Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..
— Қазақ елінде өзге ұлт өкілдерінің қоныстануы қай кезеңде басталды?
— ХVIII–XIX ғасырларда қазақ жеріне, оның ішінде еліміздің батыс аймағына әскери қызметке немістер келсе, поляктар жер аударылып, қоныстанды. Көп емес, бірлі-жарым ғана болды. Ал XIX ғасырда Патша үкіметінің қоныстандыру саясаты нәтижесінде Қазақстан территориясына орыс, украин шаруалары келді. 1930-1940 жылдардағы депортацияға келер болсақ, сол кезде КСРО және одан тысқары жерлердегі халықты бір аймақтан екінші аймаққа күштеп жер аудару саясаты іске асты. Себебі 1922 жылы Кеңес Одағы құрылып, ел дипломатиялық изоляцияда қалды. КСРО көптеген елді дұшпаны санаған еді.
Ал 1930 жылдардың екінші жартысында халықаралық қатынастар шиеленісе түсті. Кеңес Одағына Германия, Италия және Қиыр Шығыс тарапынан қауіп төнеді деген желеумен депортациялау жүреді. Ең алдымен Қиыр Шығыстағы кәрістер жер аударылды. Сол жерде бұрыннан тұрып келе жатқан кәрістерді сенімсіз халық деп санап, Орта Азия елдеріне көшіре бастады. 1937 жылдың 21-тамызы күні КСРО Халық комиссарлары кеңесі аса құпия бұйрықты шағарды. Онда «Қиыр Шығыс өлкесіндегі шекаралық аудандардан кәріс тұрғындарын көшіру туралы» қаулысы қабылданды. Мақсат — жапон барлаушыларының Қиыр Шығыс өлкесіне енуіп кетуінің алдын алу болды. Кәрістер Өзбекстан мен Қазақстанға күштеп көшірілген. Яғни Жапония әскер кіргізген жағдайда кәрістер көмектесуі мүмкін деп тұжырымды желеу еткен.
Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform— Сол кезде қанша адам келді?
— 1937 жылы Қазақстанға 95 256 кәріс қоныстанды. Нақтыласақ олар Алматы, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Батыс Қазақстан, қазіргі Атырау, Қостанай және Ақтөбе облыстарына көшірілді. Ақтөбеге келген кәрістердің 80-90% сол кездердегі Қарабұтақ ауданына орналасты. Ярмұхамедов совхозында 6 колхоз құрылып, оған 205 шаруашылық орналастырылды. Шаруашылық дегеніміз — отбасы. Сол 6 колхоздағы колхозшылардың жеке пайдалануына 781 бас, ал жалпы қоғамдастыққа 1 636 бас мал беріледі.
Сонымен бірге кәрістерге шабындық пен егістік жер бөлінді. Тағы бір айта кететін жайт, Қызылордаға қоныстанған кәрістердің бір бөлігі Ақтөбе жеріне жіберілген. Сонда Ақтөбе жеріне 535 отбасы, 2054 адам келді. Депортацияланған халықтардың саяси-құқықтық жағдайы шектеулі еді. Белгіленген ауылдан шығуға рұқсат жоқ және қатаң бақылау жүрді. Балалар мектепке барғанымен, техникум, жоғары оқу орындарына жіберілмеді. Сенбеген, үнемі көзден таса қылмай ұстаған. 1939 жылдың 1-қаңтардағы мәлімет бойынша Ақтөбе облысы аумағына 818 кәріс отбасы қоныстанған. Оның тең жартысы 4 колхозға біріктірілді, 352 отбасы түрлі ұйымдар мен мекемелерге жұмысшы және қызметкер ретінде жіберілді.
— Ақтөбе жеріне келген кәрістердің мекені Қарабұтақ екені тарихи деректерде айтылды. Сонымен бірге кәрістердің өздері де сол мекендегі өмірі туралы естеліктерін жиі бөлісіп отырады. Ал поляктардың көші қай кезде басталды?
— 1942 жылдың басында Ақтөбе облысында 24 мыңға жуық арнайы қоныстанушы болды. Оның ішінде 6 200 поляк, 5 364 молдаван, 9 356 неміс және Астрахань мен Қырымнан 3 000 адам келген. Поляктар қалай қоныстанды? Біріншіден, Польшамен шекаралас жатқан Украинадағы поляктар күштен көшірілді. Екіншіден, 1939 жылы тамызда КСРО Сыртқы істер халық комиссары В. Молотов пен Германия Сыртқы істер министрі И. Риббентроп келісімшарты болады. Кеңес Одағы мен Германия Шығыс Еуропаны, яғни Польша мен Балтық елдерін бөліседі. Кеңес Одағы Польшаның шығыс аймағын өздері иеленетінін, қалғанын Германия басып алатынын айтады. 1939 жылы қыркүйекте соғыс басталып, Германия Польшаға шабуыл жасайды.
Сол уақытта КСРО да соғыс ашып, Польша территориясы екіге бөлінеді. Міне сол территориядағы поляктарды сенімсіз халыққа санап, күштеп қоныс аударады. Сөйтіп 1940 жылы аса құпия қаулы шығып, Украина мен Белорусьтің батыс облыстарынан 60 667 адам көшірілді. Олар Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Семей облыстарына орналастырылды. Ақтөбеге 7 092 поляк келді. Қуғын-сүргін аяқталған соң бірқатар ұлттың құқығы қалпына келтіріліп, олар атажұртына оралады. Кәрістер мен поляктардың бір бөлігі Қазақстанда тұрақтап қалды. Ал немістер еліне оралды. Тәуелсіздік жылдары ең бірінше еліне жаппай көшкен де немістер болды.
— Неміс халқы қалай депортацияланды?
— Еділ бойындағы немістердің көшірілуі Екінші дүниежүзілік соғысқа тікелей байланысты болды. Негізі Еділ бойын қоныстанған немістер дегеніміз ХІХ ғасырда сол жаққа барған орыс шаруалары еді. Фашистерге қосылып, қарсы соғысады деген желеумен бір түнде депортацияланды. Жарлық 1941 жылы шыққан. «Еділ бойы немістерінің арасында мыңдаған диверсанттар мен тыңшылар бар. Олар Германияның дабылы бойынша Еділ бойы және оған шектес аудандарда жарылыстар жүргізуі мүмкін» деп көшірді. Қазақ жеріне қоныс аударылған тағы бір этнос — кавказ халықтары. Шешен-ингуш, қарашай халықтары келді. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде бұл территорияны немістер басып алып, қоршауда болады. Жау әскері кері шегініп, жерді азат еткен соң сенімсіздік ұялап, халықты көшірген екен.
1944 жылы наурыздағы дерекке сүйенсек, 20 309 адам көшіріліп әкелінген. Олар жергілікті кәсіпорындарға, шахтаға жұмысқа жіберілді. Шалқар ауданының аумағында Шахта деген ауыл бар. Бірер жыл бұрын бір топ шешен келіп келіп, туып-өскен жерін көріп кетті. Жалпы адамдарды Орта Азия елдеріне, соның ішінде Қазақстанға вагон-вагонға тиіп жөнелткен, жолда мерт болғаны да бар. Қазақ халқы өз басындағы қиындыққа қарамастан жылы қарсы алып, бір нанды бөлісіп жеді, балаларды бауырына басты.
Дегенмен депортацияланған адамдарды орналастыру кезінде бірқатар қиындық болғаны рас. Оларға үй табу, мектепке орналастыру талабы кейде орындалмады. Мәселен Ақтөбе облысында 268 тұрғын үйдің орнына тек 162-і санылған. Барлығы 23 шаруашылық салынуы тиіс болса, тек жетеуінің құрылысы жүргізілген. Мектеп құрылысы уақытылы аяқталмай кәрістер бейімделген ғимараттарда оқыды. Кәрістер жергілікті басшылыққа азық-түлік, қаржы тапшылығы туралы айтып, шағым да жазған екен сол кездері. Негізі ауылға орналасқандары мал және егін шаруашылығымен айналысқан, қалада өнеркәсіпте жұмыс істеді.
— Өзге ұлт халқын қазақ жеріне депортациялау құжаттары қайда сақталған?
— Алматы, Ақтөбе архивтерінде сол мәлімет бар. Деректер құпия емес. Архив еліміз тәуелсіздік алған соң ашылды. Ал депортацияланғандар арасындағы репрессияға ұшырағандар жайындағы мәлімет әлі де құпия сақталады.
Айта кетейік, болгарлардың музей үйі жұмыс істеп тұр. Мұнда бір ғасырдан астам уақыт бұрын мұнда мыңға жуық болгар көшіп келген.