Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Қазақстанда әкімшілік амнистия аясында мемлекеттік кірістер органдары салған төленбеген айыппұлдардың бір бөлігі кешіріледі. Алайда бұл шара барлық заңбұзушылық пен азаматтардың барлық санатына бірдей қолданылмайды. Толығырақ мемлекеттік кірістер комитеті заң басқармасының басшысы Диас Ахметов айтып берді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Оның айтуынша, амнистия Қазақстан азаматтарына, жеке кәсіпкерлерге және жеке практикамен айналысатын тұлғаларға - нотариустарға, адвокаттарға, заң кеңесшілері мен жеке сот орындаушыларына қолданылады.
Бұл ретте ол заңды тұлғаларға, лауазымды тұлғаларға, шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ тұлғаларға қатысты болмайды.
Амнистия салық органдары, соның ішінде салық салу және кеден ісі саласында салған әкімшілік айыппұлдарға қатысты.
"Заң күшіне енгенге дейін шығарылған әкімшілік жаза қолдану туралы орындалмаған барлық қаулы амнистияға ілігеді. Егер айыппұл ішінара төленген болса, қалған сома да есептен шығарылады", - деп түсіндірді Ахметов әкімшілік амнистияға арналған тікелей эфирде.
Ол биылғы 3 шілдеге дейін салық айыппұлын төлемегендердің барлығы амнистиядан үміткер бола алатынын айтты. Ахметовтің сөзінше, мұндай айыппұлдар бойынша атқарушылық іс жүргізу тоқтатылады. Егер өндіріп алумен мемлекеттік кірістер органдары айналысқан болса, олар да қаулыны мәжбүрлі түрде орындатуды тоқтатады.
Қандай айыппұл кешірілмейді?Амнистия келесі айыппұлдарға қолданылмайды:
сот тағайындаған; Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің (ӘҚБтК) 275, 277 және 278-баптары бойынша.Бұл жерде күрделі салықтық заңбұзушылықтар туралы сөз болып отыр:
салық салу объектілерін немесе мүлікті жасыру; салықтық міндеттемелерді орындаудан жалтару; салық сомасын кемітіп көрсету.Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі бұл заңбұзушылықтар салық төлеуге қатысты конституциялық міндетті орындаумен тікелей байланысты болғандықтан, олар бойынша жауапкершіліктен босату қарастырылмағанын түсіндірді
Сонымен қатар 278-бап ("Салықтардың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің сомаларын кемітіп көрсету") бойынша айыппұлдар 2026 жылдың басынан бері микро және шағын бизнес субъектілері үшін әрекет ететін "Таза парақ" акциясы аясында есептен шығарылған болатын. Акция шарттары бойынша, берешектің негізгі сомасын өтеген кәсіпкерлердің есептелген өсімпұлдары мен айыппұлдары кешірілді.
МКК деректеріне сәйкес, 2026 жылдың сәуіріне қарай акцияға қатысушылар 13 миллиард теңгеге жуық негізгі салық қарызын өтеген, ал мемлекет 4,9 миллиард теңгенің айыппұлдары мен өсімпұлдарын кешірген. Сондықтан бұл заңбұзушылықтарды әкімшілік амнистияға қайта қоспау туралы шешім қабылданды.
Алғашқы әкімшілік амнистия1 шілдеде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты амнистия туралы заңға қол қойды. Заңның жеке нормасымен тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алғашқы әкімшілік амнистия қарастырылған.
Әкімшілік айыппұлдардан мыналар босатылады:
Қазақстан азаматтары; жеке кәсіпкерлер; нотариустар; адвокаттар; жеке сот орындаушылары; заң кеңесшілері.Бұл жерде заң күшіне енген сәтте орындалмаған және уәкілетті органдардың құзыретіне жататын айыппұлдар туралы сөз болып отыр.
Бұл ретте рақымшылық мыналарға қолданылмайды:
соттар салған айыппұлдар; азаматтар мен мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндіретін құқықбұзушылықтар үшін салынған айыппұлдар.Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет өткізіліп отырған әкімшілік амнистия Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 260-тан астам бабында көзделген құқықбұзушылықтар үшін салынған айыппұлдарды төлеуден босатады.
ІІМ мәліметінше, тек ішкі істер органдары қарайтын құқықбұзушылықтар бойынша 17 миллиард теңгеден астам сома болатын 1 миллионға жуық айыппұл амнистияға ілігеді.
"Амнистия азаматтарға түсетін қаржылық жүктемені азайтуға септігін тигізеді. Бұл ретте әкімшілік амнистия аса өрескел құқықбұзушылық жасаған, соның ішінде қару мен есірткінің заңсыз айналымына, жол жүру ережелерін бұзуға (көлік құралын мас күйінде басқару, қарсы қозғалыс жолағына шығу және жүргізуші куәлігінен айыруға әкеп соққан басқа да бұзушылықтар) қатысы бар адамдарға, сондай-ақ құқықбұзушылықты қайталап жасағандарға қолданылмайды", - деп атап өтті ІІМ.
Бұған дейін амнистия кімдерге қатысты болатыны, қандай айыппұлдарды автоматты түрде кешіру жоспарланып отырғаны, Қуандық Бишімбаев пен Перизат Қайрат жаза мерзімінің қысқаруынан үміткер бола алатын-алмайтыны, сондай-ақ неге билік амнистияны дәл қазір өткізуге шешім қабылдағаны туралы егжей-тегжейлі жазған болатынбыз. Толығырақ сілтеме арқылы оқыңыз.
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу