Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлықпен күресті мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі ретінде айқындап келеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
2026 жылғы 26 наурызда Францияның Страсбург қаласында өткен Еуропа Кеңесінің GRECO-ның (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі мемлекеттер тобы) 102-ші пленарлық отырысында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру барысын таныстырды. Еуропа Кеңесімен құрылған GRECO ұйымына 51 қатысушы мемлекет кіреді және Қазақстан Республикасы аталмыш ұйымның толыққанды мүшесі.
Пленарлық отырыста Агенттік төрағасы Дархан Жазықбай Қазақстанда GRECO ұсынымдарының іске асырылу барысы, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және елдегі жүйені дамыту бағытындағы жүргізіліп жатқан кешенді жұмыстар туралы баяндады.
Өз сөзінде ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясындағы ауқымды институционалдық өзгерістерге тоқталды. Сонымен қатар, елімізде сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға, оған мүлдем төзбеушілік пен адалдық қағидаттарын орнықтыруға бағытталған жаңа модельдің кезең-кезеңімен енгізіліп жатқанын атап өтті.
Баяндамада қаржылық тергеулерді дамыту, құқық қорғау органдары арасындағы өкілеттіктерді нақты бөлу, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды тергеуде мамандандырылған құрылымдардың рөлін күшейту мәселелері де көрініс тапты.
Сондай-ақ, азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндіктерін кеңейту, уәкілдер институтын енгізу, қоғамдық кеңестердің әлеуетін арттыру және қоғамдық бақылау тетіктерін заңнамалық тұрғыда бекіту бағытындағы шаралар атап өтілді. Парламент қарауының соңғы сатысында тұрған бірқатар заң жобаларына да ерекше назар аударылды.
Қазіргі уақытта еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жетілдіру мәселесі негізгі бағыттардың бірі ретінде айқындалып, ұлттық ерекшеліктер мен халықаралық стандарттардың үйлесіміне айырықша мән берілуде.
GRECO Іс-шарасы аясында, Дархан Жазықбай Еуропа Кеңесінің Адам құқықтары және құқық үстемдігі жөніндегі Бас директоры Джанлука Эспозито және GRECO Бюросы мүшесі, Кипр делегациясының басшысы Алексиа Калисперамен кездесті. Кездесулер барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты дамыту, GRECO ұсынымдарын орындау барысында тиімді тәжірибе алмасу және халықаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды.