Tengrinews.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
Бейінді мамандар пациенттерді қосымша тексерулер мен консультацияларға өздері жолдай алады, ал емханалар дәрігерлердің қабылдау кестесін екі ай бұрын жариялап қояды. Tengri Health жаңартылған ережелерде тағы қандай өзгерістер қарастырылғанын баяндайды.
Неге бұйрыққа өзгерістер енгізілді?
Әңгіме "Амбулаториялық жағдайлардағы мамандандырылған медициналық көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы" бұйрық жайында болып отыр. Бұл құжат қазақстандықтардың бастапқы медициналық-санитариялық көмек (БМСК) деңгейінде, яғни емханаларда қандай консультациялық-диагностикалық қызметтерді ала алатынын айқындайды.
Аталған бұйрық 2022 жылы қабылданған. Кейін оған өзгерістер енгізіліп, олар 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді. Енді құжаттың жекелеген нормаларына тағы да толықтырулар енгізілді.
Анықтама: Консультациялық-диагностикалық көмек (КДК) - дәрігер-мамандардың консультациялары мен диагноз қоюға, ем тағайындауға немесе пациенттің жағдайын ауруханаға жатқызбай бақылауға мүмкіндік беретін қажетті тексерулерді (талдаулар, УДЗ, КТ, МРТ және басқа да зерттеулер) қамтитын медициналық көмек.
Денсаулық сақтау министрлігі Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық денсаулық сақтауды дамыту ғылыми орталығының (ҰДСДҒО) департамент директоры Әсел Хасенованың айтуынша, құжат күшіне енгеннен кейін сарапшылар оның кейбір нормаларын нақтылау қажет екенін түсінген.
"Қазір біз кімнің қандай міндет атқаратынын егжей-тегжейлі нақтылап жаздық. Бұл алдағы уақытта құжатты әртүрлі түсіну мен қолданудағы алшақтықтардың алдын алуға мүмкіндік береді", – дейді ол.
Ендеше, бүгіннен бастап қандай өзгерістер күшіне енгенін және олардың дәрігерлер мен пациенттерге қалай әсер ететінін қарастырайық.
Анықтама: Әсел Хасенова - дәрігер, денсаулық сақтау экономикасының магистрі, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық денсаулық сақтауды дамыту ғылыми орталығы департаментінің директоры.
Бейінді мамандар қосымша тексерулерге жолдама бере аладыӘсел Хасенованың айтуынша, бейінді мамандар, яғни кардиолог, уролог, гинеколог және басқа да тар бейінді дәрігерлер бұрын да пациенттерді қосымша тексерулерге және өзге мамандардың консультациясына өз бетінше жібере алатын.
Алайда бұған дейін бұл норма бұйрықтарда көрсетілгенімен, міндетті талап ретінде қарастырылмағандықтан, іс жүзінде әрдайым орындала бермеген.
Енді іс жүзінде не өзгереді?Мысалы, адамның жүрегінде ақау болып, ол кардиологтың диспансерлік есебінде тұр делік. Белгілі бір мерзім сайын ол жоспарлы қабылдауға кардиологқа келеді.
"Кардиолог қандай асқынулардан қауіптенеді? Қанайналым жүйесіндегі бұзылыстар инсультке әкелуі, қан тамырлары мен көру қабілетіне кері әсер етуі мүмкін. Енді дәрігер пациентті қабылдау кезінде оған офтальмолог, невропатолог немесе ангиохирург кеңесі қажет екенін байқаса, сол мамандарға өз бетінше жолдама бере алады. Бұл зерттеулерге де қатысты. Мысалы, УДЗ немесе талдауларға жолдаманы да өзі рәсімдей алады. Бұрын пациенттер кардиологтың қабылдауынан кейін қайтадан учаскелік дәрігерге жазылып, осы жолдамаларды содан алуға мәжбүр болатын. Енді мұндай қажеттілік болмайды", – дейді Әсел Хасенова.
Әсел Хасенова
Салидат Қайырбекова атындағы ҰДСДҒО срапшысы
Бейінді маман пациентке талдауларға жолдама жазып немесе қажет болған жағдайда оны басқа бейінді дәрігерлердің қабылдауына өз бетінше жібере алады. Алайда мұндай жолдамалар үш маманнан аспауы тиіс.
Бұл талап тағы бір өзгеріске байланысты.
Пациенттің "мәртебесі": емдеу процесіне қалай әсер етеді?"Біз тәжірибеге "аяқталған жағдай" және оның нәтижелері деген ұғымдарды енгізіп отырмыз. Енді дәрігер бұл мәліметтерді ақпараттық жүйелерде міндетті түрде белгілейтін болады", – дейді Әсел Хасенова.
Бұйрықта былай делінген:
"Мамандандырылған көмек қызметін көрсету кезінде жағдай аяқталмаған кезде МАЖ-ға ауру жалғасып жатыр деп қорытынды енгізіледі".
Бұл дәл кардиолог, офтальмолог немесе эндокринолог сияқты бейінді маман пациентке қосымша ем, тексеру немесе басқа дәрігердің консультациясы қажет деп шешетін жағдайға қатысты.
Мұндай кезде дәрігер ақпараттық жүйеде "емін жалғастырып жатыр" деген белгі қояды. Осыдан кейін ол пациентті қайта қабылдауға өз бетінше жазып, қабылдауды жоспарлай алады.
Әсел Хасенованың айтуынша, бұрын мұндай мүмкіндік болмаған. Көп жағдайда пациент қайтадан бейінді маманға қаралу үшін алдымен жалпы практика дәрігеріне барып, одан жолдама алуға мәжбүр еді.
Тағы бір жаңашылдық – қабылдау соңында дәрігер медициналық ақпараттық жүйеде (МАЖ) пациенттің шартты "мәртебесін" көрсетуге міндетті болады. Ресми құжатта бұл "емдеу нәтижесі" деп аталады:
"Дені сау" – пациенттің шағымдары мен қандай да бір патологиясы жоқ болған жағдайда. "Сауықты" – пациент толық айығып, қосымша тексеру немесе емдеу қажет болмаған жағдайда. "Жағдайы жақсарды" – пациенттің жағдайында оң өзгерістер байқалған кезде. "Өзгеріссіз" – пациенттің жағдайы тұрақты болып, жақсару немесе нашарлау белгілері болмаған жағдайда. "Жағдайы нашарлады" – пациенттің жағдайында теріс динамика байқалған кезде. "Қайтыс болды" – өлім жағдайы тіркелген кезде."Бұл ақпарат бізге ішкі статистика жүргізу үшін қажет. Ол пациенттерге де, дәрігерлердің жұмысына да ешқандай әсер етпейді. Біз осы деректерді талдап, проблемаларды анықтап, қажет болған жағдайда оларды түзете аламыз", – деп түсіндірді сарапшы.
Алты нәтиже ішінде "емін жалғастырып жатыр" мәртебесінен басқасының бәрі аяқталған жағдай болып есептеледі.
Дәрігерлердің қабылдауы"Дәрігер пациентке ем тағайындап, ақпараттық жүйеде "емін жалғастырып жатыр" деген мәртебені белгілеген жағдайда ғана оны қайта қабылдауға өз бетінше жаза алады", – деп нақтылады Әсел Хасенова.
Тағы бір маңызды өзгеріс – пациенттерге қолайлы уақытты таңдауды жеңілдету үшін емханалар дәрігерлердің қабылдау кестесін кемінде 60 күнтізбелік күн бұрын жариялап, кестеге өзгеріс енгізілген жағдайда оны дер кезінде жаңартып отыруға міндеттеледі. Бұған дейін дәрігердің қабылдауына жазылу, әдетте, 7–10 күнге ғана ашық болатын.
"Мысалы, пациент гастроэнтерологтың қабылдауына келді делік. Дәрігер оны қарап, ем тағайындап, бір айдан кейін қайта келуді ұсынады. Бірақ бұрын гастроэнтеролог пациентті бірден қайта қабылдауға жаза алмайтын, себебі жазылу тек 7–10 күн бұрын ғана ашылатын. Сондықтан пациент қайтадан жалпы практика дәрігеріне баруға мәжбүр болды. Енді бұл рәсім әлдеқайда жеңілдейді", – дейді сарапшы.
Әсел Хасенова медициналық ақпараттық жүйелердегі (МАЖ) жұмыс алгоритмі де өзгергеніне назар аударды.
"Соңғы уақытқа дейін дәрігер қабылдау кезінде пациент туралы барлық мәліметті МАЖ-ға енгізу үшін жеті түрлі әрекет жасауы керек болатын. Енді учаскелік дәрігерге аурудың халықаралық жіктемесі бойынша (АХЖ) диагноз кодын дұрыс көрсету жеткілікті. Осыдан кейін ақпараттық жүйе қызметтің қандай қаржы көзі есебінен көрсетілетінін автоматты түрде анықтайды", – дейді ол.
Сарапшының сөзінше, бұл өзгерістер дәрігерлердің әкімшілік жүктемесін азайтып, пациенттерге көбірек уақыт бөлуіне мүмкіндік береді.
Талдаулар мен УДЗ тек клиникалық хаттамаларға сәйкес тағайындаладыӘсел Хасенова құжатқа енгізілген тағы бір маңызды толықтыруға назар аударды. Енді дәрігерлер консультациялық-диагностикалық қызметтерді әрбір ауру бойынша бекітілген клиникалық хаттамаларға сәйкес қана тағайындауы тиіс.
"Жаңартылған бұйрық клиникалық хаттамалардың сақталуын бақылауды күшейтеді. Бұған дейін пациент басқа дәрігердің, тіпті медициналық білімі жоқ адамның ұсынған тексерулер тізімімен келіп, талдауларға немесе УДЗ-ға жолдама беруді талап ететін жағдайлар кездесетін",– дейді дәрігер.
Сарапшының айтуынша, бұл өзгеріс пациентке көрсетілетін қызметтердің санын шектеуге бағытталмаған.
"Алайда учаскелік дәрігер УДЗ-ға, бейінді мамандардың консультациясына немесе талдауларға жолдама бергенде әрбір ауру бойынша бекітілген клиникалық хаттамаларды басшылыққа алуы тиіс. Бұл талап расталған диагнозға да, белгілі бір ауруға күдік болған жағдайларға да қолданылады", – дейді Әсел Хасенова.
Ол мұны мысалмен түсіндірді.
Мәселен, пациентке созылмалы гастрит диагнозы қойылса, дәрігер осы ауруды диагностикалау үшін клиникалық хаттамада қарастырылған тексерулерді ғана тағайындай алады.
Немесе адам жеке клиникадағы гастроэнтерологқа қаралып, оған бірқатар талдау ұсынылды делік. Егер бұл зерттеулер клиникалық хаттамада көзделмесе, учаскелік дәрігер оларға жолдама бере алмайды.
Медициналық қызмет көрсетуге уақыт нормативтері бекітілді"Дәрігер өзінің кәсіби білімі мен объективті тексеру нәтижесіне сүйене отырып диагноз қояды және әрі қарай сол диагнозға арналған клиникалық хаттама аясында әрекет етеді. Клиникалық хаттамалар ашық қолжетімді, сондықтан кез келген адам олармен таныса алады", – дейді сарапшы.
Бұйрықта медициналық қызметтерді көрсетуге арналған уақыт нормативтері де бекітілген.
Құжаттың қосымшаларының бірінде дәрігердің қабылдауына, ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) жүргізуге, талдау алуға және басқа да медициналық қызметтерге қанша уақыт бөлінуі тиіс екені көрсетілген.
"Кейбір клиникаларда қызмет көрсету тым жылдам ұйымдастырылған. Мысалы, УДЗ кабинетінде тексеріліп жатқан пациент әлі кушеткадан тұрып үлгермей жатып, келесі адам кіріп жатады. Мұндай асығыстық, түптеп келгенде, диагностика мен емдеудің сапасына әсер етеді. Енді әрбір қызметке нақты уақыт нормативтері белгіленді. Мысалы, бір УДЗ процедурасына 20 минут қарастырылған. Бұл уақытқа пациенттен шағымдарын сұрау, зерттеу жүргізу, кушетканы өңдеу және басқа да қажетті әрекеттер кіреді", – дейді Әсел Хасенова.
Уақыт нормативтері барлық медициналық қызмет бойынша белгіленген. Мысалы, педиатр, терапев, хирург, акушер-гинеколог, пульмонолог, кардиолог және басқа да көптеген мамандардың қабылдауы 20 минутқа созылуы тиіс.
Алайда кейбір ерекшеліктер де бар:
психологтың қабылдауы – 30 минут; стоматолог-хирургтың қабылдауы – 40 минут.Қажет болған жағдайда жоғарыда аталған кез келген маманның алғашқы қабылдауы 30 минутқа дейін созылуы мүмкін.
Ультрадыбыстық зерттеулердің (УДЗ) басым бөлігіне де 20 минут бөлінеді. Дегенмен мұнда да ерекшеліктер бар. Мысалы:
жүктіліктің бірінші триместріндегі акушерлік УДЗ – 40 минут; көпұрықты жүктілік кезіндегі УДЗ – 60 минут; көздің УДЗ-сі – 30 минут.Бұл уақыт нормативтерінің басым бөлігі 2026 жылғы 3 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі.
Авторы: Оксана Акулова
Аударған: Дина Шәріпхан
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу