Inform.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
Мұқағали Мақатаев 1931 жылы 9 ақпанда қазіргі Алматы облысы Райымбек ауданына қарасты Қарасаз ауылында дүниеге келген.
Ақынның туған күніне қатысты екі түрлі дерек айтылады. Ресми құжаттарда оның туған күні 9 ақпан деп көрсетілген және қазір осы дата кеңінен аталып өтіп жүр. Алайда ақынның анасы Нағиманның естелігі бұған сәл өзгеше мәлімет ұсынады. Оның айтуынша, Мұқағали 1931 жылдың 8 наурызында дүниеге келген.
Фото: malim.kz— Мұқағалиым 1931 жылы наурыз айының 8-інде дүниеге келген болатын. Жаңылысуым мүмкін емес. Себебі балам мынау фәнидің есігін ашқаннан біраз уақыт кейін Наурыз тойы болады, наурыз көже жасаймыз деп күтіп отырғанбыз, — деп еске алады ол.
Ал Мұқағали Мақатаев атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты, ақын Оразақын Асқар бұл айырмашылықтың себебін құжаттық жағдаймен байланыстырады. Оның сөзінше, ақын ес білген шағында құжаттағы туған күнін өзі жаздырған.
— Ал құжат бойынша Мұқағали 9 ақпанда дүниеге келген. Бұл куәлікті ақын ес білген кезде сол кездегі сайлау науқанына байланысты өзі жаздырып алған екен, — дейді ол.
Мұқағалидың әкесі Сүлеймен соғыс жылдары қаза тапқан. Болашақ ақын жастайынан еңбекке араласып, ауыл өмірінің қиындықтарын ерте көрді. Әр жылдары ауылдық кеңесте хатшы, мектепте мұғалім, аудандық газетте тілші, радиода диктор қызметтерін атқарған. Әдеби ортаға араласуы оның шығармашылық бағытының қалыптасуына ықпал етті. Ақынның алғашқы өлеңдері баспасөзде 1950 жылдардың басында жариялана бастады.
Мұқағали Мақатаев — қазақ лирикасын жаңа деңгейге көтерген қаламгерлердің бірі. Оның шығармаларында адам мен табиғат байланысы, махаббат, анаға құрмет, Отанға сүйіспеншілік, өмір мен өлім туралы философиялық толғаныс айқын көрінеді. Ақын поэзиясының басты ерекшелігі — тілінің қарапайымдылығы мен ойының тереңдігі. Ол күрделі сезімді қарапайым сөзбен жеткізе білуімен ерекшеленеді.
Фото: kaspi.kzАқынның белгілі туындыларының қатарында «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы, «Фариза, Фаризажан, Фариза-қыз!», «Сарыжайлау», «Үш бақытым», «Мен таулықпын», «Поэзия, менімен егіз бе едің?» сияқты өлеңдері бар. «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы адам мен табиғат арасындағы үйлесімділік пен адам қолымен жасалатын қателіктің салдарын көркем бейнелейтін шығарма ретінде кең танылған.
Мұқағали Мақатаев аударма саласында да еңбек етіп, әлем әдебиетінің классиктерін қазақ тіліне тәржімалаған. Ол Уолт Уитмен, Данте, Шекспир шығармаларын аударуға қатысқан қаламгерлердің бірі ретінде аталады.
Ақын 1976 жылы 27 наурызда 45 жасында дүниеден өтті. Мұқағали Мақатаев мұрасы қазақ әдебиетінің алтын қорына енді. Бүгінде оның есімі мектеп оқулықтарында, ғылыми зерттеулерде, әдеби кештер мен поэзия оқуларында жиі аталады.
Фото: adebiportal.kzМұқағали Мақатаев — қазақ лирикасын жаңа сапалық деңгейге көтерген, ұлттық поэзияда жеке қолтаңбасы қалыптасқан ақын. Оның шығармалары осы күнге дейін оқырманын жоғалтпай, рухани құндылық ретінде өмір сүріп келеді.
Еске салайық, 2025 жылы Мұқағалидың туған күніне орай ақынның өлеңіне жазылған жаңа ән радиодан шырқалғанын жазғанбыз.
Сондай-ақ «Мұқағали» көркем фильмі Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше елдері кинофестивалінің конкурстық бағдарламасына іріктеліп алынғанын хабарлағанбыз.