Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Ұлттың айбынды тұлғасы Қажымұқан Мұңайтпасұлының 155 жылдық мерейтойына орай Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында «Қажымұқан» спектаклінің тұсауы кесілді. Айтулы премьера – уақытпен бірге өшпеген ерлік рухының қайта оралуы, ұрпақ жүрегінде жаңғырып, сезім мен рәміздің терең иірімінде тербелген көркем толғаныс.
Мерейтойлық жыл аясында дүниеге келіп, Қажымұқан тұлғасын театр кеңістігінде алғаш рет дербес драмалық туынды ретінде сөйлеткен спектакль – әйгілі балуанның өмірі мен ерлігін жаңа буынға танытудың көркем тәсілі. Қоюшы режиссер Ақниет Жақсығали атап өткендей, Қажымұқан туралы сахналық туындының бұған дейін қойылмауы айтулы жұмыстың тарихи маңызын арттыра түседі. Осы тұрғыдан алғанда, спектакль мерейтойлық шаралардың мазмұнын байытып, тұлға мұрасын жаңаша пайымдауға жол ашады.
«Бұл спектакль – бұрын-соңды сахналанбаған тақырыпқа жасалған алғашқы батыл қадам. Қажымұқан туралы кинотуындылар болғанымен, театр сахнасында дербес драмалық шығарма ретінде ұсынылуы – ұлттық драматургиядағы жаңа белес», дейді режиссер.
Шынымен де, пьеса авторлары Наурызбай Асылбек пен Қазыбек Аманжол балуан бейнесін тек тарихи деректер аясында ғана емес, көркемдік-философиялық тұрғыдан терең ашуға ұмтылған. Соның нәтижесінде сахнада күрескердің тағдыры арқылы халықтың рухы, замана шындығы, ұлттық болмысы көрініс табады. Қойылым құрылымында Қажымұқанның өмір жолы кезең-кезеңімен ашылады. Балалық шағынан бастап кемеліне келген шағына дейінгі эволюция бірнеше актердің орындауында біртұтас драмалық желіге біріктірілген. Бұл тәсіл кейіпкердің уақыт пен кеңістіктегі өзгерісін тереңірек сезінуге мүмкіндік береді, яғни сахнада Қажымұқан алып күш иесі ретінде ғана емес, әке аманатын арқалаған перзент, ел намысын жүктеген азамат, ішкі қайшылығы бар тұлға ретінде көрінеді. Оның айналасындағы кейіпкерлер – Балуан Шолақ сынды серілер бейнесі арқылы ұлттық рухтың көпқырлылығы ашылады. Надежда-Фатима образы арқылы кейіпкердің жеке өмірі, сезім әлемі де көркем өрнектелген. Бұл желі спектакльдің эмоционалдық тепе-теңдігін сақтап, тарихи тұлғаны адамдық өлшемде қабылдауға мүмкіндік береді.
Айтулы қойылым ұлттық театр кеңістігінде биографиялық драманың жаңа интерпретациясы ретінде назар аудартады. Қажымұқан Мұңайтпасұлы тұлғасын сахналық бейнелеу дәстүрлі хроникалық баяндаудан гөрі поэтикалық-рәміздік деңгейде шешілген, яғни спектакльдің жанрлық табиғаты синкретті сипатқа ие. Мұнда драмалық һәм пластикалық театр мектебімен қатар, цирктік өнер элементтері тұтасып, постдрамалық театр эстетикасына жақындайды. Әсіресе мәтіннен гөрі қозғалыс пен визуалды образдың алдыңғы қатарға шығуы – режиссерлік концепцияның басты ұстыны. Бұл тәсіл кейіпкердің ішкі психологиялық күйін вербалды емес құралдар арқылы жеткізуге мүмкіндік береді. Қойылым режиссері Ақниет Жақсығали кеңістікті семиотикалық жүйе ретінде қарастырып, сахнаны тек әрекет өтетін орын емес, мағына тудыратын дербес «мәтінге» айналдырады. Нәтижесінде, сахналық шешімдердегі минимализм мен символизм қатар өріліп, әрбір деталь жарық, дыбыс, қозғалыс белгілік мәнге ие болған. Мәселен, балуан тастың финалдағы бейнесі – физикалық күштің ғана көрсеткіші емес, ұлттық жады мен тарихи жүктеменің метафорасы. Бұл көрініс – этнографиялық деталь болумен қатар қойылымның идеялық өзегіне айналған рәміз.
Режиссерге сахна қатып қалған қимылсыз кеңістік емес, керісінше, үнемі қозғалыстағы тірі организм ретінде қарастырылады. Мизансценалық құрылымның цирк аренасына ұқсас шешілуі де кездейсоқ емес. Бұл тәсіл Қажымұқан өмірінің күреске толы табиғатын айқындай түседі. Осылайша, көрермен оқиғаны бақылаушы ғана емес, сол аренадағы рухани тартыстың куәгеріне айналады.
Актерлік ойын жүйесі де дәстүрлі психологиялық мектептен гөрі пластикалық экспрессияға жақын. Басты кейіпкердің бейнесі ішкі монолог пен дене пластикасы арқылы ашылып, «тән театры» (theatre of the body) қағидаттары айқын байқалады. Бұл тәсіл физикалық театр мен пластикалық театр эстетикасына сәйкес келеді. Сонымен қатар қойылымдағы цирктік элементтердің енгізілуі – көркемдік эффект қана емес, драматургиялық қызмет атқарады. Акробатикалық көріністер кейіпкердің өмір жолындағы күресті, тепе-теңдікті сақтауды әрі тәуекелді бейнелейді. Бұл тұрғыда спектакль постдрамалық театр заңдылығына сүйене отырып, оқиға желісінен гөрі әсер мен қабылдауға басымдық береді. Музыкалық, дыбыстық шешімдер де қойылымның құрылымдық бөлігіне айналған. Жарық пен дыбыс партитурасы сахналық әрекеттің эмоциялық ритмін дәл ұстап, драматургиялық шиеленісті күшейтеді. Мұнда дыбыс тек фондық қызмет атқармай, сахналық әрекеттің драматургиялық серіктесіне айналып, эмоционалдық екпінді нақтылайды. Мұндай тәсіл қазіргі заманғы мультимедиалық театр тенденцияларымен үндес.
Қорыта айтқанда, «Қажымұқан» драмасы – қазіргі қазақ театрының көркемдік ізденісін айқындайтын, формалық һәм мазмұндық тұрғыдан жаңашыл туынды. Ол биографиялық драманы жаңа деңгейге көтеріп, тарихи тұлғаны мифопоэтикалық кеңістікте қайта сомдайды. «Біткен іске сыншы көп» демекші, әрине, кез келген премьера секілді бұл қойылым да уақыт өте толықтырылып, әр ойналған сайын дамып, кем-кетігі жетілдіріле түсері анық. Дегенмен, бүгінгі нәтижесінің өзі – ұлттық театр өнеріндегі маңызды белес. Себебі Қажымұқанды сахнаға шығару – бір тұлғаны ғана дәріптеу емес, ұлттың күшін, рухын, тарихи жадын қайта тірілту. Осы тұрғыдан алғанда, айтулы драманы кезекті бір қойылым деп қана қарастырмай, маңызды мәдени оқиға деп бағаласақ, әбден орынды болмақ. Себебі «Қажымұқан» спектаклі – ұлттық театрдағы формалық ізденістердің айқын көрінісі. Ол тарихи тұлғаны сахнаға шығаруда реалистік баяндаудан бас тартып, метафоралық, пластикалық әрі визуалды тілге сүйенеді. Осы арқылы қойылым көрерменге дайын жауап ұсынбай, интерпретация кеңістігін ашатын заманауи театр туындысы ретінде бағаланады.
Соңғы жаңалықтар
Несие • Бүгін, 08:10
Жолаушы қауіпсіздігі – жауапты міндет
Қоғам • Бүгін, 08:05
Анас Баққожаев: Заң жобасы жауапкершілікке негізделген
Сұхбат • Бүгін, 08:00
Қаржы ұйымымен келелі келіссөз
Саясат • Бүгін, 07:55
Бейбітшілікке үндеген жаһандық саммит
Саясат • Бүгін, 07:50
Кекілбаев тұлғасына арналған кітап
Қоғам • Бүгін, 07:48
Халықаралық шарт пен келісім мақұлданды
Саясат • Бүгін, 07:45
Штутгарттағы сәтті старт: Елена Рыбакина келесі кезеңге өтті
Теннис • Кеше
Күшті үйлестіру – озық тәжірибе
Аймақтар • Кеше
Бір кәуап – 950 мың теңге: Бразилияда туристерді алдаған топ ұсталды
Әлем • Кеше
Ұландықтар баланы ажалдан аман алып қалды
Қоғам • Кеше
Бекзат Алмаханның UFC-дегі қарсыласы анықталды
Спорт • Кеше
«Әділет» партиясын құруға ресми қадам жасалды
Саясат • Кеше
Президент «Ялла» ансамблінің көркемдік жетекшісі Фаррух Закировке құттықтау жеделхатын жолдады
Президент • Кеше
Бибісара Асаубаева көш басына шықты
Шахмат • Кеше