Inform.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
Өз сөзінде бірінші вице-министр климаттың өзгеруі, су ресурстары тапшылығы және экожүйелерге түсетін жүктеменің артуы бүгінде экономиканың тұрақтылығына, жұмыспен қамтуға және халықтың өмір сүру сапасына тікелей әсер етіп отырғанын атап өтті. Қазақстан бұл сын-қатерлерді жаңа, орнықты, инклюзивті әрі адамға бағдарланған даму моделін қалыптастырудың негізі ретінде қарастырады. Осы тұрғыда елдің климаттық және ресурстық саясатына гендерлік тәсілдерді енгізу басым бағыттардың бірі болып отыр.
Ербол Тұяқбаев Қазақстанда мемлекеттік саясат деңгейінде ерлер мен әйелдер үшін тең құқықтар мен мүмкіндіктерді қамтамасыз етудің тұтас жүйесі қалыптасқанын атап өтті.
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі– Ұлттық еңбек заңнамасында кемсітусіз тең еңбекке тең ақы төлеу қағидаты бекітілген, сондай-ақ бірдей мамандық бойынша еңбек ететін немесе бірдей лауазым атқаратын жұмыскерлер үшін еңбекақы мөлшерінің теңдігі қарастырылған. Елімізде әйелдер экономиканың барлық негізгі салаларына, соның ішінде өнеркәсіп, көлік және құрылыс секторларына еркін қатыса алады. Әділ еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге деген ұстанымымыз Қазақстанның Халықаралық еңбек ұйымының Әлеуметтік әділеттілік жөніндегі жаһандық коалициясына қосылуымен расталды. Сонымен қатар ұлттық деңгейде «Еңбек саласындағы зорлық-зомбылық пен қысым көрсетуді жою туралы» ХЕҰ конвенциясын ратификациялау мәселесі қаралуда, - деді бірінші вице-министр.
Спикер іскерлік ортадағы әйелдердің көшбасшылық әлеуетін дамыту мәселесіне де ерекше тоқталды. Оның айтуынша, Үкімет әйелдердің бизнес-бастамаларын қолдауға және жеке капиталдың дамуына қолайлы жағдай жасауға айрықша мән беріп отыр. Бұл өз кезегінде қазақстандық әйелдердің жеке дамуына ғана емес, тұтастай алғанда қоғамның экономикалық тұрақтылығын нығайтуға ықпал етеді.
– Біз әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту және олардың ресурстарды басқаруға қатысуын арттыру бағытындағы шараларды жүйелі түрде жетілдіріп келеміз. 2025 жылдың қорытындысы бойынша қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде шағын және орта бизнес субъектілері басшыларының қатарындағы әйелдердің үлесі 48%-дан асты, ал елдегі кәсіпкерлердің жалпы құрылымында бұл көрсеткіш 54%-ға жетті. Бұл деректер әйелдердің жұмыспен қамтылуы мен экономикалық белсенділігі еліміздің тұрақты дамуының маңызды тірегіне айналғанын айқын көрсетеді, - деді Ербол Тұяқбаев.
Баяндамада халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыру нәтижелері де кеңінен қамтылды. Министрлік республика өңірлерінің барлығында әйелдерді кәсіби оқыту, біліктілігін арттыру және өзін-өзі жұмыспен қамтуға ынталандыру бағытында ауқымды жұмыс жүргізіп келеді. Бұл өз кезегінде кадр тапшылығын азайтып, жаңа технологиялық салалардың дамуына серпін береді.
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі– Бүгінде Қазақстан экономикасында 4,5 млн әйел еңбек етеді. 2025 жылы жұмыспен қамту шаралары аясында шамамен 475 мың әйел жұмысқа орналастырылды. Сонымен қатар 30 мыңнан астам қазақстандық әйел кәсіпкерлік негіздері бойынша бейіндік оқытудан өтіп, олардың бір бөлігі өз ісін бастау үшін мемлекеттік гранттарға ие болды. Бұл әйелдердің жұмыспен қамтылуы әлеуметтік тұрақтылық пен қоғамның ұзақ мерзімді дамуының маңызды факторы екенін тағы бір мәрте дәлелдейді, - деп түйіндеді бірінші вице-министр.
Сөз соңында Ербол Тұяқбаев әйелдерге инвестиция салу – жекелеген әлеуметтік топты қолдау ғана емес, тұтас қоғамның тұрақтылығына, әділ еңбек нарығын қалыптастыруға және өңірдегі ресурстарды тиімді басқаруға бағытталған инвестиция екенін атап өтті.