Қазақстан мен Пәкістан ынтымақтастығы стратегиялық деңгейге көтерілді

05.02.2026

Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкіс­танға мемлекеттік сапары барысында екі елдің стратегия­лық серіктестігін нығайта­тын мазмұнды әрі нәтижелі келіс­сөздер өткізді. Алғашқы басқосу Премьер-министр Шахбаз Шарифпен шағын құрамда басталды.

Суреттерді түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ

Ықпалдастықтың жаңа кезеңі

Келіссөздерден бұрын Пәкістан Премьер-министрінің резиденциясында Қасым-Жомарт Тоқаевты ресми қарсы алу рәсімі өтті. Мемлекет басшысын Премьер-министр Шахбаз Шариф күтіп алды.

Қазақстан Президенті мен Пәкістан Премьер-министрі суретке түскен соң екі елдің мемлекеттік әнұрандары орындалды. Содан кейін Құрмет қарауылының бастығы рапорт берді. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шахбаз Шариф бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды.

Қарсы алу рәсімінен кейін Қазақстан Президенті Пәкістан Премьер-министрі­нің резиденциясы аумағында ағаш отырғызды. Бұдан соң екі ел басшылары келіссөз залына барды.

Тараптар кейінгі жылдары Қазақстан мен Пәкістан арасында көпжоспарлы ынты­мақтастық қарқынды дамып келе жат­қанын атап өтті. Сондай-ақ саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мә­дени-гуманитарлық ықпалдастықты нығай­тудың келешегі зор бағыттарын талқылады.

Кездесу барысында сауда, көлік-логис­тика, энергетика, ауыл шаруашы­лығы, цифрландыру, ғарыш және қар­жы салаларындағы қарым-қатынасты терең­дету мәселесіне баса назар аударылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шахбаз Шариф өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты.

Серіктестікке – тың серпін

Бұдан соң Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шахбаз Шарифтің келіссөздері екі ел делега­цияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғасты.

Президент Исламабадқа келіп, Пәкістанның бай тарихымен, мәдени мұрасымен және ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлерімен танысуды зор мәртебе санайтынын атап өтті.

– Қазақстан Президенті ретінде Пәкіс­танға бірінші рет мемлекеттік сапар­­мен келіп отырмын. Бұл сапар тарихи мән­ге ие және уақыт тезінен өткен серіктестігі­міз­дің маңызды кезеңі саналады. Мен бұған сенімдімін. Халықтарымыздың Жібек жолы арқылы және кең таралған ислам өркениеті аясында ғасырлар бойы қалыптасқан достығын жоғары бағалаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы аталған сапар дип­ломатиялық қарым-қатынастың ор­нағанына 34 жыл толуымен тұспа-тұс кел­геніне тоқталып, мұның рәміздік мәніне назар аударды. Президенттің айтуынша, Пәкістан – Қазақстанның тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бері Оңтүстік Азиядағы маңызды әрі сенімді серіктесі.

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін қол қойылатын Стратегиялық серіктестік орнату туралы бірлескен декларация өзара ықпалдастыққа жол ашатын маңызды тарихи межені айқындайтынын айтты.

Мемлекет басшысының пікірінше, Астана мен Исламабад екіжақты байланыстар мен ынтымақтастыққа тың серпін беретін мүмкіндікке ие.

Президент Пәкістанға үлкен делегациямен және сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастықты, сондай-ақ басқа да басым салалардағы ықпалдастықты арттыруға бағытталған нақты ұсыныстармен келгенін атап өтті.

Кездесуде көлік бағыттарын өзара ұштастыруға ерекше мән берілді. Бұл – Қазақстанның негізгі басымдықтарының бірі. Еліміз Шығыс пен Батысты, Солтүстік пен Оңтүстікті жалғайтын тоғыз жолдың торабында орналасқан. Президенттің айтуынша, Қазақстан Орталық Азия елдерімен үйлесімді қарым-қатынас жасау арқылы көлік-логистика саласындағы нақты жобаларды жүзеге асыруды жалғастырады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістан Премьер-министрін Қазақстанға мемлекет­тік сапармен келуге шақырды. Сон­-

дай-ақ бүгінгі уағдаластықтардың жүзеге асырылуын пысықтау және екіжақты қарым-қатынасты нығайтудың алдағы қадам­дарын айқындау үшін мәртебелі мейманды биыл қарсы алуға дайын екенін жеткізді.

Кездесуде атап өтілгендей, Қазақстан мен Пәкістанның көпжақты алаңдарда, соның ішінде БҰҰ, ШЫҰ және басқа да ұйымдар аясында тығыз ықпалдастықты жалғастыруы маңызды.

Шахбаз Шариф Қазақстан Президентін Исламабадта ыстық ықыласпен қарсы алды.

– Елімізге арнайы уақыт тауып келге­ніңіз үшін Сізге алғыс айтамыз. Пәкістан халқымен, Үкіметімен бірге Сізді қарсы алғаныма қуаныштымын. Қазақстан – біздің стратегиялық серіктесіміз. Достығы­­мызды нығайтып, экономиканың түрлі бағыт­­тарында, саясат, қорғаныс сала­ларын­да сенімді серіктестік орнату, сон­дай-ақ сауда дәліздерін қалыптастыру мақсатын­да Қазақстан Үкіметімен тығыз қарым-қаты­наста жұмыс істегіміз келеді. Бұған күмәніңіз болмасын, – деді Премьер-министр.

Шахбаз Шарифтің айтуынша, Пәкістан мен Қазақстанның сауда-экономикалық ынтымақтастықты, соның ішінде энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік, цифрландыру салаларындағы серік­тес­­­тікті дамытуда әлеуеті жеткілікті. Премьер-министр екіжақты қарым-қатынас­­тың барлық бағыты бойынша нақты әрі елеулі прогресс қажет екеніне назар аударды.

Келіссөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шахбаз Шариф екі ел халықтарының игілігі үшін сан қырлы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге мүдделі екенін растады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Премьер-министр Шахбаз Шариф Қазақстан Республикасы мен Пәкістан Ислам Республикасы арасында стратегия­лық серіктестік орнату туралы бірлескен дек­ларацияға қол қойды. Сондай-ақ Мем­лекет басшысы мен Пәкістан Премьер-министрінің қатысуымен 19 құжатқа қол қойылды.

Салтанатты іс-шарада Қасым-Жомарт Тоқаевтың Пәкістанға мемлекеттік сапары барысында бұдан бөлек тағы 18 құжатқа қол қойылғаны жөнінде хабарланды. 

Мазмұнды әрі нәтижелі келіссөздер

Мемлекет басшысы Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шарифпен жүргізген келіссөздерінің қорытындысы бойынша БАҚ өкілдерінің алдында сөз сөйледі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістанға мемлекеттік сапармен келуге шақырғаны үшін Премьер-министр Шахбаз Шарифке алғыс айтып, қазақ делегациясын қонақжайлықпен қарсы алған Пәкістан халқына ризашылығын білдірді. Сондай-ақ тарихы терең, мәдениеті бай, халықаралық сахнадағы беделі биік бауырлас Пәкістанға келгеніне қуанышты екенін жеткізді.

– Пәкістан – Қазақстанның Оңтүс­тік Азиядағы және одан тысқары жер­лердегі сенімді әрі маңызды серіктесі. Халық­тарымызды Ұлы Жібек жолынан бас­тау алған тағдырлы байланыс пен мәдени-рухани сабақтастық жалғап келеді. Біздің құндылықтарымыз бен дәстүрлеріміз үндес, ниетіміз бен тілегіміз ортақ, мұратымыз бір. Үкіметтеріміз бен іскерлік орта деңгейінде сындарлы саяси диалог, орнықты экономикалық қатынастар қалыптасып, жүйелі түрде нығаюда. Бүгін қадірлі Премьер-министр мырзамен тарихи құжатқа – Қазақстан мен Пәкістан арасында стратегиялық серіктестік орнату туралы бірлескен декларацияға қол қой­дық. Бұл құжат өзара байланыстарды жаңа деңгейге көтеруге, сондай-ақ екіжақ­ты және көпжақты күн тәртібінің барлық спектрі бойынша ынтымақтастықты кеңі­нен дамытуға жол ашады. Елдеріміз ара­сын­дағы достық қатынастарды және өзара тиім­­ді ықпалдастықты тереңдетуге Пәкіс­тан Премьер-министрі Шахбаз Шариф ай­тар­лықтай зор үлес қосты. Сол үшін оған алғыс айтамын, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Шахбаз Шарифті елін алға батыл бастаған көреген көш­­басшы деп атады. Оның келешекке бағ­­дар­­ланған салиқалы саясат жүргізуінің арқа­­сында Исламабадтың аймақтағы және әлем­дегі беделі жылдан-жылға артып келеді.

– Былтыр Пәкістан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Елдің сын­дар­лы әрі жауапты қадамдары аймақ­тағы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығай­туға септігін тигізді. Пәкістанның экономи­ка­лық әлеуеті зор, өнеркәсіптік базасы дамы­ған, көлік-транзит мүмкін­діктері мол. Пәкістанның ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсібі, медицина өнімдері халық­аралық нарықта кеңінен таралған. Әске­ри-өнеркәсіптік кешенінің серпінді дамуы әлемдік деңгейде танылған. Достас халық­тың түрлі салалардағы әрбір жетістігіне шын жүректен ризамыз, сіздерге әрдайым тілекшіміз, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Премьер-министр Шахбаз Шарифпен мазмұнды әрі нәтижелі келіссөздер өткізгеніне тоқталды.

– Ынтымақтастығымыздың түрлі бағыттарына серпін беретін маңызды үкіметаралық құжаттар қабылданды. Сауда, көлік және логистика, өнеркәсіп, энергетика, ақпараттық технологиялар, мәдени-гуманитарлық мәселелер жан-жақты талқыланды. Сауда-экономика саласындағы алыс-беріс күшейіп келеді. Былтыр екіжақты сауда көрсеткіштері алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есе артты. Бұл бағытта елдеріміз арасындағы «Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі жол картасы» (2025–2027 жыл­дарға арналған) тиімді іске асырылып келеді. Біз тауар айналымын арттыру үшін нақты шаралар қабылдау жөнінде уағдаластық. Алдағы жылдары оның көлемін 1 мил­лиард долларға жеткізу туралы өте өршіл мақсат қойдық. Кәсіпкерлеріміздің ара­сындағы өзара іс-қимылды жандандыру үшін қолайлы жағдай қалыптастырудың маңызын атап өттік. Әсіресе алыс-берісті кеңейту мақсатында көлік-логистика саласындағы жобаларға басымдық беретін болдық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Келіссөздер барысында Премьер-министр Пәкістанның транзиттік және логистикалық мүмкіндіктері кеңейіп келе жатқанын, бұл Қазақстанның халық­аралық нарықтарға шығуына балама жол бола алатынын атап өткен.

– Бұл тұрғыда, Пәкістанның Карачи және Гвадар порттарының әлеуетін талқыладық. Басым міндеттердің бірі ретінде Транскаспий көлік дәлізін дамытуды, Ауғанстан арқылы өтетін транзиттік бағытты ілгерілетуді қарастырдық. Осы орайда Қазақстан – Түрікменстан – Ауғанстан – Пәкістан бағытындағы темір жол бағытын іске асыру перспективасын талқыладық, – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, екі ел арасындағы тікелей әуе қатынасын қайта қосу мүмкіндігі зерделенеді. Бұл бизнесті, туризмді дамыту тұрғысында өте өзекті.

– Агроөнеркәсіп кешенінде өзара алыс-берісті арттыруға және бірлескен өндірістерді ашуға септігін тигізетін маңызды келісімдер жасалды. Екі елдің өнеркәсіп саласындағы мүмкіндіктері мол. Мен Пәкістан компанияларын елімізде тауарлар өндіруге бағытталған кәсіпорындар ашуға шақырдым. Қазіргі уақытта олар ауыл шаруашылығы, фармацевтика және құрылыс материалдары өнімдерін өндіруге қызығушылық танытуда, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент қорғаныс өнеркәсібі аясында өзара тиімді ынтымақтастықтың бағыттарын дамытуға келіскенін айтты.

– Кейінгі жылдары қауіпсіздік органдары және құқық қорғау құрылым­дары арасындағы ықпалдастық қарқын­ды дамуда. Келіссөз кезінде жасанды интеллектіні және цифрлық технологияны экономикаға жаппай енгізу­дің стратегиялық маңызы атап өтілді. Осы салада бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенімізді растадық. Пәкістан –исламдық қаржыландыру саласында әлемнің жетекші елдерінің бірі. Астана халықаралық қаржы орталығында еуразиялық кеңістікте халал қаржыны дамыту үшін барлық жағдай жасалған. Осы мүмкіндіктерді Пәкістанның қаржы институттары да тиімді пайдалана алады. Сонымен қатар инвестициялық ынтымақтастыққа назар аудардық. Бұл бағытта бүгін «Самұрық-Қазына» қоры және «Fauji Foundation» арасында құрылған «Бірлескен инвестиция­лық платформасы» нақты жобаларды зерделейтін болады. Жалпы, пәкістан­дық кәсіпкерлерге елімізде қолайлы жағ­дай жасауға дайынбыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстан-Пәкістан бизнес-форумына қатысатын­дарын, жиында екі елдің 250-ден аса ком­пания жетекшілері бас қосып, бір­қатар коммерциялық құжатқа қол қойылатынын жеткізді.

– Бұл маңызды іс-шара нәтижелері өзара сауда-экономикалық және инвес­тициялық қатынастарға тың серпін беретініне сенемін. Сондай-ақ екі елдің мәдени-гуманитарлық ынтымақтас­тығын дамыту мәселесін талқыла­дық. Еліміздің жоғары оқу орындарының танымалдылығы Пәкістан жастары арасында жылдан жылға артып келеді. Қазір Қазақстанда мыңнан аса пәкістандық студент түрлі мамандықтар бойынша білім алуда. Осы ретте ғылым және білім саласындағы байланысты одан әрі дамытуға уағдаластық. Исламабад университеттерінде бүгін ашылған «Әл-Фараби», «Сәтбаев» және «Ясауи» орталықтары екі елдің ғылым және оқу-ағарту салаларындағы ықпалдасты­ғын нығайтатын болады, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау және спорт бағыттары бойынша өзара іс-қимылды күшейту маңызды екеніне мән берді.

– Бүгін біз Қазақстан-Пәкістан «Достық» спорт кешенін салтанатты түрде аштық. Аталған спорт орталығында қазақ кү­ресі, тоғызқұмалақ сияқты қазақтың ұлт­тық спорт түрлері оқытылады. Сондай-ақ шахмат, бокс, аралас жекпе-жек бойынша дәрістер ұйымдастырылады. Тұрақты түрде мәдени және спорттық іс-шаралар өткізу бағдарламасын қабылдадық. Бұл қадам қос халықтың бір-бірін жақынырақ тануына септігін тигізеді деп сенемін, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Премьер-министрмен бірге бейбітшілік пен қауіп­сіздікті нығайту мақсатында күш жұ­мылдыруға ден қоя отырып, халық­аралық және аймақтық мәселелерді талқылағанын айтты.

– Біз әлемнің әр түкпірінде жалғасып жатқан қақтығыстарға алаңдаушылық білдіреміз. Көптеген өзекті тақырып бойынша ұстанымдарымыз ұқсас. Кез келген жанжалды диалог арқылы дипломатиялық жолмен шешу қажет деп санаймыз. Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы және халықаралық құқық нормалары қатаң сақталуға және сөзсіз басымдыққа ие болуға тиіс. Қазіргі геосаяси жағдайда көпжақты ұйымдар аясында өзара қолдау көрсету және консуль­тациялар өткізу аса маңызды. Пәкістан Қазақстанның Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесі аясындағы бастамаларын үнемі қолдап келеді. Біз бұған ризашылығы­мыз­ды білдіреміз. Сонымен қатар әлемде бейбітшілік пен тұрақтылықты орнату жолында нақты қадамдарды талқыла­дық. Осы орайда, бүгін Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгершілік миссияларына бірлесіп қатысу жөніндегі Үкіметаралық меморандумға қол қойылды. Бұл құжат халықаралық бітімгершілік қызметі бо­йынша әріптестігімізді одан әрі кеңейтуге жол ашады, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінгі сапар екі елдің ынтымақтастығын одан әрі нығайта түсетіні анық.

– Бүгін орнатылған стратегиялық серік­тестігіміз бен қол жеткізген уағда­ластықтарымыз екі елдің игілігі үшін қызмет ететініне кәміл сенемін. Бауырлас халықтарымыздың достығы берік, баянды болып, болашаққа жалғаса берсін. Менің бауырым, қадірлі Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шариф мырзаның биыл елімізге мемлекеттік сапармен келуін асыға күтемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Шахбаз Шариф Пәкістан Қазақ­станды Орталық Азиядағы маңызды серіктестерінің бірі ретінде қарас­тыратынын мәлімдеді.

– Бүгінгі табысты келіссөздер нақты нәтижелерге ұласып, қол қойылған құжаттар екіжақты байланыстарды дамытуға тың серпін беретініне сенімдімін. Екі ел арасындағы серіктестікті нығайта отырып, сауда, мәдениет, білім беру және басқа да көптеген сала бойынша ынтымақтастықта жаңа мүмкіндіктерге жол ашылады деп есептеймін. Жоғары мәртебелі Президент мырза, Сізге Пәкістан мен Қазақстан қарым-қатынасын одан әрі арттыруға қолдау көрсеткеніңіз үшін алғыс айтамын, – деді Пәкістан Премьер-министрі. 

Исламабадта «Достық» спорт кешені ашылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік сапары аясында Исламабадта Әл-Фараби, Қаныш Сәтбаев және Қожа Ахмет Ясауи атындағы мәдени-білім беру орталықтарының, сондай-ақ «Достық» спорт кешенінің ашылу салтанаты өтті.

Әл-Фараби орталығы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен «Каид-и-Азам» университеті (Quaid-i-Azam University) арасындағы ынтымақтастық шеңберінде ашылды. Ғимарат оқу-әдістемелік және ғылыми әдебиеттермен, сонымен бірге заманауи компьютерлік құрал-жаб­дықтармен, жиһазбен қамтылған. Орталық базасында қазақ тілі курстары ұйымдастырылмақ.

Қаныш Сәтбаев орталығы Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті (Satbayev University) мен Пәкістан ұлттық ғылым және технология университеті арасындағы ғылым, білім, сондай-ақ технология салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту жөніндегі уағдаластықтарға сәйкес жұмыс істейтін болады.

Қожа Ахмет Ясауи орталығы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті мен Исламабад Халықаралық ислам университетінің келісімі бойынша ашылды.

«Достық» спорт орталығында тоғыз­құмалақ және қазақ күресі бо­йын­ша пәкістандық федерациялар құру, Қазақстан шахмат академиясының, Qazaq batyry аралас жекпе-жегінің филиалдарын ашу, сондай-ақ екі елдің грэпплинг пен бокс федерациялары арасындағы ынтымақтастықты дамыту көзделіп отыр. Қос мемлекет пәкістандық жаттықтырушылар мен спортшыларды оқыту үшін бірлескен оқу-жаттығу жиын­дарын қолға алмақ. 

Қазақстан-Пәкістан бизнес форумы өтті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Премьер-министр Шахбаз Шариф Қазақстан-Пәкістан бизнес форумына қатысты.

Мемлекет басшысы өз сөзінде осы маңызды іс-шараны ұйымдастыруға бас­тамашы болғаны үшін Премьер-министр Шахбаз Шарифке алғыс айтты.

– Пәкістанға жасаған алғашқы мем­лекеттік сапарым екіжақты ынтымақ­тастықтың айтулы тарихи кезеңіне айналды. Біз серіктестігімізді стратегиялық деңгейге көтеруге арналған Бірлескен декларацияға қол қойдық. Бүгінгі бизнес форум барысында жалпы сомасы 200 миллион долларға жуық 30-дан аса келісім жасалды. Бұл бауырлас халықтарымыздың сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастығын одан әрі нығайтуға тың серпін береді. Шын мәнінде, серіктестігіміз ұдайы кеңейіп келеді. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы екі есеге жуық өсті. Қазақстанда Пәкістан капиталының үлесі бар 200-ден аса компания құрылыс, ауыл шаруашылығы, тағам өнер­кәсібі, индустрия және басқа да көптеген салада жұмыс істейді. Осы оң үрдіс­ке арқа сүйей отырып, екіжақты сауда көле­мін 1 миллиард долларға дейін ұлғай­ту­ды көздейтін өршіл мақсат қойдық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Үкіметке екі елдің бизнес құрылымдары арасындағы, соның ішінде Қазақстан мен Пәкістан Үкіметаралық комиссиясы аясындағы ықпалдастықты жандандыруды тапсырғанын жеткізді.

– Қазақстан Орталық Азиядағы экономикасы ірі ел ретінде өңірлік өсімді қамтамасыз етуге және тың мүм­кіндіктерге жол ашуға үлкен үлес қосып келеді. Былтыр экономикамыз 6,5 пайыз­ға артып, нәтижесінде ішкі жалпы өнім көлемі 300 миллиард доллар межесі­нен асты. Ал жан басына шаққанда ішкі жалпы өнім көлемі 15 мың долларға жетті. Бұл біздің нарықтың орнық­ты әрі экономикалық әлеуеті жо­ғары екенін көрсетеді. Біз институционал­дық құрылымдарды дәйекті түрде жетілдіру арқылы өркендеп келеміз.

Экономикалық стратегиямыз сауда мен инвестицияны әртараптандыру­ға, инновацияларды ынталандыруға және білімге негізделген даму моделін ілгерілетуге бағытталған. Мен жетекші­лік ететін Шетелдік инвесторлар кеңесі Қазақстандағы ашықтық, әділдік қағидаттарына және іскерлік климатты ұдайы жақсартуға бейіл. «Бір терезе» қағидатымен жұмыс істейтін Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа инвесторлар мен бизнеске арналған үдерістерді айтарлықтай жеңілдетеді, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Астана халықаралық қаржы орталығы инвес­тиция, инновация және корпоративтік қызмет көрсету салалары бойынша өңірдегі жетекші орталық саналатынына тоқталды.

– Бүгінде 100-ге жуық елден 5 мың­нан астам компания осы платформа аясын­да табысты жұмыс істеп жатыр. Ерек­ше атап өтетін жайт, экожүйеге Пәкістанның 11 компаниясы қосылған. Қатысу­шылар қатары алдағы уақытта да кө­бейеді деп сенеміз. Қазақстан, сон­дай-ақ өңір нарығына шыққысы келетін пәкі­стандық кәсіпкерлерге сенімді әрі ашық мүмкіндіктер ұсынамыз. Тұрақты инвестициялық құрылымды ұдайы жетілдіріп отырамыз, – деді Президент.

Мемлекет басшысының пікірінше, Қазақстан мен Пәкістанның география­лық орналасуы стратегиялық тұр­ғы­дан маңызды. Екі ел де өңірлік және жаһандық байланыстың басты буыны бола алады.

– Еуразия жүрегінде орналасқан Қазақстан құрлық арқылы сауда-саттықта елеулі рөл атқарады. Еуропа мен Қытай арасында құрлық жолдарымен тасымалданатын жүктің 85 пайызы біз арқылы өтеді. Қазіргі уақытта Транскаспий халықаралық көлік бағдарын немесе Орта дәлізді дамыту елімізді трансконти­ненталдық сауданың ірі орталығына айналдыратын негізгі фактор ретінде қарастырамыз. Сондай-ақ транзит ағынын анағұрлым тиімді үйлестіруді көздейтін «Smart Cargo» бірыңғай цифрлық басқару платформасын әзірледік. Бұл ретте «Қазақстан темір жолы» ұлттық операторы, «Қазпошта» акционерлік қоғамы мен Пәкістанның ұлттық логистика корпорациясы және «Pakistan Post» компания­сы арасында келісімге қол қойылуын құп­таймын. Олардан мультимодальды көлік шешімдерін ілгерілетуге және елдері­міздің порт инфрақұрылымын бірлесе пайдалануға жол ашатын нақты қадамдар күтеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстан мен Пәкістан Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымына мүше елдер ретінде мұсылман мемлекеттеріне арналған орнықты әрі әділ азық-түлік жүйесін құру жолында ортақ мақсатқа жұмылатынын атап өтті.

– Әлемнің 70-тен аса еліне ауыл шаруашылығы өнімдерінің 200-ден астам түрін экспорттаймыз. Кейінгі он жылда ауыл шаруашылығы өндірісінің жалпы ішкі көлемі 2,5 еседен аса көбейді. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті екі есе арттыруға ниеттіміз. Жоғары сапалы және экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімін шығаратын сенімді жеткізуші ретіндегі позициямызды нығайтып келеміз. Сол себепті серіктестік байланыс­тарды кеңейтіп, өңірлік әрі жаһандық деңгейде жаңа жеткізу тізбегін құру үшін жүйелі қадамдар жасаймыз. Осы орайда пәкістандық әріптестеріміздің аталған сектордағы тәжірибесін бөлісіп, капитал құймақ ниетін құптаймыз. Жетісу облысында қант қызылшасын өңдеу зауытын іске қосу туралы «Almoiz Group» компаниясымен жасалған келісім – осы ынтымақтастықтың маңызды бастамасы, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру елдеріміз арасындағы сауда және инвестициялық ынтымақтастық салалары бойынша прогрестің негізгі факторына айналады деп пайымдайды. Президент Пәкістан Үкіметінің озық цифрлық шешімдер енгізу жөніндегі шараларына жоғары баға берді.

– Премьер-министр Шахбаз Шариф Пәкістан экономикасын болашақта бәсекеге қабілетті ету үшін цифрлық трансформацияның маңызды рөл атқаратынын ұдайы айтып келеді. Қазақстан бұл көреген ұстанымды құптайды әрі екі ел үшін де цифрлық инновациялардың әлеуеті зор деп біледі. Біз алдағы бірнеше жылда толық цифрлық елге айналу жөнінде өршіл мақсат қойдық. Оған қол жеткізу үшін өңірдегі алғашқы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құрдық. Инновацияның, зерттеу мен технологиялық прогрестің жетекші платформасы ретінде қызмет ететін Халықаралық Жасанды интеллект орталығын аштық. «Alatau City» кешенді құқықтық, цифрлық және қаржылық экожүйе қалыптастырады. Бұл еліміздегі қалаларды дамытуда маңдайалды жоба болмақ. Сонымен қатар экономиканың инновациялық және перспективті секторларында орнықты дамытуды ынталандырып, қаржы тартады. Былтыр екі суперкомпьютерді іске қостық. Бұл ауқымды дербес тілдік модельдерді әзір­леу және Қазақстандағы технологиялық прогресті жеделдету ісінде маңызды қадамға айналды. Біздің күш-жігеріміз ұлттық, тіпті жаһандық деңгейдегі ірі IT компаниялардың құрылуына ықпал етті. Мысалы, қазақстандық InDrive платформасы Пәкістанда кеңінен пайдаланылады. Былтырғы көрсеткіш бойынша, қосымша Пәкістандағы такси нарығының 60 па­йыздан астамын иеленген. Осылайша, қала ішіндегі қозғалыста бірінші орынға шыққан. Пәкістандық серіктестер­ді IT және инвестиция салаларын­дағы мүмкіндіктерімізді пайдалануға шақырамын, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы серіктестік жаңа кезеңге қадам басқанын және экономикада екіжақты күн тәртібінің барлық саласын қамтитын байланысты тереңдетуге мол мүмкіндік бар екенін атап өтті.

Пәкістан Премьер-министрі екі елдің сауда-экономикалық және инвести­циялық ықпалдастығын тереңдету тұрғы­сынан бүгінгі бизнес форумның маңыз­дылығына назар аударды.

– Бүгін біз тауар айналымын алдағы екі жылда 1 миллиард долларға жеткізу үшін барынша әрекет етуге уағдаластық. Осы мақсатқа тезірек жету жолында қолда бар мүмкіндіктің бәрін пайдалануға келістік. Биыл достас Қазақстанға сапармен келуге шақырғаны үшін қадірлі бауырыма ризашылығымды білдіремін. Бұл шақыруды зор қуанышпен және ерекше ықыласпен қабыл алдым. Біз өзара жұмыс тобын құру жөнінде шешім қабыл­дадық. Бұл топқа ортақ сауда және инвес­тициялық портфельді кеңейту жөнінде бесжылдық бағдарламаны әзірлеу тапсырылады, – деді Шахбаз Шариф.

Қазақстан-Пәкістан бизнес форумы­ның қорытындысы бойынша жалпы сомасы 200 миллион долларға жуық 30-дан астам коммерциялық құжатқа қол қойылды. Келісімдерде екі елдің қаржы, логистика, өнеркәсіп, энергетика, агроөнеркәсіп кешені, цифрландыру және инфрақұрылым салаларындағы ынтымақтастығын кеңейту көзделген. 

Әріптестіктің жаңа бағыттары айқындалды

Мемлекет басшысы Пәкістан Президенті Асиф Али Зардаримен келіссөз жүргізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Исламабад қаласында өзіне және Қазақстан делегациясына қонақжайлылық көрсеткені үшін Асиф Али Зардариге алғыс айтып, сапардың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.

Президент отыз жылдан астам уақыт ішінде Қазақстан мен Пәкістан мазмұнды саяси диалог өрбітіп, түрлі салада екіжақты ынтымақтастықты дәйекті түрде нығайтып келе жатқанына тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Қазақстан – жер аумағы мен экономика­лық әлеуеті тұрғысынан Орталық Азия­дағы ең ірі ел. Ал Пәкістан Оңтүстік Азия, Орталық Азия, сондай-ақ Таяу Шығыс түйіскен тұста тиімді орналасқан. Бұл – ұзақмерзімді стратегиялық мақсаттарға қол жеткізуге ықпал ететін маңызды геосаяси артықшылық.

Мемлекет басшысы Премьер-министр Шахбаз Шарифпен жүргізген келіссөздер нәтижесінде Астана мен Исламабад арасындағы қарым-қатынасты жаңа стратегиялық деңгейге көтеру жөніндегі Бірлескен декларацияға қол қойылғанын атап өтті. Бұл қадам бауырластық байланыстарды толық айқындап, екі елдің барлық бағыт бойынша ықпалдастықты ұдайы кеңейтуге бейіл екенін байқатады.

Асиф Али Зардари екі ел арасындағы ынтымақтастықтың даму деңгейін жоғары бағалап, Пәкістан тарапының өзара тиімді ықпалдастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін растады.

Тараптар екіжақты күн тәртібінің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасып, ұзақмерзімді қарым-қатынасты кеңейтудің жаңа бағыттарын белгіледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев сапар қорытын­дысы қос халықтың өркендеуі жолында Қазақ­стан мен Пәкістан арасындағы серік­тес­тікке тың серпін беретініне сенім білдірді. 

Nishan-e-Pakistan орденімен марапатталды

Исламабадта өткен салтанатты іс-шарада Пәкістан Президенті Асиф Али Зардари мен Премьер-министрі Шахбаз Шариф Мемлекет басшысын Пәкістанның ең жоғары мемлекеттік наградасы – Nishan-e-Pakistan орденімен марапаттады.

Награда ел дамуына ерекше үлес қосқан Пәкістан азаматтарына және шетелдік мемлекет, саясат, сондай-ақ қоғам қайраткерлеріне беріледі.

Жиынға Пәкістанның Үкімет мүше­лері, Парламент депутаттары, Қарулы күштерінің жоғары басшылық құрамы және дипломатиялық корпус өкілдері қатысты. 

Соңғы жаңалықтар

Кеңес Дүйсекеевтің 80 жылдығына арналған мерекелік концерт өтті

Өнер • Бүгін, 23:40

Президент шейх Заид атындағы «Адамзат бауырластығы» сыйлығын тапсыру рәсіміне қатысушыларға бейнеүндеу жолдады

Президент • Бүгін, 23:26

Апаттан құтқарған оқушы

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:15

Экологиялық мәдениет қалыптастыру – түбегейлі қағидат қатарында

Саясат • Бүгін, 08:10

Қасым-Жомарт Тоқаев: Татуласу – мықтылықтың белгісі

Саясат • Бүгін, 08:05

Қазақстан мен Пәкістан ынтымақтастығы стратегиялық деңгейге көтерілді

Саясат • Бүгін, 08:00

Қонақта – Асқар Алтай

Қоғам • Бүгін, 07:55

Көнеден жеткен сарын

Өнер • Бүгін, 07:50

Аю шаңғы

Жәдігер • Бүгін, 07:45

Баянсыз бақ

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 07:40

Қанат Бозымбаев өңірлердің су тасқыны қаупі жоғары кезеңге дайындық барысын тексерді

Үкімет • Кеше

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Пәкістанның ең жоғары мемлекеттік наградасы табысталды

Президент • Кеше

Қазақстан әлемнің 70-тен аса еліне ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттайды

Президент • Кеше

Мемлекет басшысы Пәкістан Президенті Асиф Али Зардаримен келіссөз жүргізді

Президент • Кеше

Азаматтық-құқықтық шартты айналып өтуге тосқауыл қойылады

Қоғам • Кеше

Барлық жаңалықтар

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью