Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
TikTok желісінде 18 жастан асқан қазақстандықтардың 5 млн теңгеге дейінгі несиелері мен айыппұлдарын есептен шығаруға уәде беретін бейнероликтер таралып жатыр. Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы бұл видеоларды зерделеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Бейнеролик авторлары сенімді болу үшін мемлекеттік рәміздерді пайдаланып, профиль сипаттамасындағы сілтеме арқылы өтуге шақырады. Сілтеме бойынша ашылатын сайт ресми әлеуметтік көмек көрсететін сервис ретінде ұсынылған. Пайдаланушыға туған жылын көрсету ұсынылады, одан кейін бағдарлама шарттарына сәйкес келетіні хабарланып, Telegram-ға өтуге бағыттайды. Ал кері санақ таймері уақыттың шектеулі екенін көрсетіп, пайдаланушыны асығыс шешім қабылдауға итермелейді.
"Telegram-да авторизацияны растаған пайдаланушы іс жүзінде бөгде адамдарға өз аккаунтына, жеке хат алмасуларына және оған байланысты деректерге қол жеткізуге мүмкіндік береді", - деп ескертті орталық.
Арнайы сервистер бұл ресурсты фишинг және спам ретінде жіктейді. Бұған қоса тексеру кезінде домен небәрі 17 күн бұрын тіркелгені анықталды. Бұл дерек алаяқтық әрекетті толық дәлелдемейді, бірақ басқа белгілермен бірге қарастырғанда үлкен күдік тудырады.
"Аталған белгілер мемлекеттік көмек алу сылтауымен жасалатын фишингтік алаяқтық қаупі бар екенін көрсетеді, - деп толықтырды орталық мамандары.
Анықтама: Фишинг - интернет-алаяқтықтың түрі, оның мақсаты - алдау жолымен пайдаланушылардың құпия деректеріне (құпиясөздер, банк карталарының нөмірі, PIN-кодтар және жеке ақпарат) қол жеткізу.
Сондай-ақ Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығының өкілдері қалай күдікті сайтты анықтап, жеке деректерді қорғауға болатынын айтты:
Домен атауын тексеріңіз. Қазақстанның ресми мемлекеттік ресурстары .gov.kz домендік аймағын, ал басқа да көптеген ресми ұйым .kz доменін қолданады. Мемлекеттік органдар мен ұйымдардың сайт атауларында көбіне қазақ тіліндегі сөздер мен олардың қысқартылған нұсқалары латын әріптерімен жазылады. Бейтаныс домендерге назар аударыңыз. Егер сайт атауы мысалы .cfd, .xyz, .top немесе .click сияқты бейтаныс домендік аймақтармен аяқталса, оны мұқият тексерген жөн. Сыртқы көрінісіне ғана сенбеңіз. Сайтта мемлекеттік рәміздер, логотиптер мен қорғалған қосылым байланыс белгілерінің болуы оның мемлекеттік органға тиесілі екенін растамайды. Уәделерді тексеріңіз. Несиелер мен айыппұлдарды есептен шығару туралы қандай да бір ақпарат тараса, оны тек мемлекеттік органдардың ресми ақпарат көздерінен қараңыз. Күдікті авторизацияны растамаңыз. Егер сілтеменің немесе қосымшаның қайдан шыққанына және кімге қандай құқық беріп жатқаныңызға сенімді болмасаңыз, Telegram және басқа да жеке аккаунттарыңызға рұқсат бермеңіз. Егер күдікті сілтеме арқылы кіріп қойған болсаңыз, Telegram-дағы белсенді сеанстарды тексеріңіз, бейтаныс құрылғыларды өшіріңіз және екі кезеңді аутентификацияны қосыңыз.ОКҚ Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы алаяқтар пайдаланушыларды өз айласына түсірудің әр кезеңін мұқият ойластыратынын еске салды: олар қарыздарды есептен шығаруға, қаржылай көмек көрсетуге уәде береді немесе қоғамдағы өзекті мәселелерді пайдаланып, адамдардың сеніміне кіруге және оларды өздеріне қажетті әрекеттерге итермелеуге тырысады.
"Сырт көзге сенімді көрінетін мұндай жарияланымдардың артында азаматтардың жеке деректері мен аккаунттарына қол жеткізуді көздейтін фишингтік схемалар жасырынуы мүмкін. Сондықтан құрғақ уәделерге сенбей, ақпаратты ресми дереккөздер арқылы тексеріп, күмәнді сілтемелер мен аккаунтқа кіруге рұқсат беру туралы сұрауларға мұқият қараған жөн", - делінген хабарламада.
Бұған дейін Қазақстанда алаяқтар жаңа схеманы қолдана бастағаны хабарланған еді: олар қызметкерлерге басшылықтың немесе әріптестерінің атынан қоңырау шалып, кейін мессенджерде деректемелерді, кодтарды немесе басқа ақпаратты жіберуді сұрайды. Бұл ретте телефон экранында расында таныс адамның нөмірі көрінуі мүмкін. Толығырақ мына сілтеме арқылы оқыңыз.
Тағы оқыңыз: Қазақстандықтарды қалай алдайды: кеңінен таралған үш схема
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу