Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Белгілі қаламгер Дәурен Қуаттың «Мысық пен Маруся» атты шағын әңгімесі бар. Бала-шағасы қарамай тастап кеткен орыс кемпірдің аянышты тағдырын өзек еткен осы бір туынды бір кездері туған жерінен тамырын үзіп, жат өлкеге «ту тіккендердің» ішкі шерін толғайды.
«Мысық пен Марусяны» оқығанда есімізге бірден ақын Әлібек Шегебайдың «Қорада емес, қабатты үйде тұратын, Алматыда иттер неткен бақытты» дейтін өлеңі түсті. Итті қайдам, зәулім-зәулім хан сарайларда тұратын кей мысықтардың жағдайы үйсіз-күйсіз қаңғырып жүрген қарашадан жақсы екенін қайыра сезініп жүрек құрғыр шым ете түсті.
Дәурен Қуаттың әңгімесіне сырт көзбен қарағанда әлдебір Маруся атты қарт әжейдің мысығы хақындағы қарапайым хикаядай көрінеді. Алайда мәтін астарындағы ой толқыны тулап, тау өзеніндегі дәу тастарды домалатып, жаныңызды жаншып өткенде әрі-сәрі күйге түсесіз. Әңгіменің соңғы нүктесіне деміге жетіп, суға кетіп тал қармаған жандай жағада жаурап тұрғаныңызды сезесіз. Өйткені автор жеке адамның тағдырынан сыр шерте отырып, дәл өмірдегідей етіп тұтас бір дәуірдегі қоғамдық ахуалдың картинасын қашап шыққан.
Басты кейіпкер Маруся Агафьевна полковник күйеуі үлде мен бүлдеге орап, бұл өмірде көлденең қиындық бар деп ойлатпаған, басқаны былай қойып, көрші-қолаңды да менсіне қоймаған тәкаппар – кердең әйел. Бірақ уақыт ұршығы шыр айналып, жан жары о дүниеге аттанған соң, дүние астан-кестен болып, әкесінің байлығына таласқан бала-шағасы шешені керек етпей Маруся тірі жетімге айналады.
Иә, ағайын-туыс, көрші-қолаңға сыйы жоқ жандар жалғыздықтың құла түзінде қалып, үй жануарын бағатыны, бұл дәстүр қазір Батыс елдерінде қалыпты жағдайға айналғаны баршаға мәлім. Сондай-ақ отбасына да, Отанға да қажетсіз болып қалған жалғызілікті жандардың қоғамдық белсенділігі артып, өзінің «әлдекім» екенін дәлелдеу мақсатында айналасын мазалап, дау-жанжал туғызумен күнелтетіні бар. Автор осы мінезді дәл басып, тар құрсағын кеңіткен ұл-қызына қажет болмай қалған жетім кемпірдің мысығы жоғалғанда қоғамдық дүрбелең туғызғанын сарказммен әдемі әңгімелеген. Адамның құны жоқ қоғамда орыс кемпірдің мысығын тауып бермекке тыраштанған шенділердің қылығына қарап не күлеріңді, не күрсінеріңді білмейсің. Кейінгі отыз жылдықтағы ыққа жығылғыш, ыңғайға көнгіш өз бейнемізді, құлдық психологиямызды айнадан қарап тұрғандай күй сыйлаған осы бір сарказмның соңы қатаң реализмге ұласқанда тұла бойың шымырлап, жаның түршігеді. Оған мысал ретінде бағзыда бай-бағлан өмір сүріп, кейін мысықпен ғана қалған Маруся кемпірдің пәтершілерін полицияға ұстатып жіберетін тұсын келтіруге болады.
– «Біз – Маруся апайдың дачасында тұратын пәтершілерміз. Баратын жеріміз тым алыста болған соң осында түнеп қалып едік.
«Е-е, әлгі екеуі екен ғой». Маруся ойын жиғанша, алдына серейген ұзын бойлы, ат жақты подполковник шеніндегі офицер тіктеліп тұра қалды:
– Рахмет, сізге, Маруся Агафьевна. Көптен бері ізін жасырып жүрген аса қанқұйлы қарақшыларды ұстауға көмектестіңіз. Сол үшін сізге бөлімше атынан алғыс айтамын. Сергектігіңізді, батылдығыңызды ертең газетке де жазып, өзге қарттарға үлгі етеміз.
Сібірлеп атқан таңның ақ тозаңы алакеуімдеген ауладан пәтерші еркектің шырылдаған дауысы естілді:
– Ішке теппеңізші, ағай, ішке теппеңіз, әйелім ғой, жүкті еді. Ішке теппеңіз!».
Пәтер жағалаған жүкті келіншектің Маруся Агафьевнаның жоғалған мысығы құрлы құны жоқтығын айтқан ауызға оңай ғой. Бұл жайында тарқата әңгімелер болсақ, сөз ұзарады. Сондықтан осы тұстан шалт бұрылып, ой дүрбісін басты кейіпкердің қатыгездігі тарапына бұрып жібергенді жөн санаймыз. Өйткені қаламгердің шеберлігі сол оқырман қанша жерден кердең кемпір аяр болса да, оны жек көрмейді. Керісінше, ана ретінде аяп, бүгінгі қоғамда дәл осындай типтегі жандардың көптігіне иланасың. Жазушы осы бейне арқылы бүгінгі өмірдегі екіжүзді жанашырлық пен жасанды ұраншылдықты астарлай тарқатып, адам тағдырына селқос қарайтын, дабыраға дайын қатыгез қоғамның бейнесін соқырға таяқ ұстатқандай бейнелеп бергенін түйсінесің. Бойындағы бар аналық мейірімі мен жан жылуын аямай, туған перзенті секілді әлпештеп өсірген сол мысық туып, көп мысық болып, өлген кемпірдің мәйітін талап жейтін тұсына келгенде ауыр соққы алған жандай есеңгіреп қаласыз.
Ол есеңгіреу әлі де ұзақ уақытқа созыларына сөз беремін!
Соңғы жаңалықтар
Еліміздің тауар өндірушілер тізіліміне 5 мыңға жуық кәсіпорын тіркелген
Экономика • Бүгін, 09:43
Астана мен Алматыда доллар қаншадан саудаланып жатыр?
Қаржы • Бүгін, 09:35
Қазақстанда қазір қандай жолдар жабық тұр?
Ауа райы • Бүгін, 09:23
Ауа райы • Бүгін, 09:12
Конституцияның жаңашылдығы – байыпты тұжырымдамалық мазмұнында
Саясат • Бүгін, 09:05
Суды үнемдеу – өңір дамуының өзегі
Саясат • Бүгін, 09:02
Инвесторларды қолдау тетіктері жетілдіріледі
Саясат • Бүгін, 09:00
Цифрлық жаңғыртудың нақты қадамдары
Саясат • Бүгін, 08:55
Әскери теміржол күзетінің мәртебесі бекітілді
Саясат • Бүгін, 08:53
Жасанды интеллект жұмыссыз қалдыра ма?
Жасанды интеллект • Бүгін, 08:50
Креативті индустриядағы ұлттық қолтаңба
Жастар • Бүгін, 08:48
Трансфер нарығы: Нани «Ақтөбе» сапында ойнайды
Футбол • Бүгін, 08:45
Жақсылық жасау – жауапкершілік
Жастар • Бүгін, 08:43
Теңге • Бүгін, 08:40
Оқытуды жеңілдеткен платформалар
Digital • Бүгін, 08:38