Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Күн тәртібіне шығарылған бес бірдей мәселенің әрқайсысы өңір тұрғындарының күнделікті өміріне тікелей әсер ететін аса өзекті түйткілдер. Жиын барысында құзырлы органдарда отырған шен-шекпенділердің сылбыр әрекеті мен жауапкершіліктің тым төмендігі тағы бір мәрте сын садағына алынды.
Бұл жолы қоғамдық кеңес мүшелері шенеуніктердің дайын баяндамасын тыңдап қана қойған жоқ. Әр мәселенің астарына үңіліп, жауапты басқарма басшыларына өткір сұрақтар қойды.
Қорымдағы қоқыс – қоғам мәдениетінің айнасы ма?
Жиындағы ең қызу талқыланған мәселенің бірі – Ақмола облысында жерлеу және қабірлерді күтіп-ұстау қағидаларын бекіту жобасы. Тиісті қағида бойынша жерлеу тәртібі, қорымдарды күтіп ұстау, санитарлық талаптар мен жауапты мекемелердің міндеттері тайға таңба басқандай нақты көрсетілген. Алайда қоғамдық кеңес мүшелері қазіргі жағдайдың мүлдем талапқа сай емес екенін жасырмады.
Әсіресе қала маңындағы бейіттердің жағдайы адам шошырлық күйге түскен. Облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Болат Мейрамов қоқыс тоқсан сайын шығарылатынын айтқанымен, бұл жауап қоғамдық кеңес мүшелерін аса қанағаттандырмады.
Расында да, қоғамның өркениеттік деңгейін күн сайын шаһар аумағында сәулеті жарасқан зәулім ғимараттар емес, зираттарының жағдайы көрсетеді деген тұжырым бар. Өйткені қорымдар өткен мен бүгінді жалғайтын әрі тарихтың куәгеріне айналатын рухани кеңістік. Сондықтан бейіттердің басындағы санитарлық ахуал мен тазалыққа баса мән берілу қажеттігі құптарлық мәселе.
Бұл орайда бейіт басында құрылыстан кейін артын жинамаудың аса кең өріс алғаны да сын садағына ілінді. Ақмола облыстық ұлттық спорт түрлері федерациясының төрағасы Марат Қойшин жерлеуден кейін құрылыс қалдықтарын тастап кететін азаматтарға әкімшілік жауапкершілік енгізуді ұсынды. Ал Ақмола облыстық қоғамдық кеңес төрағасының орынбасары Серік Кәкенов қорымдарды есепке алу мен нөмірлеу жүйесінің жоғын өткір сынға алғанымен қоймай, мәселенің әлдеқайда терең екенін алға тартты.
– Біздің қала зираттарында нақты жүйе жоқ. Нөмірлеу жоқ. Барлығы бейберекет орналасқан. Ертең бір адамның бейітін іздеу үлкен мәселеге айналады. Өйткені күн санап бейіттің көлемі ұлғайып, жерленген адамдардың саны өсіп барады. Бұл жерге Құран бағыштау үшін келген ұрпағы мен туған-туыстары да таба алмай қалу қаупін тудырады, – деп атап өтті ол.
Зиратты күтіп-ұстаумен айналысып жүрген Ербол Мырзатаев кейінгі 8 жылда арнайы есеп жүргізіліп жатқанын, қосымша төрт гектар жер бөлінгенін және цифрландыру жұмыстарының шамамен 50 пайызға дейін аяқталғанын жеткізді. Әйтсе де, прокуратура, полиция және Көкшетау қалалық қоғамдық кеңесінің қатысуымен арнайы кеңейтілген отырыс өткізу туралы ұсыныс қабылданды.
Жылу маусымы: жауапкершілік кімнің мойнында?
Жиында талқыланған тағы бір күрделі мәселе – алдағы жылыту маусымына дайындық жайына бағытталды. Облыстық мәслихаттың 2016 жылдан бері өзгеріс енгізілмеген қағидаларына түзетулер ұсынылды. Бөлім басшысы Темірлан Тілеужановтың айтуына қарағанда, ендігі жерде әрбір тұрғын үй мен қазандық дайындық төлқұжатын алуға міндетті болады. Алайда талқылау барысында мәселенің әлдеқайда күрделі екені аңғарылды.
«Көкшетау жылу» коммуналдық кәсіпорны өкілдерінің мәліметінше, облыс орталығында 356 көпқабатты үйдің нақты басқарушы ұйымы жоқ болып шықты. Яғни мұндай үйлерде инженерлік желілердің жай-күйіне кім жауап беретіні беймәлім.
Қоғамдық кеңестің комиссия төрағасы Болат Жұпынов бұл мәселенің жыл сайын қайталанатынын айтып, жауапты органдардың жұмысын сынға алып нақты мысал келтірді.
– Қаладағы көптен бері қордаланған мәселенің бірі – үйге жөндеу кезінде көпшілік заңды белден басса да, өз білгеніне салады. Тұрғын үйдің техникалық құжаттарына қарамастан үйдің ішкі қабырғаларына дейін бұзып та тастайтындар бар. Еденді жылытамыз деп жылу жүйесін қалауынша өзгертеді. Ал соның кесірінен көрші үй қыста тоңып отыруға мәжбүр болады. Мұндай жағдайлар бұрын да болған, қазір де баршылық, – дейді Болат Зарлықұлы.
Дәрігерлер неге кетеді?
Отырыстағы ең өткір әрі эмоциялық талқылау медицина саласына қатысты болды. Ақмола облысының Денсаулық сақтау басқармасы биыл ауылдық жерлерге дәрігер тарту үшін бюджет қоржынынан 600 млн теңге сомасында қомақты қаражат бөлінгенін мәлімдеді. Бағдарлама аясында жас мамандарға көтермеақы мен әлеуметтік қолдау қарастырылыпты. Бірақ қоғамдық кеңес мүшелері қағаздағы көрсеткіш пен нәтиженің арасында үлкен айырмашылық барын хабарлады. Болат Жұпынов кейбір аудандарда жас дәрігерлерге көтермеақы алуға өтініш бермеу жөнінде бейресми қысым жасалғаны туралы ақпарат бар екенін жеткізді.
– Егер бұл рас болса, онда мемлекет бөліп отырған қаржының мақсатына жетпегені. Жас маман ауылға келгенде қолдау көруі керек, кедергі емес, – дейді ол.
Серік Кәкенов мәселенің шегіне жетіп, тіпті күйіп тұрғанын айтып құзырлы басқарма өкілдерін қатаң сынға алды. Оның айтуына қарағанда, былтыр өңірге 263 жаңа дәрігер келгенімен, олардың қаншасы жұмыстан кеткені жөнінде бірде- бір нақты статистика ұсынылмаған.
– Мемлекет жүздеген миллион теңге бөліп отыр. Бірақ біз дәрігерді ұстап қала алмай келеміз. Кейбірі әлеуметтік көмекті уақытында ала алмай кетіп жатыр. Бұл – жүйенің әлсіздігі, – деп атап өтті денсаулық сақтау саласында ондаған жыл еңбек еткен тәжірибелі ұйымдастырушы, медицина ғылымдарының кандидаты Серік Қабдөшұлы.
Тіпті басқа-басқа емес, облыстық аурухананың өзінде 2025 жылдың тамызынан бері өтініш берген 21 медицина қызметкері төлемдерін толық алмағаны айтылды.
Нарық сұрайтын мамандықтар қайда?
Жиында білім беру мәселесі де назардан тыс қалмады. Облыстық білім басқармасы 2026-2027 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын еңбек нарығындағы сұранысқа бейімдеп әзірлегенін хабарлады. Басшының орынбасары Валерий Гамазовтың айтуынша, бүгінде техникалық мамандықтарға сұраныс күрт өскен.
– Елге дәнекерлеуші, механик, электрші, құрылысшы мамандар ауадай қажет. Барлық жас міндетті түрде университетке түсуі керек деген түсінік өзгеруі тиіс. Бұл үшін еңбек адамдарына деген сұранысты реттейтін жүйенің реттелуі аса маңызды, – дейді ол.
Бұл пікір расында да еңбек нарығындағы қазіргі үрдістермен толық сәйкес келеді. Соңғы жылдары өндірістік секторда жұмысшы мамандардың тапшылығы бірнеше рет ашық көтерілген еді.
Бұдан бөлек, қоғамдық кеңес отырысында шаруашылықішілік ирригациялық және коллекторлық-дренаж жүйелерін пайдалану қағидалары да мақұлданды. Су ресурстарының азаюы мен климаттық өзгерістер жағдайында бұл мәселенің стратегиялық маңызы да артып келеді. Мамандардың айтуынша, жаңа қағидалар су ысырабының алдын алып, егістіктің өнімділігін арттыруға мүмкіндік бермек.
Бірнеше сағатқа созылған отырыстың қорытындысында күн тәртібіндегі барлық жоба бірауыздан қолдау тапты. Алайда талқылаулардың мазмұны көрсеткендей, мәселе қаулы қабылдаумен ғана шешілмейді.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы