Egemen.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
Қысқы туризмнің тамырына қан жүгірту арқылы да қомақты қаржы көзін табуға болады. Алты ай қардың құрсауында қалатын еліміздің таулы өлкелерінде осы бағытты өрістетуге мүмкіндік орасан.
Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Алатаудың тепсеңіндегі «Shymbulak» тау шаңғы кешені ішкі туристер мен сырттан келер қонақты қабылдауда қарбаласқа түседі. Өйткені жылдан жылға Алматының інжу-маржанына ат байлап сейіл құрушылардың қатары қалыңдап келеді. Бұл – қуанарлық үрдіс. Сырттан келген әр туристің қаражаты қазынаға құйылады.
Қазір қысқы маусымның дер шағы. Бұл уақытта тау шаңғы курорттарында демалуға деген қызығушылық арта түседі. Бүгінде өңірлерде туристерге шаңғы, сноубордпен сырғанауға, өзге де белсенді демалыс түрлеріне арналған 13 орын жұмыс істейді.
«Shymbulak» – еліміздегі ең танымал тау шаңғы курорттарының бірі. Мұнда жалпы ұзындығы 20 шақырымға жететін әртүрлі деңгейдегі трассалар, аспалы жол, шаңғы мен сноубордты жалға беру пункттері бар. 2023 жылы бұл кешен әлемдегі ең биік түнгі тау шаңғы трассасы ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енді. Мұнда келген қонақтар зиплайн, атпен серуендеу, парапланмен ұшу, коньки теуіп те серги алады. Биыл бұл кешенде түрлі себеппен баға айтарлықтай қымбаттады. Дегенмен жеңілдіктер де қарастырылған. Мәселен, зейнет жасына жеткен қарт кісілердің жұмыс күндері аспалы жолға Медеуден мініп, Шымбұлаққа көтерілуі тегін. Тек еліміздің зейнеткерлеріне ғана осындай жеңілдік қарастырылған. Мүгедектігін растайтын құжатын көрсеткен азаматтар да бұл қызмет түріне қаражатын шығындамай, аспалы жолмен алаңсыз өрлейді.
Сонымен қатар көпбалалы отбасылар, ардагерлер, еңбек өтілімен зейнетке шыққан, өзге де әлеуметтік осал топ өкілдеріне жұмыс күндері билеттер мен ски-пасстар жеңілдікпен сатылады. Бес жасқа дейінгі балалардың курортқа кіруі жыл он екі ай тегін. Ал қыс мезгілінде сырғанаймын десе, тек ски-пасс картасын сатып алып, оған нөлдік абонемент жүктеу жеткілікті.
«Regular Season» кезінде жеңілдік бағдарламаларының қайта жандануы тау шаңғы кешенінде баға саясаты орнықты екенін аңғартады. Жыл сайын біздің кешен әлеуметтік осал топқа жататын 190 мыңға жуық қонақты қабылдайды», дейді тау шаңғы кешенінің қонақтарға қамқорлық көрсету қызметінің басшысы Темірлан Жүсіп.
Жолыңыз түсіп, еліміздің жауһары саналатын тау шаңғы кешеніне тынығуға бара қалсаңыз, баға тарифтерін зерттеп алғаныңыз жөн. Мәселен, таңғы, түстен кейінгі сондай-ақ түнгі сырғанау уақытының бағалары күндізгі сырғанауға берілетін ски-пасстан арзандау. Ал шаңғы мен сноубордты аяғына жаңадан іліп, енді-енді «қаз басып» жүргендерге «Shymbulak»-тың арнайы «Бастаушы» тарифі бар. Осы тарифпен ски-пасс сатып алсаңыз, ересектер мен балалардың үйренуіне арналған жайдақтау алаңда сырғанайсыз.
Былтыр жыл соңында «Shymbulak» тау шаңғы кешені ақжолтай ақпарат жариялады. 2025–2026 жылғы қысқы маусымдық ски-пасс сатып алғандар Қазақстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Ресейдің ең ірі тау курорттарында еркін сырғанай алады. «Shymbulak» тау курорты Еуразиялық тау курорттары альянсының (ЕТКА) мүше курорттармен бірлесіп, биыл «Шекарасыз тау шаңғысы маусымы» акциясының басталғанын хабарлады. Енді еліміздегі «Shymbulak» немесе «Oi-Qaragai», Өзбекстандағы «Amirsoy», Әзербайжандағы «Shahdag», Ресейдегі «Роза Хутор» тау шаңғы курорттарынан маусымдық ски-пасс сатып алушылар осы мемлекеттердегі серіктес курорттардың әрқайсысында бес күнге дейін тегін ски-пасспен сырғанауына мүмкіндігі бар. Акцияға қатысу шарты біреу-ақ – серіктес курорттың қонақүйлерінде немесе ұсынылған орналастыру орындарында аялдау.
«Шекарасыз тау шаңғысы маусымы» акциясы – Еуразия кеңістігін кернеп жатқан тауларда ортақ туристік аймақ құруды көздейтін жоба. Бұл бастама мемлекетаралық тау туризмін дамытуға әрі біртұтас маршрут қалыптастыруға жол ашады.
«Бізге курорттар арасындағы келісімдер тек жоспар жүзінде ғана қалмай, нақты іспен дәлелденгені маңызды. Акция қонақтарымызға да орасан мүмкіндіктер ашады. Сондай-ақ Еуразиялық альянсқа мүше курорттар арасындағы тұрақты байланысты нығайтады. Бұл жобаның ТМД-дағы «Тау туризмі жылы» деп жарияланған 2025 жылы басталуының да маңызы зор», дейді «Shymbulak» курортының бас директоры Ринат Әбдірахманов.
Еуразиялық тау курорттары альянсы 2023 жылы аймақтағы ең танымал курорттар еліміздің «Shymbulak», Өзбекстанның «Amirsoy», Ресейдің «Роза Хутор» кешендерінің бастамасымен құрылды. «Бүгінде Альянс тау курорттарына өзара тәжірибе бөлісуге, туризмді бірлесіп дамытуға сондай-ақ өз брендтерін Еуразия нарығында бірге танытуға мүмкіндік беретін ортақ алаңға айналып келеді.
Туризм және спорт министрлігі қысқы маусымда демалуға қолайлы орындардың тізімін ұсынды. Алматы облысында Іле Алатауының сан салалы сілемдерінде бірнеше тау-шаңғы кешендері бар. Оның ішіндегі шоқтықтысы «Oi-Qaragai» – төрт маусымдық отбасылық тау курорты. Мұнда жалпы ұзындығы 28 шақырымдық 15 бағыттағы трасса бар. Аумағында мейрамханалар, қонақүйлер мен ойын-сауық алаңдары жұмыс істейді.
Сырғанаудан бөлек, арқанды парк, ат спорты орталығы, садақ ату, пейнтбол сынды ойын түрімен қоса экскурсия да ұйымдастырылады. Облыстың туризм саласын жандандыруға биік таулы аймақта орналасқан, әртүрлі дайындық деңгейіне арналған трассалар мен фрирайд бағыттарын ұсынатын «Ақбұлақ» кешенінің үлесі зор. Мұндағы сырғанау трассаларының ұзындығы 2 500 метрге дейін жетеді. Бұдан бөлек, Талғар ауданына қарасты Бесқайнар ауылдық округіндегі «Pioneer» отбасылық тау курорты да бой сергітіп, ми тынықтыруға таптырмас мекен. Теңіз деңгейінен 2000 метрден жоғары биіктікте орналасқан кешендегі жолдардың жалпы ұзындығы – 3 000 метр. Әуесқойларға да, тәжірибелі спортшыларға да қолайлы. Курорт жыл бойы жұмыс істейді. Мұнда табиғи маршруттар, отбасылық бағдарламалар, құрал-жабдықтарды жалға алу қызметі де көрсетіледі.
Астаналықтар мен елорда маңындағы тұрғындарға қысқы маусымда Ақмола облысындағы демалыс кешендерінде тынығудың тиімділігі мол. Щучье-Бурабай курортты өңіріндегі «Orman Ski Resort» кешенінде жалпы ұзындығы 800 метрге жететін әртүрлі күрделі трассалар, көтергіштер, кешкі жарықтандыру, жалға беру пункті мен нұсқаушылар мектебі бар. Мұнда шаңғы, сноуборд, тюбинг, қарда жүретін көліктер, шанамен сырғанау, қарағайлы орманда серуендеуге болады. Ал облыстың Зеренді ауданындағы «Elikti Park» кешеніне табан тіреген демалушылар тау шаңғысы, сноуборд, тюбинг, коньки теуіп, таза ауада серуендейді.
Қысқы туризм оның ішінде тау-шаңғы кешенін дамытуға қолайлы, сұранып тұрған өңірдің бірі – Шығыс Қазақстан облысы. Өңірде бір емес төрт бірдей тау шаңғы кешені жұмыс істейді. Оның ішінде Өскемен қаласынан 24 шақырым жерде орныққан «Алтай Альпісі» курортының орны өзгеше. Мұнда ұзындығы 4 500 метрге дейін жететін 12 еңіс бар. Маусым қарашадан сәуірге дейін жалғасады. Шаңғы мен сноубордты үйретуге нұсқаушылар қызметі ұсынылады. Сонымен қатар жабдықтарды жалға алу, пантамен емдеу, монша, балық аулау, атпен серуендеу қызметі бар. «Алтай Альпісі» тау шаңғы курортына былтырғы қысқы маусымда 50 мың демалушы келген.
«Тау шаңғы курортының ішкі есеп деректеріне сәйкес туристік ағынның жыл сайынғы өсімі 8–11%-ға жетті. Басқа өңірлерден келетін туристер қатарының да тұрақты өсу динамикасы байқалады. Мәселен, былтыр Астана қаласынан келушілер саны 2024 жылмен салыстырғанда 32%-ға артты. Тау шаңғы кластеріне демалыс, мереке күндері жүктеме артады. Кешенді дамыту мақсатында 300-ден астам инфрақұрылымдық нысанды қамтитын эскиздік жоба әзірленді. Мұнда қолданыстағы инженерлік желілерді жаңғырту, жаңадан салу, сондай-ақ мәдени-сауықтыру инфрақұрылымын қалыптастыру көзделген. Атап айтқанда, тағы да аспалы жолдар, жабдықтарды жалға беру пункттері, орналастыру нысандары, қоғамдық тамақтану орындары, санаторий-сауықтыру кешені, марал шаруашылығын кеңейту жоспарланып отыр», дейді «Центр-С» ЖШС басшысы Александр Гончаренко.
Риддер қаласының маңындағы «Stardust Camp» кешені Жоғары-Хайрузовка ауылында орналасқан. Ұзындығы 1 000 метрлік бугельді көтергіш, тюбинг, қонақүй мен глэмпинг жұмыс істейді.
Ұлттық статистика бюросының ресми деректеріне сәйкес 2024–2025 жылдарғы қысқы маусымның қорытындысында өңірге 163 мыңнан астам турист келген. Оның ішінде 7 мыңнан астамы – шетел азаматтары. Көрсетілген туристік қызметтер көлемі 3,2 млрд теңгеге жетіп, алдыңғы маусыммен салыстырғанда табыс 38%-ға артты. Биылғы қысқы маусымда туристер саны 180 мың адамға дейін өседі деп болжанып отыр.
«Шығыс Қазақстан облысында туризмді дамытудың негізгі бағыттарының бірі – тау шаңғы туризмі. Қазір өңірде Риддер қаласында, Глубокое ауданында орналасқан төрт тау шаңғы кешені жұмыс істейді, олардың трассаларының жалпы ұзындығы – 40 шақырым. Қолданыстағы нысандарды жаңғырту, жаңа базаларды салу, сондай-ақ қонақүй мен сервистік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Риддер тау кластерін қалыптастыру мен перспективалы туристік локацияларды дамыту жөнінде халықаралық серіктестермен бірлескен жобалар іске асырылады», дейді облыстық туризм басқармасы басшысының орынбасары Ирина Смит.
Қысқы маусымда туризмді өрістетуге өзге де облыстардың әлеуеті жетеді. Тек қаржыдан қағажу етпей, заманауи үлгіде кешен салынса, келешекте қайырымы мол болмақ.