Құқықтық жаңғыру жолы

16.07.2026

Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..

Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде орталықтандырылған басқару басым­дыққа ие болса, қазіргі еліміздегі реформалар азаматтың құқықтық мәртебесін күшейтуге, мемлекеттік институттардың есептілігін арттыруға және билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге бағыт­талған. Құқық теориясында мұндай құбылыс «конституциялық эволюция» деп аталады. Сондықтан бұл өзгерістер қоғамдық сұраныстың, сая­си тәжірибенің және халықаралық құқықтық үрдістердің ықпалымен қалыптасып отыр. Еліміздегі рефор­малардың басты ерекшелігі – мемле­кеттік биліктің легитимділігі енді тек басқару тиімділігімен емес, азамат­тардың құқығын қорғау сапасымен де бағаланады. Бұл – құқықтық мемлекет қағидаттарының күшеюінің белгісі.

Конституциялық соттың құрылуы реформалардың ең маңызды нәти­желерінің бірі болды. Әлемдік тәжі­рибеде конституциялық әділет институты құқықтық мемлекетті сипаттайды. Германия, Италия, Испания мен Оңтүстік Корея сияқты мемлекеттерде конституциялық соттар азаматтардың негізгі құқықтарын қорғаудың ма­ңызды құралына айналған. Ал бізде азаматтардың Конституциялық сотқа тікелей жүгіну құқығының берілуі құқықтық мәдениетті жаңа деңгейге көтерді.

Елімізде кез келген заң Конституция талаптарына сәйкес келуге тиіс. Бұл тетік – мемлекеттік биліктің заңды­лығын қамтамасыз етудің маңызды кепілі. Конституциялық соттың құрылуы бірнеше маңызды нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік берді. Біріншіден, азаматтардың құқығын қорғаудың қосымша дең­гейі қалыптасты. Екіншіден, заң шы­ғарушы және атқарушы биліктің қызметіне конституциялық бақылау күшейді. Үшіншіден, құқық қолдану тәжірибесінің біркелкілігі қамтамасыз етіле бастады.

Конституциялық реформалардың тағы бір маңызды бағыты сайлау жүйесін жаңғырту болды. Демо­кратиялық мемлекеттерде сайлау билік қалыптастыру құралы ғана емес, қоғамдық мүдделердің өкілдігін қамтамасыз ететін институт ретінде қарастырылады. Саяси партияларды тіркеу талаптарының жеңілдетілуі саяси бәсекелестікті күшейтудің ма­ңызды факторына айналды. Сегізінші шақырылымдағы Парламентте түрлі партия депутаттары белсенді жұмыс істеп, бәсекелестік артты. Бір шақы­рылымның өзінде үш жүзден аса заң қабылдап үлгерді. Мемлекет басшысы Парламент пала­таларының бірлескен отырысында депутаттардың жұмысын жоғары бағалады. Алда құрылатын Құрыл­тай бұдан да мықты болуға тиіс. Күшті Президент негізін қалап, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» рөлін арттыру үшін есеп беретін Үкімет қалыптастыратын ықпалды Құрылтай құрылады.

Конституциялық реформа­лардың маңызды бағытының бірі – адам құқығын қорғау жүйесін жетілдіру. Қазіргі халықаралық құқықта адамның қадір-қасиеті мемлекет қызметінің ең жоғары құндылығы ретінде танылады. Елімізде Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтының мәртебесін күшейту, азаптауға қарсы күресті жетілдіру, әйелдер мен балалардың құқықтарын қор­ғау бойынша қосымша құқық­тық тетіктер енгізу – осы саясаттың құрам­дас бөлігі. Тиімділігі тек эко­номикалық көрсеткіштермен емес, адам құқықтарын қорғау дең­гейімен де бағаланатын өзгеріс­тер­ді құқықтық жаңғыру көрінісі деп қарауға негіз бар.

Коллаждарды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Конституциялық реформалар аясында қоғамда кең талқы­ланған мәселенің тағы бірі – рақымшылық жасау тура­лы заңдардың қабыл­дануы. Қылмыстық құқық ғылымында рақымшылық мемлекет тарапынан жасалатын гуманистік акт ретінде қарастырылады. Рақым­шылықтың негізгі мақсаты – жазалау мен ізгілендіру арасындағы тепе-теңдікті сақтау. Қылмыстық саясат тек қатаң санкцияларға негізделмеуге тиіс. Заманауи құқықтық мемлекетте құқық бұзушыны қоғамға қайта бейімдеу міндеті де маңызды орын алады. Рақымшылық акті­лері әдетте әлеуметтік қауіп­тілігі төмен қылмыстар жаса­ған адамдарға, кәмелетке тол­мағандарға, жүкті әйелдерге, мүгедектігі бар адам­дарға немесе әлеуметтік осал санаттарға қолданылады.

Рақымшылық туралы заң­дар­дың қабылдануы бірнеше фактормен түсіндіріледі. Бірін­шіден, бұл қылмыстық саясатты ізгілендіру бағытымен байланысты. Көптеген елдерде қылмыстық әділет жүйе­­сінің мақсаты – тек жазалау емес, қайта әлеуметтендіру. Екін­шіден, рақымшылық – әлеуметтік тұрақ­­тылықты нығайту құра­лы. Белгілі бір санаттағы соттал­ғандардың қоғамға қайта оралуы­на мүмкіндік беру әлеуметтік бейімделу үде­­рістерін жандандырады. Үшін­шіден, рақымшылық қыл­мыстық атқару жүйесіне түсетін жүктемені азайтады. Түрмелердің шамадан тыс толуы көптеген мемлекетте күр­делі мәселеге айналған. Сол себепті халықаралық тәжіри­­беде рақым­шылық пен проба­ция инс­титут­тары кеңінен қол­данылады.

Жүргізілген реформалар «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкі­мет» тұжырымдамасын іске асырып, мемлекеттік басқару жүйесіне жаңашылдықтардың енуіне септігін тигізеді. Мем­лекет басшысы маңызды конс­­титуциялық заңдарға қол қойып жатыр. Мұның бәрі – жаңа Ата заңымызға негізделіп жаңар­тылған құжаттар. Өзде­ріңізге белгілі, 2026 жылы 15 наурызда қабылданған екі конституциялық заң елдегі мемлекеттік басқару жүйесінің жаңа кезеңін бас­тап берді. Бұл құжаттардың ерекшелігі – олар жекелеген мемлекеттік органдардың жұмыс тәртібін ғана өзгертпейді, сонымен қатар билік тармақтарының өзара қарым-қатынасына жаңа мазмұн береді. Конституцияда бекітілген нормаларды нақты іске асыратын құқықтық тетіктердің қалыптасуы мемлекеттік басқа­рудың тиімділігі мен тұрақ­тылығына тікелей әсер етеді.

Бұл реформалардың түпкі нәти­жесі олардың мәтінінде емес, қолданылу тәжірибесінде. Егер заңдарда көзделген тетіктер толық көлемде жұмыс істесе, мем­лекеттік аппараттың шешім қабылдау жылдамдығы артып, ведомствоаралық үйлестіру жақ­сарады, парламенттік бақылау күшейеді және мемлекеттік институттардың қоғам алдындағы жауапкершілігі жаңа деңгейге көтеріледі. Осындай жағдайда конституциялық реформалар тек құқықтық өзгеріс ретінде емес, мемлекеттік басқару сапасын арттыратын нақты инсти­ту­ционалдық жаңғыру ретінде бағаланатын болады.

Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің мемлекеттік басқару жүйесінде жаңа тарихи кезеңнің басталатынын мәлімдеп, алдағы даму басымдықтарын жан-жақты баяндады. Конституцияның заңды күшіне енуі – тек Ата заң­ның жаңаруы ғана емес, сонымен бірге мемлекеттік инсти­туттардың жаңа жағдайда жұмыс істеуіне жол ашатын маңызды бетбұрыс.

Президент бұл отырыстың тарихи мәніне ерекше тоқталып, тәуелсіздік жылдарында қалып­тасқан қос палаталы Парламент өз миссиясын абыроймен атқарғанын атап өтті. Отыз жылдан астам уақыт ішінде Пар­ламент мемлекеттілікті нығайтуға, құқықтық жүйені қалып­тастыруға, нарықтық эко­номиканың негіздерін жасауға және елдің тұрақты дамуына зор үлес қосты. Осы уақыт аралығында үш жарым мыңға жуық заң қабыл­данып, олардың едәуір бөлігі депутат­тардың бас­тамасымен әзірленді. Әрбір шақырылым елдің құқық­тық жүйесін жетілдіруге өз үлесін қосып, кәсіби парламенттік мәде­ниеттің қалыптасуына ықпал етті.

Мемлекет басшысы заң шы­ғару үдерісін толық цифрлан­дырудың маңызын ерекше атап өтті. Осыған байланысты толыққанды e-Parliament жүйесін қалыптастыру міндеті қойылды. Заманауи цифрлық платформалар арқылы заң жобаларын қоғамдық талқылауға шығару, үлкен деректерді пайдалану, ықтимал экономикалық және әлеуметтік салдарды алдын ала модельдеу заң шығару сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Президенттің пікірінше, Құрылтай қоғамдық пікірді тиімді жинақтайтын, сарапшылар мен азаматтық қоғам өкілдерінің ұсы­ныстарын ескеретін ашық алаңға айналуға тиіс.

Саяси жаңғыртудың маңызды бағыты ретінде Қазақстан Ха­лық кеңесін құру ұсынылды. Жаңа консультативтік орган мәс­лихаттардың, қоғамдық кеңес­­тердің, сарапшылардың және азаматтық қоғам институт­тарының басын қосып, мемле­кеттік шешімдерді әзірлеу ке­зінде қоғамдық пікірдің кеңінен ескерілуіне мүмкіндік береді. Президент мұны халықтың үніне құлақ асатын мемлекет қағидатын одан әрі нығайтатын маңызды қадам ретінде бағалады.

Мемлекет басшысы әлемдегі геосаяси тұрақсыздық пен эконо­микалық сын-қатердің күшейіп келе жатқанын айтып, мұндай жағ­дайда Үкіметтің басты міндеті экономиканың тұрақты ­дамуын ­қамтамасыз ету, инфляцияны төмендету, инвестиция тарту және экономикалық өсім қарқы­нын сақтау екенін атап өтті.  Экономиканы жаңа үлгіге көшіру – Мемлекет басшысы белгілеген негізгі стратегиялық міндеттің бірі. Президенттің мәліметінше, өткен жылы Қазақстан экономикасы 6,5 пайызға өсіп, ішкі жалпы өнім көлемі алғаш рет 300 миллиард АҚШ долларынан асты. Жан басына шаққандағы ішкі өнім көлемі 15 мың доллардан жоғарылады. Сонымен бірге инфляция деңгейінің төмендеуі, ұлттық валютаның тұрақ­ты­лығы мен қаржы жүйесінің сенім­­ділігі макроэкономикалық тұрақ­ты­лықтың маңызды көрсет­кіштері ретінде аталды.

Президент өңдеу өнеркәсібін дамытуға ерекше тоқталды. Кейінгі жылдары жүздеген индус­триялық жоба жүзеге асырылып, ондаған мың жаңа жұмыс орны ашылды. Инфрақұрылымды дамыту мәселесіне де кеңінен сөз арнаған Мемлекет басшысы энергетика, инженерлік жүйелер және көлік-логистика ел экономикасының негізгі тірегі екенін атап өтті.

Президент атом энерге­тика­сының маңызын да тілге тиек етті. Оның айтуынша, халықтың қолдауымен қабылданған шешім еліміздің ұзақмерзімді энерге­ти­калық қауіпсіздігін қам­тамасыз етуге бағытталған. Келесі жылы алғашқы атом электр стан­са­сының құрылысы басталады.

Сонымен бірге жасанды интеллект университетін ашу, инно­вациялық мектептер құру және мемлекеттік қызметкерлердің цифрлық сауаттылығын арттыру арқылы жаңа буын мамандарын даярлау көзделіп отыр. Президент адам капиталын дамыту мәселесіне ерекше тоқ­талды. Биыл әлеуметтік салаға 19 триллион теңгеден астам қаржы бөлінеді. Бұл қаражат білім, ғылым, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және әлеуметтік қор­ғау жүйелерін дамытуға бағыт­­­талады.

Мемлекетіміздің дамуына, халықтың өмір сүру сапасының жақсаруына бағытталған реформаларды қамтамасыз ететін жаңа Конституция ел тарихының жаңа парағын ашты. Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің іргесін біліммен, еңбекпен, өнермен, іскерлікпен құрысу, мемлекеттік бастамаларды жарқын болашақ үшін қолдау – азаматтық борышымыз.

Қайрат БАЛАБИЕВ,

заң ғылымдарының докторы, профессор

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью