Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ сенаторы Стив Дэйнспен кездесуі Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық диалогтың қарқынды дамып келе жатқанын тағы бір мәрте көрсетті. Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту, инвестициялық байланыстарды кеңейту, энергетика, сирек жер металдары, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект салаларындағы өзара іс-қимыл, сондай-ақ Қазақстанның G20 саммитіне қатысуы мәселелері талқыланды.
Сарапшылардың пікірінше, қазіргі геосаяси жағдайда АҚШ үшін Орталық Азияның, әсіресе Қазақстанның стратегиялық маңызы айтарлықтай артып келеді. Қазақстанның өңірдегі орны, көпвекторлы сыртқы саясаты және халықаралық беделі екіжақты әріптестікті жаңа мазмұнмен толықтыруға мүмкіндік беріп отыр. Қазақстанның АҚШ үшін геосаяси және геоэкономикалық маңызы, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың басым бағыттары мен оның келешегі туралы әзербайжандық саясаттанушы, халықаралық қатынастар жөніндегі сарапшы Ильгар Велизаде айтып берді.
- Сіздің ойыңызша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ сенаторы Стив Дэйнспен кездесуі Вашингтонға және халықаралық қауымдастыққа қандай негізгі саяси сигнал береді?
- Соңғы жылдары, әсіресе кейінгі бір-екі жылдың ішінде, АҚШ үшін Орталық Азияның рөлі мен маңызы айтарлықтай артты. Бұл, ең алдымен, қазіргі әлемдегі геосаяси ахуалдың күрделенуімен байланысты. Жаһандық жетекші державалар арасындағы бәсекелестіктің күшеюі әртүрлі өңірлердегі шиеленістің артуына алып келуде. Осындай жағдайда АҚШ тұрақты дамып келе жатқан, геосаяси қақтығыстарға тартылмаған және өзара тиімді ынтымақтастыққа ашық мемлекеттерге ерекше назар аударып отыр.
Қазақстан – сондай елдердің бірі. Америкалық сенатордың Қазақстанға сапары мен оның барысында көтерілген мәселелер екі ел арасындағы саяси диалогтың жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Бұл АҚШ-тың Қазақстанды Орталық Азиядағы негізгі стратегиялық серіктестерінің бірі ретінде қарастыратынын және өзара сенімге негізделген ұзақмерзімді ынтымақтастықты дамытуға ниетті екенін аңғартады. Өйткені мемлекеттер арасындағы тұрақты әрі нәтижелі қарым-қатынастың басты негізі – саяси сенім.
- Мемлекет басшысы Қазақстан мен АҚШ арасындағы көпқырлы ынтымақтастықтың қарқынды дамуын жоғары бағалап, әріптестікті одан әрі тереңдетуге дайын екенін атап өтті. Сіздің пікіріңізше, бүгінгі таңда екіжақты қарым-қатынастың қай бағыттарының әлеуеті жоғары?
- Қазақстан мен АҚШ арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың әлеуеті кең әрі көпқырлы. Бұған дейін АҚШ негізінен дәстүрлі энергия көздерін игеру саласына басымдық берсе, бүгінде қызығушылық сирек жер металдарын өндіру, жеткізу тізбектерін әртараптандыру бағыттарына ауып келеді.
Сонымен қатар жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар саласы ерекше маңызға ие. Бұл бағыттарда Қазақстан өңірдегі жетекші елдердің біріне айналып, халықаралық деңгейде де өз орнын нығайтып келеді. Сондықтан АҚШ аталған салалардағы ынтымақтастықты дамытуға ерекше қызығушылық танытып отыр. Жалпы алғанда, екіжақты әріптестік дәстүрлі экономикалық бағыттармен қатар жаңа технологиялық салаларды да қамтып, прагматикалық сипатқа ие болуда.
- Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың қараша айында АҚШ-қа жасаған сапары барысында қол жеткізілген екіжақты келісімдердің сапалы жүзеге асырылуының маңыздылығына тоқталды. Сіздің ойыңызша, тараптардың саяси мәлімдемелерден нақты бірлескен жобаларды іске асыру кезеңіне көшуі қаншалықты маңызды?
- Қазіргі таңда қалыптасқан саяси сенім мен өзара диалогты нақты экономикалық нәтижелерге айналдыру аса маңызды. Қазақстан АҚШ үшін Орталық Азияға шығатын маңызды әріптес ретінде қарастырылып отыр және бұл өзара сенімді ірі инвестициялық әрі экономикалық жобалар арқылы нығайтуға мүмкіндік береді.
Алдағы кезеңде екі ел арасындағы ынтымақтастықтың тиімділігі саяси мәлімдемелермен емес, нақты бірлескен жобалардың жүзеге асуымен бағаланатын болады. Әсіресе сирек жер металдарын өндіру, жаңа жеткізу тізбектерін қалыптастыру, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект салаларындағы жобалар осы әріптестіктің практикалық мазмұнын күшейтеді.
- Қазақстан Президенті жыл соңында Майамиде өтетін G20 саммитіне қатысуды жоспарлап отыр. Сіздің ойыңызша, жоғары деңгейдегі бұл кездесу Қазақстан мен АҚШ арасындағы өзара іс-қимылға қалай әсер етеді және халықаралық аренадағы Қазақстанның саяси беделін нығайтуға қандай ықпал етуі мүмкін?
- Қазақстанның G20 саммитіне қатысуға шақырылуы еліміздің халықаралық беделі мен ықпалының артқанын, сондай-ақ АҚШ сыртқы саясатындағы маңызының күшейгенін көрсетеді. Бүгінде Қазақстан АҚШ үшін маңызды әрі жаһандық деңгейдегі серіктеске айналып отыр. Әдетте G20 саммитіне ұйымдастырушы ел өзіне жақын әрі сенімді серіктестерді шақырады. Сондықтан Қазақстанның мұндай форматқа қатысуы оның халықаралық аренадағы орнының нығайғанын білдіреді.
Сонымен қатар бұл кездесу қалыптасқан саяси сенімді нақты экономикалық ынтымақтастыққа ұластыруға мүмкіндік береді. G20 – әлемнің жетекші экономикалары бас қосатын маңызды алаң. Қазақстан үшін бұл өз экономикалық әлеуетін, инвестициялық мүмкіндіктерін және бәсекелестік артықшылықтарын таныстыруға, сондай-ақ халықаралық экономикалық үдерістердегі рөлін күшейтуге мүмкіндік береді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.