Egemen.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
«Қазақтың кейбір күйлері теңселе тебіреніп, күйзеле күңіреніп, безілдей бебеулеп басталады. Құдды бір Жер-Ананың өзін толғақ қысып, ышқына ыңырсып жатқандай. Тас құрсағын кеңітіп, тас емшегін жібітіп, жаңа бір Алып перзент бұл дүниеге бет алғандай. Оның жарыққа келгенін ұлан дүние түгел тосып тұрғандай. Жер мен көк шыр көбелек айналып, асыр салып, билей ала жөнеледі. Осылай арындап, ала қызып, басталатын өмір сазының әр дірілін аудармай-төңкермей дәлме дәл құйып ала қояр құйма құлақ күйшілер біздің қазақта жетіп артылады. Солардың ең дүлей еркесі де, қара домбыраны қақпақыл қылып, қаққанда қылын, соққанда сөлін шығарып, қақтай еметін еріні епсек ерені де – Дина шешеміз еді» деп жазған әйгілі Әбіш Кекілбайұлы «Дина Нұрпейісова – көңіл жайлауынан тұла бойын күйге толтырып ораған, нағыз құт саулаған түйе енесі – құба сирақ аруана» деп бағасын берген екен.
Расында Дина шешеміздің өнеріне де, өміріне де таңдай қақпасқа амал жоқ: ХІХ ғасырда қазақ әйелі көрген бүкіл қиындықты басынан өткерді: байдың тоқалы да болды, әмеңгерлікпен қайнысына да шықты, 11 құрсақ көтерді. Бірақ жоғалмады, бордай тозып кетпеді: 76 жасында тәуекелге бел буып, Алматыға барды, қалған 18 жыл ғұмырында қазақ күй өнерінің көгіне шықты! Не деген күш! Не деген
қайрат!
Міне, енді күй анасының мерейтойын күллі қазақ араға 5-10 жыл аралатып үнемі атап өтіп келеді. Биыл да Орал қаласында «Күй-мұра» республикалық конференциясы, Жаңақала топырағында «Әсем Қоңыр» республикалық домбырашылар байқауы жоғары деңгейде өтті.
Биылғы байқаудың төрінде күйшінің Қоңыр есімді қызынан туған жиені, 1944 жылы туған Бағила Бишаева да болып, облыс әкімінің атынан құрмет-сияпатқа бөленді. Одан бөлек, алыс-жақыннан ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері, профессор-ұстаз, күйші-домбырашы Айтжан Тоқтаған, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің аға оқытушысы Құрманбай Ғабделов, философия докторы, Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы Айтолқын Тоқтаған, ҚР Мәдениет саласының үздігі Досым Мақсұтов, Құрманғазы оркестрінің әртісі, күйші Азамат Шынаров, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының кандидаты, ақын Маржан Ершу, Д.Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің директоры Хамил Сүйекбаев, осы оркестрдің қобызшысы, өнертанушы Ақнар Тәттібайқызы, оркестр жанындағы «Сармад» этно-фольклорлық ансамблінің жетекшісі Ақбөкен Темір, Д.Нұрпейісова атындағы академиялық колледж директорының орынбасары Ардақ Сүндетқалиқызы, Қазақстан Күйшілер одағының төрағасы Асқар Кенжеғалиев, т.б. танымал мамандар қатысты.
Биылғы мерейтойдың бір олжасы – Айтолқын Тоқтағанның «Дина Нұрпейісова күйлерінің рухани әлемі» атты монографиясының кітап болып шығуы дер едік. Ғалымның көп жылғы еңбегінде күйшінің өмір жолы мен шығармашылығы барынша кеңінен қарастырылған, бұрын құпия немесе беймәлім болып келген деректерге сәуле түскен, Дина шығармаларына кәсіби талдау жасалып, тарихы көрсетілген. Бір қызығы, зерттеуші күйшінің ер мінезін, бунтарлық болмысын тап басып айтқанымен, Дина шығармашылығының аналық, әйелдік сипатына да назар аударып, бұл ерекшелікті қазақтың дәстүрлі қолөнеріндегі «құрақ құрау» тәсілімен салыстырады.
Әрине, әйгілі күйші мұрасын халыққа жеткізу, өнерін насихаттау бағытында бұған дейін де жүйелі жұмыс жүргені рас. Жаңақала ауданы орталығында Дина Нұрпейісова атындағы өнер тарихы музейі, Орал қаласында Дина атында балалар саз мектебі жұмыс істеп тұр. Биылғы іс-шараға арнайы шақырылған ақын Маржан Ершу конференцияда 2007 жылы «Дина» поэмасын, кейін танымал режиссер Болат Атабаевтың ұсынысымен «Дина» драмасын жазу тарихын айтып берді. Маржан Аманқосқызы 2011 жылы күй анасының 150 жылдығына орай Түрксойдың ұсынысымен Түркия астанасы Анкара қаласының Этимесгут ауданында «Дина Нұрпейісова паркі» ашылуына да себепкер болған екен. 2019 жылы автордың қазақша-түрікше шыққан «Дина» деген кітабының тұсаукесері Анкарада өтіпті. «Анкарадағы саябаққа Дина Нұрпейісованың ескерткіші орнатылса, өте жақсы болар еді. Түрік жағы бұл ескерткіштің тұғырын да әзірлеп қойды. Бұл жерде Дина апайдың күйлері орындалатындай жағдай жасасақ, демалуға келген кісілер ерекше әсер алар еді», дейді ақын.
Осы мерейтой аясында өткен жас күйшілер байқауына Астана мен Алматы қаласынан, Жамбыл, Қызылорда және Батыс Қазақстан облысынан 13 өнерпаз қатысқан еді. Жаңақала жерінде әйгілі Мәмен Мұратұлының, Қали Жантілеуовтің және Тұяқберді Шәміловтің кесенелеріне зиярат етіп, аудан орталығындағы күйшілер аллеясын аралаған жас күйшілер екі күн бойы ерекше сезімді басынан өткерді. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Құрмет» ордені иегері, Қазақстан Республикасы Күйшілер одағының мүшесі Ермек Қазиевтің үлгі-өнегесі қандай! Мәдениет сарайына тайлы-таяғы келмей келіп, күй сайысын құмарта тамашалайтын жаңақалалық көрерменнің ықыласы да бөлек. Батыс Қазақстан облыстық халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырған бұл шара да биік деңгейден түспеді.
Сонымен, «Әсем Қоңыр» күй байқауының бас жүлдесі оралдық Әділет Жолдығалиға бұйырды. Жүлделі І орынды Бекнұр Әбдижәли (Қызылода облысы) мен Жұлдызай Кенгесбаева (Алматы қаласы) бөлісті. Оралдық Райымбек Тарихов, астаналық Дана Дидар мен Қымбат Ғабдуллинаға – ІІ орын, Сырым Шонбаев (Жамбыл облысы), Айша Жанайдарқызы мен Наргиза Касумоваға (екеуі де Оралдан) – ІІІ орын бұйырды. Рахман Қойшекен дипломант атанды.
Батыс Қазақстан облысы