Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Бұған дейін ОСК-ға 7 саяси партия тиісті құжаттарын тапсырған еді. Ізінше Орталық сайлау комиссиясы жіберген сауалға сәйкес, уәкілетті мемлекеттік органдар партиялық тізімге енген тұлғалардың Конституция мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заң талаптарына сәйкестігіне тексеру жүргізді.
Жиында Орталық сайлау комиссиясы «Respublica» партиясының 75 кандидаттан тұратын партиялық тізімін тіркеу туралы қаулы қабылдады. Комиссия төрағасы Нұрлан Әбдіров жиылғандарды құжат мәтінімен таныстырды.
Бірінші, «Respublica» партиясы қоғамдық бірлестігінің партиялық тізімі осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес тіркелсін. Екінші, «Respublica» партиясы қоғамдық бірлестігінің партиялық тізімі бойынша тіркелген Құрылтай депутаттығына кандидаттарға куәліктер берілсін. Үшінші, Орталық сайлау комиссиясының аппараты «Қазақстан Халық жинақ банкі» акционерлік қоғамына арнаулы уақытша шот ашу үшін «Respublica» партиясы қоғамдық бірлестігінің партиялық тізімінің тіркелгені туралы мәліметтерді ұсынсын. Төртінші, «Respublica» партиясы қоғамдық бірлестігінің партиялық тізімінің тіркелгені туралы хабар осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес бұқаралық ақпарат құралдарында және Орталық сайлау комиссиясының интернет-ресурсында жариялансын. Бесінші, «Respublica» партиясы қоғамдық бірлестігінің атауы сайлау бюллетеніне енгізілсін, деді ол.
Негізі «Respublica» партиясы 76 адамнан тұратын партиялық тізімді ұсынған. ОСК хатшысы Шавхат Өтемісов бір кандидат тізімнен не себепті шығарылғанын түсіндірді.
Орталық сайлау комиссиясына Сәния Бақытжанқызы Темірғалиеваның партиялық тізімнен өз еркімен шығару туралы өтініші 11 шілдеде ресми тіркелді. «ҚР Сайлау туралы» конституциялық заңының 90-бабының 1-тармағына сәйкес, «Respublica» партиясының партиялық тізімінен оның өтініші негізінде Сәния Бақытжанқызы Темірғалиеваны шығару бойынша Орталық сайлау комиссиясы өз құзыреті шеңберінде шешім жобасын дайындады. Жалпы партиялық тізімдегі 38 кандидат – әйелдер, жастар мен мүгедектігі бар адамдар. Олардың үлесі – 50,7%. Демек заңда белгіленген квота сақталды, деді Ш.Өтемісов.
Сондай-ақ ОСК хатшысы VIII сайланған Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауында партияның 8,59 пайыз дауыс жинағанын ескере отырып, «Respublica» партиясы сайлау жарнасын төлеуден босатылатынын айтты.
Бұдан кейінгі ОСК отырысында «Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның» 33 кандидаттан тұратын партиялық тізімі тіркелді. «ҚР сайлау туралы» конституциялық заңының 89-бабына сәйкес, Орталық сайлау комиссиясы қаулы етіп, құжат мәтінін комиссия төрағасы Н.Әбдіров оқып берді.
Біріншіден, «Жалпыұлттық социал-демократиялық партия» республикалық қоғамдық бірлестігінің партиялық тізімі осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес тіркелсін. Екіншіден, «Жалпыұлттық социал-демократиялық партия» республикалық қоғамдық бірлестігінің партиялық тізімі бойынша тіркелген Құрылтай депутаттығына кандидаттарға куәліктер берілсін. Үшіншіден, Орталық сайлау комиссиясының аппараты «Қазақстан Халық банкі» акционерлік қоғамына арнаулы уақытша шот ашу үшін «Жалпыұлттық социал-демократиялық партия» республикалық қоғамдық бірлестігінің партиялық тізімінің тіркелгені туралы мәліметтерді ұсынсын. Төртіншіден, «Жалпыұлттық социал-демократиялық партия» республикалық қоғамдық бірлестігінің партиялық тізімінің тіркелгені туралы хабар осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес бұқаралық ақпарат құралдарында және Орталық сайлау комиссиясының интернет-ресурсында жариялансын. Бесіншіден, «Жалпыұлттық социал-демократиялық партия» республикалық қоғамдық бірлестігінің атауы сайлау бюллетеніне енгізілсін, деді ол.
ОСК мүшесі Михаил Бортник заң талаптарына сәйкес әрбір саяси ұйымнан тек бір ғана партиялық тізім тіркеуге жіберілетінін атап өтті.
Тізімдегі 14 кандидат әйелдер, жастар мен мүгедектігі бар адамдар санатына жатады, бұл жалпы жиынтық бойынша 30 пайыздан асады. Заңда белгіленген квота талаптары сақталған. Орталық сайлау комиссиясы уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп кандидаттарға қатысты тиісті тексеру жүргізді. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесі бойынша партиялық тізімге енгізілген барлық кандидат Конституция мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның талаптарына сәйкес келеді деп танылды, деді М.Бортник.
Еске салсақ, «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы» 2023 жылғы 19 наурызда өткен Мәжіліс депутаттарын сайлауда халықтың 5 пайыздан астам дауысын жинады. Осыған байланысты заңнамада көрсетілгендей партия сайлау жарнасын төлеуден босатылады.
ОСК мүшелері тиісті хаттамаларға қол қойған соң, 23 тамыздағы сайлауға «Жалпыұлттық социал-демократиялық партия» республикалық қоғамдық бірлестігінің партиялық тізімін тіркеу туралы қаулы қабылданды. Тіркелген кандидаттарға тиісті куәліктер табысталды. Екі отырыстың қорытындысында партия өкілдері брифинг аясында журналистердің сұрақтарына жауап берді.