Tengrinews.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
Зейнетақы жинағын жеке басқарушы компанияларға сеніп тапсырған азаматтар енді жасына және қатерге қаншалық дайын екеніне қарай инвестициялық стратегияны өздері таңдай алады. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мәлімдеді, деп жазады Tengrinews.kz.
Бұған дейін инвестициялық портфельді басқаратын әрбір жеке компания барлық клиенттің жасына қарамастан, ортақ портфель қалыптастыратын. Енді жаңа өзгерістерге сәйкес басқарушы компаниялар салымшыларға инвестициялық портфельдің үш түрін ұсына алады:
консервативті - жасына қарамастан барлық салымшыға қолжетімді. Қаражат негізінен облигацияларға салынады. Басқарушының жұмысы жыл сайын бағаланады. қалыпты - зейнетке шығуына 3 жылдан аса уақыт қалғандарға арналған. Акциялар мен облигацияларды біріктіреді. Нәтиже 3 жылдың қорытындысы бойынша бағаланады; қатері бар - зейнетке шығуына 13 жылдан аса уақыт қалғандарға арналған. Негізінен акцияларға бағытталған: ықтимал табыс жоғары, бірақ құнның ауытқуы да айтарлықтай болуы мүмкін. Нәтиже 5 жылдың қорытындысы бойынша бағаланады.Әр портфель үшін Қазақстан мен әлемдік нарықтағы акциялар мен облигациялардың жиынтық индексіне негізделген салыстырмалы көрсеткіш және ең төменгі табыс деңгейі белгіленген. Консервативті портфельдің ең төменгі табысы салыстырмалы көрсеткіштің 90 пайызынан, орташа тәуекелді портфельде 85 пайызынан, ал жоғары тәуекелді портфельде 80 пайызынан кем болмауға тиіс. Белгіленген мерзім аяқталғанда табыс осы деңгейден төмен болса, басқарушы компания айырымды өз қаражаты есебінен өтейді.
"Зейнетке шығуға неғұрлым көп уақыт қалса, инвестициялау мерзімі де соғұрлым ұзақ болады. Бұл нарықтағы құбылмалы әсерді азайтуға мүмкіндік береді. Ал зейнет жасына жақындаған сайын жинақтың сақталуы басты орынға шығады", - деп түсіндірді ҚНРДА өкілдері.
Сонымен қатар, әр портфельде шетел валютасындағы инвестициялардың үлесіне шектеу қойылған. Консервативті портфельде бұл көрсеткіш 40 пайыздан, орташа тәуекелді портфельде 70 пайыздан, ал жоғары тәуекелді портфельде 80 пайыздан аспауы керек.
"Зейнетақы жинағын бірнеше басқарушы компанияға немесе бір компанияның бірнеше портфеліне бөліп орналастыруға болады. Бір басқарушының басқа портфеліне жылына бір реттен жиі ауысуға рұқсат етілмейді. Ол үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының сайты арқылы өтініш беру қажет. Салымшының жасы таңдаған портфельдің талаптарына сәйкес келмей қалса, БЖЗҚ оның жинағын сол басқарушының басқа қолайлы портфеліне автоматты түрде аударады. Мұндай портфель болмаса, қор салымшыға алдын ала хабарлайды. Осылайша, азамат басқа басқарушыны таңдай алады немесе жинағын Ұлттық банктің басқаруына қайтара алады", – деді агенттік өкілдері.
Әр портфельдің қаражаты кастодиан банктегі жеке шоттарда есепке алынады. Басқарушы компания әр портфельдің нәтижесіне бөлек жауап береді. Зейнетақы активтерін инвестициялауға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізімі өзгермейді.
Анықтама: Кастодиан - клиенттердің бағалы қағаздарын, ақшасын немесе цифрлық активтерін қауіпсіз сақтап, олардың есебін жүргізетін мамандандырылған ұйым. Көбіне бұл қызметті банктер мен қаржы ұйымдары атқарады.
Басқарушы компания портфельді тек оның нәтижесін бағалау мерзімі аяқталғаннан кейін жаба алады. Бұл туралы бір жыл бұрын ескертуі керек. Сондай-ақ, компанияның кемінде бір инвестициялық портфелі сақталуға тиіс. Портфельдің табысы белгіленген ең төменгі деңгейге жетпесе, компания оны жаппас бұрын салымшыларға айырманы өтеуге міндетті.
Агенттік 2026 жылғы 7 қыркүйектен бастап азаматтар зейнетақы жинағының 100 пайызына дейін жеке инвестициялық басқарушы компанияларға бере алатынын еске салды. Қазір зейнетақы активтерін алты жеке компания басқарады:
"Alatau City Invest" АҚ; "BCC Invest" АҚ; "Halyk Global Markets" АҚ; "Halyk Finance" АҚ; "Сентрас Секьюритиз" АҚ; "Tansar Capital" АҚ.1 қазандағы жағдай бойынша олардың басқаруында 205,8 миллиард теңге (208 000-нан аса салымшы) болды.
"Азаматтардың жасына қарай инвестициялық стратегияны таңдау мүмкіндігі зейнетақы жинағының ұзақ мерзімді табысын арттырып, басқарушы компаниялар арасындағы бәсекені күшейтеді", - деп толықтырды ҚНРДА өкілдері.
Бұған дейін Қазақстанда жалпыға бірдей белгіленген зейнет жасын күтпей-ақ өмір бойы зейнетақы төлемін алуға болатыны туралы жазған едік. Кейбір азаматтар бұл мүмкіндікті 50 жастан бастап пайдалана алады.
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу