Қазақстан мен Пәкістан ынтымақтастығы стратегиялық деңгейге көтерілді
Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістанға мемлекеттік сапары барысында екі елдің стратегиялық серіктестігін нығайтатын мазмұнды әрі нәтижелі келіссөздер өткізді. Алғашқы басқосу Премьер-министр Шахбаз Шарифпен шағын құрамда басталды.
Суреттерді түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ
Ықпалдастықтың жаңа кезеңі
Келіссөздерден бұрын Пәкістан Премьер-министрінің резиденциясында Қасым-Жомарт Тоқаевты ресми қарсы алу рәсімі өтті. Мемлекет басшысын Премьер-министр Шахбаз Шариф күтіп алды.
Қазақстан Президенті мен Пәкістан Премьер-министрі суретке түскен соң екі елдің мемлекеттік әнұрандары орындалды. Содан кейін Құрмет қарауылының бастығы рапорт берді. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шахбаз Шариф бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды.
Қарсы алу рәсімінен кейін Қазақстан Президенті Пәкістан Премьер-министрінің резиденциясы аумағында ағаш отырғызды. Бұдан соң екі ел басшылары келіссөз залына барды.
Тараптар кейінгі жылдары Қазақстан мен Пәкістан арасында көпжоспарлы ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты нығайтудың келешегі зор бағыттарын талқылады.
Кездесу барысында сауда, көлік-логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, ғарыш және қаржы салаларындағы қарым-қатынасты тереңдету мәселесіне баса назар аударылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шахбаз Шариф өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты.
Серіктестікке – тың серпін
Бұдан соң Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шахбаз Шарифтің келіссөздері екі ел делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғасты.
Президент Исламабадқа келіп, Пәкістанның бай тарихымен, мәдени мұрасымен және ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлерімен танысуды зор мәртебе санайтынын атап өтті.
– Қазақстан Президенті ретінде Пәкістанға бірінші рет мемлекеттік сапармен келіп отырмын. Бұл сапар тарихи мәнге ие және уақыт тезінен өткен серіктестігіміздің маңызды кезеңі саналады. Мен бұған сенімдімін. Халықтарымыздың Жібек жолы арқылы және кең таралған ислам өркениеті аясында ғасырлар бойы қалыптасқан достығын жоғары бағалаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы аталған сапар дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 34 жыл толуымен тұспа-тұс келгеніне тоқталып, мұның рәміздік мәніне назар аударды. Президенттің айтуынша, Пәкістан – Қазақстанның тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бері Оңтүстік Азиядағы маңызды әрі сенімді серіктесі.
Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін қол қойылатын Стратегиялық серіктестік орнату туралы бірлескен декларация өзара ықпалдастыққа жол ашатын маңызды тарихи межені айқындайтынын айтты.
Мемлекет басшысының пікірінше, Астана мен Исламабад екіжақты байланыстар мен ынтымақтастыққа тың серпін беретін мүмкіндікке ие.
Президент Пәкістанға үлкен делегациямен және сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастықты, сондай-ақ басқа да басым салалардағы ықпалдастықты арттыруға бағытталған нақты ұсыныстармен келгенін атап өтті.
Кездесуде көлік бағыттарын өзара ұштастыруға ерекше мән берілді. Бұл – Қазақстанның негізгі басымдықтарының бірі. Еліміз Шығыс пен Батысты, Солтүстік пен Оңтүстікті жалғайтын тоғыз жолдың торабында орналасқан. Президенттің айтуынша, Қазақстан Орталық Азия елдерімен үйлесімді қарым-қатынас жасау арқылы көлік-логистика саласындағы нақты жобаларды жүзеге асыруды жалғастырады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістан Премьер-министрін Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды. Сон-
дай-ақ бүгінгі уағдаластықтардың жүзеге асырылуын пысықтау және екіжақты қарым-қатынасты нығайтудың алдағы қадамдарын айқындау үшін мәртебелі мейманды биыл қарсы алуға дайын екенін жеткізді.
Кездесуде атап өтілгендей, Қазақстан мен Пәкістанның көпжақты алаңдарда, соның ішінде БҰҰ, ШЫҰ және басқа да ұйымдар аясында тығыз ықпалдастықты жалғастыруы маңызды.
Шахбаз Шариф Қазақстан Президентін Исламабадта ыстық ықыласпен қарсы алды.
– Елімізге арнайы уақыт тауып келгеніңіз үшін Сізге алғыс айтамыз. Пәкістан халқымен, Үкіметімен бірге Сізді қарсы алғаныма қуаныштымын. Қазақстан – біздің стратегиялық серіктесіміз. Достығымызды нығайтып, экономиканың түрлі бағыттарында, саясат, қорғаныс салаларында сенімді серіктестік орнату, сондай-ақ сауда дәліздерін қалыптастыру мақсатында Қазақстан Үкіметімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істегіміз келеді. Бұған күмәніңіз болмасын, – деді Премьер-министр.
Шахбаз Шарифтің айтуынша, Пәкістан мен Қазақстанның сауда-экономикалық ынтымақтастықты, соның ішінде энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік, цифрландыру салаларындағы серіктестікті дамытуда әлеуеті жеткілікті. Премьер-министр екіжақты қарым-қатынастың барлық бағыты бойынша нақты әрі елеулі прогресс қажет екеніне назар аударды.
Келіссөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шахбаз Шариф екі ел халықтарының игілігі үшін сан қырлы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге мүдделі екенін растады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Премьер-министр Шахбаз Шариф Қазақстан Республикасы мен Пәкістан Ислам Республикасы арасында стратегиялық серіктестік орнату туралы бірлескен декларацияға қол қойды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы мен Пәкістан Премьер-министрінің қатысуымен 19 құжатқа қол қойылды.
Салтанатты іс-шарада Қасым-Жомарт Тоқаевтың Пәкістанға мемлекеттік сапары барысында бұдан бөлек тағы 18 құжатқа қол қойылғаны жөнінде хабарланды.
Мазмұнды әрі нәтижелі келіссөздер
Мемлекет басшысы Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шарифпен жүргізген келіссөздерінің қорытындысы бойынша БАҚ өкілдерінің алдында сөз сөйледі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістанға мемлекеттік сапармен келуге шақырғаны үшін Премьер-министр Шахбаз Шарифке алғыс айтып, қазақ делегациясын қонақжайлықпен қарсы алған Пәкістан халқына ризашылығын білдірді. Сондай-ақ тарихы терең, мәдениеті бай, халықаралық сахнадағы беделі биік бауырлас Пәкістанға келгеніне қуанышты екенін жеткізді.
– Пәкістан – Қазақстанның Оңтүстік Азиядағы және одан тысқары жерлердегі сенімді әрі маңызды серіктесі. Халықтарымызды Ұлы Жібек жолынан бастау алған тағдырлы байланыс пен мәдени-рухани сабақтастық жалғап келеді. Біздің құндылықтарымыз бен дәстүрлеріміз үндес, ниетіміз бен тілегіміз ортақ, мұратымыз бір. Үкіметтеріміз бен іскерлік орта деңгейінде сындарлы саяси диалог, орнықты экономикалық қатынастар қалыптасып, жүйелі түрде нығаюда. Бүгін қадірлі Премьер-министр мырзамен тарихи құжатқа – Қазақстан мен Пәкістан арасында стратегиялық серіктестік орнату туралы бірлескен декларацияға қол қойдық. Бұл құжат өзара байланыстарды жаңа деңгейге көтеруге, сондай-ақ екіжақты және көпжақты күн тәртібінің барлық спектрі бойынша ынтымақтастықты кеңінен дамытуға жол ашады. Елдеріміз арасындағы достық қатынастарды және өзара тиімді ықпалдастықты тереңдетуге Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шариф айтарлықтай зор үлес қосты. Сол үшін оған алғыс айтамын, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Шахбаз Шарифті елін алға батыл бастаған көреген көшбасшы деп атады. Оның келешекке бағдарланған салиқалы саясат жүргізуінің арқасында Исламабадтың аймақтағы және әлемдегі беделі жылдан-жылға артып келеді.
– Былтыр Пәкістан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Елдің сындарлы әрі жауапты қадамдары аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға септігін тигізді. Пәкістанның экономикалық әлеуеті зор, өнеркәсіптік базасы дамыған, көлік-транзит мүмкіндіктері мол. Пәкістанның ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсібі, медицина өнімдері халықаралық нарықта кеңінен таралған. Әскери-өнеркәсіптік кешенінің серпінді дамуы әлемдік деңгейде танылған. Достас халықтың түрлі салалардағы әрбір жетістігіне шын жүректен ризамыз, сіздерге әрдайым тілекшіміз, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Премьер-министр Шахбаз Шарифпен мазмұнды әрі нәтижелі келіссөздер өткізгеніне тоқталды.
– Ынтымақтастығымыздың түрлі бағыттарына серпін беретін маңызды үкіметаралық құжаттар қабылданды. Сауда, көлік және логистика, өнеркәсіп, энергетика, ақпараттық технологиялар, мәдени-гуманитарлық мәселелер жан-жақты талқыланды. Сауда-экономика саласындағы алыс-беріс күшейіп келеді. Былтыр екіжақты сауда көрсеткіштері алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есе артты. Бұл бағытта елдеріміз арасындағы «Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі жол картасы» (2025–2027 жылдарға арналған) тиімді іске асырылып келеді. Біз тауар айналымын арттыру үшін нақты шаралар қабылдау жөнінде уағдаластық. Алдағы жылдары оның көлемін 1 миллиард долларға жеткізу туралы өте өршіл мақсат қойдық. Кәсіпкерлеріміздің арасындағы өзара іс-қимылды жандандыру үшін қолайлы жағдай қалыптастырудың маңызын атап өттік. Әсіресе алыс-берісті кеңейту мақсатында көлік-логистика саласындағы жобаларға басымдық беретін болдық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Келіссөздер барысында Премьер-министр Пәкістанның транзиттік және логистикалық мүмкіндіктері кеңейіп келе жатқанын, бұл Қазақстанның халықаралық нарықтарға шығуына балама жол бола алатынын атап өткен.
– Бұл тұрғыда, Пәкістанның Карачи және Гвадар порттарының әлеуетін талқыладық. Басым міндеттердің бірі ретінде Транскаспий көлік дәлізін дамытуды, Ауғанстан арқылы өтетін транзиттік бағытты ілгерілетуді қарастырдық. Осы орайда Қазақстан – Түрікменстан – Ауғанстан – Пәкістан бағытындағы темір жол бағытын іске асыру перспективасын талқыладық, – деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек, екі ел арасындағы тікелей әуе қатынасын қайта қосу мүмкіндігі зерделенеді. Бұл бизнесті, туризмді дамыту тұрғысында өте өзекті.
– Агроөнеркәсіп кешенінде өзара алыс-берісті арттыруға және бірлескен өндірістерді ашуға септігін тигізетін маңызды келісімдер жасалды. Екі елдің өнеркәсіп саласындағы мүмкіндіктері мол. Мен Пәкістан компанияларын елімізде тауарлар өндіруге бағытталған кәсіпорындар ашуға шақырдым. Қазіргі уақытта олар ауыл шаруашылығы, фармацевтика және құрылыс материалдары өнімдерін өндіруге қызығушылық танытуда, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент қорғаныс өнеркәсібі аясында өзара тиімді ынтымақтастықтың бағыттарын дамытуға келіскенін айтты.
– Кейінгі жылдары қауіпсіздік органдары және құқық қорғау құрылымдары арасындағы ықпалдастық қарқынды дамуда. Келіссөз кезінде жасанды интеллектіні және цифрлық технологияны экономикаға жаппай енгізудің стратегиялық маңызы атап өтілді. Осы салада бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенімізді растадық. Пәкістан –исламдық қаржыландыру саласында әлемнің жетекші елдерінің бірі. Астана халықаралық қаржы орталығында еуразиялық кеңістікте халал қаржыны дамыту үшін барлық жағдай жасалған. Осы мүмкіндіктерді Пәкістанның қаржы институттары да тиімді пайдалана алады. Сонымен қатар инвестициялық ынтымақтастыққа назар аудардық. Бұл бағытта бүгін «Самұрық-Қазына» қоры және «Fauji Foundation» арасында құрылған «Бірлескен инвестициялық платформасы» нақты жобаларды зерделейтін болады. Жалпы, пәкістандық кәсіпкерлерге елімізде қолайлы жағдай жасауға дайынбыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстан-Пәкістан бизнес-форумына қатысатындарын, жиында екі елдің 250-ден аса компания жетекшілері бас қосып, бірқатар коммерциялық құжатқа қол қойылатынын жеткізді.
– Бұл маңызды іс-шара нәтижелері өзара сауда-экономикалық және инвестициялық қатынастарға тың серпін беретініне сенемін. Сондай-ақ екі елдің мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын дамыту мәселесін талқыладық. Еліміздің жоғары оқу орындарының танымалдылығы Пәкістан жастары арасында жылдан жылға артып келеді. Қазір Қазақстанда мыңнан аса пәкістандық студент түрлі мамандықтар бойынша білім алуда. Осы ретте ғылым және білім саласындағы байланысты одан әрі дамытуға уағдаластық. Исламабад университеттерінде бүгін ашылған «Әл-Фараби», «Сәтбаев» және «Ясауи» орталықтары екі елдің ғылым және оқу-ағарту салаларындағы ықпалдастығын нығайтатын болады, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау және спорт бағыттары бойынша өзара іс-қимылды күшейту маңызды екеніне мән берді.
– Бүгін біз Қазақстан-Пәкістан «Достық» спорт кешенін салтанатты түрде аштық. Аталған спорт орталығында қазақ күресі, тоғызқұмалақ сияқты қазақтың ұлттық спорт түрлері оқытылады. Сондай-ақ шахмат, бокс, аралас жекпе-жек бойынша дәрістер ұйымдастырылады. Тұрақты түрде мәдени және спорттық іс-шаралар өткізу бағдарламасын қабылдадық. Бұл қадам қос халықтың бір-бірін жақынырақ тануына септігін тигізеді деп сенемін, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Премьер-министрмен бірге бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту мақсатында күш жұмылдыруға ден қоя отырып, халықаралық және аймақтық мәселелерді талқылағанын айтты.
– Біз әлемнің әр түкпірінде жалғасып жатқан қақтығыстарға алаңдаушылық білдіреміз. Көптеген өзекті тақырып бойынша ұстанымдарымыз ұқсас. Кез келген жанжалды диалог арқылы дипломатиялық жолмен шешу қажет деп санаймыз. Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы және халықаралық құқық нормалары қатаң сақталуға және сөзсіз басымдыққа ие болуға тиіс. Қазіргі геосаяси жағдайда көпжақты ұйымдар аясында өзара қолдау көрсету және консультациялар өткізу аса маңызды. Пәкістан Қазақстанның Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесі аясындағы бастамаларын үнемі қолдап келеді. Біз бұған ризашылығымызды білдіреміз. Сонымен қатар әлемде бейбітшілік пен тұрақтылықты орнату жолында нақты қадамдарды талқыладық. Осы орайда, бүгін Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгершілік миссияларына бірлесіп қатысу жөніндегі Үкіметаралық меморандумға қол қойылды. Бұл құжат халықаралық бітімгершілік қызметі бойынша әріптестігімізді одан әрі кеңейтуге жол ашады, – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінгі сапар екі елдің ынтымақтастығын одан әрі нығайта түсетіні анық.
– Бүгін орнатылған стратегиялық серіктестігіміз бен қол жеткізген уағдаластықтарымыз екі елдің игілігі үшін қызмет ететініне кәміл сенемін. Бауырлас халықтарымыздың достығы берік, баянды болып, болашаққа жалғаса берсін. Менің бауырым, қадірлі Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шариф мырзаның биыл елімізге мемлекеттік сапармен келуін асыға күтемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Шахбаз Шариф Пәкістан Қазақстанды Орталық Азиядағы маңызды серіктестерінің бірі ретінде қарастыратынын мәлімдеді.
– Бүгінгі табысты келіссөздер нақты нәтижелерге ұласып, қол қойылған құжаттар екіжақты байланыстарды дамытуға тың серпін беретініне сенімдімін. Екі ел арасындағы серіктестікті нығайта отырып, сауда, мәдениет, білім беру және басқа да көптеген сала бойынша ынтымақтастықта жаңа мүмкіндіктерге жол ашылады деп есептеймін. Жоғары мәртебелі Президент мырза, Сізге Пәкістан мен Қазақстан қарым-қатынасын одан әрі арттыруға қолдау көрсеткеніңіз үшін алғыс айтамын, – деді Пәкістан Премьер-министрі.
Исламабадта «Достық» спорт кешені ашылды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік сапары аясында Исламабадта Әл-Фараби, Қаныш Сәтбаев және Қожа Ахмет Ясауи атындағы мәдени-білім беру орталықтарының, сондай-ақ «Достық» спорт кешенінің ашылу салтанаты өтті.
Әл-Фараби орталығы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен «Каид-и-Азам» университеті (Quaid-i-Azam University) арасындағы ынтымақтастық шеңберінде ашылды. Ғимарат оқу-әдістемелік және ғылыми әдебиеттермен, сонымен бірге заманауи компьютерлік құрал-жабдықтармен, жиһазбен қамтылған. Орталық базасында қазақ тілі курстары ұйымдастырылмақ.
Қаныш Сәтбаев орталығы Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті (Satbayev University) мен Пәкістан ұлттық ғылым және технология университеті арасындағы ғылым, білім, сондай-ақ технология салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту жөніндегі уағдаластықтарға сәйкес жұмыс істейтін болады.
Қожа Ахмет Ясауи орталығы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті мен Исламабад Халықаралық ислам университетінің келісімі бойынша ашылды.
«Достық» спорт орталығында тоғызқұмалақ және қазақ күресі бойынша пәкістандық федерациялар құру, Қазақстан шахмат академиясының, Qazaq batyry аралас жекпе-жегінің филиалдарын ашу, сондай-ақ екі елдің грэпплинг пен бокс федерациялары арасындағы ынтымақтастықты дамыту көзделіп отыр. Қос мемлекет пәкістандық жаттықтырушылар мен спортшыларды оқыту үшін бірлескен оқу-жаттығу жиындарын қолға алмақ.
Қазақстан-Пәкістан бизнес форумы өтті
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Премьер-министр Шахбаз Шариф Қазақстан-Пәкістан бизнес форумына қатысты.
Мемлекет басшысы өз сөзінде осы маңызды іс-шараны ұйымдастыруға бастамашы болғаны үшін Премьер-министр Шахбаз Шарифке алғыс айтты.
– Пәкістанға жасаған алғашқы мемлекеттік сапарым екіжақты ынтымақтастықтың айтулы тарихи кезеңіне айналды. Біз серіктестігімізді стратегиялық деңгейге көтеруге арналған Бірлескен декларацияға қол қойдық. Бүгінгі бизнес форум барысында жалпы сомасы 200 миллион долларға жуық 30-дан аса келісім жасалды. Бұл бауырлас халықтарымыздың сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастығын одан әрі нығайтуға тың серпін береді. Шын мәнінде, серіктестігіміз ұдайы кеңейіп келеді. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы екі есеге жуық өсті. Қазақстанда Пәкістан капиталының үлесі бар 200-ден аса компания құрылыс, ауыл шаруашылығы, тағам өнеркәсібі, индустрия және басқа да көптеген салада жұмыс істейді. Осы оң үрдіске арқа сүйей отырып, екіжақты сауда көлемін 1 миллиард долларға дейін ұлғайтуды көздейтін өршіл мақсат қойдық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Үкіметке екі елдің бизнес құрылымдары арасындағы, соның ішінде Қазақстан мен Пәкістан Үкіметаралық комиссиясы аясындағы ықпалдастықты жандандыруды тапсырғанын жеткізді.
– Қазақстан Орталық Азиядағы экономикасы ірі ел ретінде өңірлік өсімді қамтамасыз етуге және тың мүмкіндіктерге жол ашуға үлкен үлес қосып келеді. Былтыр экономикамыз 6,5 пайызға артып, нәтижесінде ішкі жалпы өнім көлемі 300 миллиард доллар межесінен асты. Ал жан басына шаққанда ішкі жалпы өнім көлемі 15 мың долларға жетті. Бұл біздің нарықтың орнықты әрі экономикалық әлеуеті жоғары екенін көрсетеді. Біз институционалдық құрылымдарды дәйекті түрде жетілдіру арқылы өркендеп келеміз.
Экономикалық стратегиямыз сауда мен инвестицияны әртараптандыруға, инновацияларды ынталандыруға және білімге негізделген даму моделін ілгерілетуге бағытталған. Мен жетекшілік ететін Шетелдік инвесторлар кеңесі Қазақстандағы ашықтық, әділдік қағидаттарына және іскерлік климатты ұдайы жақсартуға бейіл. «Бір терезе» қағидатымен жұмыс істейтін Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа инвесторлар мен бизнеске арналған үдерістерді айтарлықтай жеңілдетеді, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Астана халықаралық қаржы орталығы инвестиция, инновация және корпоративтік қызмет көрсету салалары бойынша өңірдегі жетекші орталық саналатынына тоқталды.
– Бүгінде 100-ге жуық елден 5 мыңнан астам компания осы платформа аясында табысты жұмыс істеп жатыр. Ерекше атап өтетін жайт, экожүйеге Пәкістанның 11 компаниясы қосылған. Қатысушылар қатары алдағы уақытта да көбейеді деп сенеміз. Қазақстан, сондай-ақ өңір нарығына шыққысы келетін пәкістандық кәсіпкерлерге сенімді әрі ашық мүмкіндіктер ұсынамыз. Тұрақты инвестициялық құрылымды ұдайы жетілдіріп отырамыз, – деді Президент.
Мемлекет басшысының пікірінше, Қазақстан мен Пәкістанның географиялық орналасуы стратегиялық тұрғыдан маңызды. Екі ел де өңірлік және жаһандық байланыстың басты буыны бола алады.
– Еуразия жүрегінде орналасқан Қазақстан құрлық арқылы сауда-саттықта елеулі рөл атқарады. Еуропа мен Қытай арасында құрлық жолдарымен тасымалданатын жүктің 85 пайызы біз арқылы өтеді. Қазіргі уақытта Транскаспий халықаралық көлік бағдарын немесе Орта дәлізді дамыту елімізді трансконтиненталдық сауданың ірі орталығына айналдыратын негізгі фактор ретінде қарастырамыз. Сондай-ақ транзит ағынын анағұрлым тиімді үйлестіруді көздейтін «Smart Cargo» бірыңғай цифрлық басқару платформасын әзірледік. Бұл ретте «Қазақстан темір жолы» ұлттық операторы, «Қазпошта» акционерлік қоғамы мен Пәкістанның ұлттық логистика корпорациясы және «Pakistan Post» компаниясы арасында келісімге қол қойылуын құптаймын. Олардан мультимодальды көлік шешімдерін ілгерілетуге және елдеріміздің порт инфрақұрылымын бірлесе пайдалануға жол ашатын нақты қадамдар күтеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қазақстан мен Пәкістан Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымына мүше елдер ретінде мұсылман мемлекеттеріне арналған орнықты әрі әділ азық-түлік жүйесін құру жолында ортақ мақсатқа жұмылатынын атап өтті.
– Әлемнің 70-тен аса еліне ауыл шаруашылығы өнімдерінің 200-ден астам түрін экспорттаймыз. Кейінгі он жылда ауыл шаруашылығы өндірісінің жалпы ішкі көлемі 2,5 еседен аса көбейді. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті екі есе арттыруға ниеттіміз. Жоғары сапалы және экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімін шығаратын сенімді жеткізуші ретіндегі позициямызды нығайтып келеміз. Сол себепті серіктестік байланыстарды кеңейтіп, өңірлік әрі жаһандық деңгейде жаңа жеткізу тізбегін құру үшін жүйелі қадамдар жасаймыз. Осы орайда пәкістандық әріптестеріміздің аталған сектордағы тәжірибесін бөлісіп, капитал құймақ ниетін құптаймыз. Жетісу облысында қант қызылшасын өңдеу зауытын іске қосу туралы «Almoiz Group» компаниясымен жасалған келісім – осы ынтымақтастықтың маңызды бастамасы, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру елдеріміз арасындағы сауда және инвестициялық ынтымақтастық салалары бойынша прогрестің негізгі факторына айналады деп пайымдайды. Президент Пәкістан Үкіметінің озық цифрлық шешімдер енгізу жөніндегі шараларына жоғары баға берді.
– Премьер-министр Шахбаз Шариф Пәкістан экономикасын болашақта бәсекеге қабілетті ету үшін цифрлық трансформацияның маңызды рөл атқаратынын ұдайы айтып келеді. Қазақстан бұл көреген ұстанымды құптайды әрі екі ел үшін де цифрлық инновациялардың әлеуеті зор деп біледі. Біз алдағы бірнеше жылда толық цифрлық елге айналу жөнінде өршіл мақсат қойдық. Оған қол жеткізу үшін өңірдегі алғашқы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құрдық. Инновацияның, зерттеу мен технологиялық прогрестің жетекші платформасы ретінде қызмет ететін Халықаралық Жасанды интеллект орталығын аштық. «Alatau City» кешенді құқықтық, цифрлық және қаржылық экожүйе қалыптастырады. Бұл еліміздегі қалаларды дамытуда маңдайалды жоба болмақ. Сонымен қатар экономиканың инновациялық және перспективті секторларында орнықты дамытуды ынталандырып, қаржы тартады. Былтыр екі суперкомпьютерді іске қостық. Бұл ауқымды дербес тілдік модельдерді әзірлеу және Қазақстандағы технологиялық прогресті жеделдету ісінде маңызды қадамға айналды. Біздің күш-жігеріміз ұлттық, тіпті жаһандық деңгейдегі ірі IT компаниялардың құрылуына ықпал етті. Мысалы, қазақстандық InDrive платформасы Пәкістанда кеңінен пайдаланылады. Былтырғы көрсеткіш бойынша, қосымша Пәкістандағы такси нарығының 60 пайыздан астамын иеленген. Осылайша, қала ішіндегі қозғалыста бірінші орынға шыққан. Пәкістандық серіктестерді IT және инвестиция салаларындағы мүмкіндіктерімізді пайдалануға шақырамын, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы серіктестік жаңа кезеңге қадам басқанын және экономикада екіжақты күн тәртібінің барлық саласын қамтитын байланысты тереңдетуге мол мүмкіндік бар екенін атап өтті.
Пәкістан Премьер-министрі екі елдің сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастығын тереңдету тұрғысынан бүгінгі бизнес форумның маңыздылығына назар аударды.
– Бүгін біз тауар айналымын алдағы екі жылда 1 миллиард долларға жеткізу үшін барынша әрекет етуге уағдаластық. Осы мақсатқа тезірек жету жолында қолда бар мүмкіндіктің бәрін пайдалануға келістік. Биыл достас Қазақстанға сапармен келуге шақырғаны үшін қадірлі бауырыма ризашылығымды білдіремін. Бұл шақыруды зор қуанышпен және ерекше ықыласпен қабыл алдым. Біз өзара жұмыс тобын құру жөнінде шешім қабылдадық. Бұл топқа ортақ сауда және инвестициялық портфельді кеңейту жөнінде бесжылдық бағдарламаны әзірлеу тапсырылады, – деді Шахбаз Шариф.
Қазақстан-Пәкістан бизнес форумының қорытындысы бойынша жалпы сомасы 200 миллион долларға жуық 30-дан астам коммерциялық құжатқа қол қойылды. Келісімдерде екі елдің қаржы, логистика, өнеркәсіп, энергетика, агроөнеркәсіп кешені, цифрландыру және инфрақұрылым салаларындағы ынтымақтастығын кеңейту көзделген.
Әріптестіктің жаңа бағыттары айқындалды
Мемлекет басшысы Пәкістан Президенті Асиф Али Зардаримен келіссөз жүргізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Исламабад қаласында өзіне және Қазақстан делегациясына қонақжайлылық көрсеткені үшін Асиф Али Зардариге алғыс айтып, сапардың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.
Президент отыз жылдан астам уақыт ішінде Қазақстан мен Пәкістан мазмұнды саяси диалог өрбітіп, түрлі салада екіжақты ынтымақтастықты дәйекті түрде нығайтып келе жатқанына тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Қазақстан – жер аумағы мен экономикалық әлеуеті тұрғысынан Орталық Азиядағы ең ірі ел. Ал Пәкістан Оңтүстік Азия, Орталық Азия, сондай-ақ Таяу Шығыс түйіскен тұста тиімді орналасқан. Бұл – ұзақмерзімді стратегиялық мақсаттарға қол жеткізуге ықпал ететін маңызды геосаяси артықшылық.
Мемлекет басшысы Премьер-министр Шахбаз Шарифпен жүргізген келіссөздер нәтижесінде Астана мен Исламабад арасындағы қарым-қатынасты жаңа стратегиялық деңгейге көтеру жөніндегі Бірлескен декларацияға қол қойылғанын атап өтті. Бұл қадам бауырластық байланыстарды толық айқындап, екі елдің барлық бағыт бойынша ықпалдастықты ұдайы кеңейтуге бейіл екенін байқатады.
Асиф Али Зардари екі ел арасындағы ынтымақтастықтың даму деңгейін жоғары бағалап, Пәкістан тарапының өзара тиімді ықпалдастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін растады.
Тараптар екіжақты күн тәртібінің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасып, ұзақмерзімді қарым-қатынасты кеңейтудің жаңа бағыттарын белгіледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев сапар қорытындысы қос халықтың өркендеуі жолында Қазақстан мен Пәкістан арасындағы серіктестікке тың серпін беретініне сенім білдірді.
Nishan-e-Pakistan орденімен марапатталды
Исламабадта өткен салтанатты іс-шарада Пәкістан Президенті Асиф Али Зардари мен Премьер-министрі Шахбаз Шариф Мемлекет басшысын Пәкістанның ең жоғары мемлекеттік наградасы – Nishan-e-Pakistan орденімен марапаттады.
Награда ел дамуына ерекше үлес қосқан Пәкістан азаматтарына және шетелдік мемлекет, саясат, сондай-ақ қоғам қайраткерлеріне беріледі.
Жиынға Пәкістанның Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары, Қарулы күштерінің жоғары басшылық құрамы және дипломатиялық корпус өкілдері қатысты.
Соңғы жаңалықтар
Кеңес Дүйсекеевтің 80 жылдығына арналған мерекелік концерт өтті
Өнер • Бүгін, 23:40
Президент • Бүгін, 23:26
Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:15
Экологиялық мәдениет қалыптастыру – түбегейлі қағидат қатарында
Саясат • Бүгін, 08:10
Қасым-Жомарт Тоқаев: Татуласу – мықтылықтың белгісі
Саясат • Бүгін, 08:05
Қазақстан мен Пәкістан ынтымақтастығы стратегиялық деңгейге көтерілді
Саясат • Бүгін, 08:00
Қоғам • Бүгін, 07:55
Өнер • Бүгін, 07:50
Жәдігер • Бүгін, 07:45
Ғалам ғажаптары • Бүгін, 07:40
Қанат Бозымбаев өңірлердің су тасқыны қаупі жоғары кезеңге дайындық барысын тексерді
Үкімет • Кеше
Қасым-Жомарт Тоқаевқа Пәкістанның ең жоғары мемлекеттік наградасы табысталды
Президент • Кеше
Қазақстан әлемнің 70-тен аса еліне ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттайды
Президент • Кеше
Мемлекет басшысы Пәкістан Президенті Асиф Али Зардаримен келіссөз жүргізді
Президент • Кеше
Азаматтық-құқықтық шартты айналып өтуге тосқауыл қойылады
Қоғам • Кеше
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:62
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 05 Ақпан 2026 08:50 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар



















