Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..
Павлодар облысында 45 ауыл ойпаң жерде орналасқан. Биыл ылғалдың нормадан көп түскенін, топырақтың тоңдануы артқанын ескерсек, бұл елді мекендер қауіп көзінде қалуы әбден мүмкін.
Көктем басталғалы бері өңірде су тасқынына дайындық мәселесінің маңызы арта түсіп отыр. Ресми органдар «ауқымды қауіп жоқ» дейді. Алайда гидрометеорологиялық деректер мен соңғы жылдардағы тәжірибелер болжамдарға сақтықпен қарау керектігін меңзейді.
«Қазгидромет» РМК өңірлік филиалының деректеріне сүйенсек, Павлодар облысы «орташа тәуекел аймағына» жатады. Бұл қауіп мүлдем жоқ деген сөз емес. Керісінше, су тасқынының ықтималдығы бар, бірақ ол алдын алу шаралары арқылы реттелуге тиіс дегенді білдіреді.
«Биылғы жағдайды күрделендіретін бірнеше фактор бар. Ең әуелі өткен күзде топырақ ылғалдылығы қалыптағыдан жоғары болды. Ал қыста топырақтың қату тереңдігі 146 см-ге дейін жеткен. Күзгі-қысқы кезеңде жауын-шашын көлемі климаттық нормадан асып түсті. Оның үстіне наурыз айы жылы әрі жауын-шашынды болады деп болжанып отыр. Мұндай факторлар жылдам еріген қар суының елді мекендерге жайылуына қолайлы орта қалыптастырады», дейді «Қазгидромет» РМК облыстық филиалы директорының орынбасары Галина Шпак.
Су басу қаупі бар елді мекендер облыстың барлық дерлік ауданында бар. Соның ішінде Баянауыл, Ақтоғай аудандары «тәуекелі жоғары» аймақтар» санатына кіреді. Мысалы, Баянауыл ауданында Қаныш Сәтбаев, Мәшһүр Жүсіп, Ақши ауылдары, Ақтоғайда Шолақсор мен Жалаулы ауылы жылдағыдай көктемгі су тасқынына бейім. Облыста қауіп көзінде қалуы ықтимал аймақтарда тұрып жатқан халықтың нақты саны туралы деректер құрылмаған. Бұл төтенше жағдай кезінде эвакуациялау мен әлеуметтік қорғау шараларын жоспарлауда үлкен олқылыққа әкелуі мүмкін.
Көктемгі су тасқынына қарсы іс-шараларға облыста 1,1 млрд теңге бөлінген. Ол жанар-жағармай материалдарын, мотопомпаларды, қаптар мен сорғы шлангілерін, дыбыс құрылғыларын, қар шығару, су сору жұмыстарын қаржыландыруға бағытталған. Сома аз емес. Алайда қауіп көзінде ондаған елді мекен, жүздеген шақырым жол мен инженерлік нысандар қалуы ықтимал екенін ескерсек, бұл қаражаттың тиімді әрі ашық жұмсалуы басты мәселе болып қала береді. Облыс әкімдігі ұсынған мәліметтерге сүйенсек, қағаз жүзінде бәрі дайын.
«Алдағы су тасқыны кезеңіне болжамды деректер негізінде әкімдіктермен, жол қызметтерімен, ұйымдармен жұмыс жүргізіліп жатыр. 156 шақырым қорғаныс бөгеттері нығайтылып, кейбірі жаңадан салынды. 36 су өткізгіш құбыр орнатылып, жөнделді. 2 шақырым бұру каналдары жабдықталды. Баянауыл ауданының Жаңажол, Қаныш Сәтбаев ауылдық округтерінде гидромелиоративтік жүйелерді қайта жаңартуға қатысты судың реттеуші көлемін шамамен 23 млн текше метрге қамтамасыз ететін ірі жобалар аяқталды. Су тасқыны жағдайларының өршуін бақылап отыру мақсатында энергетика, жолдар мен көпірлер қызметтерінен, инженерлік және көлік қызметінен күштер мен құралдар тобы құрылған. Оларға жалпы саны 1 871 адам, 769 бірлік инженерлік, арнайы техника, 21 бірлік жүзу құралдары, 357 мотопомпа жұмылдырылған», деп хабарлады облыс әкімдігінен.
Ірі гидромелиорациялық жобалар Ақтоғай ауданында да жүзеге асырылған. Бұл жұмыстар су басу қаупін айтарлықтай төмендетуге тиіс. Алайда тәжірибе көрсеткендей, қағаздағы дайындық пен нақты табиғи апат кезіндегі жағдай әрдайым сәйкес келе бермейді. Әсіресе ауа райы күрт өзгерген жағдайда. Бұл ретте «Қазгидромет» филиалының мамандары кейінгі 10 жылға қатысты күзгі-қысқы кезеңдегі жауын-шашын деректерін талдап, тұрақты заңдылықты анықтай алмағанын мысал ретінде келтіруге болар.
2015–2016 жылғы қысқы кезеңде жауын-шашын мөлшері облыстың басым бөлігінде нормадан төмен болса, одан кейінгі екі жылда өңірдің басым бөлігінде ол қалыпты шектерде ұсталған. 2017–2020 жылдар аралығында жауын-шашын екі есеге жуық азайып кеткен. 2021–2022, 2022–2023 жылдарғы кезеңде норма қалыпты шекке қайта оралса, 2023–2024 жылғы кезеңде жауын-шашын норманың 30–91%-ын құраған, ал 2024 жылғы қарашадан 2025 жылғы 31 қаңтарға дейінгі аралықта ол нормадан 16–33%-ға артық болған.
«2025 жылғы қараша мен 2026 жылғы 20 қаңтар аралығында жауын-шашын барлық жерде климаттық нормадан асып, норманың 25–95%-ын құрады. Солтүстік, орталық аймақтарда ылғалдың жылдағыдан көп екені, қар қорының артқаны байқалып отыр. Яғни бұл ылғалдың жалпы мөлшері былтырғыдан да көбейе түскенін білдіреді. Жауын-шашынның нормадан, өткен жылғы деңгейден асып кетуіне байланысты, көктемде қар күрт ерісе жекелеген аймақтарда су басу қаупін тудыруы мүмкін», деп ескертеді Г.Шпак.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Думан Қыдырмоллаев су тасқынының алдын алуға қатысты инженерлік жұмыстар жоспары шеңберінде 22 іс-шара көзделгенін, олардың барлығы толығымен орындалғанын айтады. 47 мың қапшық, 1 347 тонна инертті материал, 155 тонна жанар-жағармай материалдары дайындалған. Сондай-ақ тамақтануды ұйымдастыруға 80 ниет шарты, Ертіс пен Сілеті өзендерінде жарылыс жұмыстарын жүргізуге 4 шарт жасалған.
«Қолда бар күштер мен құралдар су тасқыны кезеңіндегі міндеттерді орындауға жеткілікті. «Сақтықта қорлық жоқ» екенін ескере отырып, аудан, қала әкімдіктеріне су өткізу құбырларын, көпірлерді, бөгеттерді, гидротехникалық құрылыстарды тазалау, авариялық-құтқару бөлімшелерінің, техниканың, резервтердің дайындығын қамтамасыз етуді ұсынамыз. Ұшқышсыз басқарылатын аппараттар арқылы су тасқыны қаупі бар учаскелерге мониторинг жүргізу, халықты су тасқыны кезеңіндегі қауіпсіздік ережелері туралы хабардар ету де аса маңызды», дейді Д.Қыдырмоллаев.
Мамандар Ертіс өзеніндегі мұз кептелістері де жазғытұрым қиындық тудыратынын ескертіп отыр. Павлодар аймағы өзеннің ең ойпаң бөлігінде орналасқан. Ертістің суы Шығыс Қазақстан, Абай облыстарындағы су қоймалары арқылы реттелетіндіктен, ол жақтан да төнетін қауіп аз емес. Сондықтан жауапты органдар суды реттеу іс-шаралары жөніндегі келіссөздерді ерте бастан қолға алғаны абзал.
Павлодар облысы
Соңғы жаңалықтар
Қазақстандық оқушылар көктемгі каникулда 11 күн демалады
Мектеп • Кеше
Таразда мектеп оқушысын жеті қыз жабылып соққыға жыққан
Оқиға • Кеше
Таяу Шығыстан 10 мыңнан астам отандасымыз елге қайтарылды
Қоғам • Кеше
«Крокус сити холлдағы» теракт: 15 күдікті өмір бойына сотталды
Оқиға • Кеше
Алматыда Наурыз мерекесіне орай «Nauryz Sale» акциясы өтеді
Аймақтар • Кеше
Атырау облысында атыс кезінде мерзімді әскери қызметші қаза тапты
Оқиға • Кеше
Асель Баденова: Әрбіріміз еліміздің тағдырына әсер ете аламыз
Ата заң • Кеше
«Жақсылық жасап жарысайық»: Астанада зейнеткерлер қайырымдылық акциясын өткізді
Қоғам • Кеше
FIFA Series-2026: Талғат Байсуфинов Қазақстан құрамасының кеңейтілген тізімін жариялады
Футбол • Кеше
Мәслихат депутаттарына маңызды міндет жүктелді
Ата заң • Кеше
Сарапшылар жаңа конституциялық модельдегі партиялардың рөлін талқылады
Ата заң • Кеше
Берешек көлемі 3 млрд теңгеге жетті: Астанада көлік салығын төлемеген жүргізушілерге ескерту жасалды
Қоғам • Кеше
Балаларды қызылшадан қалай қорғау керек? Дәрігер кеңесіне назар аударыңыз
Медицина • Кеше
12 наурыздан бастап камералар қандай заңбұзушылықтар үшін айыппұл салады?
Қоғам • Кеше
15 наурыз күні «Инватакси» қызметі тегін болады
Референдум • Кеше