Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Дөңгелек үстелді жүргізген университет жанынан құрылған Конституционализм және цифрлық құқық ғылыми-зерттеу институты директорының міндетін атқарушы Ермек Әбдірасылов «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы: ХХІ ғасырдың сын қатерлері және ел дамуының жаңа кезеңінің іргетасы» тақырыбында баяндама жасап, конституциялық реформалардың жаңа кезеңінде мемлекеттік институттардың тиімділігі, саяси партиялардың жауапкершілігі, азаматтардың саяси белсенділігі айрықша маңызға ие болатынын жеткізді.
«Ата заң XXI ғасырдың негізгі жаһандық сын-қатерлеріне нақты жауап береді. Оның мазмұнына «жасыл» экономиканың бағыттары, цифрлық дәуірдің құқықтық негіздері, цифрлық құқықтар мен инклюзияны қорғау шаралары органикалық түрде енгізілген. Бұл ретте реформаның басты игілігі – адам капиталы. Жаңартылған мемлекеттік құрылымның бүкіл логикасы дәл осы адам капиталын дамыту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, сот төрелігінің тәуелсіздігін нығайту төңірегінде құрылған», деді ол.
Жиында университет ректоры Ерлан Сыдықов құттықтау сөз сөйлеп, жаңа Конституцияның елдің ұзақмерзімді дамуының стратегиялық бағдары екенін айтты. Оның пікірінше, Ата заңда білім, ғылым, инновация және адам капиталын дамытуға ерекше басымдық берілуі – еліміздің болашағына салынған маңызды инвестиция. Сондай-ақ азаматтардың сапалы әрі қолжетімді білім алу құқығының конституциялық тұрғыдан нығайтылғанын, мемлекеттік білім беру стандарттары мен академиялық еркіндіктің маңызын ерекше атап өтті.
«Университет жанынан құрылған Конституционализм және цифрлық құқық ғылыми-зерттеу институты – құқықтық реформаларды ғылыми қолдауға, жасанды интеллект технологияларын құқықтық бейімдеуге, қоғамда жоғары конституциялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған еліміздің жетекші қолданбалы талдау орталығына айналады. Институт ғалымдары жасанды интеллектіні реттеу, алгоритмдердің ашықтығы, жеке деректерді қорғау және алгоритмдік кемсітушіліктің алдын алу салаларында пәнаралық зерттеулер жүргізеді», деді ректор.
Сондай-ақ Германияның Оснабрюк университетінің профессоры Георг Михаэль Геск, Қырғызстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының вице-президенті Чолпанкул Арабаев, саясаттанушы Әлішер Сатыбалдиев, Заңнама және құқықтық ақпарат институтының директоры Жанар Жігітекова, Конституциялық және азаматтық құқық кафедрасының профессоры Жамаладен Ибрагимов, ЕҰУ Саясаттану кафедрасының меңгерушісі Дәурен Пірімбетов баяндама жасап, жаңа Конституцияның тарихи және стратегиялық маңызы, мемлекеттік басқару жүйесінің трансформациясы, ұлттық қауіпсіздік, құқықтық басымдықтар және қоғамдық-саяси жаңғыру мәселелерін талқылады.
Басқарма мүшесі – сапаны қамтамасыз ету және ішкі бақылау жөніндегі проректор Индира Рыстина жаңа Конституцияның күшіне енуі еліміздің саяси-құқықтық дамуының жаңа кезеңін айқындайтынын атап өтті.
«1 шілде – еліміздің жаңа саяси даму кезеңінің басталған күні ретінде тарихта қалатыны анық. Осы сәттен бастап еліміз жаңа конституциялық модель жағдайында өмір сүре бастайды. Конституция күні енді 15 наурызда аталып өтеді. Кейінгі алты жылда елімізде саяси жүйені кезең-кезеңімен жаңғыртуға бағытталған ауқымды заңнамалық өзгерістер жүзеге асырылды. Азаматтық қоғам институттары нығайтылды. Бейбіт жиналыстар, қоғамдық бақылау, петициялар институты, сайлау жүйесі және саяси партиялар туралы заңнама жаңартылды. Партияларды тіркеуге қойылатын талаптардың жеңілдетілуі жаңа саяси күштердің қалыптасуына жол ашты. Бүгінде осы өзгерістердің барлығы жаңа Конституция аясында біртұтас саяси модельге біріктіріліп отыр», деді проректор.
Сарапшылардың пікірінше, Конституцияда бекітілген қағидаттар демократиялық институттарды дамытуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге, құқықтық мемлекеттің берік негізін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жиында Құрылтай институтының рөлі, цифрлық құқықтардың конституциялық кепілдіктері және өзге де мәселелер кеңінен талқыланды.
Халықаралық дөңгелек үстел қорытындысында қатысушылар құқықтық мемлекетті дамыту, конституциялық құндылықтарды дәріптеу мен ғылыми ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың маңызын атап өтті.
Нұрай МҰХАНОВА,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебінің 2-курс студенті