Қасымхан Сенғазыев: Білім инфрақұрылымын кеңейтуге басымдық береміз
Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
– Қасымхан Сенғазыұлы, бүгінде елордада қанша мектеп бар, онда қанша бала оқиды. Алғашқы сөзді осыдан бастасақ?
– Қазір Астана қаласында 206 орта білім беру ұйымы жұмыс істейді. Оған 314 964 оқушы қамтылған. Соның ішінде 124 мемлекеттік мектепте – 260 418 оқушы білім алса, 75 жекеменшік мектепте 47 760 бала оқиды. Сонымен бірге 7 республикалық білім ошағына 6 786 оқушы барады.
Осы оқу жылында оқушылар біраз жетістікке жетті. Мәселен, халықаралық олимпиада мен білім сайысында 748 оқушы топ жарып, олардың 230-ы жүлделі орынға ие болды. Оның ішінде 100 оқушы – 1 орын алса, 55 оқушы – 2 орын, 75 оқушы – 3 орын жеңіп алды. Бұл көрсеткіштер оқушылардың әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті екенін айғақтайды. Бір жағынан, бұл – жай сан емес. Мұнда жеткіншектердің жоғары дайындығы мен педагогтердің қажырлы еңбегі бар. Бұл білім жүйесі тұрақты дамып келе жатқанын көрсетеді.
– Жыл санап елорда тұрғындарының саны көбейіп келеді. Сонымен бірге бала саны да артып отыр. Осы ретте үш ауысымды мектеп мәселесі қалай шешілді?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан халқына арнаған Жолдауында орта білім сапасын табысты ұлт қалыптастырудың басты шартының бірі ретінде айтқан еді. Осы міндетті іске асыру аясында елімізде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы қолға алынды. Бұл жоба апатты және үш ауысымды мектеп мәселесін шешіп, балаларға заманауи білім ортасын қалыптастыруды көздейді. Кейінгі екі жыл көлемінде елордада 23 «Келешек мектептері» пайдалануға берілді. Соның арқасында үш ауысымды мектеп мәселесі шешілді.
Алайда шаһардағы 19 мектепте 17 434 оқушы орны тапшылығы сақталып отыр. Сонымен қатар 17 білім ошағында 5 686 орын көлемінде артық орын бар. Биыл оқушылар орны тапшылығын шешу мақсатында 12 мектептің құрылысы жоспарланған. Білім беру инфрақұрылымын қолдау бағдарламасы (БИП) шеңберінде – 11 900 орындық 10 мектеп бой көтерсе, жекеменшік сектор есебінен – 3 772 орындық 2 мектеп жобаланған.
Алдағы 1 қыркүйекке дейін қолданыстағы №72, №73, №86, №41, №82 және №79 мектептеріне салынған 6 қосымша ғимаратты, сондай-ақ «Sabis» жекеменшік мектебін пайдалануға беру жос-парланып отыр. Ал жыл соңына дейін №13, №80, №83 және №91 білім ошақтарына салынған тағы 4 қосымша ғимаратпен бірге «International Education Council» жекеменшік мектебінің құрылысын аяқтау көзделген. Бұл жаңа тұрғын алабында орналасқан білім ошақтарындағы оқушы орындарының тапшылығын азайтады. Сондай-ақ шамадан тыс жүктелген №1, №13, №57, №72, №74, №83 және №86 мектептеріндегі балалар тығыздығын төмендетеді. Ал келесі жылы 39 800 орынға арналған 22 мектептің құрылысы басталады.
– Қазір – жаз мезгілі. Сондықтан оқушылардың бос уақытын тиімді өткізу қалай жүзеге асып жатыр?
– Биыл 1-10 сынып аралығындағы 242 мыңнан астам оқушы жазғы демалыс және сауықтыру шараларымен қамтылды. Соның ішінде 11 мыңға жуық әлеуметтік осал санаттағы отбасылардың балалары да бар. Сондай-ақ 75 мыңнан астам бастауыш сынып оқушысы мектеп жанындағы лагерьге барады. Ал 5-10 сынып оқушыларына «Оқитын ұлт: OZYQ ULT», «Болашақ LAB», «GREEN CITY: Балалар таңдауы», «Әділет CAMP», «Smart Bala», «САЯХАТ & СПОРТ» атты жобалар аясында бейіндік лагерьлер ұйымдастырылды. 32 мектеп жанында «Атамекен» этно-лагері жұмыс істейді. Жекеменшік білім ошақтары базасында 35 мыңнан астам бала жазғы демалыспен қамтылады. Қала сыртындағы сауықтыру лагеріне 2 681 бала жіберіледі. Бұған жергілікті бюджеттен қаражат бөлінді. Бұдан бөлек, 14 қосымша білім беру ұйымында қысқамерзімді клубтар мен тақырыптық лагерьлер ұйымдастырылды. Бұған 8 мың бала тартылған.
Елордадағы Әл-Фараби және Махамбет Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайларында, «Таным» кешенінде «KIDSHUB Tanym», «Жұлдыздар академиясы», «Sport Mix», «Eco Life» бағыттарында арнайы жобалар қолға алынды. Балалардың спорттық әлеуетін дамыту мақсатында «Дидарлы жаз – 2026» жобасы ұйымдастырылып, оған 8 360 бала қатысады. Мәселен, маусым айында оқушылар қозғалмалы ойындардан жарысқа түссе, шілде айында футбол мен волейбол, ал тамыз айында тоғызқұмалақ, асық ату және бес асық сияқты ұлттық спорт түрлерінен сайысады. Сонымен бірге қала сыртындағы «Барап» лагері жаз мезгілінде 1 600 баланы қабылдайды.
Балалар қауіпсіздігін басты назарда ұстап отырмыз. Осыған байланысты қалалық полиция, төтенше жағдайлар қызметі, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдары және қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің қатысуымен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, арнайы нұсқаулықтар таратылды.
– Ал инклюзивті білім бағытында қандай іс-шаралар қолға алынды?
– Елордада ерекше білім беру қажеттіліктері бар 22 781 бала тұрады. Қазір олардың 85 пайызы немесе 19 345 бала арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтылған. Сондай-ақ арнайы қолдауды кеңейту мақсатында қосымша екі психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті мен бір аутизм орталығын ашу жос-парланып отыр. Кейінгі үш жылда арнайы білім ұйымдарының саны бес бірлікке артып, бүгінде олардың жалпы саны 24-ке жетті. Қазір қалада 10 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация, 5 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті, 2 оңалту орталығы және 1 аутизм орталығы жұмыс істейді. Бүгінде 800 орындық жаңа арнайы мектептің құрылысына дайындық жүргізілу үстінде. Бұл жоба мемлекеттік сараптамадан өтуде. Құны шамамен 13 млрд теңгені құрайды. Шын мәнінде, қаладағы барлық мемлекеттік білім беру ұйымында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға кедергісіз орта қалыптасқан. Ғимаратта пандус, жарық сигналы, арнайы санитарлық торап орнатылып, оларға педагог-ассистент пен арнайы маман қызмет көрсетеді.
Бүгінде білім ошақтарында инклюзияны қолдау кабинетінің саны да артып келеді. Қазір мектептерде – 85, балабақшаларда – 33 кабинет жұмыс істейді. Жыл соңына дейін тағы 15 кабинет ашу жоспарланған. Сонымен қатар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды кәсіптік бағдарлау бағытында «Менің болашақ мамандығым» жобасы үшінші жыл қатарынан іске асып отыр. Мұнда оқушылар аспаздық және тігін ісі бойынша алғашқы кәсіби дағдыларды меңгереді. Қаладағы білім беру ұйымдарында 414 арнайы педагог, 1 239 педагог-ассистент және 95 жеке көмекші қызмет атқарады. Жыл сайын арнайы педагогика саласын кадр даярлауға мемлекеттік грант бөлінеді.
– Елордадағы мектепке дейінгі ұйымдарға да тоқталсаңыз?
– Астана қаласында 2029 жылға дейін мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуды арттыру мақсатында 14 мың орындық 60 балабақша салу жоспарланған. Былтыр 600 орындық екі мемлекеттік балабақша пайдалануға берілді. Олар – Нұра ауданындағы №99 «Бүлдіршін» және Есіл ауданындағы №100 «Көркем» балабақшасы. Биыл 1 949 орындық алты балабақшаны іске қосу жоспарланған. Оның ішінде екі мемлекеттік және төрт жекеменшік балабақша бар. Өткен жылы қаңтардан бастап, елордадағы мектепке дейінгі ұйымдарды ваучерлік қаржыландыру жүйесі енгізілді. Бұл жобада ата-аналар балабақшаны өздері таңдап, мемлекеттік қолдау мүмкіндігін береді. Жоба іске қосылғаннан бері 25 мыңнан астам ваучер беріліп, 200 мыңнан астам хабарлама жолданды. Нәтижесінде, 2-6 жас аралығындағы балаларды қамту деңгейі 88,4 пайыздан 97,3 пайызға дейін өсті. Ал кезекте тұрған балалар саны 50 мыңнан 18 мыңға дейін қысқарды.
Сондай-ақ жекеменшік балабақшалар да мемлекеттік тапсырыс аясында жұмыс істейді. Сондықтан олардың қызметі қолданыстағы заңнама талабына сәйкес тұрақты бақылауда. Балалардың қауіпсіздігі, білім сапасы, санитарлық талаптардың сақталуы және кадрлық қамтамасыз етілуі тұрақты мониторинг арқылы қадағаланады.
– Елімізде орта білім саласына жасанды интеллектіні енгізуге ерекше мән беріліп отыр. Осы тарапта қандай жұмыстар атқарылды?
– Былтыр мемлекеттік тапсырыс негізінде осы саласы аясында 1 248 педагог біліктілігін арттырды. Сонымен қатар «Өрлеу» ұлттық біліктілікті арттыру орталығы мен Назарбаев зияткерлік мектептерінің Педагогикалық шеберлік орталығы және басқа да ұйымдар арқылы мыңдаған педагог арнайы оқытылды. Осы қаңтар-мамыр айы аралығында тағы да 68 педагог курстан өтті. Қысқасы, ақылы және келісімді негізде өткізілген бағдарламаларды қоса есептегенде, 2025–2026 жылдары жалпы саны 9 224 педагог жасанды интеллект құралдарын қолдану және цифрлық құзыреттілікті дамыту шеңберінде арнайы курсқа қатысты. Бұл жұмыс педагогтердің цифрлық сауаттылығын арттырып қана қоймай, оқу үдерісіне инновациялық технологияларды тиімді енгізуге жол ашты. Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде елордадағы барлық мектепте цифрлық технология білім беру үдерісіне енгізілген. Сондықтан мұғалімдер заманауи цифрлық құралдарды күнделікті сабақта еркін пайдаланады. Бұл педагогтерге де, оқушыларға да оқу үдерісін тиімді әрі қолжетімді етуге мүмкіндік береді.
Бүгінде елорда мектептерінде бірегей жобалар қолға алынды. Айталық, №99-мектепте жасанды интеллект пен цифрлық технологияны біріктірген «TopIQ Smart Class» ашылды. Бұл әлемдегі санаулы елдерде ғана бар жаңа формат. Мұнда smart-парта, smart-тақта, электронды оқулықтар және цифрлық күнделік жүйесі біріктірілген. Ең басты ерекшелігі – мұғалім әр оқушының жұмысын нақты уақыт режімінде бақылап, оқу үдерісін жедел басқарады.
Қазір біздің осы салада атқарылып жұмыстарға шетелдік әріптестер де қызығушылық танытып отыр. Жақында Эстониядан келген делегация өкілдері елорда мектептеріндегі жасанды интеллектіні қолдану тәжірибесімен танысып, оң бағасын берді.
– Сондай-ақ педагогтердің біліктілігін арттыру мақсатындағы жобаларға да тоқтала кетсеңіз?
– Бұл бағытқа да ерекше көңіл бөлініп отыр. Мәселен, «Профессорлық сабақ», «Шеберден тәлім», «Сатылай кешенді оқу» және «Бітібаева әдістемесі» жобалары аясында мұғалімдер бір-бірімен тәжірибе алмасып, әдістемелік құзыреттілігін дамыту мен заманауи оқыту тәсілін меңгеруге мүмкіндік берілді. Былтыр мемлекеттік тапсырыс негізінде қаладағы білім беру ұйымдарынан 4 249 педагог біліктілікті арттыру курсынан өтті. Биыл да мемлекеттік тапсырыс аясында 5 мың педагогті біліктілікті арттыру курсымен қамту жоспарланды. Бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге аспақ. Білім сапасын арттырудың негізі кәсіби әрі білікті педагог кадрларды қалыптастыру. Сондықтан мұғалімдердің үздіксіз кәсіби дамуына барлық жағдай жасалды.
– Алдағы жаңа оқу жылына қандай жаңаша міндет қойылып отыр?
– Ең алдымен, білім сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасын табады. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес оқушылардың кітап оқу мәдениетін дамытуға да айрықша назар аударылған. Осы жоба аясында мектептерде арнайы іс-шаралар жүзеге асады.
Біз үшін басты басымдықтың бірі – білім инфрақұрылымын кеңейту. Сонымен бірге жаңа мектептер мен қосымша ғимараттар салу арқылы оқушы орындарының тапшылығын азайтып, қолайлы білім ортасын қалыптастыру.
Әңгімелескен –
Азамат ЕСЕНЖОЛ,
«Egemen Qazaqstan»
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:45
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 24 Маусым 2026 08:30 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар



















