Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
— Қазақстанды сағындыңыз ба?
— Әрине, қатты сағындым. Бұл жер маған екінші үйімдей болып кетті.
— Silk Way Star байқауында жеңіске жеткеннен кейін өміріңізде не өзгерді?
— Жеңістен кейін көптеген марапатқа ие болдым, соның ішінде Моңғолияда мемлекеттік награда алдым. Бірақ мәселе тек марапатта емес. Оның артында үлкен жауапкершілік бар. Ата-аналарымыздың заманында моңғол мен қазақ халқы өте жақын, бауырлас болған. Біздің буында осы байланысты сақтап қалу менің міндетім деп санаймын. Сол үшін қазақ тілінде көбірек ән жазып, Қазақстанға жиі келіп, моңғол әндерін де орындағым келеді.
— Өзіңізді тек әртіс емес, ел өкілі ретінде сезінесіз бе?
— Байқау кезінде де, қазір де өз елімді таныстырып жүрмін. Қайда барсам да, осы жауапкершілікті сезінемін. Әртіс — өз қоғамының, өз елінің айнасы.
Фото: Jibek Joly Radio— Шығармашылық көзқарасыңыз қалай өзгерді?
— Көзқарасым кеңейді. Әндерімде қозғағым келетін тақырыптар өзгерді. Бұрын нақты жоспарларым болса, қазір көбірек ойланып, көбірек еңбек ету керектігін түсіндім. Бұл қиын, бірақ жақсы өзгеріс.
— Қазақстанға оралғаннан кейін жанкүйерлердің қолдауын сезінесіз бе?
— Иә, өте көп қолдау сезінемін. Қазақстандық тыңдармандардан көптеген хабарлама аламын. Сол себепті қазақ тілінде көбірек ән жазғым келеді. Қазір екінші қазақша әнімнің үстінде жұмыс істеп жатырмын, жақында жарыққа шығады деп үміттенемін.
— Қазақ тілінде ән айтуға не шабыт берді?
— Қазақстандағы халықтың, сондай-ақ Моңғолиядағы қазақтардың қолдауы шабыттандырды. Қазақ тілін өте жақсы көремін, әуезі ерекше. Қазір тілді үйреніп жүрмін, тіпті онлайн мұғалім таптым.
Фото: MONTSAME— Сізді екі ел арасындағы мәдени көпір деп атайды. Бұл жауапкершілікті сезінесіз бе?
— Бұл марапат жауапкершіліктің не екенін түсінуге көмектесті. Бұл тек қуаныш емес, одан да көп еңбек етуді талап етеді. Ешкім арнайы «мәдени көпір бол» деп айтқан жоқ, бірақ мен оны өзім сезінемін.
— Қазақ пен моңғол мәдениетінің ұқсастықтары бар ма?
— Иә, ұқсастықтар өте көп. Көшпелі өмір салты, дәстүрлер мен құндылықтар ортақ. Кейде өнерімде қазақ әндерін моңғол вокалдық техникасымен үйлестіремін, олар өте жақсы үндеседі.
— Өнеріңіз арқылы қандай ой жеткізгіңіз келеді?
— Моңғолияны түрлі мәдениет пен дінді құрметтейтін, бейбіт өмір сүретін ел ретінде көрсеткім келеді. Моңғол халқы өте мейірімді, кеңпейіл. Соны музыкам арқылы жеткізуге тырысамын.
Фото: Виктор Федюнин— Жас өнерпаздарға қандай кеңес айтар едіңіз?
— Өзіңізге сеніп, жүрегіңіздің үніне құлақ асыңыз. Қиын болса да, алға ұмтылуды тоқтатпаңыз. Өнер жолы оңай емес, бірақ музыка арқылы адамдарға әсер етіп, оларға рухани қолдау көрсете алатындықтан, оның өзіндік ерекшелігі бар. Егер өз болмысыңызға адал болып, бар ықыласыңызбен еңбек етсеңіз, өз сәтіңіз міндетті түрде келеді.
Блиц:
Музыка мен үшін…
ауадай қажет.
Этно ма, әлде поп па?
Этно.
Жүрек пе, әлде ақыл ма?
Жүрек.
Бақылау ма, әлде еркіндік пе?
Бақылау.
Үлкен сахна ма, әлде шағын концерт пе?
Үлкен сахна.
Импровизация ма, әлде нақты жоспар ма?
Импровизация.
Жеке орындау ма, әлде дуэт пе?
Жеке орындау.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы моңғол әншісінің Silk Way Star конкурсында көрерменнің ықыласына бөленгенін айтқан еді.