Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында «Turkistan» газетіне берген сұхбатында газет-журналдардың қайта өрлеу дәуірі бастауында тұрғанын айта келіп: «Қазіргі таңда баспасөз заман талабына бейімделіп, ақпарат айдынынан өз орнын тауып отыр. Газет тілшілері жан-жақты шолулар мен терең сараптамалар жасауға баса мән береді, ағартушылықпен айналысады. Кәсіби әрі өз ісіне адал журналистер сапалы материалдар әзірлеп, дәстүрлі құндылықтарды сақтауға елеулі үлес қосып келеді», – деген болатын. Шынында мән-мағынасы терең ақпарат – матбұғатта, яки газет-журналда. Қазіргі таңда газет-журналдар ұлт ақпаратының бастауы саналатын «Қазақ» газеті салған сара жолмен жүріп, ағартушылық миссиясын атқарып келеді.
Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
«Қазақ» газеті көтермеген тақырып жоқ. Саясаттан бастап тұрмыстық мәселелерге дейін шет қалдырмады. Газет халықтың рухани санасын оятып, қоғамның мінбері қызметін атқарып, ағартушылықты асыл миссиясына айналдырды. ХХ ғасыр басында «Қазақ» газетінің жалпы ағартушылық қызметі қоғамның білім деңгейін көтеру, санасын ояту және рухани дамыту секілді бағыттар бойынша жүргізілді.
Біріншіден, газет қазақ қоғамын оятты. Газет тіл тақырыбын жиі көтеріп, ана тілінде сауатты жазу, термин қалыптастыру, тілдің қоғамдық өмірдегі орнын күшейту, тіл мәдениетін қалыптастыруға қызмет етті. Сонымен қатар оқырманды тәуелді ойлаудан арылуға шақырды. Әлихан Бөкейхан «Алаштың талапты азаматына», Міржақып Дулатұлы «Қайтсек жұрт боламыз?», Халел Досмұхамедов «Алаш деген не сөз?» т.б. мақалалары арқылы қоғамға ой салды.
Екіншіден, жұртты білімге үндеп, оқу-ағарту саласына қозғау салды. Бұл бағытта газетте мектеп ашу, оқу-жазуға үйрету, мұғалім даярлау, ғылым негіздерін түсіндіру, ілім-білімнің маңызы жайлы мақалалар жарияланып, надандықпен күресу жиі насихатталды. Бұл бағытта Әлихан Бөкейханның «Оқушыларға жәрдем қауымы», Міржақып Дулатұлының «Мектеп-медреселер мәселесі», Имам Әлімбековтің «Шын керектің бірі», Ахмет Жанталиннің «Қазақ мектебі», Жанұзақ Жәнібековтің «Бағыстан ханым мектебі», Хамза Ибрагимовтің «Мұғалім қуу», т.б. мақалалар жарық көрді. Сондай-ақ газет қоғамды ғылым, білім, өнер арқылы дамытуға шақырып, ғылымның жетістіктерін де таныстырды. Мұхаметжан Тынышбайұлының «Соғыс кемелері һәм мина», Жүсіпбек Аймауытұлының «Азық-түлік жабдығы», Нығметолла Күзембаевтың «Қалаға жақын қазақтар», т.б. мақалаларды осы қатарға жатқызуға болады. Сол секілді өнеркәсіп, қаржы тақырыптары да газет авторларының қаламына арқау болды.
Үшіншіден, ұлттық сана қалыптастырды. Газет қазақ халқының тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрі туралы мақалалар жазып, елдік пен бірлікті насихаттады. Газетте Абай, Ыбырай, Шоқанның өнегелі өмірі мен ерен еңбегі көрініс тауып, Алаш азаматтарының өздері де бұл бағытта бірқатар іс атқарды. Әлихан Бөкейханның Григорий Потанин, Барлыбек Сыртанұлы, Мұстафа Шоқайдың Әбубәкір Диваев, Міржақып Дулатұлының Қожа Ахмет Ясауи, Абай Құнанбайұлы, Шоқан Уәлиханов туралы мақалалары – соның айғағы.
Төртіншіден, елдің қоғамдық-саяси сауатын ашты. Құқық, заң, сот, жер, земство, съез, партия, сайлау, денсаулық, азаматтық міндет, аграрлық саясат, т.б. тақырыптар төңірегінде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, халықтың ой-өрісін кеңейтті. Әлихан Бөкейханның «Он төрт тоғыз бола ма?», «Мен кадет партиясынан неге шықтым?», Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақ жерін алу турасындағы низам», Міржақып Дулатұлының «Сайлау саясаты», «Земство не нәрсе?», Райымжан Мәрсековтің «Ата қонысынан айырылған қазақ жайы», Имам Әлімбековтің «Қазақ халқының тұңғыш съезі», Шәкәрім Құдайбердіұлының «Би һәм билік туралы», Құдайберген Жұбановтың «Қазаққа дұшпандық», т.б. мақалалар осы бағытта жазылды. Олар сол арқылы оқырмандардың қоғамдық-саяси сауатын ашып, қазақ қоғамын заманауи өркениетке бейімдеп, жаңғыруға шақырды.
Бесіншіден, әдебиет, мәдениет пен өнердің шырағын жағуға атсалысты. Ол уақытта баспасөз бен әдебиет бір ұғым еді. Сол себепті «Қазақ» газеті қаламгерлердің шығармашылық алаңына айналды. Газет бетінде «Роман не нәрсе?», «Роман бәйгесі», «Білім жарысы», «Жазу мәселесі», «Өлең-жыр, әндер туралы», «Жаңа кітаптар», т.б. танымдық мақалалар жарияланды. Сонымен қатар қазақ әдебиеті туралы пікірлер ұйымдастырылып, қазақ әндерін күйтабаққа көшіру, қазақ арасында әдеби һәм сауық кештерін өткізу, пьеса қою жұмыстарын үйлестіру мәселелері көтерілді. Сондай-ақ газетте сын мақалаларға да орын берілді. Бейімбет Майлин «Айқап» газеті мен «Қазақ» газетінің тілі, жазылу емлесі туралы мәселе көтерсе, Райымжан Мәрсеков қазақ әдебиетінің өсу дәуірін үш кезеңге бөліп талдады. Есенқұл Маманұлының қазақ романына бәйге жариялауы да әдебиетке серпіліс әкелді. Сонымен қатар газет бетінде Міржақып Дулатұлы, Ғұмар Қараш, Сәбит Дөнентаев, Жүсіпбек Аймауытұлы, Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаев, Бекмұхамет Серкебаев, Сұлтанмахмұт Торайғырұлы, Ілияс Жансүгіров, Ахмет Мамытұлы, т.б. қаламгерлердің шығармалары жарияланды. Осылайша, қазақ әдебиетіне олжа салған әдеби туындылар да «Қазақ» газетінде жарық көрді. Әлихан Бөкейханның аудармалары мен сын мақалалары да газеттің көркін келтірді. Оның «Қобыланды батыр» жырына, Шәкәрімнің кітаптарына жазған сын мақалалары қазақ әдебиетіне қозғау салғаны анық. «Қазақ» газеті кітап шығару ісін де ұдайы қолдап, жаңа кітабы жарық көрген авторлардың жинағын оқырманға таныстырып, тіпті олардың басылуы мен сатылуына да ықпал етті. Осы арқылы газет жай ғана басылым емес, ұлттық ағартушылық мінберге айналып, оқырманды саналы, жауапты тұлға етіп қалыптастыруға күш салды.
Газеттің бұдан басқа атқарған шаруасы шашетектен. «Қазақ» басқармасы бір мемлекеттің функциясын атқарды деуге де болады. Газет мұқтаж шәкірттерге ел ішінен жылу жинап, дүниеден өткен жандардың пидасын (садақасын) шәкірттердің оқуына жұмсауына сеп болды, тіпті жұмыс іздеген жас мұғалімдердің қызметке орналасуын да ұлт газеті өз мойнына алды. Мемлекеттік думадағы Мұсылман фракциясы жанынан бюро ашылғанда сондағы қазақ өкілдеріне деп ел ішінен қаржы жинаған, қазақтың өз алдына жеке баспахана алдыру керек болғанда Алаш ауқаттыларын «Азамат» серіктігінің аясына жұмылдырып, жарна жинатқан да осы «Қазақ» еді. Қазақ жігіттері тыл жұмысына алынып, мың-мыңдап майдан даласына аттанғанда да азаматтардың амандығын білдіріп, хал-жағдайынан хабардар етіп отырған да осы «Қазақ» болатын. Ақпан төңкерісінен соң билік басына Уақытша үкімет келіп, Құрылтай жиылысы сайланған кезде де жан-жаққа хабар беріп, жүрегі Алаш деп соққан азаматтардың басын қосып, партия құрып, Құрылтайдан көбірек орын алу үшін жанталасқан да «Қазақ» басқармасындағы азаматтар еді. Орынборда бір жылда екі рет жалпы қазақ съезін өткізіп, Алашорда үкіметі құрылғанда жаңа үкіметтің жұмысын жандандыру үшін жұдырықтай жұмылған да «Қазақ» басқармасы. Олай болса, «Қазақ» газетінің ұлт үшін атқарған миссиясы ұшан-теңіз.
«Қазақ» газетінен кейін дүниеге келген «Сарыарқа», «Бірлік туы», «Ұран», «Ақ жол», т.б. басылымдар да «Қазақтың» дәстүрлі ақпарат жолын ұстанып, осы ағартушылық миссияны әрі қарай жалғады. Қазан төңкерісінен кейін де баспасөз бастапқы міндетті жаңаша бағытта жалғастырды. Төңкеріске дейін «Қазақ» басқармасының жұмысын жүйелеген Ахмет Байтұрсынұлы төңкерістен кейін де қазақ руханияты үшін тер
төкті.
Қазіргі газет-журналдар да ағартушылық міндетті де атқарып жатыр. Газет-журналдар қоғамдағы маңызды оқиғаларды, білім, мәдениет пен ғылым саласындағы жаңалықтарды жеткізіп, қоғамдық-саяси, экономикалық һәм әлеуметтік бағыттағы сараптамалық материалдар дайындап, тілді дамытуға, әдебиет пен мәдениетті насихаттауға қызмет етіп, оқырманды ойлануға, пікірталасқа тартуға шақыратын материалдар арқылы ағартушылық қызметті абыройлы атқарып келеді.
Бүгінгі баспасөз – ертеңгі тарихты қаттаушы. Сондықтан қазіргі журналистер ұлт жадында мәңгі қалатын жауапкершілік барын жақсы біледі. Бүгінгі айтылған әрбір ақиқат ертеңгі ұрпақтың көзқарасын қалыптастыратынын да жан-тәнімен сезінеді. Баспасөз қызметкерлері уақыттың тынысын қалам арқылы көшіріп, болашаққа із қалдырып жатыр. Әр сөздің салмағы бар екенін ескерсек, сол іздің айқын әрі адал болуы – басты міндет.
Соңғы жаңалықтар
Қоғам • Бүгін, 08:20
Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:15
Басылым • Бүгін, 08:10
Аймақтар • Бүгін, 08:05
Аймақтар • Бүгін, 08:02
Америкада білім алу мүмкіндігі
Білім • Бүгін, 08:00
Үкімет • Кеше
Оқушылар өмірдің өзін сахналады
Мектеп • Кеше
Отандық стартап саласына 73 млн доллар инвестиция тартылды
Инвестиция • Кеше
Президент: Жаңа Конституция бойынша түпкілікті шешімді халық референдумда қабылдайды
Президент • Кеше
Еліміздің 16 өңірінде ауа райына байланысты дауылды ескерту жарияланды
Ауа райы • Кеше
Биометриялық деректерді пайдалану тәртібі нақтыланды
Қоғам • Кеше
Жаңа Конституция жобасының мәтіні қайда жарияланады?
Ата заң • Кеше
Биыл Жамбыл облысында 76 канал жөнделеді
Аймақтар • Кеше
Елордада оқушылар арасында әдеби байқау өтті
Елорда • Кеше