Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..
Сараптамалық алаңға қатысушылар алдағы Құрылтай сайлауының конституциялық негіздерін, жаңа саяси модельдің жұмыс істеу ерекшеліктерін, сондай-ақ еліміздің жаңа Конституциясын іске асырудағы саяси партиялар мен қоғамдық бақылаудың рөлін талқылады.
Құрылтай сайлауының конституциялық және құқықтық негіздеріне арналған бірінші сессияны саясаттанушы Ғазиз Әбішев жүргізді. Пікірталас барысында қатысушылар жаңа өкілді органды қалыптастырудың конституциялық негіздерін, сайлауды өткізудің құқықтық кепілдіктерін, қоғамдық бақылау тетіктері мен азаматтардың сайлау құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету мәселелерін, сондай-ақ алдағы сайлау науқанын ақпараттық сүйемелдеудің рөлі төңірегінде пікір алмасты.
Заңгер Марат Бәшімов сайлау-ды реттейтін конституциялық қағидаттарды егжей-тегжейлі талқылап, Негізгі заң Құрылтайдың мемлекеттік билік жүйесіндегі орнын анықтайтынын және сайлау үдерісінің құқықтық стандарттарын белгілейтінін атап өтті.
– Конституционалист болғандықтан журналистер қауымы менен Құрылтайдың рөлі қаншалықты арта түсетінін сұрап жатады. Мен оларға Ата заңды ашып қарасаңыздар, бәрі ап-анық жазылғанын айтамын. Яғни Құрылтайға есеп беруге келген қандай да бір министр өзінің атқарған жұмысын айта алмай, есебін дұрыс бермесе, Құрылтай депутаттары 3/2 дауыспен Президентке аталған министрді қызметінен алу туралы ұсыныс бере алады. Ал Мемлекет басшысы ол министрді қызметінен алуға міндетті. Міне, жаңа Ата заңда осындай императивтік норма бар. Бұл, әлбетте, Құрылтайдың орны нығайып, мейлінше тәртібі мен жауапкершілігі күшейтілген Үкімет қалыптасады деген сөз, – деді М.Бәшімов.
Ал саясаттанушы Айдос Сарым алдағы сайлау науқаны жаңа конституциялық модельдің алғашқы тәжірибелік сынағы болады деген пікір білдірді. Оның пайымдауынша, алғашқы сайлаудың сапасы жаңа институттардың орнықтылығы мен қоғамның оларға деген сенім деңгейін айқындайды.
– Алда келе жатқан сайлау науқанының еліміз үшін маңызы өте ерекше. Шынтуайтына келсек, осы Конституцияның жүзеге асуындағы ең институционалды шара – Құрылтай сайлауы. Ол болашақта Вице-президент, Жоғарғы сот, Конституциялық сот төрағаларын тағайындау, жаңа Үкіметті жасақтау сынды көптеген үлкен бастамаларға жол ашады. Осының бәрін қамтамасыз ету үшін алда келе жатқан Құрылтай сайлауы шын мәнінде өте таза, әділ әрі абсолютті лигитимді түрде өтуі керек. Бұл лигитимділік болашақтағы сайлау науқандарының, Конституцияның алдағы уақытта да шын мәнінде жүзеге асу кезеңдерін қамтамасыз ететін алғышарты саналады, – деді А.Сарым.
Мәдениет және ақпарат министрінің бірінші орынбасары Қанат Ысқақов халықтың дұрыс ақпарат алуын қамтамасыз ету мәселесіне назар аударды.
– Біз үшін ең маңыздысы – азаматтардың шынайы әрі өзекті ақпаратқа қол жеткізу құқығын қамтамасыз ету. Бұл – халықтың дұрыс ақпарат алуына жағдай жасап қана қоймай, өткен сайлаудың қоғамдық легитимділігін, яғни қоғам тарапынан мойындалуын қамтамасыз етудің басты кепілі, – деді Қ.Ысқақов.
Әділет министрлігінің Заңнама және құқықтық ақпарат институтының директоры Жанар Жігітекова сайлау заңнамасын бұзу фактілері бойынша сот арқылы қорғалудың, шағымдану тетіктерінің және заңдық жауапкершіліктің маңызын атап өтті.
Талқылау алаңының екінші сессиясы жаңа электоралдық жағдайда саяси партиялардың стратегиясы мен орны мәселесіне арналды. Сессияны Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Жандос Шаймарданов жүргізді.
Сараптамалық алаңның екінші бөлігінде партиялық жүйенің трансформациясы, партиялық құрылыстың дамуы, саяси өкілдіктің сапасын арттыру, партиялардың әртүрлі әлеуметтік топтармен өзара іс-қимылы, сондай-ақ қазіргі медианың және саяси мәдениеттің сайлау үдерістеріне ықпалы талқыланды.
Саясаттанушы Эдуард Полетаев Құрылтайды тек партиялық тізімдер арқылы қалыптастыруға көшу саяси партиялардың қоғам мүддесін білдіретін негізгі институт ретіндегі рөлін едәуір арттыратынын айтты.
Өз кезегінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, саясаттанушы Индира Рыстина партиялардың идеологиялық бірегейлігін нығайту, кадрлық әлеуетін дамыту және түрлі әлеуметтік топтардың сұраныстарын тереңірек түсіну қажеттігіне тоқталды.
Медиаменеджер Сырым Итқұлов қазіргі саясаттағы популизм мен технократиялық тәсілдің арақатынасына қатысты пікір білдірді. Ол азаматтардың ұзақмерзімді сенімі эмоциялық ұрандармен емес, кәсіби шешімдер мен партиялардың мазмұнды қызметі арқылы қалыптасатынын айтты.
Қазақстандық қоғамдық даму институтының басқарма төрайымы Жұлдызай Ысқақова партиялардың әртүрлі аудиториялармен мақсатты жұмыс істеуіне көшу қажеттігін айтып, әйелдердің саяси көшбасшылығын дамыту мәселесіне ерекше тоқталды.
«Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығының президенті Гүлмира Илеуова азаматтардың электоралдық мінез-құлқына қатысты әлеуметтанулық көзқарасын ұсынды. Ол жаңа саяси модельдің орнықтылығы институттардың сапасына ғана емес, саяси мәдениеттің деңгейіне және партиялардың қоғаммен тұрақты өзара байланысына да тәуелді екенін атап өтті.
Қорытынды талқылау барысында сарапшылар алғашқы Құрылтай сайлауының табысты өтуі қоғамдық сенімді нығайтуға, демократиялық институттарды одан әрі дамытуға және жаңа Конституциясының қағидаттарын іске асыруға маңызды үлес қосатынына сенім білдірді.