Tengrinews.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Қостанай тұрғыны ашық жатқан люкке түсіп, көлігін зақымдап алды. Ол "Қостанай қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімінен" шығынды өндіріп алды, деп хабарлайды Tengri Auto.
Не болды?
Қостанай қалалық сотының мәліметінше, былтыр қазанда азамат Ш. Chevrolet маркалы автокөлігімен келе жатып, жол үстіндегі ашық тұрған тексеру құдығына түсіп кеткен. Салдарынан көлік механикалық зақым алған.
Осы оқиғадан кейін ол "Қостанай қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімі" мемлекеттік мекемесі үстінен жол-көлік оқиғасы салдарынан келтірілген материалдық шығынды өндіру туралы талап арыз түсірген.
Сот қандай шешім шығарды?Сот істі қарап, жауапкердің бұған дейін де осындай заңбұзушылық үшін жауапқа тартылғанын анықтады.
"Жауапкер көлік құралының зақымдануына әкеп соққан жол-көлік оқиғасына себеп болған тексеру құдықтарды күтіп-ұстау қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған", - деп атап өтті сот өкілдері.
Жауапкер өкілі талап арызбен келіспей, нысанда құрылыс жұмыстары әлі аяқталмағанын алға тартты. Сондықтан жұмыс қауіпсіздігіне мердігер мекеме жауапты болуы тиіс деп мәлімдеді.
"Сот тексеру құдықтың жауапкердің жауапты пайдалануында болғанын анықтап, оның кінәсін жоққа шығаратын дәлелдер ұсынылмағанын ескерді", - деп хабарлады сот.
Сот Chevrolet жүргізушісінің пайдасына шешім шығарды. Жауапкерден 205 400 теңге материалдық шығын және 85 000 теңге бағалау шығыны өндірілді.
Бұған дейін Астанада да осындай жағдай болып, жолдағы люк қақпағы көлікті зақымдаған болатын.
Адвокат Абзал Қасымжанов мұндай жағдайда жүргізушілер не істеуі керек және жолдағы люкке кім жауапты екенін қалай анықтауға болатыны туралы нұсқаулық берді.
Люк иесін қалай табуға болады?Алдымен нақты люк пен инженерлік желі кімге тиесілі екенін анықтау қажет. Ол міндетті түрде әкімдік немесе жолды күтіп ұстауға жауапты ұйым болмауы мүмкін.
Люк су құбырына, кәрізге, жылу жүйесіне, байланыс желілеріне немесе басқа да нысандарға жатуы мүмкін.
"Бірден әкімдікке немесе жолды жөндеумен айналысатын мекемеге талап арыз бермеу керек. Нақты құдық және инженерлік желі кімнің теңгерімінде екенін анықтап алу қажет", – дейді Абзал Қасымжанов.
Иені әкімдікке, қалалық инфрақұрылым басқармасына, жол мекемесіне және инженерлік желілерге қызмет көрсететін компанияларға жазбаша сауал жолдау арқылы анықтауға болады.
Егер дау сотқа жетсе, қажетті құжаттарды сот талқылауы аясында да сұратуға мүмкіндік бар.
Қандай дәлелдемелер жинау керек?Мұндай істерде дәлелдемелер шешуші рөл атқарады. Жүргізушіде полиция материалдары мен ЖКО сызбасы болғаны жөн:
оқиға орнынан түсірілген фото және видео; бейнетіркегіш жазбасы (егер болса); куәгерлердің байланыс деректері мен түсініктемелері; люктің өзі және оның оқиғадан кейінгі күйі түсірілген суреттер; егер эвакуатор қажет болса, көлікті тасымалдау туралы құжаттар; зақымдану сипаты туралы ТҚС құжаттары; қалпына келтіру жұмыстары құнын тәуелсіз бағалау.Сондай-ақ зақымдалған көлікті, люкті және айналаны бір кадрға сыйдырып видеоға түсіру қажет. Бұл зақымның нақты осы жерде болғанын дәлелдеуге көмектеседі.
Егер маңайда дүкендер, тұрғын үй кешендері, кеңселер немесе қалалық бейнебақылау камералары болса, жазбаларды сақтап алу үшін дереу өтініш білдірген жөн. Себебі олар белгілі бір уақыттан кейін өшірілуі мүмкін.
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу