Tengrinews.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров қашқындағы банкир Мұхтар Әблязовтың 2020 жылғы қазан оқиғалары кезінде одан ақша сұрады деген мәлімдемесіне жауап берді. Бұл туралы Жапаров SUPER.KG парақшасында хабарлады, деп жазады Tengrinews.kz.
Басылым журналисі президентті сынайтын қатысушылары бар "Шумкар" қозғалысына (Қырғызстанда қызметіне тыйым салынған экстремистік ұйым) Мұхтар Әблязовтың қосылғанын атап өтті. Ол Жапаровпен бұрыннан таныс екенін және 2020 жылы онымен телефон арқылы 40 минуттай сөйлескенін алға тартады. Әблязовтың айтуынша, сол әңгіме кезінде Жапаров одан ақша сұраған-мыс.
Жапаров сыншылардың үндеулері мен мәлімдемелерін бақылап отырмайтынын мәлімдеді. Ол басында "Шумкар" мүшелерінің бір-екі видеосын көргенін, бірақ олардан тек ойдан шығарылған жала мен негізсіз айыптауларды ғана көргенін айтты.
"Келмей-ақ қойғаныңыз абзал": Жапаров Әблязовпен болған әңгіме туралы не айтты?"Олардың деңгейі тым төмен түсіп кетті. Содан бері көрмеймін, уақытым да жоқ. Ал егер оларға Әблязов қосылып алып: "Мен Садыр Жапаровты бұрыннан танимын, ол менен ақша сұраған" десе, демек ол - нағыз алаяқ", - деді Қырғызстан президенті.
Жапаров 2020 жылғы қазандағы телефон арқылы сөйлескенге дейін Әблязовпен таныс болмағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, 2020 жылғы қазан оқиғалары кезінде қасында қазір түрмеде отырған Мелис Аспеков жүрген. Бірде ол Жапаровқа телефонды ұсынып, Әблязовпен сөйлесуді өтінген.
Қырғызстан президентінің айтуынша, Әблязов қырғызстандықтарды революция үшін мақтай бастап, Қазақстанда да соған ұқсас оқиғаларды ұйымдастыруға көмектесуін сұраған.
"Ол тағы көп нәрсе айтты, бәрі есімде жоқ. Атамбаевтың кезінде алған қырғыз паспорты бар екенін де тілге тиек етті. Оны тыңдап болып, мен кесіп қана екі сөйлеммен жауап бердім: "Біріншіден, мен көрші елдердің саясатына араласпаймын. Екіншіден, сіз үшін Қазақстанмен қарым-қатынасымды бүлдірмеймін. Келмей-ақ қойыңыз, өз шаруаңызбен айналысыңыз", - деді Жапаров.
Ол әңгіменің Әблязов айтқандай 40 минут емес, шамамен екі минутқа созылғанын баса айтты.
"Тіленшіден шыққан мәлімдемеге кім сенеді?"Жапаров оның Әблязовтан ақша сұрағаны туралы айыптауға жеке тоқталып өтті.
"Халық өзі бәрін түсініп алады""Ол алаяқ болса, аузына келгенін айта береді. Ол кезде менде 40 минут түгілі, төрт минуттық әңгімеге де уақыт болған жоқ. Ал одан ақша сұрады дегені - қып-қызыл өтірік. Франциядағы жеке өмірін қамтамасыз ету үшін қазақ халқынан ақша тілеп жүрген тіленшіден шыққан "ақша сұрады" деген сөзге кім сенеді? Бұл ешқандай логикаға сыйымсыз. Революция болды. Ол кезде мен билікке нық орныққан едім, ақшаның мүлдем қажеті де болмады. Мені түрмеден босатып алған халық мені ақшасыз-ақ сайлап алар еді. Сондықтан өтірікшілер мен алаяқтардың айтқандарына сенбеңіздер", - деп атап өтті Қырғызстан президенті.
Сөзінің соңында Жапаров Әблязов пен басқа да сыншылардың мәлімдемелеріне көп көңіл бөлуге ниетті емес екенін айтты.
Ол бұл жағдайға неге жауап беруді ұйғарғанын түсіндірді: оның айтуынша, азаматтардың бұл мәлімдемелерге сеніп қалғанын қаламайды.
"Ертең олар тағы бір өтірікті ойлап табады. Оларға жауап берудің қажеті жоқ. Халық өзі бәрін түсініп алады. Қазір халықтың деңгейі басқа - олар саясатты шемішке шаққандай оңай түсінеді. Бұл 30 жыл бұрынғы халық емес", - деп түйіндеді Жапаров.
Мұхтар Әблязов — Қазақстанның бұрынғы энергетика, индустрия және сауда министрі, "БТА Банкі" директорлар кеңесінің экс-төрағасы. Қазақстанда экстремистік деп танылған "ҚДТ" ұйымының жетекшісі. "ҚДТ" қызметіне Қазақстанның бүкіл аумағында тыйым салынған.
Мұхтар Әблязов Қазақстанда "БТА Банкінен" шамамен 7 миллиард доллар жымқырғаны үшін сырттай 20 жылға сотталса, 2018 жылы банкир Ержан Тәтішевтің өлімін ұйымдастырғаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын алды.
Әблязовқа Ресей мен Украинада ақшалай қаражатты жымқырды деген күдікпен іздеу жарияланған.
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу