптастыруды көздейді. Кейінгі екі жыл көле­мінде елордада 23 «Келешек мектептері» пайдалануға берілді. Соның арқасында үш ауысымды мектеп мәселесі шешілді.

Алайда шаһардағы 19 мектепте 17 434 оқушы орны тапшылы­ғы сақталып отыр. Сонымен қатар 17 білім ошағында 5 686 орын көлемінде артық орын бар. Биыл оқушылар орны тапшылығын шешу мақсатында 12 мектептің құры­лысы жоспарланған. Білім беру инфра­құрылымын қолдау бағдар­ла­ма­сы (БИП) шеңберінде – 11 900 орындық 10 мектеп бой көтерсе, жеке­меншік сектор есебінен – 3 772 ­орындық  2 мектеп жобаланған.

Алдағы 1 қыркүйекке дейін қолданыстағы №72, №73, №86, №41, №82 және №79 мектептеріне салынған 6 қосымша ғимаратты, сондай-ақ «Sabis» жекеменшік мектебін пайдалануға беру жос-парланып отыр. Ал жыл соңына дейін №13, №80, №83 және №91 білім ошақтарына салынған тағы 4 қосымша ғимаратпен бір­ге «International Education Council» жекеменшік мектебінің құры­лысын аяқтау көзделген. Бұл жаңа тұрғын алабында орналасқан білім ошақтарындағы оқушы орын­дарының тапшылығын азайтады. Сондай-ақ шамадан тыс жүктелген №1, №13, №57, №72, №74, №83 және №86 мектептеріндегі балалар тығыздығын төмендетеді. Ал келе­сі жылы 39 800 орынға арналған ­22 мектептің құрылысы басталады.

– Қазір – жаз мезгілі. Сон­дықтан оқушылардың бос уақы­тын тиімді өткізу қалай жүзеге асып жатыр?

– Биыл 1-10 сынып аралы­ғын­дағы 242 мыңнан астам оқушы жазғы демалыс және сауықтыру шараларымен қамтылды. Соның ішінде 11 мыңға жуық әлеуметтік осал санаттағы отбасылардың балалары да бар. Сондай-ақ 75 мың­нан астам бастауыш сынып оқу­шысы мектеп жанындағы лагерьге барады. Ал 5-10 сынып оқушыларына «Оқитын ұлт: OZYQ ULT», «Болашақ LAB», «GREEN CITY: Балалар таңдауы», «Әділет CAMP», «Smart Bala», «САЯХАТ & СПОРТ» атты жобалар аясында бейіндік лагерьлер ұйымдастырылды. 32 мектеп жанында «Атамекен» этно-лагері жұмыс істейді. Жекеменшік білім ошақтары  базасында 35 мыңнан астам бала жазғы демалыспен қамтылады. Қала сыртындағы сауықтыру лагеріне 2 681 бала жіберіледі. Бұған жергілікті бюджеттен қаражат бөлінді. Бұдан бөлек, 14 қосымша білім беру ұйымында қысқамерзімді клубтар мен тақырыптық лагерьлер ұйымдастырылды. Бұған 8 мың бала тартылған.

Елордадағы Әл-Фараби және Махамбет Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайларында, «Та­ным» кешенінде «KIDSHUB Tanym», «Жұлдыздар академия­сы», «Sport Mix», «Eco Life» бағыт­тарында арнайы жобалар қолға алынды. Балалардың спорт­тық әлеуетін дамыту мақсатында «Дидарлы жаз – 2026» жобасы ұйымдастырылып, оған 8 360 бала қатысады. Мәселен, маусым айын­да оқушылар қозғалмалы ойындардан жарысқа түссе, шілде айында футбол мен волейбол, ал тамыз айында тоғызқұмалақ, асық ату және бес асық сияқты ұлттық спорт түрлерінен сайысады. Соны­мен бірге қала сыртындағы «Барап» лагері жаз мезгілінде 1 600 баланы қабылдайды.

Балалар қауіпсіздігін бас­ты назарда ұстап отырмыз. Осы­ған байланысты қалалық поли­­ция, төтенше жағдайлар қызметі, санитариялық-эпи­демиологиялық бақылау орган­­­дары және қо­ғам­дық ден­саулық сақтау басқармасы өкілде­рінің қатысуы­­мен түсіндіру жұмыс­тары жүргізіліп, арнайы нұсқаулықтар таратылды.

– Ал инклюзивті білім бағы­тында қандай іс-шаралар қолға алынды?

– Елордада ерекше білім беру қажеттіліктері бар 22 781 бала тұрады. Қазір олардың 85 пайы­зы немесе 19 345 бала арнайы пси­хологиялық-педагогикалық қол­даумен қамтылған. Сондай-ақ арнайы қолдауды кеңейту мақсатын­да қосымша екі психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті мен бір аутизм орталығын ашу жос-парланып отыр. Кейінгі үш жылда арнайы білім ұйымдарының саны бес бірлікке артып, бүгін­де олардың жалпы саны 24-ке жет­ті. Қазір қалада 10 психология­лық-медициналық-педагогикалық кон­­сультация, 5 психологиялық-пе­да­гогикалық түзету кабинеті, 2 оңал­ту орталығы және 1 аутизм­ ор­талығы жұмыс істейді. Бү­гін­­де 800 орындық жаңа арнайы мек­тептің құрылысына дайындық жүргізілу үстінде. Бұл жоба мем­лекеттік сараптамадан өтуде. Құны шамамен 13 млрд теңгені құрайды. Шын мәнінде, қаладағы барлық мемлекеттік білім беру ұйымында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға кедергісіз орта қа­лып­тасқан. Ғимаратта пандус, жарық сигналы, арнайы сани­тарлық торап орнатылып, оларға педа­гог-ассистент пен арнайы маман қызмет көрсетеді.

Бүгінде білім ошақтарында инклюзияны қолдау кабинетінің саны да артып келеді. Қазір мектептерде – 85, балабақшаларда – 33 кабинет жұмыс істейді. Жыл соңына дейін тағы 15 кабинет ашу жоспарланған. Сонымен қатар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды кәсіптік бағдарлау бағытында «Менің болашақ мамандығым» жобасы үшінші жыл қатарынан іске асып отыр. Мұнда оқушылар аспаздық және тігін ісі бойынша алғашқы кәсіби дағдыларды меңгереді. Қаладағы білім беру ұйымдарында 414 арнайы педагог, 1 239 педагог-ассистент және 95 жеке көмекші қызмет атқарады. Жыл сайын арнайы педагогика саласын кадр даярлауға мемлекеттік грант бөлінеді.

– Елордадағы мектепке де­йін­гі ұйымдарға да тоқталсаңыз?

– Астана қаласында 2029 жыл­ға дейін мектепке дейінгі тәрбие­мен қамтуды арттыру мақсатын­да 14 мың орындық 60 балабақ­ша салу жоспарланған. Былтыр 600 орындық екі мемлекеттік бала­бақша пайдалануға берілді. Олар – Нұра ауданындағы №99 «Бүлдіршін» және Есіл ауда­нындағы №100 «Көркем» бала­бақшасы. Биыл 1 949 орындық алты балабақшаны іске қосу жос­парланған. Оның ішінде екі мем­лекеттік және төрт жекеменшік балабақша бар. Өткен жылы қаң­тардан бастап, елордадағы мек­тепке дейінгі ұйымдарды вау­чер­лік қаржыландыру жүйесі ен­гізілді. Бұл жобада ата-аналар балабақшаны өздері таңдап, мемлекеттік қолдау мүмкіндігін береді. Жоба іске қосылғаннан бері 25 мыңнан астам ваучер беріліп, 200 мыңнан астам хабарлама жол­данды. Нәтижесінде, 2-6 жас ара­лығындағы балаларды қамту деңгейі 88,4 пайыздан 97,3 пайызға дейін өсті. Ал кезекте тұрған балалар саны 50 мыңнан 18 мыңға дейін қысқарды.

Сондай-ақ жекеменшік бала­бақ­шалар да мемлекеттік тапсырыс аясында жұмыс істейді. Сон­дық­тан олардың қызметі қолда­ныстағы заңнама талабына сәйкес тұрақты бақылауда. Балалардың қауіпсіздігі, білім сапасы, санитар­лық талаптардың сақталуы және кадр­лық қамтамасыз етілуі тұ­рақ­ты мониторинг арқылы қадаға­ланады.

– Елімізде орта білім саласына жасанды интеллектіні ен­гізуге ерекше мән беріліп отыр. Осы тарапта қандай жұ­мыстар атқарылды?

– Былтыр мемлекеттік тап­сырыс негізінде осы саласы аясында ­1 248 педагог біліктілігін арттыр­ды. Соны­мен қатар «Өрлеу» ұлттық білік­тілікті арттыру орта­лы­ғы мен Назар­баев зияткер­­­лік мек­тептерінің Педа­гогикалық шебер­лік орталығы және басқа да ұйымдар арқылы мыңдаған педагог арнайы оқы­тылды. Осы қаңтар-мамыр айы ара­лығында тағы да 68 педагог курстан өтті. Қысқасы, ақылы және келісімді негізде өткізілген бағдарламаларды қоса есептегенде, 2025–2026 жылдары жалпы саны 9 224 педагог жасанды интеллект құралдарын қолдану және цифрлық құзыреттілікті дамыту шеңберінде арнайы курсқа қатысты. Бұл жұмыс педагогтердің цифрлық сауаттылығын арттырып қана қоймай, оқу үдерісіне инновациялық технологияларды тиімді енгізуге жол ашты. Мем­лекет басшысының тапсырмасы шеңберінде елордадағы барлық мектепте цифрлық технология білім беру үдерісіне енгізілген. Сондықтан мұғалімдер заманауи цифрлық құралдарды күнделікті сабақта еркін пайдаланады. Бұл педагогтерге де, оқушыларға да оқу үдерісін тиімді әрі қолжетімді етуге мүмкіндік береді.

Бүгінде елорда мектептерінде бірегей жобалар қолға алынды. Айталық, №99-мектепте жасанды интеллект пен цифрлық технологияны біріктірген «TopIQ Smart Class» ашылды. Бұл әлемдегі санаулы елдерде ғана бар жаңа формат. Мұнда smart-парта, smart-тақта, электронды оқулықтар және цифрлық күнделік жүйесі бірік­тірілген. Ең басты ерекшелігі – мұғалім әр оқушының жұмысын нақты уақыт режімінде бақылап, оқу үдерісін жедел басқарады.

Қазір біздің осы салада атқа­рылып жұмыстарға шетелдік әріп­тестер де қызығушылық таны­тып отыр. Жақында Эстония­дан келген делегация өкілдері ел­ор­да мектептеріндегі жасан­ды интел­­лектіні қолдану тәжіри­бесімен танысып, оң бағасын берді.

– Сондай-ақ педагогтердің біліктілігін арттыру мақсатын­дағы жобаларға да тоқтала кет­сеңіз?

– Бұл бағытқа да ерекше кө­ңіл бөлініп отыр. Мәселен, «Про­фессорлық сабақ», «Шеберден тәлім», «Сатылай кешенді оқу» және «Бітібаева әдістемесі» жобалары аясында мұғалімдер бір-бірі­мен тәжірибе алмасып, әдістеме­лік құзыреттілігін дамыту мен заманауи оқыту тәсілін меңгеру­ге мүмкіндік берілді. Былтыр мемлекеттік тапсырыс негізінде қаладағы білім беру ұйымдарынан 4 249 педагог біліктілікті арттыру курсынан өтті. Биыл да мемлекеттік тапсырыс аясында 5 мың педагогті біліктілікті арттыру курсымен қамту жоспарланды. Бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жүзе­ге аспақ. Білім сапасын арттыру­дың негізі кәсіби әрі білікті педагог кадрларды қалыптастыру. Сондықтан мұғалімдердің үздіксіз кәсіби дамуына барлық жағдай жасалды.

– Алдағы жаңа оқу жылына қандай жаңаша міндет қойылып отыр?

– Ең алдымен, білім сапасын арттыру бағытындағы жұмыс­тар жалғасын табады. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес оқушылар­дың кітап оқу мәдениетін дамытуға да айрықша назар аударылған. Осы жоба аясында мектептерде арнайы іс-шаралар жүзеге асады.

Біз үшін басты басымдықтың бірі – білім инфрақұрылымын кеңейту. Сонымен бірге жаңа мектептер мен қосымша ғимараттар салу арқылы оқушы орындарының тапшылығын азайтып, қолайлы білім ортасын қалыптастыру.

Әңгімелескен –

Азамат ЕСЕНЖОЛ,

«Egemen Qazaqstan» 

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью