Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
Кездесу барысында ШҰАА Қазақстан мен Қытай арасындағы қатынастарда маңызды рөл атқаратыны айтылды. Бұл өңір екі ел арасындағы негізгі құрлықтық көпір саналады және өзара сауданың айтарлықтай бөлігін қамтамасыз етеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен ШҰАА арасындағы тауар айналымы шамамен 18,9 млрд АҚШ долларын құрады.
Қытай тарапынан ШҰАА-ның әлеуметтік-экономикалық дамуының қазіргі қарқыны туралы ақпарат беріліп, өңірдің тұрақты өсуі, сыртқы экономикалық байланыстарының кеңеюі және инфрақұрылымның жаңартылуы атап өтілді. Сонымен қатар, ШҰАА Қазақстанмен шекаралық ынтымақтастық пен транзиттік торап ретіндегі рөлін күшейтіп келе жатқаны айтылды.
Фото: Сауда және интеграция министрлігіБасқосуда көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне баса назар аударылды. Тараптар өткізу пункттерінің өткізу қабілетін арттыру, теміржол бағыттарын жаңғырту және инфрақұрылымдық жобаларды үйлестіру бойынша шараларды талқылады. «Достық–Мойынты» өткізу пунктін кеңейту, «Аягөз–Тачэн» теміржол өткелін салу, сондай-ақ «Қорғас» және «Алашанькоу» шекаралық тораптарын дамыту жобаларының маңыздылығы атап өтілді. Өткізу қабілетін арттыру және инфрақұрылымдық шектеулерді жою қажеттігі де ерекше көрсетілді.
Сонымен қатар «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығын дамытуға, оның инфрақұрылымын жаңғыртуға және сауда мен инвестиция мүмкіндіктерін кеңейтуге назар аударылды. Логистика, энергетика, туризм және шекара маңы саудасын дамыту басым бағыттар ретінде белгіленді.
Тараптар Қазақстанның «Қытай–Еуразия» халықаралық ЭКСПО көрмесіне белсенді қатысуы туралы келісімге келді. Қазақстан бұл көрмеге құрметті қонақ ретінде қатысады. Іс-шара 2025 жылдың 25–29 маусым аралығында өтеді және өңірдегі сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға, экспортты ілгерілетуге және Еуразия елдері арасындағы іскерлік байланыстарды нығайтуға бағытталған негізгі халықаралық алаңдардың бірі болып табылады.
Сондай-ақ Қазақстан шекара маңы өңірлерінің делегацияларының Үлкен Алтайдың екінші халықаралық конференциясына қатысуға қызығушылық танытты.
Министрдің айтуынша, Шыңжаң өңірі шекаралық және транзиттік өзара іс-қимыл жүйесіндегі негізгі буын саналады. Өңір арқылы тауар ағындарының басым бөлігі өтеді, бұл оны сауда, логистика және өнеркәсіптік кооперацияны дамытудағы Қазақстанның маңызды әріптесіне айналдырады.
Фото: Сауда және интеграция министрлігіАрман Шаққалиев Қытай тарапын Қазақстанда биылғы жылы өтетін Өңіраралық ынтымақтастық форумы мен Шекара маңы өңірлерінің достық диалогына қатысуға шақырды.
Кездесуде сауданы әртараптандыру, оның ішінде жоғары қосылған құны бар өнімдердің үлесін арттыру, агроөнеркәсіптік экспортты дамыту және бірлескен өндірістерді іске қосу мәселелері де талқыланды. Тараптар ынтымақтастықты инфрақұрылымдық, инвестициялық және өнеркәсіптік жобаларды қоса алғанда, одан әрі тереңдетуге дайын екендіктерін растады.
Министр ШҰАА-мен өзара іс-қимылды дамыту Қазақстанның тұрақты сауда бағыттарын қалыптастыру және елдің Қытай, Орталық Азия мен Еуропа арасындағы транзиттік-логистикалық хаб ретіндегі рөлін нығайту стратегиясының маңызды құрамдас бөлігі екенін атап өтті.
Бұдан бұрын қытайлық блогер Тао Минсю ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапатталғанын хабарладық.