Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Жалпы, тақыр жерге шөп өспейтіні секілді конституциялық реформа да толағай-тұлдыр бос кеңістікте кездейсоқ жасалмайды. Даңғайыр даму даңғылына жол ашқан ауқымды жаңалықтың астарында тұрғындардың сұранысы мен биліктің ерік-жігері тонның ішкі бауындай тоғысып жатыр. Кейінгі жылдары қоғамда саяси-экономикалық жүйені өзгерту жөніндегі талаптар мейлінше пісіп-жетіліп, әлеуметтік желіде ашық айтылатын болды. Осындай сындарлы сәтте «Еститін мемлекет» концепциясы өз өміршеңдігін дәлелдеді. Азаматтардың мемлекеттік органдарға жолдаған өтініштері, сын-пікірлері, арыз-шағымдары мұқият талданып, тікелей Президентке жеткізіліп отырды. Халық үніне құлақ түрген Қасым-Жомарт Тоқаев қалың бұқараның қалауын нақты реформалар жоспарымен ұштастыра білді. Ең бастысы, Мемлекет басшысы елдің ертеңіне қатысты шешімдер жабық есік артында, жайлы кабинетте емес, жалпыхалықтық талқылаулар аясында қабылдануы қажет екенін ескертті. Сондықтан Ата заңды жаңартып жазуға кәсіби мамандармен қатар қарапайым жұртшылық та кеңінен тартылды.
Реформаның жүзеге асу жылнамасына қарасақ, оның жүйелі жоспарға сәйкес жүргізілгенін байқаймыз. Конституциялық жаңғырудың саяси-құқықтық негізі мен идеологиялық іргетасы 2025 жылғы 8 қыркүйекте қаланды десек, ақиқаттың ауылынан алыс қонбаймыз. Дәл сол күні Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауын жариялап, Парламент Сенатын біржола таратуды ұсынды.
– Өткен 30 жылда Сенат өзінің осы аса маңызды тарихи миссиясын абыроймен атқарып шықты. Жоғары палата заң шығару үдерісінің, басқа да негізгі реформалардың айрықша маңызды тетігі әрі кепілі болып келеді. Баршаңызға мәлім, мен Сенатқа он жыл басшылық еттім. Бұл жұмысты қашанда зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік деп санадым. Сондықтан маған осы мінберден парламенттік реформа туралы айту оңай емес. Соған қарамастан мен дәл бүгін елімізде көп ұзамай бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтергім келеді. Бірден айтайын, бұл – өте маңызды мәселе. Оны асығыс жүзеге асыруға болмайды. Бұл реформа азаматтық секторда, сарапшылар ортасында, сондай-ақ, әрине, қазіргі Парламентте жан-жақты талқылануы қажет, – деген Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы мәлімдемесі қоғамның көптен күткен үмітін үрлеп, сенімін серпілтті. Себебі ел арасында қоспалаталы Парламенттің тиімділігін сан-саққа жүгірткен әңгіме көп қозғалатын. Президент өз сөзінде мемлекет тағдырын айқындайтын күллі мәселе әлеуметтің келісімімен ғана шешілуі керек деген пікірін тағы қайталады. Мұндай ұстаным биліктің халықпен бірге алға жылжуды мақсат тұтқан мағыналы стратегиясының анық көрінісі еді. Осылайша, бұл Жолдау саяси реформалардың жаңа кезеңіне кіріспе ретінде тарихта қалды.
Жолдаудың ізін ала Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы мен Конституциялық комиссия қарқынды жұмыс істеді. 2025 жылғы қазан айында Президенттің өкімімен 33 маманнан тұратын Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы құрылып, азаматтық қоғамның ұсыныстары жинақтала бастады. Мемлекеттік басқару теориясы мен заң шығару социологиясы тұрғысынан алғанда, бұл жұмыс тобының құрылуы, құрамы және қызмет қылу форматы отандық құқық шығармашылығы тарихында мүлдем жаңа парадигма қалыптастырды. Ұжымның құрамына енген 33 адам қоғамның сан алуан санатынан өкілдік етті. Сайдың тасындай іріктелген саңлақтар сапында ғалымдар да, Парламент депутаттары да, сарапшылар қауымы да, азаматтық белсенділер де болды. Саясаттану ғылымында мұны «мүдделі тараптардың инклюзиясы» деп атайды. Яғни мемлекет әрқилы әлеуметтік қабаттарды барынша қамтып, бүкіл қоғамның даусына құлақ түруге құлық танытады. Мысалы, депутаттар қолданыстағы құқықтық базаның ішкі иірімдерін терең меңгерген мамандар есебінде көп көмектессе, ҚХА өкілдері этносаралық бірлік қағидаттарының, өңірлік мүдделердің ескерілуін қадағалады. Ұлттық құрылтай мүшелері реформаның жалпыұлттық сипатын арттырса, ғылыми орта толықтырулар мен түзетулердің конституциялық қисынға, халықаралық стандарттарға сәйкестігін сараптайтын интеллектуалды сүзгі рөлін атқарды. Әйгілі философ Юрген Хабермастың делиберативті (ақылдасушы) демократия теориясына сүйенсек, заңдардың легитимділігі оларды қабылдау барысындағы тең құқылы дискуссия деңгейімен өлшенеді екен. Егер реформа құжаты, керісінше, ресми органдағы тар шеңберде әзірленсе, заң мәтініне бюрократиялық топтардың сойылын соғатын баптар кіріп кетуі мүмкін. Осы қырынан қарастырсақ та, жаңа Конституцияны талқылау жұмысы пікірталастан кенде болған жоқ. Қазақстанның бұған дейінгі құқықтық тарихында заң жобалары әдетте белгілі бір ведомство қабырғасында, министрлік мінберінде даярланып, содан кейін ғана Парламентке жолданатын. Азаматтық қоғам ақырғы кезеңде ғана жазылып қойған жобаны талқылауға қатысатын. 2025 жылғы жұмыс тобының тәжірибесі ондай иерархиялық үлгіні түбегейлі алмастырды деуге толық негіз бар. Ата заңды талқылау кезінде отандық заң шығару әдістемесі «жоғарыдан төмен қарай» моделінен «төменнен жоғары қарай» моделіне ауысты.
Аталмыш топтың демократиялық тәсілі 2026 жылғы 21 қаңтарда құрылған кең көлемді Конституциялық комиссияның өнімді жұмыс істеуіне де септігін тигізді. 130 адамнан тұратын комиссияның басшысы болып Конституциялық Сот төрайымы Эльвира Әзімова, орынбасарлары болып Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мен Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева тағайындалды. Комиссия құрамына ешқандай шетелдік сарапшы тартылмады. Түзетулер түгелдей отандық заңгерлер мен ғалымдардың күшімен дайындалды. Әйтпесе, халықаралық заң шығару тәжірибесінде Конституцияға өзгерістер енгізу үшін Венеция комиссиясы сияқты Батыс институттарының мамандарына жүгіну үрдісі жиі кездесетін. Біле білсек, мұның өзі құқық саласында кәсіби жағынан қаншалықты толысқанымызды аңғартады. Комиссияның барлық 12 отырысы онлайн режимде көрсетіліп, әлеуметтік желілерде 1 млн-нан астам қаралым жинады. 2026 жылғы 13 ақпандағы мәлімет бойынша e-Government және «е-Өтініш» жүйелері арқылы комиссияға 12 мыңнан астам өтініш түсіп, оның басым бөлігі құжат мәтінін өңдеуде ескерілген.
Міне, осындай себеп-салдар байланысының арқасында азаматтардың 87,15 пайызы жаңартылған Ата заң жобасын жалпыұлттық референдумда мақұлдады. Өйткені сайлаушылар сырттан таңылған құжатқа емес, өздері тікелей эфирде саралап, өздері үн қосқан өз Конституциясына дауыс берді. Сөйтіп, қазақ қоғамы айдай әлемге ауызбіршілігін айғақтады. Озық ойлы отандық саясаттанушылар да, шетелдік сарапшылар да еліміздің бұл қадамын посткеңестік кеңістіктегі ең ашық һәм ең демократиялық реформа деп бағалады. Халықтың 87,15 пайыздық тарихи таңдауымен бекітілген Ата заңымыз, дау жоқ, Әділетті Қазақстанның айнымас темірқазығына айналмақ. Ендігі міндет – сол конституциялық нормаларды күнделікті өмірде, мемлекеттік мекемелер жұмысында мүлтіксіз орындау.
Айдар ДӘУІТҰЛЫ