Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Қазіргі таңда кесене маңында бірқатар темір қоршаулар алынып, жер қазу және брусчаткаларды алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Kazinform тілшісі аталған құрылыс жұмыстарының мән-жайын анықтап көрді.
«Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы директорының міндетін атқарушы Нұрлан Дүкенбаевтың айтуынша, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі 2024 жылы Үкімет қаулысымен мемлекеттік қорғауға жататын объектілер тізбесіне енгізілген. Осыған сәйкес, нысанның қауіпсіздігін ішкі істер органдары қамтамасыз етеді және стратегиялық нысан ретінде қоршаумен қамтылуы тиіс.
– Ясауи кесенесінің қоршау аумағы 88,7 гектарды қамтиды. Әзірге келушілер кіретін негізгі аймақ 1 шақырымға жуық мөлдір әйнекпен қоршалады. Бұл жұмыстарды Түркістан қаласы әкімдігі қолға алған. Қалған аумақты қоршау мәселесі Қазқайтажаңарту мекемесі мен қала әкімдігі арасында келісіліп жатыр. Ортағасырлық қорған үлгісіндегі қоршау салу жоспары бар, алайда бұл үшін ЮНЕСКО-ның келісімі қажет, – деді ол.
Түркістан қаласы әкімдігінің мәліметінше, қазіргі таңда жалпы ұзындығы 930 метр, биіктігі 2,5 метр болатын шыны қоршау орнату жобасы бекітіліп, іске асырылып жатыр.
Нұрлан Дүкенбаевтың сөзінше, кесене кіребірісінде қойылған турникеттер келушілердің нақты санын анықтауға мүмкіндік береді.
– Жоба аяқталған соң кесене аумағына кіру екі нүкте арқылы ғана жүзеге асырылады. Бұдан бөлек төтенше жағдайлар кезінде көлік кіретін арнайы бір орын қарастырылған, – деді ол.
Бұған дейін бірінші кезең аясында Қазқайтажаңарту мекемесі үш жыл бойы кесенені сақтау және қорғау бағытында кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізген болатын. Осы уақыт ішінде нысанның техникалық жағдайы жан-жақты зерделенді.
– Үш жылдық зерттеу қорытындысына сәйкес, қайта қалпына келтіру жұмыстары басталады. Екінші кезең осы жазда қолға алынады, – деді спикер.
Айта кетейік, Қазқайтажаңарту мекемесі бұған дейін кесененің қазандық бөлігінде ғылыми реставрация жүргізуге арналған алғашқы инженерлік дайындық жұмыстары басталғанын хабарлаған болатын. Мамандардың айтуынша, бұл жұмыстар шамамен үш жылға созылуы мүмкін.
Бұдан бұрын кесенедегі Тайқазан тұрған қазандық бөлмесі екі жылдан астам уақыттан бері жабық тұрғанын жазған едік.