Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
Жиынға екі елдің шекаралық аймақтарының басшылары, мемлекеттік органдарының өкілдері, ірі кәсіпорындарының жетекшілері, т.б. қатысты. РФ Президентінің Сібір федералды округіндегі уәкілетті өкілі Анатолий Серышев, Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және өкілетті елшісі Дәурен Абаев, Омбы облысының губернаторы Виталий Хоценко, Ресей Сауда-өнеркәсіп палатасының вице-президенті Владимир Падалко, т.б. қонақтар кіріспе сөз сөйледі.
Кеңейтілген отырыста Ресей Федерациясы еліміздің ірі сауда-экономикалық серіктесі болып қалып отырғаны айрықша атап өтілді. Нақты сандарға көз жүгіртсек, өткен жылдың қорытындысында екі мемлекеттің өзара сауда айналымы 27,4 млрд долларды құраған. Биыл да бұл бағытта өсім қарқыны сақталып отыр: алғашқы бес айда (қаңтар-мамыр) сауда көлемі 9,6 пайызға өсіп, 10,9 млрд долларға жетті.
2005–2025 жылдар аралығында Ресейдің Қазақстанға салған тікелей шетелдік инвестициясының көлемі 29,3 млрд долларды құрады. Осы кезеңде Қазақстан Ресей экономикасына 9 млрд доллар инвестиция құйған. Қазіргі таңда өнеркәсіптік кооперация аясында жалпы инвестиция көлемі 52,7 млрд долларды құрайтын 177 бірлескен жоба іске асырылып жатыр.
Сонымен қатар Омбы облысының біздің өңірлермен сауда-саттық байланысы да жоғары деңгейде. Осы жылдың алғашқы төрт айында Ресейдің аталған өңірімен арадағы тауар айналымы 136 млн долларға жеткен. Бұл – былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17 пайызға артық көрсеткіш. Биыл біздің ел тарапынан Омбыға 33 млн доллардың тауары экспортталса, аталған өңірден 103 млн доллардың өнімі импортталыпты.
Жиында сөз алған еліміздің Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабеков Қазақстан мен Ресей үшін өзара сауда-саттықтың жоғары деңгейін сақтап қана қоймай, экономикалық өсімнің жаңа көздерін табуға ұмтылу қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, мемлекеттеріміздің басшылары алдымызға қойып отырған меже – өзара тауар айналымын жылына 30 млрд долларға дейін жеткізу. Бүгінде қос мемлекет осы мақсатқа қарай сенімді түрде ілгерілеп келеді.
«Бұл біздің елдеріміздің экономикалары бір-бірін толықтыру тәжірибесінің жоғары деңгейін сақтап отырғанын анық көрсетеді. Дегенмен бүгінде ынтымақтастық құрылымы өзгеріп жатыр. Бұрын өзара жеткізу көлемін арттыруға негізгі назар аударылған болса, қазір өнеркәсіптік кооперация, өндірістік тізбектерді дамыту, өндірісті бір жерге шоғырландыру мен жаңа нарықтарды бірлесіп игеру мәселелері бірінші орынға шығып отыр. Міне, біз әрі қарай өсудің елеулі әлеуетін дәл осы жерден көреміз», деді ол.
Вице-министр екі елдің машина жасау саласындағы ортақ жобаларына тоқталды. Оның айтуынша, Көкшетау қаласындағы «КамАЗ-Инжиниринг» мекемесінің қызметі көп жылдан бері өнеркәсіп кооперациясының екі тарапқа да тиімді болғанын дәлелдеп келеді. Тағы бір мысал – жеке қорғаныс құралдарын өндіретін «Техноавиа-Казахстан» компаниясы. Жіпке тізе берсе, мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.
«Бұл жобалар Қазақстан мен Ресейдің ынтымақтастығы бірлескен қосылған құнды қалыптастыру айналасында дамып жатқанын көрсетеді. Өзара іс-әрекеттестіктің осындай форматы ұзақмерзімді экономикалық пайда әкелуге қауқарлы», деді А.Әбілдабеков.
Екі ел арасындағы айрықша көңіл аударылып отырған саланың тағы бірі – көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту. Бүгінде тауарларды жылдам жеткізу бәсекеге қабілеттіліктің басты факторының бірі болып отыр. Осыған орай біздің еліміз халықаралық көлік маршруттарын дамыту, теміржол мен шекаралық инфрақұрылымды жаңғырту, сауда мен логистика салаларына цифрлық шешімдерді енгізуге мол қаражат құйып жатыр.
«Кейінгі жылдары Қазақстан мұхитқа шығар жолы жоқ елден Еуразияның басты көлік-логистикалық хабына айналуға дейінгі даму жолын жүріп өтті. Нақты сандарға жүгінсек, транзиттік өткізу көлемі 2016 жылы 13 млн тоннадан 2025 жылы 33 млн тоннаға дейін артты. Былтырғы жылдың өзінде өсім 20 пайызды құрады. Бұған көлік инфрақұрылымын біртіндеп жаңғырту жұмысы себепші болып отыр. Кейінгі 15 жылда бұл салаға 35 млрд доллар жұмсалды. 2030 жылға дейін тек теміржол инфрақұрылымының өзіне тағы да 10 млрд доллардан астам қаржы құю жоспарланып отыр», деді Сауда және интеграция вице-министрі.
Қазіргі таңда Қазақстан арқылы бес халықаралық теміржол дәлізі өтеді. Олар Қытай мен басқа да Азия елдерін Ресей, Еуропа, Кавказ, Орталық Азия, Иран, Парсы шығанағы елдерімен байланыстыратын біртұтас бағыттар жүйесін құрап отыр. Соның ішінде Қазақстан мен Ресейді тоғыз мемлекетаралық теміржол пункті жалғайды.
«Бұдан бөлек, тасымалдау үдерісін цифрландыруға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Біздің мақсатымыз – жекелеген электрондық құжаттармен алмасудан бастап, жүкті жөнелту пунктінен соңғы алушыға дейінгі үздіксіз цифрлық сүйемелдеуге қол жеткізу. «Қазақстан теміржолы» мен «Ресей темір жолдары» мекемелері арасында электрондық жүк құжаттармен толыққанды алмасу іске асырылды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша олардың үлесі 76–88%-ға жетті. Былтыр қазан айында Достық-Брест бағытында TezCustoms кедендік модулі іске қосылып, 12,7 мыңнан астам транзиттік декларация рәсімделді», деді А.Әбілдабеков.
Кеңейтілген отырыста екі мемлекеттің шекаралық аймақтарының өзара алыс-берісті арттырудағы рөлі айрықша аталып өтті. Өзара шектесіп жатқан облыстар қос елдің сауда айналымының едәуір бөлігін құрайды, бұл өңірлерде жаңа өндірістік жобалар іске қосылып, орнықты кооперациялық байланыстар құрылып жатыр. Сондықтан аймақаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту Қазақстан мен Ресейдің экономикалық қарым-қатынасын нығайтудың маңызды факторы болып отыр.
Жиын соңында екі мемлекеттің бірқатар мекемесі мен кәсіпорындары арасында бірлескен құжаттарға қол қою рәсімі өтті.
Кеше, сондай-ақ, ХХІІ Аймақаралық ынтымақтастық форумы аясында «Жастар ынтымақтастығы: жастардың бастамалары мен кәсіпкерлігін қолдау» тақырыбында Ресей – Қазақстан жастар форумы мен көлік инфрақұрылымын дамытуға арналған көрме ұйымдастырылды.
Ал түстен кейін форум жұмысы үш панельдік сессиямен жалғасын тапты. Алғашқы отырыс «Халықаралық кооперация: көлік дәліздері инфрақұрылымын дамыту: негізгі инфрақұрылымдық жобалар мен су маршруттарын дамыту жөніндегі жобаларды іске асыру келешегі» тақырыбына арналса, екінші панельдік сессияда Ертіс өзеніндегі экологиялық серіктестік пен қоршаған ортаны қорғаудың бірлескен шаралары талқыланды. Еліміздің Өскемен, Семей, Павлодар қалаларымен қатар Омбы қаласы да осы өзеннің бойында орналасқандықтан, Ертістің ертеңі екі ел үшін де маңызды. Ал үшінші сессия «Өнеркәсіптік кооперация – Ресей мен Қазақстанның орнықты даму факторы» тақырыбына арналды.
Айта кетсек, Қазақстан мен Ресейдің аймақаралық ынтымақтастық форумы 2003 жылдан бері тұрақты түрде өтіп келеді. Жыл сайын екі елдің қалаларында кезектесіп ұйымдастырылып отырады. Мәселен, былтырғы форум Орал қаласында өткен болатын. Бұл жиындарда сауда-экономикалық, гуманитарлық, мәдени, ғылыми байланыстар арқылы Қазақстан мен Ресей аймақтарындағы халықтың әл-ауқатын көтеру мақсатында екіжақты іс-әрекеттестіктің өзекті мәселелері талқыланады.
Биылғы форумға Қазақстан тарапынан Сауда және интеграция, Көлік, Ғылым және жоғары білім, Мәдениет және ақпарат, Өнеркәсіп және құрылыс, Су ресурстары және ирригация, Экология және табиғи ресурстар, Энергетика министрліктерінің өкілдері, бірқатар облыс әкімдері, сондай-ақ «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы, «Атамекен» ҰКП, «ШОБ корпорациясы» АҚ, т.б. компания басшылары қатысып жатыр.
Іс-шараның екінші күні, яғни бүгін ХХІІ Аймақаралық форум мен Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығы жөніндегі үкіметаралық комиссияның пленарлық отырысы өтпек. Басқосуға екі елдің басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин қатысады деп күтіліп отыр.
Омбы