Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында елімізде ұлттық alem.ai battle байқауына өтінім қабылдау басталды. Бұл – Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі AI-таланттарды қолдауға және дамытуға бағытталған ауқымды бастама. Байқаудың финалдық кезеңі Астанада орналасқан Аlem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығында өтеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz тиісті министрлікке сілтеме жасап.
Өтінімдер 2026 жылғы 22 ақпанға дейін мына сілтеме бойынша қабылданады.
Аlem.ai battle оқушыларды, студенттерді, стартап-командаларды және зерттеушілерді бір алаңға тоғыстырып, AI-жобалардың прототиптен бастап толыққанды технологиялық шешімге дейін жүйелі түрде дамуына мүмкіндік береді.
Байқау төрт негізгі санат бойынша өтеді:
AI Young Talents – жұмыс істейтін MVP деңгейіндегі AI-жобалары бар 12-18 жас аралығындағы мектеп оқушылары;
AI Driving Power – жұмыс істейтін MVP деңгейіндегі AI-жобалары бар колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері;
AI Future Builders – AI-өнімі мен прототипі немесе MVP-сі бар, нарықта дәлелденген трекшні (ақылы пилоттар, сатылымдар) бар командалар;
AI Innovators – жасанды интеллект құрамдас бөлігі бар ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға негізделген жобалар.
Байқаудың жалпы жүлде қоры 25 млн теңгені құрайды. Іріктеу нәтижесінде финалға 20 үздік команда жолдама алады. Қорытынды кезеңде сарапшылар алқасы әр санат бойынша төрт жеңімпазды анықтайды.
Аlem.ai battle – еліміздегі AI-таланттар мен әлеуеті жоғары жобаларды дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстың жалғасы. 2025 жылы Digital Bridge халықаралық форумы аясында өткен AI SANA: Generative Nation ұлттық байқауы қазақстандық қатысушылардың жоғары деңгейін және отандық AI-жобалардың жетілгенін көрсетті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары аясында біз цифрлық мамандарды жүйелі түрде даярлап, дамытып келеміз. Былтыр AI SANA: Generative Nation Қазақстанда AI саласында жеткілікті әрі мықты дарынды жастар ортасы қалыптасқанын дәлелдеді. Бұл – жай ғана әлеует емес, нақты әрекет ететін күш. Біз мектептегі идеялардың жұмыс істейтін прототиптерге, студенттік бастамалардың салалардың цифрлық трансформациясына, ал ғылыми-зерттеулердің жоғары технологиялық жобаларға айналып жатқанын көріп отырмыз. Аlem.ai battle осы жолдың заңды жалғасы әрі жасанды интеллект саласындағы болашақ көшбасшыларды қалыптастыруға бағытталған миссиямыздың бір бөлігі», – деді Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.
Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында өткізілетін байқауды Astana Hub ҚР ЖИЦДМ қолдауымен жүзеге асырады. Бұл бастама – alem.ai платформасының адам капиталын дамытуға арналған ұзақмерзімді стратегиясының бір бөлігі.
Халықаралық жасанды интеллект орталығының базасында жыл сайын 10 000-ға жуық талантты тарту, 5 000 мектеп оқушысын оқыту, кемінде 1 000 AI маманын даярлау, 100-ге жуық AI-стартапты іске қосу және жасанды интеллект саласында 10-ға жуық ғылыми-зерттеу жүргізу жоспарланып отыр.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.