Құқықтық жаңғыру жолы
Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..
Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде орталықтандырылған басқару басымдыққа ие болса, қазіргі еліміздегі реформалар азаматтың құқықтық мәртебесін күшейтуге, мемлекеттік институттардың есептілігін арттыруға және билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге бағытталған. Құқық теориясында мұндай құбылыс «конституциялық эволюция» деп аталады. Сондықтан бұл өзгерістер қоғамдық сұраныстың, саяси тәжірибенің және халықаралық құқықтық үрдістердің ықпалымен қалыптасып отыр. Еліміздегі реформалардың басты ерекшелігі – мемлекеттік биліктің легитимділігі енді тек басқару тиімділігімен емес, азаматтардың құқығын қорғау сапасымен де бағаланады. Бұл – құқықтық мемлекет қағидаттарының күшеюінің белгісі.
Конституциялық соттың құрылуы реформалардың ең маңызды нәтижелерінің бірі болды. Әлемдік тәжірибеде конституциялық әділет институты құқықтық мемлекетті сипаттайды. Германия, Италия, Испания мен Оңтүстік Корея сияқты мемлекеттерде конституциялық соттар азаматтардың негізгі құқықтарын қорғаудың маңызды құралына айналған. Ал бізде азаматтардың Конституциялық сотқа тікелей жүгіну құқығының берілуі құқықтық мәдениетті жаңа деңгейге көтерді.
Елімізде кез келген заң Конституция талаптарына сәйкес келуге тиіс. Бұл тетік – мемлекеттік биліктің заңдылығын қамтамасыз етудің маңызды кепілі. Конституциялық соттың құрылуы бірнеше маңызды нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік берді. Біріншіден, азаматтардың құқығын қорғаудың қосымша деңгейі қалыптасты. Екіншіден, заң шығарушы және атқарушы биліктің қызметіне конституциялық бақылау күшейді. Үшіншіден, құқық қолдану тәжірибесінің біркелкілігі қамтамасыз етіле бастады.
Конституциялық реформалардың тағы бір маңызды бағыты сайлау жүйесін жаңғырту болды. Демократиялық мемлекеттерде сайлау билік қалыптастыру құралы ғана емес, қоғамдық мүдделердің өкілдігін қамтамасыз ететін институт ретінде қарастырылады. Саяси партияларды тіркеу талаптарының жеңілдетілуі саяси бәсекелестікті күшейтудің маңызды факторына айналды. Сегізінші шақырылымдағы Парламентте түрлі партия депутаттары белсенді жұмыс істеп, бәсекелестік артты. Бір шақырылымның өзінде үш жүзден аса заң қабылдап үлгерді. Мемлекет басшысы Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттардың жұмысын жоғары бағалады. Алда құрылатын Құрылтай бұдан да мықты болуға тиіс. Күшті Президент негізін қалап, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» рөлін арттыру үшін есеп беретін Үкімет қалыптастыратын ықпалды Құрылтай құрылады.
Конституциялық реформалардың маңызды бағытының бірі – адам құқығын қорғау жүйесін жетілдіру. Қазіргі халықаралық құқықта адамның қадір-қасиеті мемлекет қызметінің ең жоғары құндылығы ретінде танылады. Елімізде Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтының мәртебесін күшейту, азаптауға қарсы күресті жетілдіру, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау бойынша қосымша құқықтық тетіктер енгізу – осы саясаттың құрамдас бөлігі. Тиімділігі тек экономикалық көрсеткіштермен емес, адам құқықтарын қорғау деңгейімен де бағаланатын өзгерістерді құқықтық жаңғыру көрінісі деп қарауға негіз бар.
Коллаждарды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Конституциялық реформалар аясында қоғамда кең талқыланған мәселенің тағы бірі – рақымшылық жасау туралы заңдардың қабылдануы. Қылмыстық құқық ғылымында рақымшылық мемлекет тарапынан жасалатын гуманистік акт ретінде қарастырылады. Рақымшылықтың негізгі мақсаты – жазалау мен ізгілендіру арасындағы тепе-теңдікті сақтау. Қылмыстық саясат тек қатаң санкцияларға негізделмеуге тиіс. Заманауи құқықтық мемлекетте құқық бұзушыны қоғамға қайта бейімдеу міндеті де маңызды орын алады. Рақымшылық актілері әдетте әлеуметтік қауіптілігі төмен қылмыстар жасаған адамдарға, кәмелетке толмағандарға, жүкті әйелдерге, мүгедектігі бар адамдарға немесе әлеуметтік осал санаттарға қолданылады.
Рақымшылық туралы заңдардың қабылдануы бірнеше фактормен түсіндіріледі. Біріншіден, бұл қылмыстық саясатты ізгілендіру бағытымен байланысты. Көптеген елдерде қылмыстық әділет жүйесінің мақсаты – тек жазалау емес, қайта әлеуметтендіру. Екіншіден, рақымшылық – әлеуметтік тұрақтылықты нығайту құралы. Белгілі бір санаттағы сотталғандардың қоғамға қайта оралуына мүмкіндік беру әлеуметтік бейімделу үдерістерін жандандырады. Үшіншіден, рақымшылық қылмыстық атқару жүйесіне түсетін жүктемені азайтады. Түрмелердің шамадан тыс толуы көптеген мемлекетте күрделі мәселеге айналған. Сол себепті халықаралық тәжірибеде рақымшылық пен пробация институттары кеңінен қолданылады.
Жүргізілген реформалар «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасын іске асырып, мемлекеттік басқару жүйесіне жаңашылдықтардың енуіне септігін тигізеді. Мемлекет басшысы маңызды конституциялық заңдарға қол қойып жатыр. Мұның бәрі – жаңа Ата заңымызға негізделіп жаңартылған құжаттар. Өздеріңізге белгілі, 2026 жылы 15 наурызда қабылданған екі конституциялық заң елдегі мемлекеттік басқару жүйесінің жаңа кезеңін бастап берді. Бұл құжаттардың ерекшелігі – олар жекелеген мемлекеттік органдардың жұмыс тәртібін ғана өзгертпейді, сонымен қатар билік тармақтарының өзара қарым-қатынасына жаңа мазмұн береді. Конституцияда бекітілген нормаларды нақты іске асыратын құқықтық тетіктердің қалыптасуы мемлекеттік басқарудың тиімділігі мен тұрақтылығына тікелей әсер етеді.
Бұл реформалардың түпкі нәтижесі олардың мәтінінде емес, қолданылу тәжірибесінде. Егер заңдарда көзделген тетіктер толық көлемде жұмыс істесе, мемлекеттік аппараттың шешім қабылдау жылдамдығы артып, ведомствоаралық үйлестіру жақсарады, парламенттік бақылау күшейеді және мемлекеттік институттардың қоғам алдындағы жауапкершілігі жаңа деңгейге көтеріледі. Осындай жағдайда конституциялық реформалар тек құқықтық өзгеріс ретінде емес, мемлекеттік басқару сапасын арттыратын нақты институционалдық жаңғыру ретінде бағаланатын болады.
Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің мемлекеттік басқару жүйесінде жаңа тарихи кезеңнің басталатынын мәлімдеп, алдағы даму басымдықтарын жан-жақты баяндады. Конституцияның заңды күшіне енуі – тек Ата заңның жаңаруы ғана емес, сонымен бірге мемлекеттік институттардың жаңа жағдайда жұмыс істеуіне жол ашатын маңызды бетбұрыс.
Президент бұл отырыстың тарихи мәніне ерекше тоқталып, тәуелсіздік жылдарында қалыптасқан қос палаталы Парламент өз миссиясын абыроймен атқарғанын атап өтті. Отыз жылдан астам уақыт ішінде Парламент мемлекеттілікті нығайтуға, құқықтық жүйені қалыптастыруға, нарықтық экономиканың негіздерін жасауға және елдің тұрақты дамуына зор үлес қосты. Осы уақыт аралығында үш жарым мыңға жуық заң қабылданып, олардың едәуір бөлігі депутаттардың бастамасымен әзірленді. Әрбір шақырылым елдің құқықтық жүйесін жетілдіруге өз үлесін қосып, кәсіби парламенттік мәдениеттің қалыптасуына ықпал етті.
Мемлекет басшысы заң шығару үдерісін толық цифрландырудың маңызын ерекше атап өтті. Осыған байланысты толыққанды e-Parliament жүйесін қалыптастыру міндеті қойылды. Заманауи цифрлық платформалар арқылы заң жобаларын қоғамдық талқылауға шығару, үлкен деректерді пайдалану, ықтимал экономикалық және әлеуметтік салдарды алдын ала модельдеу заң шығару сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Президенттің пікірінше, Құрылтай қоғамдық пікірді тиімді жинақтайтын, сарапшылар мен азаматтық қоғам өкілдерінің ұсыныстарын ескеретін ашық алаңға айналуға тиіс.
Саяси жаңғыртудың маңызды бағыты ретінде Қазақстан Халық кеңесін құру ұсынылды. Жаңа консультативтік орган мәслихаттардың, қоғамдық кеңестердің, сарапшылардың және азаматтық қоғам институттарының басын қосып, мемлекеттік шешімдерді әзірлеу кезінде қоғамдық пікірдің кеңінен ескерілуіне мүмкіндік береді. Президент мұны халықтың үніне құлақ асатын мемлекет қағидатын одан әрі нығайтатын маңызды қадам ретінде бағалады.
Мемлекет басшысы әлемдегі геосаяси тұрақсыздық пен экономикалық сын-қатердің күшейіп келе жатқанын айтып, мұндай жағдайда Үкіметтің басты міндеті экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ету, инфляцияны төмендету, инвестиция тарту және экономикалық өсім қарқынын сақтау екенін атап өтті. Экономиканы жаңа үлгіге көшіру – Мемлекет басшысы белгілеген негізгі стратегиялық міндеттің бірі. Президенттің мәліметінше, өткен жылы Қазақстан экономикасы 6,5 пайызға өсіп, ішкі жалпы өнім көлемі алғаш рет 300 миллиард АҚШ долларынан асты. Жан басына шаққандағы ішкі өнім көлемі 15 мың доллардан жоғарылады. Сонымен бірге инфляция деңгейінің төмендеуі, ұлттық валютаның тұрақтылығы мен қаржы жүйесінің сенімділігі макроэкономикалық тұрақтылықтың маңызды көрсеткіштері ретінде аталды.
Президент өңдеу өнеркәсібін дамытуға ерекше тоқталды. Кейінгі жылдары жүздеген индустриялық жоба жүзеге асырылып, ондаған мың жаңа жұмыс орны ашылды. Инфрақұрылымды дамыту мәселесіне де кеңінен сөз арнаған Мемлекет басшысы энергетика, инженерлік жүйелер және көлік-логистика ел экономикасының негізгі тірегі екенін атап өтті.
Президент атом энергетикасының маңызын да тілге тиек етті. Оның айтуынша, халықтың қолдауымен қабылданған шешім еліміздің ұзақмерзімді энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Келесі жылы алғашқы атом электр стансасының құрылысы басталады.
Сонымен бірге жасанды интеллект университетін ашу, инновациялық мектептер құру және мемлекеттік қызметкерлердің цифрлық сауаттылығын арттыру арқылы жаңа буын мамандарын даярлау көзделіп отыр. Президент адам капиталын дамыту мәселесіне ерекше тоқталды. Биыл әлеуметтік салаға 19 триллион теңгеден астам қаржы бөлінеді. Бұл қаражат білім, ғылым, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және әлеуметтік қорғау жүйелерін дамытуға бағытталады.
Мемлекетіміздің дамуына, халықтың өмір сүру сапасының жақсаруына бағытталған реформаларды қамтамасыз ететін жаңа Конституция ел тарихының жаңа парағын ашты. Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің іргесін біліммен, еңбекпен, өнермен, іскерлікпен құрысу, мемлекеттік бастамаларды жарқын болашақ үшін қолдау – азаматтық борышымыз.
Қайрат БАЛАБИЕВ,
заң ғылымдарының докторы, профессор
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:94
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 16 Шілде 2026 08:10 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар



















